Өлең, жыр, ақындар

Ділмар аңдар (ертегі қойылым)

(Ертегі - қойылым)

Жапалақ (автор):

Бір күні қазақ даласындағы күллі аңдар жиналып, жаңылтпаш пен өтірік өлеңнен жарыс өткізбекші болады. Аң патшасы Арыстан гүрілдеп, былай деп сайысты бастапты.

Арыстан:

— Уа, аңдар! Қош келдіңіздер сөз жарысына! «Жақсылық та, жамандық та жұғатынын» барлығымыз білеміз. Біз қазақ даласында тұрып жатқандықтан, сөзге — ұста, тілге — шешенбіз. Осы жақсы қасиет соңғы ғасырда жоғалып барады. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, жиі «сөз жарысын» өткізіп отырайық?!

Аю:

— Жөн сөз! Арекеңе қосыламын!

Жолбарыс:

— Дұрыс! Ұлттық құндылықтары ұлықтауымыз керек!

Жапалақ:

— Олай болса басталық!

Қазылар алқасы мүшелері: Арыстан, Аю, Жолбарыс.
Сайысқа қатысатындар: Қасқыр, Түлкі, Қарсақ, Борсық.

(Аңдар ду қол шапалақтайды. Сайыс басталады.)

Жапалақ:

— Құрметті сайыскерлер! Кезектеріңізді білу үшін, жеребе тартыңыздар! Алғашқы кезеңнің тапсырмасы: «Арыстан жайлы жаңылтпаш құрастыру!»

(Сайыскер аңдар бір-бірлеп келіп жеребе тартады. Кезегі бірінші болған Түлкі, қуанып кетеді.)

Түлкі:

— Құрметті әділқазы мүшелері! Рұқсат болса жаңылтпашымды бастай берсем?!

Арыстан:

— Баста, Түлкі сұлу!​

Түлкі:
— Арыстан гүжілдеп, гүрілдеді,
​Өзге аңдардың тізесі дірілдеді.
​Қасқыр, Қарсақ, Борсықтар күлімдеді,
​Жаттап келген жаңылтпаш күн ілгері.

Қасқыр (ырылдап):

— Қу Түлкі!​ Елдің бәрін өзіңдей көрме!

Борсық (қорсылдап):

— Құдай ақы! Білмедік?!

Арыстан:

—Жақсы! Жалғастырыңдар! (Гүр ете қалды.)

Қасқыр:

— Арыстан жымды, аралады,
Жымға кім бара алады?
​Жымға жалғыз барған аңдар,
​Арыстан, Жолбарысқа таланады.

Қоян:

— Рас,​ рас сөз!​ Жымға барғандар,​ дымға айналып,​ жоғалып кетеді!

Борсық:

— Біздің де үйірден көп Борсық жоғалып кетті..

Арыстан (қаһарланып):

— Жәә, тоқтатыңдар! Сендерді біреу жымға шақырды ма?​ Келмеңдер қорықсаңдар! Қасқыр,​ айтатын болсаң аңдарды қырылыстырмайтын жаңылтпаш айт! Әйтпесе жөніңе қайт!

Қасқыр (ыңғайсызданып):

— Оу,​ оу Ареке! Айып менен! Кешіріңіз мендей аңғалды?! Шындықты айтамын деп, абайсызда​ шырпыны тұтатып жіберіппін...?!

Арыстан:

— Жарайды!​ Келесі кезеңде тіліңе абай болмасаң,​ арыстандарға кәуәп боласың!

Қасқыр:

— Аллаһ Өзі сақтасын! Қап, аңғал басым-ай..

Арыстан:

— Қарсақ,​ жалғастыр!

Қарсақ:

— Аңдардың падишасы ақ Арыстан,
​Жарысқа Қарсақ біткен келді алыстан.
​Қасқырдай қара басып жаңылмайық,
​Жарыста жаңылыссам келер ызам!
Арыстан (Көңілденіп):

— Бәрекелді! Тамаша!

(Қарсақ маңғазданып, өзінше боп қалады.)

Аю:

— Борсық дайындал!

Борсық:

— Арыстанның жалы жалбырайды,
​Жалды көрсе барлығы қалтырайды.
​Жарыс бітсе жиналған барлық аңдар,
​«Жеп қоймасын» - деп жан-жаққа бытырайды.

Арыстан:

— Жеп қоймау жағын көрейін...  (ыңыранып сөйлейді) 

Жапалақ:

— Құрметті орман тұрғындары!​ Қазылар ақылдаса келіп, бірінші кезеңді былай қорытындылады:

Борсыққа 10 ұпай,
Қарсаққа 10 ұпай,
Қасқырға 9 ұпай,
Түлкіге 9 ұпай берді.
Жапалақ (сыбырлап): 

— Борсық пен Қарсақ қуанып, Қасқыр мен Түлкі қуарып кетті.

Жапалақ:

— Құрметті сайыскерлер!
«Жарыс бар жерде, қалыс бар.
Тартыс бар жерде, намыс бар».
Ендеше намыстарыңды қайрап,
Қызыл тілдерің сайрап «Өтірік өлеңге» дайындалыңдар!

Автор:

— Бұл жолы Түлкі білгішсінбеді. Әліптің артын бағып, ішінен көп күбірледі. Жеңіске арқаланған Қарсақ, қасқайып алдымен шықты. 

Қарсақ: 

— Мен өзім Айдан келдім жаңа ғана,
​Күннен от алып жүрмін жылынуға.
​Қоңырау шалғаннан соң «сайыс бар» - деп,
Шәйімді ішіп келдім шала-пұла.
(Барлық аңдар дуылдап қол соғады.)

Арыстан:

— Жақсы! Келесі аң?!

(Ортаға борбаңдап Борсық шығады.)

Борсық:

— Жәй жүрген біреу емес мен де білсең,
​Борсықпын піл өсіріп, тай семірткен.
​Кешегі жәркемеңкеде соғым сатып,
​Бір қап алтын жинадым жылқы етінен!

Аңдар:

— Пау, шіркін!

— Айтқышым-ақ екен?! (Аңдар гуілдеп кетеді)

Қасқыр:

— Асхана аштым орманда келіңіздер,
​Тамақ ішіп, бағасын беріңіздер?!
​Самсаның мың түрі бар дәмін көріп,
​Қуырдаққа жақсылап бөгіңіздер!

Аңдар:

— Қасекең де оңай емес!

— Тамаша!

— Сілекейім шұбырып кетті ғой! (Аңдар біраз тамсанып алады.)

Арыстан:

— Жөн..

Автор:

— Сөз кезегі сұлу Түлкіге келеді.

Түлкі:

— Емеспін мен жай Түлкі,
​Атандым елге бай Түлкі.
​Инстаграмда оқырман,
​Қояды миллиард «лайықты».
​Жарнамам жарып сауданы,
Қоймама халық заулады.
Балық, тауық, қой етін,
Менен ғана алады!
Таза сүт пен қаймағым,
Ірімшік пен құрт-майым,
Ел ішінде аңыз боп,
Аңдардың ауызын майлады!
Ауырғанға дәрі бар,
Жемістің шырын нәрі бар,
Қайсы бірін айтайын,
Іздегеннің бәрі бар!
Алатындар келіңдер,
Айтқаныма сеніңдер!
(Аңдар қол соғып қошеметтеп, орындарынан тұрып кетеді.)

Арыстан:

— Әп-бәрекелді! Жарайсың Түлкі! Ал,​ әділқазы мүшелері, бағасын беріңіздер?! Арамыздағы қай аң «Ділмар» екен? Қай аң бірінші орынға лайық?

Жапалақ:

— Құрметті көрермен! Қазылар алқасы ақылдаса келіп:
Борсыққа 8 ұпай, жалпы саны 18 ұпай,
Қарсаққа 8 ұпай, жалпы саны 18 ұпай,
Қасқырға 8 ұпай, жалпы саны 17 ұпай,
Түлкіге 10 ұпай,​ жалпы саны 19 ұпай берді. Аң патшасы Арыстан,  жүлдені өз қолымен табыстасын! 

Арыстан:

— Құрметті халайық! Сайыс қорытындысы бойынша Түлкі 1-орын,​ Борсық пен Қарсақ 2-орын, Қасқыр 3-орын алды.​ Құттықтап қойсаңыздар болады!

Жүлдеге Түлкіге 1​ жылқы (Түлкі қолын шапалақтап, секіріп кетеді.) 

Борсық пен Қарсаққа екі тай (Борсық борбаңдап билеп, Қарсақ қуаныштан қалшылдап кетеді.) 

Қасқырға үш қой беріледі. (Қабағы түскен Қасқыр, қатты қуана қоймайды.) 

Аңдар:

— Бәрекелді!​ Әділ шешім!

— Дұрыс!

— Барлығы да шешен екен!

Жапалақ:

— Осылай аңдар​ қуанып,​ мәз-мейрам боп тарқасты!

«Қазақтың адамы түгілі, аңы да ділмар» деген сөз осыдан қалыпты.

Гүлмекен Қасенбай
«АйСаф» жеке қыздар мектебі
«Сахна тілі» үйірме жетекшісі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз