Жүргізуші:
Сәби күліп, қызыққа бат ағалар,
Кішілер ақыл тыңдар, бата да алар.
Гүл сыйлаймыз көңілге әріптестер,
Қуанышты күн бүгін, ата – аналар!
Сақ, ғұн арғы бабамыз көшпендіміз,
Дүреп жанған өскен қыз, өскен ұлмыз.
Қане, қане, бәріміз қол соғалық,
Мерекеге, халайық, қош келдіңіз!
Көңілді музыка ойналады.
Жүргізуші: Міне, ұлыстың ұлы күні де бар қуанышын жайып, келіп жетті. Жыл басы деп саналған Наурыз айының келу құрметіне арналған мерекемізге қош келдіңіздер!
Өткізген сан кезеңді,
Біз қазақпыз ежелгі.
Жауларымыз көре алмай,
Талай садақ кезенді.
Әр жанарға жас тыққан,
Көз ашпадық қастықтан.
Сең боп ақты қанымыз,
Сан қырылдық аштықтан.
Күлсе сәби жақсы ырым,
Салтты ұстамау – басты мін.
Бүгінгіге жалғадық,
Ата-баба дәстүрін, –
дегендей, қазақтың салт-дәстүрінің бірі – «Тұсау кесу» рәсімін өткіземіз.
Салтты бұл жас та білер, үлкен білер,
Ел жұртым қуанышты күн келді дер.
Мерекелер ортақ қой бәрімізге,
Дәл бүгін ән айтылып, күй шертілер.
Тұсау кесу – қазақта баланың өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы. Ортаға бүлдіршінімізді тұсауын кесу үшін алып шығайық!
Ортаға тұсауын кесетін баланы алып шығады.
Жүргізуші:
Немерелер үйдегі,
Әдетінше күндегі.
Әжесінің алдына
Таласумен жүргені.
Бәрін де ол құшады,
Бәрін де ол қысады.
Кіп-кішкентай әженің
Қандай үлкен құшағы.
Адам болғың келе ме,
Ал үлкеннен өнеге.
Бір кездері әжеңді
Көтер сен де төбеңе,
– дегендей, немере үшін ең мейірімді, ең жақын жан – әже. Әженің аялы алақаны, мөлдір махаббаты, жылы жүрегі, кіршіксіз таза көңілі, жанға жайлы лебізі немереге ауадай қажет. Әжеміздің ақ тілегін тыңдап, бата сұрап және баланың тұсауын кесу үшін ортаға шақырамыз.
Жүргізуші:
Көңіл, шіркін, шаттыққа бөлене ме,
Еркін тұрып көсілсең керегеңе.
Әже орны бөлек қой әрқашан да,
Шандырынан сүт берген немереге!
Ортаға әже шығады.
Әже тұсау кесетін балаға арнап әкелген сыйлығын тапсырып, баланың беліне кішкентай қалта байлайды, оның ішіне тәттілер салып тұрып мынадай сөздер айтады.
Әже: Қалтаң қамбадай затты болсын,
Өмірің кәмпиттей тәтті болсын!
Белің қайыспайтын қатты болсын,
Көңілің жырға, жүрегің нұрға толсын!
Ала жіппен байлағаным – адал болсын, ақ болсын дегенім, балам. Тұсауыңды өткір пышақпен кесем, болашағың ашық болсын деп, пәле – жала қашық болсын деп.
Құшағың гүлге толсын,
Алғаның жүлде болсын!
Бармақтай бағың болсын,
Қыдыр Атаң үйіңе қонсын!
Әже баланың тұсауын кеседі де, бір – екі аттам сүйемелдеп, жүргізіп барып, еркін жібереді де:
Қаз қаз, балам, қаз, балам,
Жетектейін аздаған.
Арманыңның алдағы,
Оты жансын маздаған
Қайсар жан бол елгезек,
Ұл да керек елге өжет.
Аялдама жан балам,
Біз жетпеген жерге жет.
Содан кейін баланың беліндегі қалтаны шешіп, тәттілерді елге шашып, таратады да, халыққа қарап:
Тұсауын кестім баламның,
Тілегін құптап жаранның.
Нұрлы болсын өмірі,
Баса берсін қадам мың.
Күтім керек талға да,
Өсе берсін бал-бала.
Қырдан ассын жүгіріп,
Аманат қылдым аллаға.
Жүргізуші: Қазақтың дәстүрі көрсетілген той, мерекелер ән – бисіз, жыр – күйсіз өтпеген. Енді біз балапанымыздың дені сау болып, тез жүріп кетуіне тілегімізді білдіріп, биге кезек берейік.
Би орындалады.
Жүргізуші: Жігіттің қосқан аты аламан бәйгеден жүлде алса немесе күресте жауырыны жерге тимей жеңімпаз атанса, қазақтар: «Уай, бұл жігіттің нағашысы кім екен? », – деп сұраған.
Жүргендей қомақты бір құны қалып,
Бірін-бірі сөйлейді іліп алып.
Нағашылы-жиендер қалжыңдасар,
Бұлардың бірі – қармақ, бірі – балық.
Ортаға нағашысы шығып, тілегін айтады(әзіл – қалжың):
Нағашысы:
Кібіртіктеп қалдың ба,
Шыққандай боп жал – құмға.
Жиенім, тез жүріп кет,
Сан асу тұр алдыңда.
Қатарыңның алды бол,
Бақытты бол, барлы бол.
Анық басып, түзу жүр,
Жасап тұрам «контроль»
Ой қосылсын ойыңа,
Көп келелік тойыңа.
Келесі жыл қуып жет,
Маған сояр қойыңа!
Жүргізуші: Атам қазақ бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген ғой. «Бала тілі – бал», «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп бекер айтпаған.
Қонағыммен бір жаным, асқар тауым,
Ей, мейманым, алдыңа бас тартамын.
Өнерменен құшалық бәріңді де
Әннің аты «Қазақы дастарқаным»
«Қазақы дастарқаным» әні орындалады.
Жүргізуші:
Ата сыйлау ежелден салтымызда,
Ұсынамыз ақ шұбат, бал,қымызда.
Ал, қане, қол жаялық ізет тұтып,
Бата берер ақсақал алдымызда.
Ортаға бата беретін ақсақал шығады.
Ақсақалдың батасы:
Балам,балам, батыл бол,
Жауға шабар батыр бол.
Жамандықтан аулақ қаш,
Жақсыларға жақын бол.
Тың қопарып, егін ек.
Гүл жайнасын төңірек.
Өзің терген дәніңнен,
Досың болсын көбірек.
Қатарыңнан қалыспа,
Шап әрқашан намысқа.
Бойың қысқа болса да,
Ойың жүрсін ғарышта.
Түнеріп таң атпасын,
Қарайып күн батпасын.
Жұлдыз болшы көктегі,
Еліңді жұрт мақтасын. Әумин!
Жүргізуші:
Ризамыз, ата біз,
Тек аман сау жүріңіз!
Қабыл боп ақ батаңыз,
Ұзақ ғұмыр сүріңіз!
Нағыз жігіт саналған,
Болсын сәби өр, алып.
Сөзіңізден нәр алған
Біз де аман болалық!
Осымен «Тұсау кесер» рәсіміне арналған мерекеміз аяқталды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі