Науша кішкентайынан бірге ойнап, тай-құлындай тебіскен құрдасы, әрі аталасы Шеркеш би екеуі Бөкейлікті тастап, Жайықтың шығыс бетіндегі ата қоныстарына көшеді. Бұл шамамен ХІХ ғасырдың жиырма жеті, отызыншы жылдары болса керек. оған себеп Шеркеш би Жәңгірмен патшаға барып, қайтып келе жатқанда уфада қалған атасы Нұралының басы- на зиярат етеді. Сол кезде хан күрсініп: «Е, бабам-ай, сенің елден жырақ, естектер елінде жападан жалғыз жатқаның қарғадай шулаған қара қазақ, оның содыр-сойқаны Сырымнан ғой. Шіркін, соның кегі қайткенде қайтар?!» — деген екен.
Мұны естіп тұрған Шеркеш би тыныш отыра алмай:
— Хан ием, елде ала алмаған кегіңіз айдалада қаңғырып аштан өлген атаңыздың басына келгенде есіңізге түсіп отыр ма, бұл не дегеніңіз? — деп қалады. Хан да қарап қалмай жауап қайтарады. Ақыры арада керағар сөз, кикілжің көңіл пайда болады. Аталған әңгіме елге жетеді, Науша естиді. Сол кезде ол:
— Жоқ, бұл хан айтатын сөз емес. Асылы есіміз барда ел тауып, іргемізді аулақ салайық, — дейді де, жүз шамалы отбасын көшке қондырады.
Ескі қала тұсынан өтіп бара жатқанда, арттарынан беріштің Сәдібек пен Бекмағамбет бастаған хан әскері қуып жетеді. Мақсат — көшті кейін қайтарып, жылы орынды суытпау. Бұл Жәңгір берген тапсырма екен.
Хан әскерінің қарасы көрінгенде Науша батыр алдынан жалғыз шығып:
— Әй, Сәдібек, ел болсаң, елдігіңді айт, жаумын десең, өзің біл, жауласам. Бірақ шиттей қатын-балаларды қорқытып, ақымақтан ба, ақылға сал, тоқта! — дейді. Сонда Сәдібек:
— Қайтсаң — елмін,қарайламасаң — жаумын, — дейдіде, көшке қарай ат қойып, шаба жөнеледі. Науша батыр өзін батыр ғана емес, адам құрлы көрмеген қарсыласына қатты ашуланған күйі:
— Сәдібек, мына шолақ найзаның ұшы әлі күнге мұсылман атаулыға қадалып көрген жоқ еді. Асылы ақылға кеп, кейін қайтқаның жөн болар, — деп екі-үш рет ескертеді. Бірақ құлақ асқан Сәдібек жоқ, қайта бұрынғыдан бетер екіленіп, шабысын үдете түседі. Қарсы атылған Науша батыр Сәдібекті әйдемге апармай, қара құстай қалбаңдатып, саптан шығарады.
Келесі жекпе-жекте Бекмағамбет жер құшады. Сөйтіп, сүт пісірімде хан әскерін бастап келген қаһарлы қос найзагердің сүйегі сол Қазтөбе деп аталатын жерде қалады. Бастаушыларынан айырылған басқаларда не амал, аз-мәз шайқастан соң, екі жақ жарылып, жөндеріне кетеді. Науша адамдарын түгендесе, үш кісі жоқ, сөйтсе, хан әскері ұстап алып кетіпті.
— Қарыс ақылдан сүйем қайрат артық, тез арада хан әскерін қайта шауып, адамдарымызды қайтарайық, — десе, Шеркеш:
— Біздің ісіміз әділ, соңынан бәрін заң жолымен даулап, қуып аламыз. Керек болса, олардың жазасын қоса алады, — деп ерік бермейді.
Ертесіне Науша артынан патша әскері қайта қуып жетіп, шайқас басталады. Бұл жолы да ол жау жағының он адамын шейіт қылады. Бәрі бір батыр бетін қайтара алмайтынын анық сезген қарсыластар қылыштарын қынабына сап, кейін қайтады. Арада біраз күн өткенде, Науша бастаған ұлы көшті Жайық аузында тағы бір топ қарсы алады. Бұл Жәңгір ханның өтінішімен орынбор шекара әскері басшылығы жіберген Жайықбойындағы қазақтар екен. Алыстан көз салып қараған батыр жаңа топтың бұрынғыларға қарағанда қимылы мен қаруының бөлектігін көріп, өзім деген аз ғана жігіттерімен ұрысты бастап кетеді. Борап тұрған оқ астында арлы-берлі ойқастап жүрген батырға еш қиянат келмейді. Есесіне мұның шолақ найзасынан жер қауып жатқан жау көп. Ақыры империялық орыс патшасының әскерлері бас алып қашады. Кейіннен олардан біреулер: «Бәрің жүріп бір Наушаға әлдерің келмегені нелерің?» — дегенде әлгі әумесерлер: «Бізге бір Науша жүз Науша боп жанымызды қоймай жусатты емес пе? Тіпті қайсысын өлтірерімізді білмей қиналдық» деген екен.
Сөйтіп, үш бірдей қалың қолдан аман өткен Науша көші Жайықты да есен-сау кешіп шығып, туған жерлеріне табан тірепті, ескі жұртпен қауышыпты.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі