Ақсұңқар Ақынбаба, педагог,
«Цифрландыру дәуіріндегі ғылым мен білім» атты
III халықаралық байқаудың «Алғыс хат» иегері
«...Қазіргінің сауатты адамдары кімдер?» – десек, цифрлық сауаттылық мәселесін айналып өте алмаймыз. Өркениетті қоғамның білім беру сапасы цифрлық сауаттылықпен тығыз байланысты. Бұл – цифрлық сауаттылықтың білім мен ғылымның басқа салалармен салыстырғанда жауапкершілік жүгі анағұрлым маңызды екенін білдіреді.
Сонымен:
– еліміздегі білім беру саласының ақпараттық технологиямен қамтамасыз етілуі, қолдана білу және пайдалану деңгейі көңіл көншітерлік пе?
– білім мен ғылым үшін цифрлық сауаттылықтың маңыздылығы қаншалық? Артықшылықтары мен кемшіліктері неде?
– білім беру процесінде цифрлық технологияларды қолдану түбірлі жаңалық па, әлде, форматтық алмасу ма (уақыттың талабы мен адамзаттың ақпараттық тұтыну деңгейіне қарай)?
Қазақстанда 2017 жылдың 12 желтоқсанында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылып, аталған бағдарламаның екінші және үшінші бағыттарында білім беру процесін цифрландыру мәселесі де қамтылған. Біз бүгін білім саласын цифрландырудың ҚР«Білім туралы Заңында», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында, «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында» жан-жақты қарастырылып, бекітіліп, көрсетілген бағыттар мен міндеттерді кезең-кезеңмен іске асыру процесіндеміз.
Цифрлық сауаттылықтың негізгі цифрлық дағдысы болып есептелетін ақпараттық технологияны (дербес компьютер, мобильді құрылғылар, интернетті қолдану) білім берушілер күнделікті және кәсіби қызметте тұрақты пайдалану деңгейіне жетті. Орта мектептерді жаппай компьютерлендіру бойынша әлі тиісті межеге жете алмай келеді. Цифрлық жүйеге жататын қашықтан оқыту (онлайн оқыту) форматына көшкен пандемия жылдарында оқу сапасының төмендеп кетуінің бір себебі интернетпен қамтамасыз етілмеу, білім беруші мамандардың цифрлық сауаттылық деңгейінің төмендігінен еді. Бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми деректері бойынша «кәсіптік білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білімде білім беру бағдарламалары үшін негізгі база болатын кәсіби стандарттар әзірленген» және білім саласын цифрлық сауаттандыру мәселесі түгелдей қайта қарастырылмақшы. Түптеп келгенде, мемлекетіміздің әлемдік кеңістікте лайықты орын алуы білім беру жүйесін сандық технологияларды қолдану арқылы қаншалық дамыта білуімізге де тәуелді емес пе?
Білім саласын цифрландыру бойынша бағдарламалар қолданысқа енгізілгелі қоғамда байқалған оң ықпалдары:
– Оқыту, оқу үрдісінің қолжетімді болуы;
– Оқытудың тиімді тәсілі;
– Білім саласындағы ашықтық, мониторинг жасау мүмкіндігінің болуы;
– Әлеуметтік желілерді қолдану арқылы ақпараттық насихаттың кеңеюі;
– Білім базасын тұтынушылардың бір мезгілде тиімді қолдана алуы;
– Ақпараттық ресурстарға жылдам қол жеткізу мүмкіндігі;
– Қағаз процесстерінің жеделдетілуі – деп айтамыз.
«Кәсіптік білім беруді цифрландыру бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың басты шарты ретінде» тақырыбындағы зерттеу еңбекте (авторлары: Ж.Т.Сүлейменова, П.Б.Сейітқазы (серия «Педагогика» № 3 (107) 2022) цифрландырудың оң әсері ретінде білім алушылардың ақпараттық ресурстарға қолжетімділігі, жеке білім беру траекторияларын құру мүмкіндігі, білім беру ұйымдары қызметінің ашықтығы, өзара іс қимылдың оңтайландырылуы, білім беру процесінің мобильділігі, ақпараттық жағынан сауаттылық сияқты артықшылықтары туралы дәйектер келтірілген.
Аталған авторлардың осы зерттеу еңбектерінде Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің студенттері арасында 2022 жылы жүргізілген сауалнама деректері бойынша, қашықтан оқыту кезінде білім сапасының азаюы 70 пайыздан асқаны айтылған...
Сондықтан, білім мен ғылым саласын цифрландыруға қатысты қоғамда керісінше пікірлер де өмір сүруде. Яғни, талантты педагогтерге электронды ресурстың қажеті шамалы, тақта мен бор, оқулық болса, өзінің ішкі ресурсы жетіп жатыр деген пайымдар да бар. Электронды ақпараттық технология жоқ кезде, оқытушылар да, оқушылар да ақпаратты өз бетінше ізденіп, өз ресурстарын молынан пайдаланатын болса, енді ақпаратты оңай жолмен ала салу немесе көшіріп алу сияқты әдеттер дағдыға айналып кетті. Демек, мынадай зардаптары бар:
– бір–бірін қайталаған, ғаламтордан алынған көшірмелер, өзгенің интеллектуалдық еңбегін еңбектенбей-ақ пайдаланудан болып жасанды интеллектуалдық білімнің «озу» қаупі;
– жеке тұлғаның білім жолында өзінше ізденуінің бәсеңдеуі, оқушының да, оқытушыының да ішкі ресурсының тоқырау қаупі;
Бүгінде мектеп оқушылары мен студенттердің дайын интернеттік ақпартты қолдануға дағдыланғаны сондай, өз білімдерін жеткізіп, дәлелдеп, ойларын қорытып, ықшамдап жеткізе алмайтын деңгейге жеткізіп отыр.
2018 –2019 жж. Ресейде жүргізілген арнайы зерттеу жұмыстарынан кейін еңбектік тәжірибесі болмаса да, цифрлық сауатты жас мұғалімдер тәжірибелі бірақ, ақпараттық технологияны қолданбайтын мұғалімдермен салыстырғанда анағұрлым нәтижеге жеткен. Сол секілді, Австралия, Израйль, Жаңа Зеландия, АҚШ қатарлы елдерде цифрлық дағдыларды меңгерген сауатты студенттердің өзара бірлесе жұмыс жасауда шыдамдылығы, икемділігі анықталған. Рас, қандай мәселенің болсын, жағымды және жағымсыз жақтары болатыны сияқты бүгінде цифрландырудың білім саласына, сапасына әсер етіп жатқан екі жақты ықпалын көріп отырмыз. Қарапайым мысал ретінде жалпы білім беретін орта мектептерде қолданылатын электронды күнделікті (Kundelik.kz) алсақ, білім сапасын бағалаудағы жасандылықты, «бармақ басты, көз қыстылықты» жоюда оң әсері барын дәлелдесе де, білімді бағалауда формальдылықты алып келді. Яғни, электронды күнделіктің уақытылы толтырылып тұруы – сабақтың нақты ия, сапалы өткеніне дәлел бола алмайды. Сол сияқты оффлайн оқу мен онлайн оқудың да сапасын салыстыру мүмкін емес жағдайға жеткенін біз қашықтан оқыту кезінде байқадық. Ғаламдық онлайн білім берудің әлемдік көрсеткіші 2017 жылы 159% болса, 2023 жылы 280%-ға артқан. Ал, бұл сұраныс білім сапасы үшін бе, әлде, адамдар неғұрлым жеңіл, оңай тәсілге көбірек бейімделіп бара жатқанын көрсете ме, бастысы, көбейіп бара жатқанына дәлел.
Цифрлық технологияны білім саласында қолдану ақпараттық технологиялық жағынан түбірлі жаңалық екені анық, ал, бірақ педагогикалық методологиялық құралдар ретінде, мысалы, интерактивті тақталар, мультимедиялық презентациялар, бейнероликтер, иллюстрациялар, виртуалды зертханалар, слайдшоу, бейнефильмдер, қосымшалар – олар бұрынғы қолмен құрастырып жасайтын көрнекі құралдардың орнын алмастырған жаңарған, ықшамды, қолжетімді ақпараттық технологиялық түрі. Егерде, алғаш мектеп пайда болған Ежелгі Грецияда әріптер жазылған тақтайшаларды көрнекі құрал ретінде пайдаланғанын есімізге түсірсек, электронды көрнекі құралдарды цифрландыру дәуіріндегі ақпараттық технологиялық мүмкіндіктерден пайда болған заманауи түрі деп қана түсінуімізге болады.
Сонымен, жоғарыда қозғалған мәселелер бойынша ойымызды қорыта келе мынадай тұжырымдар жасауға болады:
– цифрлық сауаттылық керек, меңгеру, қолдану қажеттілік. Біз одан бөлініп те кете алмаймыз. Біз онымен кірігіп кеттік. Бәрібір, адамзаттың білім алу тарихының бағзы еншісінде ғылым мен білімнің жаухарлары, түп негіздері, әлі талай жасай беретін тәжірибелер жатыр...
– алақаныңызда тұрған электронды құралдан бір тетікті түрту арқылы қажетті ақпаратты алатын мүмкіндіктің шынында кімге ұнамауы мүмкін? Кітап, кітапхана ақтарып, ел – жер кезіп, уақытты рәсуа етуге жұмсалатын күшті үнемдеудің несі айып?
– дегенмен, адами ресурстық тұрғыда, дәстүрлі білім беру жүйесін сақтауымыз, ғасырлар бой қалыптасқан құндылықтарынан алыстамауымыз керек.
Бұрын ата-бабаларымыз атпен жүріп, түйемен көшкен деп, заманауи көлік құралдарынан бас тартпаймыз ғой, яғни, біз де білім сапасын арттыру мақсатында саласында цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланудан бас тарта алмаймыз. Білім беру үрдісі – мәңгілік қозғалыста...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі