Өлең, жыр, ақындар

Мерекеңмен, анашым!

Зал мерекеге сай безендірілген. Қабырғада бала құшақтаған ана суреті.

«Мерекеңмен, анашым!» деген үлкен жазу, ұшқан құстар макеті, сары, жасыл, көк түсті шарлардан гүл құрастырып ілінген.

Көңілді әуенмен сәбилер тобы балалары тізбектеліп келіп орындарына отырады.

Жүргізуші: Құрметті аналар, әжелер, әріптестер! Сіздерді көктемнің алғашқы қуанышы – Наурыз төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Біздің бүлдіршіндеріміздің, яғни өздеріңіздің балаларыңыздың сіздерге арнаған «Мерекеңмен, анашым!» атты ертеңгілігін тамашалаңыздар! Мерекелік шарамызды құттықтау сөзімен ашып беру үшін балабақша меңгерушісіне сөз береміз!

Балабақша меңгерушісі құттықтау сөз айтады.

И. Нүсіпбаевтің «Айналайын, ақ мамам!» әні орындалады.

Осы кезде ән салып, Қызыл телпек кіреді.

Қызыл телпек:

— Сәлеметсіңдер ме, балалар!
— Ой, қандай әдемі баласыңдар!
— Қандай құлпырып кеткенсіңдер!

Жүргізуші: Қызыл телпек, біздің балалардың барлығы да әдемі, ақылды, ал бүгін ерекше көңілді. Себебі олар аналарының мерекесіне өз өнерлерін сыйға тартпақшы.

Қызыл телпек: Иә, бүгін көңілді мереке. Мен де әжемді мерекесімен құттықтауым керек. Бірақ әуелі мына әдемі, сүйкімді балалармен

билегім келіп тұр.

Бүлдіршіндер «Гүлдер биін» билейді. Қызыл телпек те олармен қосылып билеп жүреді.

Жүргізуші: Балалар, аналарымызға арналған тақпақтарымызды айтып берейік.

1 – бала:
Баламыз күй, ән құмар,
Кәмпит, шәрбат, бал құмар.
Деген сөз бар тәттірек,
«Алып анадан туар!»

2 – бала:
Ана – жердің жүрегі,
Ана – елдің тірегі.
Бүгін үлкен мереке,
Аналардың гүл өңі.

3 – бала:
Тәуелсіздік – теңдігім,
Қуанышты келді күн.
Құттықтаймын, анашым,
Мерекеңмен мен бүгін.

4 – бала:
Есейерміз ертең біз,
Сан арманға жетерміз.
Аналардың ақ сүтін,
Ақтай алар ма екенбіз!?

5 – бала:
Деп тілейміз бәріміз,
Атсын нұрлы таңымыз.
Құтты болсын мереке,
Сегізінші наурыз!

Осы кезде музыка қатулана түсіп, залға Қасқыр кіріп келеді. Қасқыр тілін салақтатып, жан-жағына жалаңдайды.

Қасқыр: Мен Қызыл телпекті іздеп жүрмін. Иісінен сезіп тұрмын, ол осында. Ол осында. Әлде келіп кетті ме екен? Мен оны ұстап алуым керек. Қайда? Қайда?

Оқыс қимылдармен жүріп ырылдайды. Қызыл телпек балалардың арасына жасырынып қалады.

Қызыл телпек: Көбелектер, құтқарыңдар мені!

«Көбелектер биін» билеп, ортаға қыздар шығады. Қасқыр таңданып басын шайқайды, оқыс отырып, тұрады. Аңдып жүріп, би бітісімен Қызыл телпектің қасына жетіп келеді.

Қасқыр: А, міне, өзіңе жеттім бе? Менің қарным ашып тұр. Мен сені жеймін!

Қызыл телпек: Ей, қасқыр – ау, балалар аналар мейрамын тойлауда. Қане, өнерін тамашалайық!Олар аналарына арнап ән, тақпақ айтады. Мен де әжемді құттықтауым керек. Тамашаға қатысып, ойын ойнайық.

Қасқыр: Егер балалардың өнері маған ұнаса, онда мен саған тимеймін!

Жүргізуші: Қане, балалар, олай болса, ойын ойнайық!

«Кешігіп қалма!» саз-әуендік ойыны ойналады.

Жүргізуші: Балалар, қараңдаршы, бүгін біздің әжелеріміз де әдемі болып, жайнап кетіпті. Қане, оларға арнаған ән, тақпағымызды айтайық!

1 – бала:
Бізді ылғи құшады,
Кеудесіне қысады.
Кіп-кішкентай әженің
Қандай үлкен құшағы!

2 – бала:
Пейілі қандай кең еді,
Ертегі ме керегі?
Дүңгіршекке барғызбай,
Әжем кәмпит береді.

3 – бала:
Тың ғой олар әлі де,
Сүйенбесін дәріге.
Ұзақ ғұмыр тілеймін,
Әжелердің бәріне!

4 – бала:
Әжеме мен еремін,
Маржан сөзін теремін.
Достарыммен би билеп,
Ән де салып беремін.

5 – бала:
Бірге олармен жанымыз,
Ортақ жайған дәміміз.
Әжелердің бәрінің,
Туған айы – наурыз!

«Әжеме» әні орындалады.

Әні: Н.Тілендиевтікі. сөзі: Қ. Мырзалиевтікі.

Жүргізуші: Біздің ұлдарымыз да өте өнерлі. Олар қазір би билеп береді

Би «Робинзон»

Жүргізуші: Балалар, күншуағын шашып, көктем келді. Құстар сайрап жатыр.Айнала түрлі-түсті боялып, әдемі күйге енді. Көктемнің көңілді мерекесіне тамаша ән орындайық!

«Көктем келді» әні орындалады.

Ән айтылып болғаннан кейін Қызыл телпек өзі алып келген себеттің бетіндегі жапқышын ашып, ішіндегі әр түрлі гүлдерді балаларға сыйлайды.

Балалармен қоштасып, залдан Қасқыр екеуі шығып кетеді.

Балалар гүлдерді аналарына сыйлайды. Жай екпіндегі музыка естіліп тұрады.

Жүргізуші:
Болсын дейді балалар,
Бақытты өмір, береке.
Әжелер мен аналар,
Құтты болсын мереке!

Осымен көктемнің алғашқы мерекесі – 8 – Наурызға байланысты әже, аналарымызға арнаған тамаша концерттік бағдарламамыз аяқталды!

Көріскенше күн жақсы болсын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз