Өлең, жыр, ақындар

«Жаңа жыл» кеші

Зал ортасында шырша. Айнала әсем безендірілген. Балалар шыршаны айналып ән салып жүр. Ортаға жүргізуші шығады.

Жүргізуші:

Қадірлі, ата-аналар!
Сүйкімді біздің, балалар
Уақытты тақымдап,
Жаңа жыл жүр жақындап.

Би билеп бір, ән салып,
Жаңа жылды қарсы алып.
Көңілденіп жүрейік,
Ойын ойнап, күлейік.

Тойдың ән, күй, жыр сәні –
Айналалық шыршаны.
Бүгін, міне, маскарад,
Шықсын алға жас талап.

Бір бала ортаға шығып өз өнерін орындайды.

Жүргізуші: Ал, қане, балалар, жаңа жыл туралы кім тақпақтар айтады?

1 – бала:
Дала ақ қар жамылды,
Шыңдар моншақ тағынды.
Жаңа жылым, тез келші,
Балалар да сағынды.

2 – бала:
Тоңып ызғар бораннан,
Ой, қыр мақта оранған.
Айналаның бәрі аппақ,
Таулар қайда жоғалған?

3 – бала:
Келер кейін өңгесі,
Жаңа жылым, төрлеші.
Жасыл шырша ортада –
Ойыншықтар көрмесі.

4 – бала:
Соңынан біз ерейік,
Ән де салып берейік.
Аяз ата қапшығын,
Көтерісіп келейік.

5 – бала:
Тұрмаңыздар именіп,
Ерекше бір күйге еніп.
Бәріміз де, қанеки,
Дөңгеленіп билелік!

6 – бала:
Ақ тілектен нәр алып,
Көңілденіп бағалық.
Жасыл шырша жанында,
Жыр төгіп, ән салалық.

7 – бала:
Жер сыпырып етегі,
Аяз ата жетеді.
Екі-үш сағат қонақ боп,
Көңілденіп кетеді.

Масқарампаздар ойыншықтарды ұстап көріп, балаларды түртіп ойнап жүр. Ерекше қимыл жасап, күлдіреді.

Бір уақытта сақылдап күліп, ертегінің ерекше кейіпкері Мыстан кемпір келе жатады. Кенет шыршаны тамашалап, ойыншық тарды қолымен ұстап көреді де, қызын шақырады.

Мыстан кемпір: Кизимка, кизимка, мында кел! Мынадай ойыншықтар өсетін шыршаны көріп пе едің?

Қызы (таңданып): Жоқ, көргем жоқ! Бұл бір керемет ағаш болды ғой!

Мыстан кемпір: Балалар, ойыншықтар өсетін осы бір ағашты қайдан табуға болады?(Сақылдап күліп) Менде ақша көп. Ендеше сатып аламын, балалар!

Балалар (шуласып):

— Жоқ, жоқ, сатылмайды бұл ағаш!

— Кетіңіз бұл жерден»

— Қызыңызды алып, кетіңіз тезірек!

Мыстан кемпір шетке шығып, ойланып тұрып қалады.

Масқарампаз оған жақындап:

Айналайын, түріңнен,
Айналайын үніңнен.
Аз уақыт жүре тұр,
Жоқ қыламын бүгін мен.

Шырқалады ән демде,
Сен, Мыстаным, таң көрме.
Бұл ағашты сататын
Қойма кілті бар менде.

Мыстан кемпір: Жарайды, жарайды!

Балалар ән шырқап, би билейді. Мыстан кемпір ойын шырқын тағы да бұзғысы келеді.

Жүргізуші: Балалар, біраз уақыт көңілімізді көтердік қой. Аяз атамыз да маңайлап жүрген шығар. Қане, дауыстап шақыралық, балалар!

Бәрі: А – яз а – та! А – яз а – та!  А – яз а – та! Ақ – ша қар! Ақ – ша қар! Ақ – ша қар!

Залға Аяз ата мен Ақща қар кіреді. Аяз ата қапшығын иығына асып алған.

Аяз ата: Есенсіздер ме, балаларым! Ата-аналарың аман ба? Айдын-айдын көлдерді, шөлейт-шөлейт жерлерді, сандаған таулар мен ойпаттарды артқа тастап, сендерге келдім, балаларым!

Сендер бақытты Қазақстан деген елдің ұландарысыңдар! Жолдағы мемлекеттерден аш-жалаңаш сәбилерді көргенде, жүрегім елжіреп, қатты аядым. Оларға тәттілерімді таратып бердім.

Мыстан кемпір таңданып, Аяз атаны айналады.

Мыстан кемпір (қызына қарап): Сақалын-ай атаның, қандай ұзын, қандай биязы! Кизимке, саған сақалды иіріп, шапан тігіп берсем ғой, шіркін!

Балалар (шуласып):

— Мыстан кемпірді қуатын мезгіл жеткен сияқты!

— Мыстан кемпір тым еркінсіп кетті!

— Бір амалын тауып, арамыздан қуалық!

Масқарампаз: Балалар, сәл сабыр етелік! Мен бәрін де ойластырып қойғанмын!

Балалар: Жақсы, келісеміз!

Балалар қол шапалақтап, мәз болысып қалады.

Жүргізуші: Балалар, Аяз атаға арнаған қандай сыйлықтарың бар?

Балалар: Аяз атаға арнап тақпақ айтып берелік!

1 – бала:
Ашық сіздің қолыңыз,
Болсын дәйім жолыңыз.
Ұзақ ғұмыр кешіңіз,
Мәңгі бірге болыңыз!

2 – бала:
Тақпақ айтқан балаға,
Көңіліңіз тола ма?
Аяз ата, таратар
Сыйлығыңыз мол-ау, ә!

3 – бала:
Мәз болуда барша жұрт,
Ата, сізді қарсы алып.
Өзгелерге үлгі боп,
Берсеңіз бір ән салып.

Аяз ата: Е, айтқандарың болсын, балаларым!

Аяз ата ән айтады немесе басқа бір өнерін көрсетеді.

Жүргізуші: Балалар, енді Аяз атаға ән салып, би билеп берейік!

Балалар шыршаны айналып, Көмек Ыбрайұлының С. Оспановтың сөзіне жазылған «Елкаға бардыық» деген әнін орындайды.

Жаңадан тақпақ,
Аламыз жаттап.
Жаңа жыл келді,
Жаңа жыл аппақ.

Елкаға бардық,
Әсем ән салдық.
Аяз атадан
Сыйлықтар алдық.

Қуантып елді,
Жаңа жыл келді.
Өсетін болдым,
Бір жасқа енді.

Жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар! Енді Аяз атамен бірге ойын ойналық!

Жүргізушінің нұсқауымен әр түрлі ойындар ойналады. Аяз атаның өзі «Ұшты – ұшты» ойынын өткізеді.

Аяз ата: Уһ, ұзақ – ұзақ жол жүріп, шаршап қалыппын, балаларым!

Бір ысып, бір суындым,
Сырқырап тұр буыным.

Ән салсаңыз, балалар,
Бұл да емге саналар.

Пайдасы мол жыр-әннің,
Жазылатын шығармын!

Мыстан кемпір: Аяз атаны емханаға жіберу керек. Мейлі, жаңа жыл    10 – 15 күн кейін келер.

Балалар (шуласып):

— Мыстанның сөзін тыңдамаймыз!

— Мыстан, аулақ жүр!

— Мерекемізге кедергі келтірме!

Аяз ата: Оу, менің Ақшақарым – көмекшім! Шыршамыз жанбай қалыпты ғой!

Ақшақар: Ал, қане, балалар, бәріміз қосылып, шыршаның жануын сұрайық! Қане, бірге айтамыз:

Шыршам, шыршам, жана ғой!
Шыршам, шыршам, жана ғой!

Шыршаның шамдары жанып, айнала әсем реңкке бөленеді. Балалар  қол шапалақтап, мәз болады.

Балалар:

— Алақай! Алақай!

— Шырша қандай жарқырап тұр!

— Қандай керемет! Ойыншықтар қандай тамаша!

Би биленіп, тамаша жалғаса түседі. Бір кезде ортаға масқарампаз шығады.

Масқарампаз: Мыстан – еке, ойыншықтар өсетін ағашқа қызығып едіңіз ғой. Менде сол ағаш өсетін қойманың кілті бар.

Мыстан кемпір: Кілтің қайда?

Масқарампаз: Мына үлкен қапшықтың түбінде жатыр. Егер осындай ағаш шынымен керек болса, қаптың түбінен іздеп таба ғой.

Мыстан кемпір: Қойшы-ей! Шының ба?

Масқарампаз: Рас айтамын!

Мыстан кемпір кілтті іздемек болып, үлкен қаптың ішіне кірген бойда, Масқарампаз қаптың аузын байлап тастайды.

Мыстан кемпір тыпырлап, айқайлайды, бірақ ешкім тыңдамайды.

Думан әрі қарай жалғасады.

Аяз ата: Балаларым! Сіздерге алғысымды білдіремін! Қаншама өнер шашуын шаштыңдар! Мен Жаңа жылға орын беруім керек емес пе?

Жүргізуші: Иә, иә. Аяз ата дұрыс айтады. Енді, балалар, бәріміз бірігіп, Жаңа жылды шақырайық!

Балалар (хормен):

— Жаңа жыл!

— Жаңа жыл!

— Жаңа жыл!

Жаңа жыл келеді.

Жаңа жыл: Сәлеметсіздер ме, балалар! Мерекені қалай өткізіп жатырсыңдар?

Балалар: Қош келдіңіз, Жаңа жыл!

Балалар шыршаны айналып, Көмек Ыбрайұлының «Жаңа жылда» деген әнін орындайды.

Жаңа жылды бәріміз,
Қарсы алуға ұйғардық.
Үйде отырдық тағы біз,
Кілең достар жиналып.

Қайырмасы:
Барлық көңіл қош бүгін,
Достар әнге салады.
Ал сағаттың қос тілі,
Құшақтасып қалады.

Көрші ауылға жаңа жыл,
Біз арқылы өтеді.
Сағатыңа қарағын,
Он екіде жетеді.

Қайырмасы.

1 – бала:
Бұрынғыдан өзгерген дала бүгін,
Көңілдерде ай жүзіп, жанады күн.
Әр жүрекке жаңалық нұрын сеуіп,
Қош келдіңіз ортаға, Жаңа жылым!

2 – бала:
Сан тілекті естідің – жаран үнін,
Шалқысын сан лебіз самалы мың.
Ескі жылда болмаған жаңалықтар,
Өз бойыңнан табылсын, Жаңа жылым!

3 – бала:
Тұр дайын жанымызда орыныңыз,
Көңілдің қошы – алтын, төрі – күміс.
Жақсылықтың жаршысы атаныңыз,
Жаңа жыл биіктерден көрініңіз!

4 – бала:
Тоқшылық жылы болсын аш қамбаны,
Талай арқау боларсың дастанға әлі.
Кең алқапта егінің бітік шықсын,
Өзің болшы бақыттың баспалдағы.

5 – бала:
Өткеннің оралмасын отты ойраны,
Дұшпанның қалсын мәңгі бөртпей бағы.
Босағасы елімнің берік болсын!
Биік тұрсын елімнің көк байрағы!

Аяз ата: Балаларым, көп тақпақ айтылып, көп әндер шырқалды, қызықты ойындар ойналды. Сіздердің ықыластарыңыздан қалған өміріме жетерлік нәр алдым. Сіздерге, ата-аналарыңызға бақыт тілеймін!

Қане, Ақшақар қызымыз екеумізді күтіп отырған балалар көп. Біз жүрейік. Сендер мерекелеріңді жалғастыра беріңдер!

Балалар:

— Қош болыңыз, Аяз ата!

— Жолыңыз болсын!

— Ұзақ ғұмыр кешіңіз!

Аяз ата мен Ақша қар қоштасып, шығып кетеді. Жаңа жылға арналған қызық-думан әрі қарай жалғасады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар