Өлең, жыр, ақындар

Күн мен қайың

Сәуірдің шуақты күні. Дала қыс ызғарының кеткеніне қуанып, қожалыққа көктемді шақырған кез еді. Аспандағы жарқыраған күн жер үстіндегі барлық тіршілік иесін еркелеткендей, жылуын аямай төгіп тұр. Күн астында қарлығаштар бір-бірін қуа ұшып, әсем күннің бір мүшесі екендерін сездіруде.

Бір топ адам ауыл шетіндегі жазық жерге жинала бастады. Қолдарында күректері, ағаш талдары, шелектері бар. Біраз әңгімелескеннен кейін қолдарындағы күрекпен жер қазып, алып келген талдарын отырғыза бастады.

Арада ұзақ күндер өтті. Көктем жазға ауысты. Күннің көзі жас егілген ағаштарды таң атқаннан кешке дейін қараусыз қалдырмады. Арасына бір-екі күн жауын жауып, жер әбден шөлін қандырып тұрды.

Тағы бір таң атты. Жас тал таңды құстардың әнімен қарсы алды. Ақырындап, күннің көзі жоғарылап талдың дәл үстіне келді. Тал қуана күн көзіне тартыла, жаңа өскен ақшыл-жасыл жапырақтарын созды. Ол өзінің күн сәулесіне ғашық екенін сезді. Күн сәулесі де өз жылуын аямады. Әр кеште бір-бірін қимай, келесі күнді асыға тосты. Осылай көп күндер өтті.  Жаз соңында тал біраз бой көтеріп, мықты жас ағашқа айналды. Жапырақтарын желбіретіп күнге созыла ұсынды, бірақ күннің көзі өз жылуын азайта бастады. Күздің кей күнінде мүлдем көрінбейтін сәттер болды. Жас ағаш табиғаттың бұл мінезін түсінбей қатты қайғырды. Көңілімен бірге жапырақтары ақырындап сарғая бастады. Жас ағаш күннің көзін сағынып, одан үміт үзеді. Ол барлық өсірген жапырақтарын сарғайтып, оларды өзінен үзіп жібереді.

Күздің соңғы күндері жас ағаштың бұтағына торғай отырады. Торғай жас ағаштың мұңын түсініп: «Сен қатты қайғырма, күннің көзі тағы келеді» —  деп ұшып кетеді. Бұны естіген жас ағаш қатты қуанып, келесі көктемнің келгенін күте бастайды.

Оксана Асылбекқызы Сейсенбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз