Қазақ мифологиясында адам жейтін, сирақтан ұстап суға батыратын, алдап-арбайтын, бірақ түбі үнемі жеңіліске ұшырайтын зұлымдар бар. Бұл — мифтік кейіпкерлер. Жалмауыз кемпір мен мыстан кемпір, албасты мен жезтырнақ қалай пайда болды? Жағымсыз кейіпкерлер не себепті әйел бейнесімен берілген?
Қазақ мифологиясында қандай кейіпкерлер бар?
Мифологияда 40-тан астам кейіпкер бар. Олардың бірі адам жанын алатын қаскүнем болса, енді бірі — жағымды кейіпкерлер. “Қазақтың мифтік кейіпкерлері” деген кітапта қазақ фольклорындағы мифтік кейіпкерлер алты топқа жіктелген:
Тотемдік кейіпкерлер: көк бөрі, көк өгіз.
Шамандық кейіпкерлер: самұрық, бәйтерек, бақсы.
Демонологиялық кейіпкерлер: албасты, жезтырнақ, жалмауыз, мыстан кемпір, пері, шайтан, жын, дию.
Хтоникалық кейіпкерлер: дәу, алып, ергежейлі.
Ілкі қаһармандар: сиқырлы көмекшілер (таусоғар, көлтауысар, саққұлақ, желаяқ, епті), Пірлер (Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата, Шопан ата).
Трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала.
Давалпа-қонаяқ, пері — пари. Ислам тарағанға дейінгі кезең кейіпкерлері тек қазақ ауыз әдебиетінде, ал өзге кейіпкерлер басқа да Орта Азия елдері фольклорында жиі кездеседі. Мысалы, араб-парсы фольклорындағы давалпа — қазақ мифологиясындағықонаяқ. Бұл — үсті адам, бірақ аяғы буынсыз, белдік сияқты ұзын жын сипатты кейіпкер. Қонаяқ адамдар арасында емес, орманда, ағаш басқан аралдарда өмір сүреді. Бұтақ үстінде отырып, құрбанын күтеді. Жалғыз жүрген саяхатшының үстіне секіріп, әлгі ұзын аяғымен байлап, қылқындырып, жеп қояды деген дерек бар.
Пері бейнесі (өзге халықтар пари дейді) тәжік, памир халықтарында, ауғандарда, парсыларда сақталып, кейінірек түркітілдес мифологияда рөлі күшейген. Игі ниетті перілер мифология бойынша құс, құндыз, уы жоқ ақ немесе сары жылан кейпінде пайда болады. Ал зұлым пері улы жылан, бақа, тасбақа, жолбарыс сынды жыртқыш аң бейнесінде болады.
Бұл — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бақсы кейіпкер. Ол кейбір әңгімелерде ақымақ болып көрінгенімен көбіне дөрекі әрі ашулы болады. Мыстан кемпірдің де сырт келбеті кәдімгі бақсы-демондық кейіпкерлер сияқты: шашы ұзын әрі тіке, тырнақтары өткір, тістері қисық. Мыстан кемпір ертегілерде көбіне тісімен жер қазып, жылқы қуып, асқа у салып, бас кейіпкерді ұрлап, тұтқынды байлап ұстап немесе тірідей жеп қояды. Бұл кейіпкер «Ер Төстік», «Алтын сақа», «Мыстан Кемпір», «Күн астындағы Күнекей қыз», «Ай астындағы Айбарша сұлу» және тағы басқа ертегіде кездеседі.
Әдетте, жезтырнақ қолын жеңінің астына сұғып алатын сұлу да, мұңайған қыз ретінде бейнеленеді. Киімі алтын-күміс әшекеймен безендірілген. Бұл — қазақ мифологиясындағы жыртқыштардыкі тәрізді ұзын да өткір тырнағы бар, адамға қас қылатын, қара ниетті сұлу әйел.
Жезтырнақ көбінесе иен далада, өзен-көл жағасында бейсауат жүрген адамдарға кезігіп, оларға қастық жасауға тырысатыны туралы ертегі-аңыздарда айтылады.
Жезтырнақ туралы қазақ аңыз-ертегілерімен қатар түркі халықтары фольклорында да айтылады. Қырғыз мифологиясында бұл «жезтумшүк», «шүлбус», алтай-саян түріктерінің фольклорында да дәл осы атаумен кездеседі.
Жалмауыз — қазақ мифологиясындағы қарға тұмсықты, аяқ-қолының тырнағы сояудай, әрі қайратты, адам жегіш жауыз кемпір кейпінде бейнеленетін кейіпкер. Жалмауыз кемпір көбінесе ер балаларды аңдып, жеп қоюды мақсат етеді.
Албасты барлық түркі тілдес халық мифінде кездеседі, бірақ әр елде сипаты мен бейнесі әртүрлі.
Қазақ мифологиясында Албасты зиянкес, зұлым жын бейнелерінің бірі ретінде берілген. Албасты кез келген тіршілік иесіне айналса да, оны жиі су жаратылысымен байланыстырады. Албасты — аузынан өткір тісі шығып тұратын семіз, түкті әйел, оның салбыраған төсі жерге жетеді.
Албасты зұлым рухы Моңғолиядан Германияға, Еділ бойынан Түркия мен Иранға дейінгі аумаққа таралған. Қырғыздар оны «албасты», тәжіктер «албарсты», «алмасты», «абарси» деп атайды. Анадолы түріктері мен Қырым армяндары «албасты» десе, марий, удмурттар, чуваштар, татарлар, башқұрттар «албаста» немесе «албасты», алтайлықтар «албылар», моңғолдар «альбин» дейді. Халықтар нанымында албасты — ең мобильді демонологиялық кейіпкер.
Үббе немесе үбі — қазақ нанымында судың ішінде болатын құбыжық. Үббе өзен-көлге шомылып суға түсіп жүрген адамдардың сирағынан ұстап батырып өлтіреді. Ертеде адамдар суда жүргенде қорқыныш сезсе, «Үббе, маған тиіспе!» деп айғайлайтын болған.
Қазақ баласына кешке таман немесе түнде аса бір қажетік болмаса, суға баруға, күн таласып тұрған кезде шомылуға тыйым салған. Суға барған жағдайда, шелекке пышақ салып қою керек деген ырым бар. «Үббе» деген атаудың өзі «үптеу» (жоқ қылу) деген етістікпен байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар қазақ демонологиясында «үбіжәй», «бүжәй» дейтін кейіпкер бар. Көбіне Үбіжайды айтып, кішкентай балаларды қорқытады. Әр өңірде қолына қорқынышты бірдеңені ұстап алып «Үбіжәй келе жатыр! Жыласаң, үбіжәй алып кетеді!» деп баланы тәртіпке салып жатады. Мұны айтқан адам «үбі», «үбіжәй», «бөжей», «бөжек», «үбіжік» дейтін осы құбыжықты меңзеп тұр. Үббе мен үбіжәй негізі бір ұғым деуге болады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі