Галактика ғаламшарында тұратын, саспайтын, дегбірсізденбейтін роботтар қауымының өмір сүру жүйесін бір үрей билеген. Роботтар ғасырында болатын жай ма, болмайтын жай ма, әйтеуір «вирус пандемиясы жайылды» деген суық хабар тараған. Бетегелі белі жоқ, айдын шалқар көлі жоқ, тау, тас аралайтын жолы жоқ, газ бен тозаң тұмандықтарының темір адамдарын Құдай жаратпаған. Олар Алладан аманатқа жан алмаған. Қазан-ошақтары, үйжайлары жоқ. Ана тілі, ата тілі дегенді білмейді. Кие ұрады, кесір тиеді деген ұғымға бас қатырмайды, сол себепті ме, мінездері рақымсыз. Тостаған көзді, саптаяқтай ерінді, тұяқтары от орнындай, қаудырқұлақ роботтар бұл қауіптің өршіп кетпеуін бақылау үшін арнайы комиссия құрды. Оны атақты профессор робот басқарды. Оның басы түрлі-түсті қоспалардың төртінші қалыбынан алынған. Ақылдан ақсамайды.
— Коронавирус — Жер планетасындағы адамдардың ауруы. Ол біздің галактикаға қалай келген? — деп ғаламшардың тазалығына жауап беретін бас гигиенистке қарады.
— Жер планетасына білім алмасуға бір жас роботты жібергенбіз. Сол іссапардан оралғалы бері жұмысқа селқос қарап, тапсырмаларды сапасыз орындайтын болып жүр. Ауруды сол әкелген болуы керек.
— Оны карантинге жауып, келе салысымен бағдарламасын неге ауыстырмағансыңдар, профилактикалық тазалаудан неге өткізбегенсіңдер? — Комиссия басшысының тісі-тісіне тимей сақырлап кетті.
— Ауыстырғанбыз. Бәрібір енжарлықтан еңсесін көтере алмай жүр. Өзгелерге жұқтыратын қаупі зор. — Бас гигиенист сөзін үзіп-жұлып, жөткерініп, іштегі сымдары үзілердей әзер жеткізді.
— Бұл эпидемия жайылса, қорымыз үш аптаға ғана жетеді. Онда біз Жердегі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШтағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен байланыс жасап, қаражат сұраймыз. Олар статистикалық мәліметтерді талап етеді. Сөйтіп жүріп нәпсісі иманын жейтін адамдарға айналып кетпейік, — деген профессордың даусы зілді шықты.
Жиыннан роботтар бұрынсоңды өздерінде байқалмаған үрей арқалап шықты. Нео есімді робот-журналист — жаңалық бөлімінің редакторы. Ол — болған оқиғаларды тыңдармандарға дер кезінде жеткізіп тұратын жақсы репортер. Оның көз алдына аурудан азап шеккен адамдардың үрейлі, қорқынышты бейнесі, құлағына ыңырсыған, жалынышты үндері келді. Ол вирусты ойда жоқ жерден атылатын ұйқыдағы жанартау деп елестетті.
Бұл тажалдан аман қаламыз ба деп теңізге жүгірген адамдар, оларды теңіздің лай суы өз толқынымен ала кеткені, аласапыран айқай, қым-қуыт оқиға, шым-шытырық бейнелер көрініс беріп, репортажды Жерде осындай оқиғалар болып жатыр деп жүргізген. Бұл үлкен дау туғызды. Эпидемияның жайылып кетуіне бірден-бір себеп тозаң ұшқынындай ғана микроб екеніне робот-журналист өзін сендіре алмады. Өзгелер де сенбейді деп ойлады.
Газ бен тозаң тұмандықтарындағы суық маусым микробтардың тез өсіп, өзіне керекті қоректік заты жеткілікті ортада тұтас бір мекендестер тобын құрайтынына, соңғы кезде сапасы нашар роботтардың көбейіп кеткеніне, олардың иммунитеті төмендегеніне нанбайды. Әлі ширап, піспеген жас роботтардың батыс планетадағыларға еліктегені, солардың сөзіне ергені деп зығырданы қайнады.
Болмаған оқиғаны болды деп жазғаны үшін оны қызметінен төмендетіп, орнына басшы қызметкер — роботтар шығаратын алып зауыты бар алыс бір планетадан репортер алдырды. «Әйел болсын, олар сараптама жасауға ұшқыр болып келеді» десті. Ол ай нұрын мініп, жұлдыз аралап, гелий бұлттарға қонақтап, жұмыс орнына келгенде Неоның таңданыстан ішексымдары тартылып қалған. Өз ісін ылдым-жылдым атқаратын журналистен гөрі, Жердегі Голливуд актрисасына ұқсайды екен. Сұлулығынан сүйкімділігі, сүйкімділігінен сұлулығы асып тұр. Жүзінде ультрақызыл жалын алаулайды. Неоның оны роботтар сән үйі шығаратын журнал мұқабасынан суретін көргені есіне түсті. Денесіне алтын жалатылыпты. Алыс планетаның қожайыны алыс-жақын ғаламшарлардағы алтындарды жекешелендіріп алыпты дегенді естіген. Мына бикешке қарап, «сол рас екен ғой» деп ойлап үлгергенінше, электрон көзі Неоға жалт қараған. Айналасына жарқжұрқ еткен от шашырады.
Мұның жүрегі шыдас бермей, қысқа тұйықталудан өшіп-жанып, өшіп-жанып тұрып алды. Темір денесі дірілдеді. Жүрек тұсын дыз еткізіп бір нәрсе қарып өткендей болды. Роботтарды сүргінге салып қойған бел қайыстырардай болған тажал ауру есінен шықты. «Бәрі орнында, біздің тіршілікке өтірік араласып кетті» деп сандырақтады.
Жедел жәрдемге қоңырау соғылып, жоғары температураға шыдас бермеген мұны суытуға қойды. Ішкі шамдары өз-өзінен қызарып кете берген соң, оның кеудесін ашып, бағдарламасын ауыстырды. Одан жағдай өзгермеді.
— Ол бүкіл ғаламшарға қауіп төндіреді. Дереу оқшаулаңдар да, химик, физик, механик бағдарламашыларды шақырыңдар.
— Құп! — деді профессормен бір зауыттан шыққан гигиенист.
Олар Неоның бар денесін боршалап тастап, сызбаларына үңіліп отыр. Ақау жоқ. Бәрі де нұсқаулықта жазылғандай. Өкпе орнында. Ол вирусқа шалдықпаған. Жүрек шамдарын ауыстыру керек. Ол күйіп тұрған мәселе емес. Көз хрусталінің көру қабілеті жоғары. Ми... ол енді миллион жұмбақ. Кибернетикалық машинаның сызбасында көрсетілмепті. Мұны естіген профессордың тас-талқаны шығып ашуланды.
— Роботтарды әкелерде нұсқаулықта көрсетілген тізім бойынша неге тексеріп алмайсыңдар? Сапасыз роботтардың ауру қоздыратын вирустарға қарсыласу күші әлсіз болатынын білмейсіңдер ме? Жалқау, тоғышарлардың көбейіп жатқаны осыдан екен ғой. Енді бұларды не істейін деп жатырсыңдар? Жердегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына есеп беріңдер. Статистиканы солардың талабы бойынша жасаңдар.
— Мұны жасаған конструкторды шақырғанбыз. Ол басқа планетада тұрады. Кеше келе жатып, жұлдыздарға соқтығысып қалыпты. Жеңіл-желпі жарақаты бар.
— Мына роботтар әлеміндегі галактикада роботты да өзіміз құрастыра алмаймыз ба? Бізде өндіріске қажетті темір де, вольфрам да, алтын мен күміс те жеткілікті емес пе?
— Бар болатын. Қазір жоқ. Сатылып кетті.
— Күн сәулесінің қызыл шұғыласымен биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының, жасыл шұғыласымен иммунобиологиялық препарат шығаратын биофармацевтикалық зауыттың, көк шұғыласымен жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін ғылыми орталықтың лентасын қимап па едік? Олар жұмыс істемей ме, сонда?
— ....
Бұл кезде Нео мен алыс планетадан келген репортер-роботты жасаған конструктор да келген. Ол өзі жасаған роботтардың жүрек двигателіне махаббат өзекшесін, көздеріне мейірім хрусталін, жүрегіне сүю сұйықтығын, миына генетика ұрығын салғаны анықталды. Галактика ғаламшарындағы роботтардың назары енді конструктордың әрекетіне ауды. Пандемияның бар екені естерінен шықты.
— Махаббат пен сезімнің кіріспейтін жері жоқ екен. Мен робот құрастырғанымда өз ісіме беріліп кеткенім сондай, махаббатпен істегенімді сезбедім де. Жанымнан еш нәрсе қоспадым. Жаратқанның жасап қойғанын қолымнан келгенше сүйіспеншілікпен атқардым, — деді конструктор.
Профессор арамдыққа жүрмейтін, байлық, дәулет жинамайтын қутаяқ роботтар ендігі жерде адамдарға қауіпті ме, әлде баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, Алла жаратқан ар мен ұяттан аттап-аттап кететін, мейірім мен махаббатты құмарлыққа айырбастап жіберетін адамдар роботтарға қауіпті ме деген ойға шомды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі