Өлең, жыр, ақындар

Көктем лебі

(О. Генридің новелласы, аударған Ерден Еркебекұлы Қарсыбеков)

Ауылдың енжар тұрғыны жазғытұрымның жақындағанын сезе бастағанға дейін-ақ, қала тұрғыны көкке оранған ханымның өз тағына оралып жайғасқанын нақты біліп тұрады. Ол төрт қабырғасында таңғы асын жей отырып, газет бетін ашады да, журналистердің жайнаған мәтіндерін шолып шығады. Иә, бұрындары көктемнің белгілерін өз сезімдеріміз айқындап жатса, қазіргі кезде бұны Ассошиэйтед Пресс агенттігі талдап жүреді.

Хакенсактағы алғашқы таңшымшық құсының сайрағаны, Беннингтондағы үйеңкі ағаштары шырынының толқуы, Сиракуздағы Бас көшені бойлай өскен қызылталдардың ақ мамықты бұршақтары, Блю-Пойнттен шыққан аққу әні, Сент-Луиске соққан жылдағы торнадо, Помптон бойынша өрік өнімінің пессимистік көрсеткіштері, жабайы болған және қолға үйретілген ақсақ қаздың Билджуотердегі тоғанға оралуы, конгрессмен Джинкстің дәрілік синдикат тарапынан хинин бағасын көтермелеу әрекеттерін әшкерелеуі, биік теректің панасында демалғандардың ағашқа түскен найзағайдан шошуы, Аллегени өзенінде мұздың жылжи бастауы, тілшінің мүк үстінен шыққан шегіргүлді тауып алғаны — бұл хабардың бәрі (ауылдағылар қар басқан жерлеріне қарап жатқанда) қалалықтарға сым байланысы арқылы жылдам жеткізілетін.

Бірақ бұл сыртқы белгілері ғана еді. Көктемнің таза лебі ең бірінші жүрекке жетеді. Стрефон өзінің Хлоясын [1] және Майк өзінің Мэггиін іздей бастағанда ғана, көктем келді деуге болады, және Сквайр Петтигрюдің жайылымында ұзын сылдырмақты жыланның өлтірілгені туралы жаңалықты растауға болады.

Шегіргүлдің алғашқы гүлі атылмай тұрып, Юнион-Скверде мистер Питерс, мистер Рэгздейл мен мистер Кид ұзын орындыққа отырып, сөз байласа бастады. Мистер Питерс бұл қаңғыбастардың ішіндегі д'Артаньяны [2] еді. Саябақтың көк кілемінде ол ең күңгірт, ең жалқау, ең көріксіз дақ сияқты болып көрінсе де, дәл сол кезде қалған екеудің бастаушысы еді.

Мистер Питерстің жұбайы бар еді. Бұған дейін бұл жәйт оның Рэгзи мен Кидпен байланысына еш әсер етпеді, бірақ бүгін олар бұнысына ерекше назар аударыпты. Үйленуге асықпаған достары мистер Питерске жымиып қарап, оның жанұялық өмірде қалай ғана тұншығып кетпегенін жиі айтып жүретін. Қазір болса, олар оның асқан алғырлығын мойындауға мәжбүр болған.

Себебі миссис Питерсте бір доллар болған екен. Бүтін әрі заңды күші бар, салықтар мен борыштарды өтеуге жарамды бір долларлық банкнот. Енді оны қалайша қағып алуға болатынын бұл үш әккі ноян талқыға салды.

— Доллар екенін қалай білдің? — деп сұрады Рэгзи, аталған соманың ірілігіне күмәнданып.

— Оны көмірші көріп қойған, — деді мистер Питерс. — Кеше жұмыстарымен шығып кеткен. Ал таңғы асқа бір тілім нан мен бір кесе кофе берді, өзі доллармен жүрді.

— Бұл барған жауыздық! — деді Рэгзи.

— Егер біз оған келіп, жұдырықпен бір салып, аузына орамал тығып, ақшаны алып кетсек, — деп Кид ойлана бастады. — Қатыннан қорқпайтын шығарсыңдар, а?

— Ол айғай салса, бізді ұстап алады ғой, — деп қайтарды Рэгзи. — Жұртқа толы үйде әйелге қол көтерген жақсылыққа апармас.

— Құрдастар, — деді мистер Питерс, сары мұртша-сақалын жыбырлатып қойып, — менің әйелім туралы сөйлеп тұрғандарыңды ұмытпаңдар. Оған күш көрсетпекші болмаңдар, егер әрине бұл...

— Магуайр, — деп сөзін бөлді Рэгзи, — өзінің сыра жарнамасын шығарып қойды. Осы доллар болғанда, біз...

— Жетер! — деді мистер Питерс, өз ернін жалап қойып. — Қалай болса да, бұл парақ ақшаны қолға түсіруіміз керек. Өз әйелім болған соң, бұны өзім шешейін. Үйге барам да, тартып алам. Мені осында күтіңдер.

— Бүйірінен бір ұрсаң, қайда не жатқанын тез-ақ айтады ғой, — деді Кид.

— Әйелді ұрған ерге жарамас, — деді Питерс сыпайы түрімен. — Сәл ғана буындырып қойсақ, кеңірдекті кішкене ғана қысып... сол жететін сияқты, және ізі де қалмайды. Мені күтіңдер, доллармен қайтып келемін.

Питерстер Жетінші авеню мен өзеннің арасындағы көппәтерлі үйде тұрған. Олардың бөлмесі жоғарғы қабатта орналасқан еді, қараңғылығы сондай, жалға беруші соның ақысын алып тұрғанда, ылғи да қызарып тұратын. Миссис Питерс анда-санда біреудің кірін жуып не үйін тазалап, өз күнін көретін. Мистер Питерс болса, соңғы бес жылда бір де бір тиын таппай, жұмыссыз жүре беретін. Солай бола тұрып, өзара жеккөрушілікке және жоқшылыққа қарамастан, бірге өмір сүрген. Осындай өмірі әдетке айналған еді, себебі әдет жерді де біртұтас күйде ұстайтын күш қой; жосықсыздау гравитация теориясы [3] бұны түсіндіре ала ма?!

Миссис Питерс өзінің 200-фунттық [4] денесін екі орындықтың мықтысына орналастырып, жалғыз терезеден көрініп тұрған кірпіш қабырғаға тесіле қарап жатқан. Көздері қызарып, дымқылданып кеткен. Бұл бөлменің жиһазы бір қоларбаға сияр еді, бірақ еш жұмысшы бұны тиеп әкетуге әуреленбес еді.

Есіктен мистер Питерс кірді. Оның күшіктікіндей жылтылдаған көздерінде бір ынтызарлық байқалды. Әйелі бұны түсініп қойса да, ол аш болып қалған ба деп, себебін қате жорамалдады.

— Түн түспегенше саған тамақ жоқ, — деді ол, қайтадан терезеге бұрылып. — Өзінің ашқарақ жүзіңді бұл жақтан бұр.

Мистер Питерс өзі мен әйелінің арасындағы қашықтықты көзбен мөлшерлеп тұрды. Тосыннан оның үстіне секірсе, құлатуға болар еді, және достарына айтып кеткен буындыру тактикасын қолдануға болатын еді. Көпіріп айтқан болар — иә, әйеліне қарсы күш жұмсауға оның осы күнге шейін батылы барған емес — бірақ тәтті суық сыра туралы ойлары оның жүйкесін сергітіп қойды да, ол енді джентльмен ледиге қалай қарау керек туралы қағидаларын басқаша түсінуге дайын болды. Алайда артық әрекет жасауға ерінген ол, алдымен дипломатия өнеріне жүгінуге талпыныс жасады — өзін табысқа қол жеткізіп үлгірген күйде ұстап, тәкаппарлана тұра қалды.

— Сенде бір доллар бар, — деді ол, неғұрлым әсерлі кейіппен сөйлеп (осы тұста оған аузындағы сигарасы ғана жетіспей тұрған).

— Иә, солай, — деп миссис Питерс қойнынан қағаз ақшаны шығарды да, оны шытырлатып жіберді.

— Маған жұмыс табылды ғой, әлгі... шай дүкенінде, — деді мистер Питерс. — Ертеңнен бастап шығамын. Бірақ ол үшін не керек қой, әлгі...

— Өтірікшісің, — деді миссис Питерс, ақшаны қайтадан қойнына салып. — Сені шай дүкеніне де, асханаға да, жайма базарға да ешкім алмайды. Мен осы долларды табу үшін нешетүрлі киім жуып, қолымның терісін жырып жібердім. Сенің шөліңді басу үшін қиналдым ба мен? Жоғал бар! Ақша туралы ұмыт.

Бұдан Талейран [5] әдісінің мақсатқа жетпегені белгілі болды. Бірақ дипломатия сонымен бітпейді ғой. Мистер Питерс өзінің өнертапқыштығына сүйеніп, жаңа әдіске бірден көшті. Көзінде сары уайымның белгілері көрінді.

— Клара, — деді ол күбірлеп, — ары қарай қарсыласқан дұрыс болмас. Сен мені ешқашан да түсінбегенсің. Ант етемін, ауыртпалық толқындарынан тұншығып, батып кетпес үшін бар күшімді салып жүргеммін, бірақ...

— Кемпірқосақты доғар да, босқа дәмеленбе, — деді миссис Питерс күрсініп. — Бұл сөзіңді қанша рет естігем. Анау сөреде бос кофе қалбыры жатыр, соның артында карбол дәрісі бар. Соны іше сал.

Мистер Питерс ойланып қалды. Енді не істемекшіміз? Ескі тәсілдерінен пайда шықпады. Екі әккі нояны оны жауынгерлік даярлықпен саябақтағы ұзын орындықта тосып жатқан. Конға оның намысы қойылған болатын. Бұл шабуылға жеке өзі атанған еді, енді қуаныш пен жұбанышты сыйлайтын олжамен қайтып келмесе болмайды. Ал сол дәме еткен доллар және өзінің арасында тек оның әйелі ғана тұрған — жастайынан бірге жүрген, қазір қатты үлкейген қыз ғой... міні! Тағы қайталап шықсам, қайтеді?! Бұрында оның жылы сөздерінен ол еріп қалатын және артынан еріп жүретін, бірақ содан қаншама жыл өтті. Ауыр кедейшілік пен өштік бұның бәрін артта қалдырды. Бірақ Рэгзи мен Кид уәде қылған долларды күтіп отыр ғой!

Мистер Питерс өзінің өткір көзқарасымен әйеліне бір қарап жіберді. Ол арбалған кейіппен терезеге үңілген еді, ал оның бырсиған денесі орындыққа әрең дегенде сиятын. Көздерінде жақын арада ғана жылап алғанның белгілері көрінді. «Бұдан бірдеме шығар ма екен?» — деп мистер Питерс өз-өзінен сұрады.

Ашылған терезеден кірпіш қабырғалар мен сұр, қаңыраған аулалар көрінген еді. Егер ескен ауаның жылылығы болмаса, қаланы әлі қыс мезгілі билеп жатыр деуге болатын еді. Бірақ көктем зеңбіректердің күрсілімен келе қоймайды. Ол — сапер әрі минашы, сондықтан сіз де капитуляция етуге мәжбүр боласыз.

«Тырысып көрейін», — деді мистер Питерс өз-өзіне, және бетін біртүрлі ғып қисайтты.

Ол әйеліне жақындап, қолын оның иығына салды.

— Клара, жаным, — деді ол итбалықты ғана алдауға жарайтын үнімен, — ұрыса бермейікші. Менің шырағым сен емессің ба, айналайын?

Мынауыңыз тіпті ұят, мистер Питерс! Купидонның [6] қара тізіміне іліндіңіз. Сіз бопсалау мен Махаббаттың киелі сөздерін бұрмалау баптары бойынша айыпты болып таныласыз.

Бірақ көктемнің сиқыры орындалып шықты. Жылы ескен леп бұл қарапайым, қараңғы бөлмеге де жетіп қойды. Қанша қисынсыз болса да, бірақ бұл қақпанға біз бәріміз де бір күні түсеміз.

Миссис Питерс Ниобея [7] әлде Ниагара [8] сияқты жастарын ағызып, қызарған түрімен өзінің бұйырушысының мойнына асылды да, ағыл-тегіл жылай бастады. Қойнындағы долларды суырып алуға мистер Питерс қанша талпынса да, қолдарын әйелінің құшағынан шығара алмады.

— Сен мені сүйесің бе, Джеймс? — деп сұрады миссис Питерс.

— Қатты сүйем, — деді Джеймс, — бірақ...

— Ауырып қалдың ғой! — деп саңқ етті миссис Питерс. — Бірнәрседен шаршадың ба?

— Сәл әлсіреп қалдым, — деді мистер Питерс. — Мен...

— Тоқта, саған не көмектесерін білемін. Бір минут тоса тұр, Джеймс, мен қазір-ақ оралам.

Оны тағы құшақтап жіберсе, мистер Питерс Қаһарлы Түрікпен [9] бір күресіп алғандай күйде болып қалды. Әйелі оны жіберді де, бөлмеден шығып, астыға қарай жөнелді.

Мистер Питерс бармақтарын иық бауының астына салып жіберді.

— Жақсы, — деді ол, үстіге қарап. — Нәзік жеріне дәл тидім. Кемпірімнің әлі де сондай сезімтал екенін білмеппін. Мен тура Клод Мельноттың [10] өзі сияқты болдым. Қалай, а? Енді доллар қалтама түсті деуге болады. Ол қайда шығып кеткен екен? Екінші қабатта тұратын миссис Малдунға шығар, оған татуласып қойғанымызды айтар. Жылы сөйлегенді енді көбірек қолданайын. Рэгзидің жұдырыққа салуы түкке тұрмайды екен!

Миссис Питерс қайтып келді де, оған сарсапарилла [11] бөтелкесін берді.

— Менде бұл доллар болғаны қандай жақсы болды, — деді ол. — Қатты жүдеп қалыпсың, қарағым.

Күйеуінің аузына тұнбаны үлкен қасықпен бір тығып алып, оның тізесіне отыра қалды.

— Маған тағы шырағым деші, Джеймс, — деп ол сыбырлай қалды.

Өзінің көктем патшайымымен орындыққа шегеленіп тасталған мистер Питерс, үн-түнсіз отырды.

Иә, көктем келді.

Юнион-Сквердегі ұзын орындықта отырған мистер Рэгздейл мен мистер Кид зеріккен түрлерімен д'Артаньянның доллармен келіп оралуын күтті.

«Кеңірдекті қысып тастау керек еді», — деп ойлап қалды мистер Питерс.

Түсініктемелер:
1. Поэзияда жиі кездесетін, бір-біріне ғашық болған кейіпкерлер.
2. Дюманың француз нояндары туралы романдарының бас кейіпкері.
3. Денелердің бір-біріне тартылуын түсіндіретін физикалық теория.
4. 90 килограмға жуық.
5. Өзінің айлакерлігімен әйгілі болған француз дипломаты.
6. Ежелгі Рим аңыздарындағы Махаббат құдайы.
7. Ежелгі Грек аңызы бойынша, өз балаларын мәңгі жоқтауға жазаланған бір патшаның әйелі.
8. Бұл америкалық өзеннің бойында әйгілі Ниагара құламасы бар.
9. Түркияның XIX ғасырдағы әйгілі палуаны Юсуф Исмаил.
10. Булвер-Литтон пьесасының кейіпкері, байдың қызын айламен айналдырып жүрген шаруа.
11. Тропикалық өсімдіктің тамырынан дайындалатын микстура, көбінесе жыныстық функцияларды реттеу үшін пайдаланылады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер