Өлең, жыр, ақындар

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Шөже орындаған толық нұсқасы

ХІХ ғасырдағы көптеген ірі айтыс ақындарының тамаша бір ерекшелігі көне эпикалық жырларды ауызша орындап, сақтап, кейінгі ұрпақтарға жеткізуінде. Шөженің осы саладағы еңбегенің өзі оның  атын әдебиетіміз бен мәдениетіміз тарихында мәңгі сақтап қалуға мүмкіндік береді. Шоқанның айтуынша, ақынның жыршылық репертуары мейлінше бай болған. Ол Шығыстан келген діни және махаббат дастандарымен қатар, қазақтың қолтума жырларын да шебер орындап, кейінгі дәуірге мейлінші толық та көркем дәрежеде жеткізіп отырған. Соның бір дәлелі – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының атақты Шөже варианты.

Қазақтың ауыз әдебиетінің бай саласының бірі –  ғашықтық дастандары.

Қазақта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты ондаған ғашықтық дастандар бар. Қазақ халқының романтикалық және психологиялық негізге құрылған лирикалық ғашықтық дастаны «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», оның сюжет желісі шын өмірден алынған. Бұл дастанда қазақ өмірі, әдет — салты кең қамтылған. Ол ғашықтардың бақыт және бостандық жолындағы күресін жырлайды. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасын дүниежүзілік поэзияның тамаша үлгісіне жатқызып, оны қазақ жеріндегі «Ромео-Джульетта» деп атау әділ баға.

Бұл жырдың Шөже орындаған нұсқасы кезінде ел арасында көп тараған:

«…Қодар құл оқпен атып өшін алды

Сүйтіп қастық қылғандай несін алды.

Үйдегі Баяныма берейін деп,

Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды.

 

Бәрекелді! Қодардың тентегіне,

Асау күрең жүрмейді жетегіне.

Қозыкенің басы деп тастап еді,

Баян жылап салады сандығына.

 

Сұлу Баян қолына айна алады,

Қозыкеден айырылып қиналады.

Өзімменен қосылып зарласын деп,

Ботасы өлген боз інген түйе алады.

Содан Баянның іші күйіп, тұра алмай, тас болып, ешкім тұрғыза алмай жұртында қалғаны:

Баян жас бота белбеу белден шешті,

Қозыкеден айырылып қайғы түсті.

Баян Сұлу тұра алмай жұртта қалды,

Сарыбайдың ертең тұра ауылы көшті.

Баян Сұлу тұра алмай жұртта қалды,

Оны көріп Қодар құл қуаныш қылды.

Көш жөнеліп кеткенін көріп тұрып,

Жұртта қалған Баянға Қодар келді.

 

Баянды көріп, Қодардың айтқаны:

-Жылқыны көп жалшылар суарады

Сені көріп көңілім қуанады.

Алған байың өлді ғой сұлу Баян,

Енді сені мен алмай кім алады?

 

Баянның Қодарға берген жауабы:

Баян басын көтеріп тұра келді,

Жылап тұрып Қодарға жауап берді.

-Мен сенікі болайын Қодар-еке

Қозыкені бір көрсет маған, — деді.

 

Қодардың Баянға берген жауабы:

Баян жас, нанбаймысың маған деді,

Тимесең болар ақыр заман дейді.

Осы жерде маған тисең тура сөйле,

Тазшаңды көрсетейін саған дейді.

 

Баян сұлу қуанып тура келді,

Қодарменен екеуі бірге жүрді.

Ойдым-ойдым жер келді сұлу Баян,

Кел екеуіміз ойналық Баян деді.

 

Баян сұлу Қодарға жауап берді,

Қозыкені көруге алып жүрді.

Далада ойнағаның не болады,

Су басына барайық Қодар деді.

 

Қодардың қуанып берген жауабы:

-Айт дегеннен айтамын айда, Баян,

Қасыңда мендей жолдас қайда саған.

Алдыңда жарық болған ай ма Баян?

Тазаланып жатайын қойыңына,

Білегіме шашыңды байла, Баян.

Баян алдап Қодарды суға салды,

Екі кебіс су ішіп мейірі қанды.

Қодар бұлақ ішінде, Баян қырда,

Суға тоңдым, шығайын Баян деді.

 

Баян бұл сөзді есітіп тұра келді,

Бұйда пышақ қолына Баян алды.

Қодар суда жатқанда, Баян қырда,

Қодарды пышақпенен салып алды.

 

Судың ішінде жатып Қодардың берген жауабы:

-Баян жас мені есіңе алмадың ба,

Әуелі суға түс деп алдадың ба?

Екі  бірдей бойыңнан тең айырылып,

Көзің ашық дүниеден өттің, Баян.

 

Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,

Әке-шешем жылатып келдім, Баян.

Тіл ұшымен мені сен жақын қылып,

Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян.

 

Айда Баян, а Баян, неттім Баян,

Ептеп жүріп түбіме жеттің, Баян.

О дүниеде артыңнан еш қалмаспын,

Тікен боп араңа біттім баян.

 

Баян сұлу бұл жерде қуанады,

Тіліне Қодар құлдың кім нанады.

Баян жас шашын қиып жібергенде,

Қодар құл құдық түбіне домалады.

 

Баян Қодарды өлтіріп, Қозыкенің басына келіп жылағаны.

-Ботасы өлген боз інген артып келді,

Баян жас қайғы азабын тартып келді.

Қодар құлды құдықта өлтірген соң,

Қозыкенің басына қайтып келді.

 

Баян Қозыкені көріп зар-зар жылағаны:

-Шырағым, жатырмысың жер бауырлап,

Қаба жүнді, қайың оқ оны ауырлап.

Тұрар болсаң, тұр сана, шырағым-ай,

Баян жас алған жарың келдім зарлап.

 

Шырағым, жатырмысың жер бауырлап,

Алты батпан топырақ оны ауырлап.

Тұрар болсаң тұр сана, шырағым-ау,

Құдай қосқан қосағың келді зарлап.

 

…Қозеке амандаспай бұрын өлді,

Баян барып басыңды зар еңіреді.

Баян жас зар еңіреп отырғанда,

Үстіне топ керуен жетіп келді.

 

Қырық кісі керуен басы бұрын келді,

Жылап тұрған Баянды бұлар көрді.

Біз жүргенде жоқ еді сендей адам,

Нағылып зар жылаған жансың дейді.

 

Баянның керуенге берген жауабы:

-Біз тудық Қарабай мен Сарыбайдан,

Жүзіміз артық болды туған айдан.

Отыз бір жыл ортада ойнап-күліп,

Бүгін қаза жетіп тұр бір құдайдан.

 

Қырық кісі керуен басы мұны білді,

Сұлулығын көрген соң алмақ болды.

Сұлуға жалғыз тұрған жарамайды,

Қайсымызға тиесің айтшы дейді.

 

Баян сұлу қайғымен болды кәбәп,

Тамам керуен Баянға болып сәбәп.

Баян сұлу керуенге жарлық қылды,

Там тұрғызған кісіге тиемін деп.

 

Қыздың айтқан жарлығын керуен білді,

Қырық күнде Қозыкенің тамын қылды.

Баянның өзі барып көріп келді,

Қиямет-қайым болғанша тұрар деді.

 

Тамам керуен жиылып кеңес құрды,

Баянды аламыз деп көңілі тынды.

Қыздың жарлығын қылып болдық,

Қайсымызға тиеді келсін деді.

 

…Керуеннің басы болды,

Аламыз деп Баянға кісі салды.

Баян жас өз алдына жылап тұрып,

Керуенге жүзі таймай жауап берді.

 

Көп керуен разымын келгеніңе,

Белгісін тұрғыздыңыз өлгеніме.

Әрқайсыңа үлессем мүшес жетпес.

Тиемін ақылы артық жеңгеніңе.

 

Тамам керуен бір жерге жиылады,

Баян сарай қылмаққа бұйырады.

Тамам керуен Баянға жол таласып,

Ажал жетіп сол жерде қырылады.

 

Тамам керуен қырылды жол таласып,

Баян сарай салдырды жарлық  шашып.

Құдайым бұл керуенге қор қылма деп,

Баян сым тас болыпты, құшақтасып.

 

Қырық кісі қырылды жол таласып,

Баян үшін өліпті төбелесіп.

Тамам керуен сол жерде өліп қалды,

Үш кісі үш ру елге барды қашып.

 

Бұл сөзді Құдай бізге өнер қылған,

Қозыкенің сарайын керуен қылған.

Үш кісі үш ру елге қашып барып,

Сол екен Қозыкені өлең қылған».

Белгілі ғалым Әлкей Марғұланның айтуынша, Шөже «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын Шоқанның өтінішімен Махмұт Қалихановқа 1864 жылдың наурыз айында жаздырады. Жырдың соңында ақынның Шоқанға арналған мынандай бір ауыз өлеңі бар дейді:

«Құдай береді сұлтанды кәміл қылып,

Данышпан, мәртебелі, әділ қылып.

Бұрын жазған жоқ едім дәл осындай

Әділ сұлтан жаздырды сапалы ғып».

«Егемен Қазақстан» газетінің 27 наурыз 2002 жылғы № 67 (22970) санының 6-шы бетінде М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры, белгілі фольклорист-ғалым Сейіт Қасқабасовпен әңгімелескен газет тілшісі Мейрамбек Төлепбергеннің ««Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының 1500 жылдығына орай жазылған «Махаббаттың мәңгілік ескерткіші» деген көлемді мақаласы жарық көрді.

Оқуға кеңес береміз:

"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жыры

Мұхтар Әуезов:  Қозы Көрпеш - Баян сұлу

Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары

Ел поэмалары. Қозы Көрпеш – Баян

Қозы Көрпеш — Баян Сұлу


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз