Қалақтай қара бала қарындасын екі-үш сағаттай ойнатты да:
— Тәте, — деді төр алдында құс жастыққа көміліп, теледидарға тесіле қарап жатқан етжеңді қарасұр әйелге ақырын дыбыстап.
— Иә - ә... ы... ы - ы... — Келіншек тіл қатуға да ықылассыз, жақ ашқысы жоқ тіпті.
— Сабаққа дайындалсам рұқсат па?!. — Дауыстауға да жасқанады. Қатты сөйлегені үшін талай таяқ жеген.
— Әй, жетімек! Анаңнан айырған мен емес! Баласын тастап, байға тиіп несі бар байғұстың?!. Обалы — көкек шешең мен ынжық әкеңе!
— Апайдан ұят!.. — Баланың көзі боталады.
— Кімнен?
— Мұғалімнен.
— Не қыл дейді?
— Сабақ сұрағанда жауап бере алмай.
— Содан.
— Екі қойды.
— Қайтейін екі алсаң! Мінистр боламын дейсің бе?! Тексіз әкеден қайбір ұрпақ өрбиді?!
Рауанның ашуы келді. «Не деген керісқұмар?! Жан адамды менсінбейді? Сонау-сонау алыстағы, керек десе көрмеген, білмейтін, танымайтын анамды, ынжық болса да бірге тұрып жатқан әкемді неге сыртынан ғайбаттайды?!. Солай етуге бола ма екен?!.»
— Әй, жүгірмек! Тымырайып, неге үндемей қалдың, а?!
— Шығарып жібереді.
— Қайдан?
— Мектептен.
— Доғар сөзді! Жаның барда жылдам киін! Ағаш жар, көмір кіргіз! Кірін жу ана бөпеңнің! Осы жұмыстарды атқарсаң, соңыра, біз ұйқыға жатқанда оқисың сабағыңды. Ұқтың ба?!
— Мақұл, тәте.
Он сілтесе де өтпейтін, жүзі тұқыл балтамен мықшыңдап, қара терге түсіп ағаш жарды әуелде. Сонан соң пештің күлін тазалап, от жақты. Енді кір жуып отыр. Әлсіз, нәзік қолдарымен мытып-мытып қояды. Соңында таза суға шайып, ауладағы керме жіпке апарып жайды. Тәтесінің тапсырмасын әлі жеткенше тиянақтап, ертеңгі сабағына дайындалайын деп бұрыштағы аласа үстелге жайғаса бергенде кішкентай қыз жылап қоя берді. Қарасұр әйел:
— Қара ана балаға! — деді басын көтеріп.
— Қазір, тәте!
— Жылдам!
Емшек емгісі келді ме, әлде бір жері ауырды ма, құйтақандай қыз уанар емес. Сасып, салбыраған Рауан он айлық сәбиді көтеріп анасына алып келген. Тәтті ұйқыға еніп бара жатқан әйел атып тұрды да, баланың қолынан нәрестені жұлып алды.
— Әй, жетімек! Қарашы, ә! Бес минөт мызғып алайын деп едім... Көре қалдың ба жантайғанымды... Уай, жетпегір-ай!..
— Уанбаса қайтемін. — Бала мұрны астынан міңгірледі.
— Қу жүгірмек! Көрсетейін сөз қайтарғанды! — Долы әйел ұлдың жағынан тартып жіберді. Ол аздай бүйірден бір тепті.
Нұрбол ішін ұстап, бүктетіліп отыра кетті. Дыбыс шығарудан қорқып, кемсеңдеп тұншыға өксіді. Кеудесі бір құшақ, алқам-салқам қарасұр әйел:
— Қол көтерді деп әкеңе айтсаң, көк шыбын үймелетем көзіңе! — деді тепсініп.
— Тәте-е! Тә-те-е! Ұрмаңызшы-ы! Айтпаймын ешкімге-е!..
Өгей шешенің қаһарынан қаймыққан бала жылауын тыйды.
* * *
Түн ішіндегі қатты-қатты тарсылдан үй ішіндегілер түгел оянған. Етжеңді әйел киініп жатып сөйлеп жүр:
— Әй-әй! Кім болсаң да ақырын! Қиратасың есікті!..
Даладағы кісі үстін-үстін қағады.
— Шаға ма, құдай-ау! Қазір ашамын. Қазір-р. Бір мүйнет-т...
Жол-жөнекей ыдыс аяқ па, бос шелек пе, қаңғыр-құңғыр еткізе аттап-бұттаған әйел есік ілгегін ашқанда еңгезердей ер адамның аузынан қолқа қабатын сасық иіс мүңкіп қоя берді.
— Шылбырыңды сүйретіп жеттің бе?!.
— Жетпегенде-е, қайда барам?!
Үй деген аты. Кіре берістегі тар дәлізбен жапсарлас жалқы бөлме. Оның өзі бес-алты адам жиналса, айналуға келмейді. Емшектегі сәбимен қосқанда төрт жанның ас ішетін де, жататын да жері осы.
— Рауан ұйықтап жатыр ма?!
— Ұйықтамағанда-а! Түннің бір уағына шейін отыра ма тосып. Мен де сені күте-күте шаршап, жатып қалғанмын.
Әкесі кейде ащы суға қызып, көңілді келетіні бар. Сонда ғана баласы есіне түсетін сияқты. Өзге уақта Рауанға қатысы жоқ жандай жақ ашпайтыны түсініксіз. Бала әкесін сирек көреді. Ол жұмыстан келгенде ұйықтап жатады, таңертең оянғанда әкесі алдақашан кетіп қалады.
— Неғып отырсың? Тамақ ішесің бе? — деді қарасұр әйел ықылассыз.
— Ішпеймін. Асханадан ауқаттанғанмын.
— Ендеше, демал.
Бойы сорайған еркектің кісіге суық қарайтын үлкендеу қоңыр көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар. Қоңқақ мұрны көз, қабағына үйлеспейді. Қулығы қат-қабат шайпау әйелдің алдында жыланға арбалған көжектей қыбыжықтап, сөздері пышырап қалады. Күйеуінің бұл мінезін жақсы білетін қарасұр келіншек қай кезде де басымдық танытып, тәкаппарланып кетеді.
Рауаннның әкесіне еркелегісі келді. Бірақ, оның елжіреп тұрғаны шамалы. Неге сонша салқын? Әлде, кішкентайынан ата-әжесінің бауырында өсіп, туған әкеге жат болды ма?
Адуынды шешеден көрген қорлығын, кейде сабағын қарауға уақыты жетпей, дайындықсыз мектепке баратынын айтқысы келеді. Бірақ олай етсе, күні ертең әкесі үйде жоқта таяқ жейтінін ойлап үндемейді.
Кенет баланың құлағы елең етті.
— Қоғадай ұлыңды келе сала іздеп... Қызыңды неге сұрамайсың?!
— Ілік іздеп қайтесің! Өзім де жетісіп жүргенім жоқ. Жаңа бастық тықылдаған біреу. Тағы да жол жүрмекшімін.
— Қашан?
— Ертең.
— Қанша уақытқа?
— Күзге шейін.
— Бармағанда қайтесің?! Барасың да.
— Биылғы еңбек демалысымды алғаным жоқ. Рауан төртеуміз ел жаққа шықсақ деп едім.
— Қызың сені көрмей-ақ өсіп келеді. Жүргісі келеді. Қолынан жетектесең тәй-тәй басатын түрі бар. Әкенің балаға жақындығы жездедей деуші еді... Әй, мұз ғой жүрегің, мұз!
— Құйтақандай ғана ақботамды неге сағынбайын, неге ойламайын?! Екеуі де бірдей мен үшін!
— Ұшпаққа жеткізер ұлың! Бір қолымды екі ете алмай, бір жағынан Жанарға қарап, бір жағынан тамақ істеп жүргенде, қол ұшын да бермейді! — Қарасұр әйелдің дауысы пәсейіп, аяқ астынан жуаси қалды.
— Шын айтып отырсың ба?!
— Шын емей.
— Жарайды, өзім сөйлесем.
— Онымен қоймай. — Қарасұр әйел бірдеңені бықсытты. — Әмиянымнан ақша жоғалып. Рауанға айтсам азар-безер.
— Мүмкін емес.
— Қолының сумақайлығын қоймаса, қуып жіберем үйден! Айтпады деме!
Тәтесінің өтірігіне ызасы келген бала орнынан атып тұрды.
— Әке, сенбеңіз! — Баланың көзі жасаурады. — Өтірік бәрі! Өтірік!..
Қарасұр әйел састы. Ұйықтап жатыр деп ойласа.
— Бала болмағыр, бәле! Әне-е, есіттің бе?! Үлкен кісіге жала жауып! Көрсетейін кімнің суайт екенін! — Шайпау әйел Рауанның жағынан бір тартты.
— Жә, сабыр сақта! Бүлінген дәнеңе жоқ! — Әкесі жылаған баласын жұбатып, қарасұр әйелді сабасына әзер түсірді.
* * *
Тал-теректер гүлдеген шуақты көктем.
Рауан үйге қайтып келеді. Кірпіш зауыты аталатын қала маңындағы бұл ауылдың батыс жағын саяжайлар қалашығы алып жатыр. Мектеп пен үйлерінің арасы недәуір жер. Кемінде жарты сағаттай жүреді. Аяңдап, өзімен-өзі оңаша қалған жақсы. Небір тәтті қиялға шомады.
Осындайда атасы мен әжесі алдан шыға келсе, шіркін! Оу, қандай бақыт десеңші!.. Әлгінде ғана қуанып келе жатқан баланың көңілі құлазып сала берді.
Атасы мен әжесі барда мұң иектеді ме?! Қаяу шалды ма қабағын?!.
— Ата-әже, естисіңдер ме?! Сағындым-ау сендерді?! Сағындым-м!..
Қалың ойға қамалған баланы дарылдаған трактор дауысы бөлді. Жер қарайса осы, қайшыласқан жеңіл машиналар, мотоциклдер, тракторлар қаптайды. Бірі саяжайға кеп жұмыс істесе, енді біреулері арлы-берлі ойқастап, бос жүретін сияқты.
Баланың әкесі алысқа-а, Ақтау қаласына аттанбақ... Іссапарға! Үш айға бақандай! «Үш ай дегеніміз, тоқсан күн, тіпті ұза-а-қ қой! Жазғы каникулға шығамыз ертең. Әкем, күздің басында бірақ орала ма, сонда?!»
Қит етсе нұқып қалуды, ұрып қалуды әдетке айналдырған қарасұр әйелден зәресі ұшады. Баратын жері жоқ, әттең! Оу, әкесіне еріп, неге кетпейді бірге?! Жер көру, ел көру жақсы ғой! Қайда-ан?! Кім тыңдар бұның мұң-зарын?!
* * *
Дөңгелек көздері тұнжыраған бала бесінші сыныпқа екпінділер қатарында көшті. Бұл қуанышын бөлісетін де ешкімі жоқ. Іші тар, қызғаншақ әйелге бәрібір! Баланың жақсы оқығанын, мақтау естігенін қайтсін! Тамағы тоқ, ұйқысы қанса болғаны! Қызына қарайтын, үй ішінің оны-мұны жұмыстарын тап-тұйнақтай атқаратын «малайы» бар! Көк сандыққа қараудан жалықпас, әсте.
Үйге тақағанда байқады, есікте қара құлып тұр. Бір жаққа кеткен шығар, күте тұрайын деп ауладағы ағаш сәкіге жайғасты. Аздан соң іші пысты. Қарны ашты. Күншуаққа маужыраған бала сөмкесін жастанып жата қалған. Көзі ілініп кетті сәлден соң. Оянғанда қараңғылық түсіп келеді екен. Тәтесі әлі жоқ. Кімнен сұрайды? Жөн сілтейтін кісі де табылмас. Көршілер күндіз жұмыста. Кейбіреуінде ешкім тұрмайды. Ә-ә, әнебір кісіге барайыншы. Сол кісінің алдыңғы күнгі қылығы қызық. Үйлерінің қасынан өтіп бара жатқанда, шаң-шұң айғайды естіп мойын бұрса, шал кемпірін қуып жүр. Қолында таяқ. О, тоба! Үлкендер де төбелеседі екен ғой деп таңқалған. Ересек адамдар неге екі сөйлейді? Неге өтірік айтады?.
«Әкемнің жол жүріп кеткені ме? Маған неге жолықпады? Әлде асығыс болды ма?! Тәтем қайда жүр? Бүгін үйге оралмаса, қайда барам?!.»
Бойын үрей биледі. Есікті тартып көрді. Міз бағар емес. Бұзып ішке енсе, тәтесінен таяқ жейді. Және емен есікті ашуға әлі келмес. Ойланып отырды-отырды да, қалаға тартты. Мектеп қасындағы аялдамадан № 14 автобусқа мінді. Бұл маршруттың темір жол вокзалына баратынын біледі.
Вокзалға жеткен бала бір кесе шәй мен екі самса сатып алып жүрегін жалғады. Әкесі өткенде бір мың теңге берген. Жұмсамай жүргені оңды болды. «Қарным ашса, тағы жермін...» Қалған ақшасын мұқият орап, қалтасына салды.
Ұйқысы келді. Үйге қайтайын десе, түн іші. Автобус жүрмейді. Түнеуге тура тура келіп тұр. Вокзалдың екінші қабатындағы орындықтардың біріне келіп жантайған.
— Әй, мұнда неғып жатырсың? Тұр орныңнан! — деген дауыстан оянса, кокардасы қоқырайған полиция тұр.
— Жатуға болмайтынын білесің бе?
— Білем-м.
— Білсең, марш-ш!
Бір жақсысы, полиция көп тергеген жоқ. Бала вокзалдан шыға сала жүгірді.
* * *
Түнерген аспан, себездеп жауған жаңбырдан уақытты болжау қиын. Түс таяған сияқты.
— Иш-а-и-й! — Тоңа бастады. Әрі қарны аш. Кітаптар мен дәптерлерін салған сөмкесін тасалау жерге жасырған. Оны арқалап жүру де жүк. Әрі біреу-міреу назар аударып, оқушы неғып жүр деуі мүмкін.
Кәуәп пісіріп жатқан дүңгіршекті төңіректеп біраз жүрді. Қара бұрыш қосылған ет иісі тәбет ашып, мұрын жарады. Ақшам болса деп қиялдап тұрғанда жылтыр бет сатушы:
— Не қылған жансың?! Кет ауаша! — деп итеріп қалғаны. Аяғы шалынысып құлап түсті. Үсті-басын қағып тұра бергенде, жаңағы семіз кісі жағасынан ала кетті:
— Неғып жүрсің деймін?
— Анамнан адасып... — Өтірік айтты амалсыздан.
— Осыдан қайтып келсең, аяғыңды сындырам қаңғырған неме!
Бала базар ауласынан шыға бере қыстығып жылап қоя берді. «Қаңғырған!» Қандай дөрекі сөз!? Расында, бос сенделіп жүрген бірде-бір бала көрінбейді. Бәрінің әке-шешелері қасында. Бұл ғана жалғыз! Жападан жалғыз!..
* * *
Базар маңында сәулетті мешіт бар. Қос мұнарасынан күніне неше мәрте азан дауысы естіледі. Тыңдай бергің келеді жүрек ұйытқан әуезді. Нендей сиқыры бар?! Қызыл кірпіштен өрілген кең қоршаудың қақпасы алдында қолдарын жайып әйелдер отыр. Түрлері ұсқынсыз, киімдері жыртық-жамау олардан кісі қорқатын. Арлы-берлі өткен адамдардың кейбіреуі тиын-тебен қалдырып кетеді. Тіленшілердің ауыздары жыбырлап алғыс айтады.
Бала қайыршылардың қасынан кемі он рет өткен шығар. Барып тұра қалуға күш-жігері жетпейді. Қайыр тілеу қандай жаман?! Қайтсе болады?! Арба итеріп, жүк тасып жүрген балалармен сөйлескен. Кәсіптерінің жай-жапсарын сұраған. Ешқайсысы жөндерін айтпайды. Өзіне-өзі ренжіп тұрғанда, ұзын бойлы, сары бала түсіндіріп берді. Арбаны жалға алады екен. Кепілге бір мың теңге төлейсің. Кешке шейін тапқандары тамақтарынан азғана артылады. Базар әкімшілігі шамалары жетпейдіі деп кішкентай балаларды жолатпайды. Оларға керегі үлкен жігіттер. Менің осында нағашы ағам бар, соның арқасында күнде бір арбаға иелік жасаймын. Әйтпесе, маңайлатпайды деді Үсенмін деп өзін таныстырған сары бала.
Тіленшілерді тағы төңіректеді. Сол-ақ екен, ортада отырған тыртық бет, жалақ ерін шұбар келіншек:
— Әй, қатындар! Байқаңдар! Адам танысам, ана бала ұры! — деді әңгірлеп. Дауысы мұндай ащы болар ма?!
— Кімді айтасың? — деді бет-жүзін әжім торлаған қара кемпір.
— Аңысын аңдып жүр. — Шұбар әйел Рауанды көрсетті.
— Әй ұл! Тайып тұр жаның барында! Қарашы, ұры иттей тіміскіленуін! — Бет-аузы мыж-мыж шегір көз әйел айқайға басты.
Қара бала қайыршылардың қасына бұл күні жолай алмады.
* * *
Өзге амалы қалмаған ол ертеңінде, мешіт алдындағы қайыршылардың қатарына кеп тұра қалды. Бір жақсысы кеше аттандап, жер-жебіріне жеткен әйелдер әлі келмепті. Әзірше ешкім қуған жоқ.
— Ана баланы қарашы, обал-ай! — Артына бұрылған орта жастардағы әйел сөмкесінен жүз теңгелік екі сөлкебай шығарып, қалпағына тастады.
— Рахмет! — деді Рауан қуанып. — Рахмет, тәте!
«Қандай жақсы адам! Өзгелер де осы кісідей болса ғой!..»
Қос бүйірі қампиған үлкен сөмке көтерген қараторы келіншек алға озыңқырап бара жатқан күйеуін кідіртті.
— Сәл аялдашы Сәлімгереи-й...
— Не болды?
— Садақа берейін.
— Кімге?
— Ибай-ай, ұялып тұр.
— Кімді айтасың? — деді күйеуі.
— Ан-оу шеттегі ұлды айтам.
— Емешең үзіліп тұрады екен! Қайыршы атаулыны аяй берсең, өзің мүсіркеніп қаласың.
— Жақсы сөз — жарым ырыс. Түзу сөйлесеңші.
— Бұларға бар ғой. сенім жоқ. Мүләйімсуін.
— Қойсаңшы сөкпей.
— Жетесіз неменің әке-шешесі қайда? Неге бетімен жіберген?!.
Бұл сөз баланың жүрегін қарып өтті. Көзіне жас тығылды.
* * *
Садақа сұрау қиындады. Кейінгі кезде месхед тәжіктер өріп жүр. Өздері сондай өлермен, жансебіл. Әсіресе ұсақ балалары. Кір-қожалақ башпайлары жылт-жылт етіп, аяқтарына ескі шәркей іле салып, жалаңбас жүре береді. Ата-аналары үйретсе керек:
— Алла разы болсын! Сауап үшін, садақа беріңіз, — деп қазақша сайрағанда кісінің жүйкесін босатады. Мешітке беттеген адамдардың алды-артын орап аттатпайды. Бұл тірліктеріне еттері әбден өліп кеткен сияқты. Полициялар күніне қанша қуса да, жарты сағат өтер-өтпестен андыздап жетіп-жетіп келеді.
Рауан үйреншікті орнына келгенде тәжік балалар шалғайына орала кетті.
— Мальчик! — деген дауысқа бұрылса, көздері бақырайған арық қыз қарап тұр. Түсі қандай суық. Сескеніп қалды. Сездірмеуі керек. Азар болса жабылып ұрар.
— Әй, бала! — деді тырыли арық қыз қазақшаға көшіп.
— Құлағым сенде.
— Мына аумақ біздің жер.
— Кім айтты?!
— Екі айдан бері осындамыз! — Қыз таяп келді. — Сенбесең, ана кісілерден сұра.
— Біздің орнымыз, — деді қалқан құлақ, тәштек бала да дауысын көтеріп.
— Аулақ жүр! — Көздері тұздай домаланған ұл жұдырығын түйіп шекісуге бел байлаған сияқты. «Төбелесер едім... Әттең, төртеу!.. Осылар-ақ тұра берсінші. Қой, кетейін...»
Бала Республика даңғылындағы аялдамадан № 3 автобусқа мініп, «Самал» шағын ауданынан түсіп қалды. Сырты сарымен боялған тоғыз-он қабатты тұрғын үйлердің қатарында, Есіл өзенінің жағалауында «Рамстор» сауда орталығы бар. Өткенде келіп, кешке шейін екі мың теңге тапқан. Мұнда қатынайтындар ылғи «крутой» кісілер. Астындағы автомашиналары да «Тойота», «Мерседес», «Лексус», таудай «Лан-крузер» джиптер. Базардағыдай ұсақ-түйек емес, мұндағы кісілер тек қағаз ақша тастайды.
Сыртқы есіктің алдына кеп қолын жайып тұра қалған. Әне-е, бір аға бұрылды! Ол оқтау жұтқандай, басын кекжиткен күйі қасынан өте шықты. Одан соң қаншама кісі өтті. Бірде-біреуі балаға назар аударған жоқ. Ыздиған, сірескен қалыптарында өтіп жатыр-өтіп жатыр.
Шақшиған ыстық күн шекесін тесіп барады. Жүз метрдей жерде тәтті тоқаш, ыстық нан, самса сататын «Дәулет» дүңгіршегі пайда болыпты. Қуанып, жетіп барды. Қасы-көзін сүрмелеген толық әйел кезектегі кісілерге сауда жасап жатыр. Шыны әйнектен ыстық самса мен жаңадан піскен бәліштерді көріп сілекейі шұбырды. Сол мезет ішегі шұрылдап қоя берді. Біраздан соң дүңгіршек алды бос қалды. Сатушы әйел ары бұрылған кезде бір тоқашты жып еткізіп, алды-артына қарамай зытып берді.
— Әкетті! Ұрлады! — деді баланың қылығын көрген орыс әйелі айқай салып.
Артына бұрылса сатушы өкшелей қуып келеді екен. Баланың аяқтары қатты затқа соғылып екбетінен түсті. Екі қолы мен тізелері удай ашыды.
— Тұр орныңнан!
Басын көтерсе, сатушы. «Жеткен жерім осы шығар! Полицияға тапсырады, болмаса таяқтайды...»
— Қатты жығылдың ба?!. — Бұл жолғы дауыс жылы естілді.
Қос алақаны мен аяқтары шыдатпай ауырып бара жатса да, сыр бермей тістеніп, жігерленіп орнынан созалаңдай тұрды.
— Қорықпа, балам!
Қолынан ұшып кеткен тоқашты еңкейіп алды.
— Маған ілес.
— Қайда-а?
— Киоскіге барайық.
Сатушы әйел ыстық шәй беріп, тамаққа тойғызды. Сонан соң әңгімеге тартты.
— Атым Рауан дедің бе?
— Иә.
— Жасың нешеде?
— Он екідемін.
— Неге ұрлық жасадың?
— Қарным ашты.
— Сұрап алмадың ба?
Бала үнсіз отыр. «Сұрағанда, бере қалатындай...»
— Есіңде болсын, ешқашан өтірік айтпа.
— Елдің бәрі сіздей емес.
— Оның рас! Бірақ ақиқат қымбат!
— Ондай сөзді бәрі айтады.
— Ата-анаң қайда?
— Екеуі де ауру, әрі жұмыссыз. Жарымжан әкемнің болымсыз зейнетақысы күнделікті азық-түліктен аспайды. Қайыр тілеп, қолқабыс жасаймын мен. — Айтқан өтірігіне баланың өзі де иланды. «Масқара-а! Ұят болса да, қалай-қалай қиыстырдым!»
— Бұның ұрлық екенін білесің бе?
— Білем, бірақ, бірінші рет.
— Бәрібір! Ұрлықтың аты ұрлық!
— Әдейі істеген жоқпын, өзім де білмей қалдым.
Сатушы баланы аяды.
— Жаман әдеттен аулақ бол, — деді аналық жүрегі езіліп.
— Мақұл, тәте.
— Қарның ашса, келіп тұр! Ұялма! Мә, мынаны ала ғой!
— Керегі жоқ.
— Қолымды қайтарма!
Сатушы қалтасына ораулы қағаз қыстырды. Дүңгіршектен ұзай бере қараса, екі мың теңге.
* * *
Өткенде тығып кеткен сөмкесі орнында жоқ. «Апырым-ай, кімге керек болды екен?» Ары қарады, бері қарады. Бірақ оған онша кейіген жоқ. Әне-е, № 14 автобус кеп тоқтады. Бұл маршруттағы «МАН» автобусы, қашан көрсең жолаушыларға толы жүреді. Рауан елмен бірге ішке ұмтылды. Ақыры аяғы ілікті-ау! Бұл мезет, қалалықтардың жұмыстан шығатын кешкі сәтіне тұспа-тұс келіпті. Аялдама сайын тоқтаған автобус баланың поселкесіне жеткенше біраз уақыт өтті.
Қас қарайып, қараңғылық түскен. Рауан алаңдап, қорқыңқырап үйге жақындағанда, қатты-қатты естілген музыка үнімен айқайлай сөйлеген дауыстарды құлағы шалды. Тәтесі бұл жоқта басқа жаққа көшіп кеткен бе? Әлде, өзге көшеде жүрмінбе деп ойлады. Адасатындай жөні жоқ. Сол, өз үйлері. Талды көшесі № 37 деген жазуларды көрген баланың жүрегі орнына түсті. Сыртқы қақпаның есігін ақырын ашып үй айналды. Жапырақтары жайқалған алма ағашының тасасына кеп терезеден ішке үңілген. Дөңгелек үстел айналасында үш-төрт әйел мен екі еркек отыр. Алдарында арақтан босаған құмыралар. Жартылай желінген қуырдақ, туралған нан, Спрайт, Кока-Кола сусындары.
— Арақ таусылды ма? — деді, шашын сарыға бояған көркем келіншек бос бөтелкелерді тексере қарап.
— Манадан ішіп жатырмыз, ішіп жатырмыз. Алты құмыра босатыппыз, — деді темекі шегіп отырған, еркек пішінді қара әйел. Шылымының түтінін аузынан сақина пішінде шығарып қояды.
— Осы тойғанымыз жетер! — Бұл тәтесінің дауысы. — Ертең де күн бар. Көрші үйдегі кішкентай қызым қандай халде екен?
— Енді ішсек, точно масаямыз, — Қызыл шаш әйелдің сөзіне домаланған еркек қарсылық білдірді: — Жарты жәшік сыра бар, — деп, буындары былқ-сылқ ете орнынан әрең тұрды. Содан соң дәлізге шығып, үш-төрт бөтелке сыра әкеліп үстелге тізді.
— Ой-бай! Арақ пен сыра араласса, не болатынын білесіңдер ме? — Қара көзілдірікті, келіншек сайрай жөнелді: — Жалпамыздан түсеміз!.. Мені тыңдасаңдар, қояйық! Сыра, таңертең бас жазуға таптырмайтын сусын.
Рауан тәтесін көрді. Шашын бұйралап, ернін шиедей қызылға бояп, үстіне жасыл кофта киіпті. Құлағындағы жарты айға ұқсаған алтын сырғалары электр жарығымен жарқ-жұрқ етеді. Қасындағы күжбан қара ер адаммен бастары түйісіп, қызу сұхбатқа кірісіпті. Бір кезде ана кісі құшақтап, бетінен сүйіп алды. Тәтесі еркектің құшағына еніп барады. «Ұят-ай!..»
Бала бұрылып кетті. Мұнысы қалай? «Бөтен адаммен неге құшақтасады?!.»
Рауан алма ағашының тасасынан шегінді де, ауладан шыға жүгірді.
* * *
Бармаған жері жоқ. Баласынып, ешкім жұмысқа алмайды. Үстіндегі жұпыны киіміне қарап мүсіркейді. Көңілі жүдеп келе жатқанда мәшине жуатын орынға балалар керек деген құлақтандыру оқыды. Сұрай-сұрай, «Автомойка» деген жерге келді. Қожайыны орта жастардағы жігіт ағасы келісімін берді.
— Каникул кезінде табыс тапқың келді ғой. Талабың дұрыс, — деді Нұрболдың бас-аяғын шола қарап.
— Иә, аға.
— Әуелі бірер күн үйрен. Ана ағаларыңның мәшинені қалай жуатынын көр. Сонан соң, кірісесің.
— Рахмет, аға!
— Мұндағы жұмыс кешкі онға дейін. Аптасына бір күн демалыс беремін. Демалғың келмесе, қосымша ақша төлеймін. Үйің қай көшеде?
— Қаладан алыстау тұрушы едім... Осында қонсам бола ма?
— Қонсам дейсің бе? Үйге қайтуды алыссынып тұрсың-ау, шамасы.
— Иә.
— Онда рұқсат.
— Айлығым қанша болады, айтыңызшы?
— Тапқан ақшаңның отыз пайызын аласың. Түскі ас тегін. Кешкі және таңертеңгі тамақ өз есебіңнен. Күзетшілігіңе күніне үш жүз теңге төлеймін. Келістік пе?
— Келістім, аға!
* * *
Жұмысқа орналасқанына жиырма күн болды. Алғашқы күндері резеңке шлангіден атқылаған судың екпіні екі қолын көтертпей тастады. Етіктен өткен суық су аяғын тоңдырып жібереді. Оған да бірте-бірте көндікті. Биік машинаның төбесін жуу қиын. Темірден жасалған саты ағашты қойып шықпаса бойы жетпейді. Бір жолы аяғы тайып, құлап түсті. Оң жамбасы ісіп, ақсаңдап жүрді де бірте-бірте жазылды.
Қасындағы үлкен ұлдар әбден машықтанып алған. Келген мәшинені жылдам жуып тастайды. Бекен есімді көк көз бала өгей әкесінен көрген қорлығын әңгімелеп қояды. Біраз ақша тапса, Алматыдағы нағашы ағасына кетпекші. Өзі кәмелетке жетпей, төбелескені үшін темір тордың аржағын да көріп қайтыпты. Ара-тұра ондағы хикаяларын да жыр қылып айтады.
Рауанның күндік табысы бір мың теңге. Соңында аламын деп автожуғыш иесі — Алмат ағасының сейфіне сақтатып қойды. Бір жақсысы қонатын жер іздемейді. Түнгі сағат он бірде автожуғыш жабылады. Үлкен ұлдар үйлеріне қайтады. Күні бойғы жұмыстан шаршаған Нұрбол төсегін салып жатып қалады. Жастыққа басы тиісімен қор ете түседі.
Қатты ұйықтап кеткен екен, безілдеген есік қоңырауынан оянса түн ортасы. Соның арасынша Рауан жатқан бөлменің терезесі қағылды.
— Кім бұл? — деді дыбыстап.
— Аш есікті! — Өзімсіне сөйлегеніне қарағанда таныс кісі. Баланың есіне түн ішінде есік ашпа деген қожайынның сөзі түсті. Әйтпесе, маған хабарлас деп қалта телефонының нөмірін берген.
— Аш деймін! Жылдам, бол!..
Рауан Алмат ағасына хабарласпақ еді, сырттағы дауыс тағы естілді.
— Мен ғой, Бекенмін.
Бала есік ашты. Оған ілесіп бөтен екі жігіт енді.
— Ұйқың қандай қатты. Қағып тұрмыз, қағып тұрмыз.
— Сені келеді деп кім ойлаған.
— Қожайынның тапсырысы. Ана төрт дөңгелекті әкел деп жұмсады.
— Маған ештеңе айтқан жоқ. Қазір хабарласайын.
— Сенбей тұрсың ба? Мазалама шефті... Қазір жолға шықпақшы...
— Түн ішінде ме?
— Онда тұрған не бар.
— Өзің жауап берсең қарсылығым жоқ.
— Оған қам жеме! Өтірік айтып не көрінді?! Ал жігіттер машинаны жақындатыңдар!
Үш жігіт Алмат қожайынның сақтауға қойған «Ланд Крузер» джипінің су жаңа дөңгелектерін тиеп, кетіп қалды. Рауанның ойына күдік енді. Бекен неге сонша асығыс? Түн ішінде жүргені қалай? Шикілік жоқ па соңында?! Неде болса таңертең айқындалады.
Ертеңінде төрт дөңгелек ұрланғаны белгілі болды. Қожайын Бекенге еш өтініш айтпаған. Рауанның аңқаулығын пайдаланған жылпос жігіт алдап соғыпты.
— Білесің бе, бағасының қанша тұратынын? — деді қожайын ашуланып. — Олар титаник дөңгелектер!
— Білмеймін.
— Төрт мың доллар!
— Олардың өтірікті шындай қиыстырғанын қайдан білейін.
— Қазірден боссың. Сейфтегі жиырма мың теңгеңді бермеймін!
— Аға, менің не жазығым бар?! Сеніп қалдым ғой! Айтыңызшы?! Сенуге де болмай ма адамға!
— Сол сұмырайдың сұйықтығын сезіп едім. Қара басып, қапыда қалғанымды қарашы! Қайда барады дейсің, қазір милицияға хабарлаймын. Ал сен, мұрның бұзылмай тұрғанда табаныңды жалтырат!.. Бекен екеуің келісіп алған шығарсыңдар! Кім біледі сендерді!
— Ағатай, менің ұрлыққа түк те қатысым жоқ!
— Жоғал боқмұрын! Енді бір сөз айтсаң, итше тепкілеймін!
* * *
Кешеден ас ішпегендіктен қарны аш. Таңертеңгі екі бәліш жұмырына жұқ болмады. Асқазанын алдап, колонкадан ағызып су ішті. Қарны сыздағанша сімірді. Құр су нәр емес екен. Көзі қарауытып, басы айналған ол екі самса алып жеді. Ет қосылған ас бойына болмашы болса да қуат берді. Манағыдай емес, маңайға сергек қарап қояды. Әкесі Ақтауға аман-есен жетті ме екен? Тәтесі іздемей жатыр ғой. Бірақ іздегенде не істейді? Үйден кетіп қалғаным дұрыс болмады. Әлде қайтып барсам ба?! Ойы осы тұсқа байырқалаған сәтте тәтесінің өткендегі өрескел қылығы елестеп, қарасұр әйелді жек көрді. Неге олай жасады? Әлде... туған күнін тойлаған түрі ме? Ойлап отырса, тәтесі жайлы жарытымды ештеңе білмейді екен. Қарасұр әйел балаға әу бастан дұрыс қараған жоқ. Жұлдызы жараспады. Оң қабағын бермеді. Бастапқыда тамақты қалай болса солай жейсің деп тиісті. Одан түнде неге қорылдайсың, Жанарды шошытасың деп кінә тақты. Күл шығарып, пеш жағу, кішкентай қызды бағу үйреншікті жағдайға айналса да, жақтырмады. Бірнеше рет аямай ұрды. Отырғаны опақ, тұрғаны сопақ болды ғой...
Былтырғы оқу жылының екінші тоқсаны аяқталар тұста қатты таяқ жеп, үйден қашып кеткен болатын. Онда екі күннен соң сынып жетекшісі Жанаргүл апайының араласуымен вокзалдан табылған.
Мектеп әкімшілігі сол күннен бастап балаға назар аудара бастады. Жанаргүл апайы үйге кеп тәтесімен ұзақ сөйлесті. Орталау ғана білімі бар тоғышар, тоңмойын әйелдің баланы жек көретінін сезгенімен, нақты дәлелі жоқ еді.
Кейде баланың жағасы кірлеп, кәстөмінің түймелері үзілген күйде сабаққа келетінін айтқанда қарасұр әйел бет бақтырмады:
— Үй-бай, мен оны тап-таза, мұнтаздай етіп күнде киіндіріп жіберем. Алысып-жұлысып түймелерін үзетін, жейдесінің жағасын кірлететін өзі ғой.
Жас келіншектің үстіндегі олпы-солпы, кір-қожалақ халатына көзі түскен Жанаргүл мұғалім, е-е, өзі де саппас екен-ау, мына қызыл көзге дауа жоқ-ау, сірә деп ойлады.
* * *
Көңілі босай түсті де, бойын тез жиып алды. Қайда барарын білмей келе жатқанда ұзын бойлы ақсары ұл кездесе кетті.
— Кел танысайық, — деді ол.
Рауан есімін айтты.
— Ақалақ деген көкеңмін...
Баланың күлкісі келді. «Ақалақ деген ат бола ма?!.»
— Неге күлгеніңді айтайын ба? — Бейтаныс бала қабағын түйді. Түрі қорқынышты өзінің. — Шынын айтсам маған да ұнамайды. Метркемде Ақтамберді деп жазылған. Балалар үйінен асырап алған ата-анам осылай атап жүр. Әуелде үйрене алмадым. Кейіннен құлағыма сіңісті болып кетті. Еһ-һ, Рауан! Білсең ғой сен, өгей баланың күнін.
Ақалақтың терең күрсінгеніне Рауанның көңілі бұзылды. «Қайдан білейін! Бекер күлдім-ау», — деп өкінді.
— Жә, жасыма! — Ақалақтың даусы жарқын. — Ер жетейін әуелім! Мұнда қалады дейсің бе?! Көз көрмейтін, құлақ естімейтін алысқа-а кетемін. Жаңа өмір бастаймын! Жә, ол бөлек әңгіме! Шынымды айтсам, сенімен жолыққаныма қуанып тұрмын. Себебін сезген шығарсың.
— Ептеп сеземін.
— «Досы жоқпен сырлас, досы жоқпен сыйлас» деген тәмсілді кім айтқанын білесің бе?
— Жоқ.
— Абай бабамыз.
— Кітапты көп оқисың ба?
— Оқымасаң ой тоқырайды. Сол үшін де кітап оқуды сүйемін. Өлең жазатын да әдетім бар. «Дүниеде жалғыз қалған адам — адамның өлгені» деген данышпан Абай.
Рауан тәжірибелі ұстаздан дәріс тыңдағандай әсерде. Ұзын бойлы ақсары ұлдың зердесіне таң қалды.
— Адам дос таңдай білуі керек! Ол жағынан аздап тәжірибем бар... Сені сыртыңнан біраз уақыт бақыладым. Мешіт алдында қайыр тілегеніңді көргенмін... Тәжік балалардың іштарлық жасап, қуып жібергенін де білемін...
Рауанның жүрегі елжіреді. Туған ағасымен жолыққандай сезімге бөленді.
— Жасың нешеде?
— Он екідемін.
— Ал мен жақында он алтыға толамын. Кел, дос болайық!
— Болсақ болайық.
— Мектепте оқисың ба?
— Иә.
— Азар айттың ғой.
Рауан не десін. Өгей шешенің қаһарынан қаймығып, үйден кетіп қалдым десе илана ма? Бір көрген кісіге, бар сырын ақтара салу да ұят.
— Жарайды, жеке басыңның жағдайын қазбалап қайтейін. Бүгін маған серік бол. Қайыр тілеу жақсы емес! Мүгедек, қорғансыз болсаң бірсәрі! Асымызды адалдан табайық! «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген тағы Абай хәкім.
— Өзің Абайды жатқа біледі екенсің.
— Білім бұлағы — кітапта жатыр. Кітап — айнымас досың, кітап ақылшың!
— Ақшаны адалдан табайық дейсің! Мен жуырда автожуғыш орнында жұмыс істеп едім... алашақ ақшамды бермей қойды...
— Не үшін?
— Мәшине дөңгелектерін ұрлауға қатыстың деп.
— Адамның ақысын жеу — күнаға жатады! Неге қуды?
— Ол ұзақ әңгіме. Жә, ақшаны адалдан қалай табамыз?
— Темір-терсек өткіземіз. Қазір нарық заманы. Еңбек етсең далада қалмайсың! Мынаны қара! — Ақалақ жан қалтасынан алақандай блокнот шығарды. — Алюминнің 1 келісі 90 теңге. Мыстың 1 келісі 700 теңге. Көрдің бе, қымбат! Мен өткенде 10 килограм мыс өткізіп, жеті мың теңге алғанмын. Жез — 300 теңге, қола — 250 теңге, ал тот баспайтын нержавейканың құны 150 теңге.
Екі бала сол күні кешке шейін қаланың солтүстік-батыс жағындағы, кезінде темір-бетон зауыты болған жерден недәуір темір жинады. Сол маңайдағы қабылдайтын орынға апарып, бес мың теңгеге өткізіп, арзанқол асханадан тойғандарынша тамақ ішті.
Балалар қоштасты. Ақалақ үйіне, Рауан Шанхай базары жақтағы тұрағына кетті.
Қара баланың көңілі астаң-кестең. Ақсары ұлға бауыр басып қалыпты.
* * *
Ұйқысынан оянса, түс көріп жатыр екен. Бір топ бала асыр сала ойнап жүр. О, тоба! Бір кезде қасындағы ұлдар аң-құсқа айналыпты. Қасқыр, аю, түлкі, бұлан, көздері дөңгеленген жапалақтар, мүйіздері серейген бұғылар, домалаңдаған суырлар, тинәмдәй-тинәмдәй тышқандар!.. Әлгі аң-құстардың бәрі адамша сөйлейді. Баланы бастық етіп сайлап, тағдыр-талайларын тапсырып жатыр... «Түс түлкінің боғы, дейтін атасы... Қызық-қ...»
Дала самаладай жарық! Иттердің үндері семген. Тым-тырыс! Қандай тымық түн!
Бар даусымен айқайлағысы келді баланың. Бірақ даусы шықпайды! Тамағына әлдебірдеңе кептеліп қалғандай. Жүрегі алқымына тығылып дүрсілдей соқты.
— Апыр-ай, осындай аппақ түн болады екен-ау!
Өзімен-өзі сөйлескен ол аспанға көз тікті. Дөңгелек ай күлімсірегендей, тілдескендей көрінді.
— Ей, Ай! Естимісің мені?! Сен жердегі тіршілік иелеріне, сонау көктен, дәл төбеден қарап тұрсың ғой! Айтшы, білсең?! Ата-анам бола тұра, неге мені сыртқа тебеді?! Тәтем, неге жек көреді?! Бар жазығым, одан тумағандығым ба? Әлім келгенше, айтқанын істеп жүрмін ғой... Өмір неге күрделі?! Өмір неге көңілсіз?!.
— Ата-әже, сағындым ғой сендерді-і!..
Жылу трассасы өтетін жуан құбыр үстінен домалаңдап жерге түсті. Өзі лашық атаған «күркесіне» жетіп, қалыңдап жайған картон-қағаздарға қисая кетті күпәйкесін жамылып. Көзі ілінер емес, кірпігі айқасар емес.
Қара баланың көз алдына ата-әжесінің бауырындағы бақытты шақтары елестеп, тізбектеліп өтіп жатты.
* * *
— Шүу, жануар! Әйт, шүу!
Қара шал қолындағы божысын қағып қалып еді, тортөбел ат желе жөнелді.
Жайымен тербелген арбада шалқадан жатқан, арман жетегіне берілген баланың қиялы көк аспанда қалықтаған қыран құстан да әрі шығандап кеткендей.
Күннің жылы шуағы пысынатып жіберді. Қарыққан жанарын еріксіз жұмған. Қандай рақат! Өстіп жүре берсе, жүре берсе тоқтамай, жердің шетіне жетуге бола ма екен?!
— Әй, Рауан-жан-н! Рауан-н!
Атасының даусын естісе де, естімегендей жата берген.
Кішкентай Рауанды қара шал қасынан әсте қалдырған емес. Оған бала да әбден бауыр басқан. Ал әжесінің немересі десе шығарда жаны бөлек.
Күндегіден ерте тұрған қара шал, қамсыз таңғы ұйқы құшағында жатқан немересін оятпай-ақ аттанбақ еді, Рауан оянып кетті. Бұны көрген әжесі баланың шәйін бергенше недәуір уақыт өтті.
Дауыс көтеру дағдысында жоқ әжесі зілсіз сөйлеп қояды:
— Қаршадай баланы ертпей-ақ, жүріп кетпедің бе, шал-ау!
Әжесі сүйікті немересін айналып-толғанып жүр:
— Басыңнан күн өтіп кетпесін. Көкжайдаққа жеткен соң арбаның көлеңкесінде дем ал! Шілденің күні ащы болады! Әй, отағасы-ау! Жұмысқа жегіп қойма баланы! Қарны ашып қалмасын! — дейді қайта-қайта табыстап.
* * *
Өткенде бала достарымен ойнап жүрген. Бұзатер Біләл Рауанмен апаш-құпаш айқаса кетті. Қара бала тентек немені жамбасқа ала бере алып ұрған. Сотқар Біләл жеңілгеніне тас-талқан ашуланып, намысына тие сөйледі:
— Әке-шешең жоқ сенің! — деді түйеден түскендей.
— Кім айтты?
— Сенің анаң басқа адамға тиіп кеткен! Сен ата-әжеңнің баласы емессің!
— Қайдан білесің?
— Кәрі кемпір-шалдың кішкентай баласы болушы ма еді?!.
Біләл айтқан әңгіме содан бері миынан шығар емес.
Қалғып бара жатқан Рауан қара шалдың әуезді әніне елітті. «Атамның даусы қандай әдемі! Қандай сұлу! Атақты әншілерден қай жері кем, а?!..»
Таулардың қия-қия қиясы едім,
Сайлардың мал жемейтін миясы едім.
Отырардың жайлауы-ай,
Өмірдің бар ма байлауы-ай!..
Сағынышқа толы әсем әндерді әуелете ұза-ақ айтты қара шал. Бір кезде атасының әні кілт үзілді де, артына бұрылған:
— Рауан-н! Рауан-жан-н! Жатырсың ба, әлі?!
— Ң-ңң... — Кірпіктерін қимылдатпай, еркелеп оң қырына аударылып түсті.
— Бәсе-бәсе, неге үндемейді десем. Ұйықтай ғой құлыным! Ұйықта!
Бала сәл өтпей шынында ұйықтап кетті.
* * *
Шал мен бала жыпырлап жұлдыздар көріне бастаған шақта ауылға қайтты. Арба дөңгелектерінің сықырынан өзге, көл маңынан құрбақалардың құрылы, шегірткелердің шырылы ғана естіледі. Маң дала бейне тыныс алғандай тым-тырыс. Иісі бұрқыраған жас шөптің үстінде, шалқадан жатқан бала қапелімде есіне әлдене түскендей қара шалға төтесінен сұрақ қойды:
— Ата-а, ат-ау! Бірнәрсе сұрасам бола ма?
— Сұра, құлыным.
— Осы менің әке-шешем қайда?
— Сен біздің кенжемізсің.
— Шын айтасыз ба?
— Өтірік айтып нем бар.
— Жиенғазы ағаның Біләлі, әке-шешең жоқ деді маған.
«Естіпті, естіпті-ау, ақыры! Апырым-ай, осы жұрттың баласы да өсекші!.. Тыныш жүрмей ме?!. Әңгіме туғызуға құмар!..»
— Құдай бұйырса, үлкейіп қалдың! Жасырғанмен бола ма?!. Анығында, сен менің туған немеремсің! Шешең бес-алты жыл бұрын басқа кісіге тұрмысқа шыққан. Ал өз әкең, қазір Астанада тұрады. Біз оны сенің ағаң деп сендірдік. Жазғырма бізді ботам-м!
Атасының даусы дірілдеп шыққандай.
«Апырым-ай! Неге ғана сұрадым?! Неге-е?!. »
Баланың ет жүрегі езілді. Бір қарағанда, қайыспас қара шалдың, сүйікті атасының, қамқор атасының, көздері жасаурап, иегі кемсеңдеп келеді екен.
* * *
Тағдыр жазуына кім араша тұрар?! Атасы мен әжесі, араларына небәрі бір апта салып, бірінен соң бірі қайтыс болды. Бәрінен де балаға ауыр тиді. Әуелгіде қара-құрым көп кісілермен жүріп, ештеңенің байыбына бара қойған жоқ.
Қос кәрияның жетісі өткен күні, жұрт аяғы басылғанда көрші ауылда тұратын әкесінің ағасы, Астанадан келген өз әкесі, жақын көршілер мен ауыл имамы оңаша қалды. Үлкендер жағы тым-тырыс. Бір кезде тыныштықты әкесінің ағасы бұзды:
— Өмір дегеніңіз осы!.. Құдды келісіп алғандай, бірінен соң бірінің кетуін қарашы жалғаннан. Жандары жәннатта шалқысын!..
— Жазмыш! — Көрші Мүбәрәк шал қаба сақалын салалады.
— Аллаға шүкір, балаларының алдында, күн жылыда аттанды... Бұл тегіндек бақытты қаза. — Ауыл имамы Ерғали аға сөз бастады. — Енді қар түскенше басын көтерсеңдер болғаны. Өлім, марқұмдардың соңында қалғандарға үлкен сын әрі жауапкершілік! Перзенттік парыздарыңды адал атқардыңдар қарақтарым! О дүниедегі адамның тірілерден тілейтіні — дұға ғой! Дұғаға тоймайды олар! Құран оқиын...
— Оқыңыз-оқыңыз! — Отырғандар қостай жөнелді.
Ерғали имам құран оқыды: «Ағүзу билляһи минаш шайтон ир-ражим! Бисмилляһир-Рахманир-Рахим! Құл хуалла һу аһәді. Алла һу іссәмәді, ләм ялиді, уә-ләм юлә-әді, уәләм якүллаһу, куфуан аһаді...»
Қайыра шәй ішілді. Жасы үлкен Мүбәрәк атаның батасынан кейін қонақтар жылдам тарасты.
Үйде үлкен ағасының әйелі — Әлима жеңгесі, үлкен ағасы мен өз әкесі қалған.
— Рауан-жан, — деді әкесінің ағасы Жақсыбай. — Атаң мен әжеңнің қайтпас сапарға кеткенін білесің. Әкең — Астанада... Екінші рет үйленген... Кішкентай қарындасың бар... Жатырқама!.. Бауыр басасың әлі...
«Мына кісі не дейді? Жұмбақтамай турасын айтпай ма?!»
— Ендігі ең жақының — өз әкең!
Рауан ертеңінде, әкесіне еріп Елордаға аттанды.
* * *
Әлденеден шошып оянды. Тоңып жатыр екен. Үстіне жамылған ескі пальтосы ары-бері аунағаннан ысырылып, түсіп қалыпты. Еңбектеп барып алды. Аздан соң бойы жылына бастады. Қараңғы түн. Ай көрінбейді. Жұлдыздар сиреген. Әр жер-әр жерден саққұлақ иттердің ара-кідік үрген үндері құмығып естіледі.
Ұйқысы шайдай ашылды. Бірер сағаттан соң таң атады. Шанхай базарына үлкен-үлкен мәшинелер жүк жеткізе бастайды. Арба итерген жұмысшылар қаптайды. Олардың айқайлай сөйлеген дауыстарынан тыныш жатып ұйықтау мүмкін емес. Күнде солай.
Жаз бойы мекендеген бұл жерден мағына кете бастағанын ойлады. Қонатын жер іздеуі керек. Тамыз айының соңына қарай түн суыта бастайды. Жинаған ақшасы он мың теңгеге жетпейді. Оған қыстық етік пен малақай сатып алса болар еді.
Бала базар маңындағы дәмханадан оразасын ашып, темір-терсек жинауға кетті. Қала шетіндегі қоқыстардың арасынан тапқандарын әкеп өткізгенде жеті жүз теңгеге бағаланды.
— Рауан, сен немене жалқауланып барасың ба, әлде басқа кәсіп тапқансың ба? — Қазақшаға судай ұлты әзірбайжан Байрам аға аңтарыла қарады.
— Бар олжам осы!
— Ой-бу, балапан-ай! Қайтейін-н!
Балажан Байрам ағаның Рауанды іштарта сөйлейтіні бар. Ондайда баланың жүрегі елжіреп, көңілі босайды.
— Каникул да бітіп барады... Жақында жаңа оқу жылы басталады, — деді Байрам.
— Аға, — деді Рауан. — Қанша балаңыз бар сіздің?
— Екеу.
— Олар қазір қайда?
— Таразда тұрады. Құдай бұйырса, жуырда барып қайтам. Балаларымның тапсырған оны-мұны қағаз-қаламдары мен киім-кешектерін жеткізем.
— Аты кім балаларыңыздың?
— Үлкенім — Рафаель, кішісі — Муслим.
— Менен сәлем айтыңыз.
— Айтып барайын...
— Аға, сау болыңыз!
— Әй, Рауан сәл кідірші... Ал мынаны.
— Керегі жоқ.
— Азырқанып тұрсың ба! Бес жүз теңге де ақша. Бір ауқаттануыңа жетеді.
Байрам аға баланың қарсыласқанына қарамай, қалтасына салып берді.
* * *
Түн. Қала көшелеріндегі жүріс-тұрыс азайған. Көп ұзамай жұрт жата бастайды. Көптен байқап жүр. Мешітке жақын жердегі компьютер клубы тәулік бойына жұмыс істейтін сияқты. Есік сыртында «24» деген жазу ілінген.
Рауан түнгі 11 кезінде компьютер клубына келгенде ешкім жоқ екен. Шегір көзді екі орыс қызы отыр кіре берісте.
— Ойнауға келдің бе? — деді қыздар.
— Бір сағаты қанша?
— Екі жүз теңге.
— Түні бойы ойнасам бола ма?
— Мейлің...
— Оның бағасы...
— Алты жүз теңге берсең болады.
Рауан ақша төлеп залға өтті. Шет жақтағы компьютерді іске қосты. Біраздан соң бойы жылынды. Қайта-қайта есінеп, ұйқысы келе бастаған соң үш-төрт орындықты қатар қойып жата кетті.
* * *
Бес-алты күн қатарынан темір-терсекті мол тапсырды. Біраз ақша жинады. Киім-кешек алуға, бұрынғы орталық базар қасындағы сауда үйіне келген. Мезгіл түске тақау болатын. Мешіт ауласы абыр-сабыр. Адам қарасы мол. Ә-ә, күн жұма екен ғой! Рауанл кейде жұма намазы алдында далада тұрып уағыз тыңдайтын. Қос мұнарасы алыстан көрінетін Алланың үйіне барғысы келіп бұрылған. Күшейткіш репродуктордан имамның қоңыр даусы саңқылдап естілді.
— Ассалаумағалейкум, құрметті жамағат! — деді имам. — Қасиетті жұма намазына келген әр қадамдарыңыз сауаптан болсын! Бүгінгі уағыз-әңгімеміздің тақырыбы — Ата-ананың перзенті алдындағы жауапкершілігі туралы.
Айша анамыз айтады: «Бірде Расулалланың құзырына бейтаныс адам келіп: «Сіздерде жас сәби балаларды сүю әдеті бар екен, бізде ондай әдет жоқ», дейді. Пайғамбарымыз салаллаһу ғалейһи салам: «Алла тағала сенің көкірегіңдегі мейірімді тартып алған болса, оны мен қалай сенің көкірегіңе саламын», деп айтыпты.
Демек, кейбір ата-аналардың өз перзенттеріне мейірімсіз болуының себебі, Жаратқан Алла олардың көкірегінен мейір шапағатты тартып алғандықтан екен. Ал, мейір шапағаты жоқ көкіректе иман болмайды, сенім болмайды. Иманы жоқ ата-ана ғана өз перзентін қолына алмайды, перзенттен бас тартады. Күннен күнге қатары көбейіп келе жатқан жетімханаларда тірі жетімдер бар. Яғни, ата-анасы тірі, бірақ перзенттерінен бас тартқан. Ондай ата-аналарды «әке» немесе «ана» деген атпен атауға тілің бармайды.
Хазреті Омар ради аллаһу бір танымал адамды қала әкімі етіп тағайындамақ болыпты. Бұйрық жазылып, тек қол қою ғана қалған екен. Сол арада Омар әлгі әкім болайын деп тұрған кісімен әңгімелесіп отырғанда бір сәби бала еркелеп келіп, Омардың тізесіне отырып алады. Халифа Омар әлгі баланы еркелетіп, бетінен сүйеді. Әкімдікке тағайындалып жатқан кісі бұны көріп: «Бұл бала өз ұлыңыз ба?» деп сұрайды. Омар: «Жоқ, бір кембағалдың баласы еді. Әке-шешесі дүниеден қайтқан соң баланы өз тәрбиеме алғанмын» — деп жауап берді. Болашақ әкім Халифаның мейіріміне, жүрегінің кеңдігіне таңданып: «Менің де перзентім көп. Бірақ оларды еркелетіп, сүймеймін. Ұлдарым мені көргенде қорқып тұрады. Әке осындай болу керек емес пе?» — дейді.
Бұл сөздерді естіген халифа Омар терең ойға батты. Кейіндеу: «Бұл кісі әкім болуға лайық емес екен. Өз перзенттеріне мейірімсіз адам, халыққа қанша пайдалы болуы мүмкін» деп бұйрыққа қол қоймапты.
Әсілі, ата-ананың перзенті алдындағы борышы үлкен. Мұны әрбір ата-ана білгені жөн. Баланы дүниеге әкелумен іс бітпейді. Ата-ана перзенттеріне білім үйретуі және көркем мінез құлық тәрбиесін беруі, әсіресе баланың дене тәрбиесіне көп көңіл аударып, денесін шынықтыруды, суда жүзуді, атта шабуды үйретуі керек. Ата-ана баланы әдепті, көркем мінезді етіп өсіргені үшін ғана мақтауға лайық. Ислам дінінің негізгі мақсаты, адамзатты көркем мінезділікке тәрбиелеу екені белгілі.
Перзенті алдындағы борышын дұрыс атқарған ата-аналарды Алла тағала түрлі бәлелерден, уайымдардан сақтап, ар намыстарының тапталуынан қорғайды.
* * *
Оқу жылы басынан Рауан сабаққа келген жоқ. Бір мұғалім оны Шанхай базарынан көргенін, енді біреуі «Рамстор» сауда үйі маңайында жүргенін айтты. Сынып жетекшісі Жанаргүлден маза кетті. Апырым-ай, қалай болғаны? Жаздың басында, каникулға шыққанда өгей шешесі баланы жақсы қараймын деп өз қолымен хат жазған. Маусым айының соңында Рауанның әкесі іссапарға, ал баланың Қаскелеңдегі үлкен ағасының үйіне кеткенін естіген. Алдағаны ма қарасұр әйелдің. Одан кейін де барып, тексеруі керек еді. Сенді ғой баланың шешесіне.
Жанаргүл мұғалім түске таман саяжайдағы таныс құжыраға келді. Қарасұр әйел шашы дудырап жаңа тұрып жатыр. Көзіне кішкентай қыздан өзге ешкім түспеді.
Үй иесі мұғаліммен салқын амандасты.
— Рауан қайда? — деді Жанаргүл.
— Қаскелеңде.
— Сабақтан қалды ғой.
— Өзім де уайымдап... Келіп қалар...
— Күйеуіңіз қашан оралады?
— Бүгін-ертең келуі керек.
— Онда, Рауанның әкесі мектепке соқсын, ұмытпайсыз ба? — деді мұғалім қоштасып.
Баланың әкесі ертеңінде мектепке келді. Ұлының қайда жүргенін білмейді екен. Өзі жайбарақат. Баласын ойлап, қайғырған адамға ұқсамайды.
— Қаскелеңде дегені қайда?
— Сізден қорқып, әшейін айтқан ғой...
— Өзі де ана емес пе?! Апырым-ай, не деген қатыгез жұбайыңыз?!
— Сіз өйтіп жарымды сөкпеңіз! Рауанның өзі де кінәлі. Барып тұрған қыңыр. Тыңдамай, қашып кетіпті.
— Оныңыз бекер! Рауан шектен шыққан бұзық емес! Жұбайыңыз бармақтай баламен тіл табыса алмаса, мектеп директорына неге айтпаған? Неге жар салмаған?!
— Ол жағын білмеймін...
— Түсінесіз бе, Рауанды іздеу керек!
— Менің уақытым жоқ. Кеше түнде іссапардан оралдым. Ертең жұмысқа шығамын.
— Балаңыз керек емес пе?
— Керегі жоқ, — деді қабағы түксиген, қоңқақ мұрын еркек.
— Астафиралла! Жүрек жұтқан екенсіз!.. — Мұғалім жағасын ұстады.
— Ол мені тыңдамайды...
— Неге тыңдамайды?
— Бұл сұрақты Рауанның өзіне қойыңыз...
— Онда, ешкімге ренжімеңіз. Балаңыз керек болмаса, сотқа береміз.
— Беріңдер...
— Баламнан бас тартамын, әкелік құқымнан айрыңдар деп қол хат жазыңыз.
— Қашан?
— Қазір.
Баланың әкесі сол жерде отырып қолхат жазып берді.
— Тас жүрек екенсіз, — деді ыза болған Жанаргүл.
— Өзіңіз жаз дедіңіз... Менің қандай кінам бар?!. Кете берейін бе?
— Тура осындай қолхатты Рауанның анасы да жазсын.
— Қаскелеңдегі ме?
— Иә.
— Жарайды.
* * *
Сол күні мектеп директоры Сәуле Зейноллақызының пәрменімен төмендегідей бұйрық шығарылды:
Бұйрық № 0-43
«Құқық бұзушылықтың алдын алу» мақсатында және 6«б» сынып оқушысы Нариман Рауанның жоғалуына байланысты оқушыны іздестіру мақсатында жүргізілетін іс-шара.
Мерзімі: 17.09.2011 жыл
Уақыты: 16.00 — 20.00
Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында және 6«б» сынып оқушысы Нариман Рауанды іздестіру үшін мұғалімдер мен ата-аналар комитеті топ құрып, рейдтік жұмыс жүргізілуін бұйырамын.
Атқарылған жұмыс бойынша әр топ анықтама жазып тапсыруға міндетті.
Бұйрық соңына мектеп басшысының қолы қойылып, дөңгелек мөр басылды. Бұны естіген Рауанның сыныптастары да өз еріктерімен топ құрамына жазылып жатты.
Сонымен, Ләзім Талғат мұғалім жетекшілік жасайтын бірінші топ орталық базар, мешіт, компьютер клубына, Байған Омаров мұғалім жетекшілік жасайтын екінші топ Рамстор сауда үйі мен «Самал» шағын ауданына, Меруерт Мәжит мұғалім жетекшілік жасайтын үшінші топ Астана қаласының сол жағалауына жауапты болды. Рауанның суреті қала көшелеріндегі арнайы орындарға ілінді.
Рейд мүшелері екі күн мұғдарында еш дерек таппады. Рауанды іздеп қарамаған жерлері қалмады. Бала ұшты-күйді жоқ.
* * *
«Артем» сауда үйінің қасындағы дәмханадан түстеніп шыққанда Ақтамберді жолығып, қапсыра құшақтай алды:
— Сенейін бе, жоқ па?! Көп ойлағаннан болар, түнде сені түсімде көрдім!.. Жақсы болды ғой жолыққаның...
— Аман-саумын! — Рауан да керемет қуанды.
Екеуі сол маңдағы саябаққа барып сәкіге жайғасты. Қара бала жаз бойы басынан өткерген жағдайдың бірде-бірін қалдырмай ұзақ әңгімеледі. Ақалақ үндемей тыңдады.
— Мектеп мұғалімдерінің, сыныптас достарымның мені іздеп шыққандарын біліп, ол маңнан безіп кеттім. Қаштым бой тасалап... Көргім келмеді оларды. Өзім де білмеймін, неге олай еткенімді... Ұялғаннан ба, намыстан ба, анық ажырата алар емеспін!
Рауан мұңайды. Жаз бойы бастан кешкен теперіші қатайтқан сияқты. Өмірге байыпты қарауға үйренгендей. Мектепке бармағанына өкініп, әлдененден құр қалғандай сезімде. Тығырықтан шығар жол болуы тиіс. Мүмкін емес. Егер әкесі шайпау әйелдің сөзіне ере берсе, үлкен ағасы бар ғой Қаскелеңде тұратын.
Екі бала біруақ үнсіз отырды. Рауанның әңгімесі ақсары ұлға қатты әсер етті. Қаршыға көз балаға риза. Неше түрлі михнат көрсе де, қайсарлығы ұнады. Әйткенмен ақыл қосып, рухын көтерген ләзім. Хәкім Абай атасының көп өлеңдерін жатқа білетін көкірегі ояу һәм ақынжанды Ақалақ толқып, шабыттанып сөйлеп кетті:
— Рауан, көз салшы айналаға! Анау көк аспан, жарық күн, жайқалған тал-теректер, қала сыртына шықсаң керіліп жатқан кең дала, маңғаз, сабырлы таулар мен қыраттар, бәрі-бәрі қаз-қалпында, өз орнында! Қарашы, тіршілік қандай тәтті! Тұнжырап түңілетіндей, өмірден баз кешетіндей не болды саған? Үйсіз-күйсіз екі-үш ай жүргенің үшін бе? Оның өзі хикмет, сыр! Ол жәйтті біз түсінбейміз. Білетін бір Алла!
Адамның ағат ісіне ұялуы, намысының қайралғаны жақсы! Бойыңнан соны сезіп қуанып отырмын! Уайымдаған жөн! Бірақ бірыңғай боркемек болма!
Әңгімеңе қарағанда, өгей шешең басынан сөз асырмайтын ашушаң, іші тар, тасбауыр адам сияқты. Ол кісі теріс қарады екен деп кімге кінә тағасың? Әкең мен тәтеңе керек болмағаныңмен, туған еліңе керексің! Әне-е, мектеп әкімшілігі, сынып жетекшің, бірге оқитын достарың іздеп жатыр. Адам баласы із-түзсіз жоғалатын ине емес! Әр адамның өз орны бар! Адам атаулы бір-бір тұлға! Жазылмаған кітап! Құдайға шүкір, сенің де, менің де туған отанымыз бар! Ол — тәуелсіз Қазақстан! Сезімге беріліп, шалқып-тасып, артық сөйледі деп ойлама! Ақиқаты сол, қай кезде болмасын, ынжық, босбелбеу, жалқау, масыл жандар далада қалады. Әкең де, әне-міне Ақтаудан оралуы керек. Қыркүйектің басында келеді емес пе?!
Есіңде ме, сенімен алғаш танысқанда, жетімдігіме, асырап алған ата-анамның кейбір қылықтарына өкпелегендей сыңай танытып ем ғой! Оным бекер екен! Ойлашы, балалар үйінде жүре берсем де қатардан қалмайтыным рас. Бірақ үйдің аты үй емес пе! Өздерінде бала болмаған соң, қазіргі әке-шешем менің жақсы болып өскенімді армандамайды дейсің бе? Сол үшін тоғызыншы сыныптан соң педколледжге түстім. Одан әрі қарай да оқымақ ойдамын.
Қала көшелеріндегі хабарландырулар ілінген тақтайшадан: «Оларды полиция іздейді» деген жазудың жоғарғы жағынан сенің суретіңді көріп зәрем ұшты. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Екеуміз жазда танысып, бірер күн бірге жүргенде айтсаң, сол кезде-ақ ақыл қосар едім. Болмаса, тәтеңе өз қолыммен жетектеп жеткізер едім. Сабыр сақта! Ешкімді сөкпе! Кезбелікпен ұзақ жүрмейсің. Үйіңе барудан қорықсаң, мектепке бар.
Менің өмірге деген пікірімнің шұғыл өзгеруіне, мешіт қасындағы діни сауат ашу сабағына қатысқаным себепші болды. Асыл дініміз — ислам жайлы ұстазымыздың әңгімесі көп нәрсеге көзімді ашты!.. Еһ-һ, Рауан, Рауан! Біздің білмейтініміз көп қой!..
Ақтамберді ұзақ сөйледі. Бәрі дұрыс! Бәрі орынды! Оның сөздері балаға қайрат берді. Ойланды. Толғанды. Ақсары ұлмен қоштасып, мектепке баруға автобус аялдамасына бұрылған. Сол жерде полиция формасындағы жігіт тоқтатты. Сөйтіп, кәмелетке жастары толмаған балаларды оңашалау орталығынан бірақ шықты.
* * *
Шашы өсіп, үсті-басы кірлеген баланың көзінде мұң бар. Тұнжырап, өзімен-өзі отыра бергенді қалайды. Күнделікті тойып тамақ ішпеген ол бірішек боп, тәбеті қайтып қалыпты. Аспазшы әйел әкелеп-көкелеп әзер ішкізді. Сұрақ берсең ғана жауап қайтарады. Он екі жастағы жеткіншек сияқты емес. Балалығын біреу ұрлап алғандай. Кейде терезе алдына кеп далаға тесіле ұза-а-ақ қарайды. Не ойлайды екен?!.
Ертеңінде, полиция аға лейтенанты, психолог қыз Рауанды бірінші қабаттағы кабинетіне алып келіп, бояу қарындаш пен қағаз берді.
— Рауан, сен сурет сал. Мен соңыра келемін, — деп шығып кетті.
Аға лейтенант бір сағаттан соң оралса, Рауан сурет салып жатыр екен.
— Бұл не, Рауан? — деді апайы мейірленіп.
Апайының жылы сөйлеп, бауырына тартқаны баланың жүрегін ұйытты. Осында келгелі алғаш рет қуана тіл қатты:
— Үй салып жатырмын... Қасында алма ағашы өсіп тұр...
— Өзің талантсың ғой, — деді апайы баланың басынан сыйпап.
— Білесіз бе, апай, мен сыныптағы ең мықты суретшімін!.. Менің салған суреттерімді мұғалім ағайымыз талай рет мақтаған...Апай, асықтырмаңызшы. Әлі салып болған жоқпын.
— Сен асықпай сала бер. Бір айналып келемін. — Аға лейтенант есікті ақырын жауып шығып кетті.
Психолог Рауанның суретін қарап отыр. Үй қисық салынған. Іргетасы жоқ. Терезелерін қоңыр бояумен бояпты. Ауладағы ағаштардың жапырақтары сұрғылт. Жаз айында үй мұржасынан түтін шығуда.
Аға лейтенант баланы аяп отыр. Әке-шешесінен мейірім көрмеген балалар қоңыр, қара түстерге әуес. Өгей шешесінен ұрыс естіп, таяқ жегенге ұқсайды. Бірге болғанмен әкесінің мейірімі кем. Рауанның айтысына қарағанда, ол әкесін сирек көреді. Яғни, әке мен баланың арасында байланыс үзілген, суықтық орнаған. Он екі жастағы баланың көкірегі шерге толы. Көзінде «неге бұлай?» деген сауал бар. Кішкентайынан бауыр басқан атасы мен әжесін сағынады... Өгей шешенің ұрып-соғуынан зәтте болған бала үйге қайтқысы жоқ.
* * *
Алматы аудандық соты орналасқан мекен-жайдың іші біртүрлі сұсты. Сот мәжілісіне жиналғандар да үнсіз. Сынып жетекшісі — Жанаргүлдің қасындағы Рауанның да түрі сынық. Әлгінде ғана бір баланың ісі қаралып, әке-шешесін ата-аналық құқығынан айырған болатын. Сол ұл қолды-аяққа тұрмай, шырылдап жылағанда, төбе құйқаң шымырлайды. Жанаргүл апайы:
— Әне көрдің бе? — деді Рауанға. — Сен де үйден ылғи қаша берсең, балалар үйіне өткізіп жібереді.
— Бұдан былай үйден қашпаймын! Мені аяңыздаршы! — Басы салбырап, қабағы тұнжырады. — Соттағы ағаларға айтыңызшы! Үйден енді қашпаймын! Әке-шешемді тыңдаймын...
Терезеден ақшыл түсті «Ланд-крузер» джип машинасы көрініп еді, Нұрбол қуанып, далаға жүгірді.
— Рауан қайда барасың? — деп мұғалімдер тұс-тұстан ұмтылды.
— Әкем ғой, келген менің әкем... Анау соның мәшинесі, — деді бала жүгіріп бара жатып.
Рауанның әкесі Радолла құрылыс фирмасының бастығын тасиды екен.
Сот жұмысы басталды.
— Ал сөйлеңіз, неге бас тартасыз балаңыздан? — деді судья ұзын бойлы, жігіт ағасына қарап.
— Мені тыңдамайды, — деді Радолла.
— Себебін айтыңыз?
— Сотқар, бұзық...
— Тентек болатындай не істеді?
— Оны өзінен сұраңыздар.
— Баламнан бас тартамын деп қол хат жазған сіз емес пе? Ендеше, біз қойған сұраққа сіз жауап беріңіз.
Қабағы түксиген, ұзын бойлы жігіт ағасы «маған не қыласыңдар» дегендей менсінбей, тәкаппар қалыпта тұр.
Судья сөзін сабақтады:
— Сот процесіне дейін біз егжей-тегжейлі тексердік. Рауанның дені сау, психикалық ауытқу жоқ. Мектеп әкімшілігі берген мінездемеде сабақ үлгерімі де, тәртібі де жақсы. Ендігі мәселе сізге байланысты болып тұр.
— Мені тыңдамайды, өзім де әбден шаршадым. Шешесімен тіл табыса алмайды. Қит етсе, үйден қашып кетеді, - деді Радолла сөзін қайталап.
Осы тұста сынып жетекшісі Жанаргүл сөз сұрады:
— Сұрақ қойсам бола ма?
— Қойыңыз, — деді сөт төрағасы.
— Рауан, әкеңнің жауабын естідің. Саған жаны ашымайды екен! Сондықтан біз сені балалар үйіне береміз, — деп еді:
— Аяңыздаршы мені, бармаймын! — деп бала безек қақты.
— Жылама, Рауан! Бүгін жібергелі жатқан жоқпыз...
Өзі ерекше құрметтейтін мейірімді апайының жылы сөзін естіген бала жылауын қойды.
— Бәсе-е! Жігіт сөйте ме екен?!. Ал айта ғой, кіммен тұрасың? Қайда барасың!
— Ата-әжеме...
— Ол кісілер жоқ қой.
— Онда әкеммен бірге тұрам... Мен әкемді жақсы көремін!
— Ал менің баламмен тұрғым келмейді, — деді бойы сорайған еркек беті бүлк етпей.
— Сот ісіне қатысып отырған қала әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Тоқпанов:
— Не айтып тұрсыз! Бармақтай баладан шаршадым дегенге кім сенер? Әкелік парыз, әкелік міндет, адамгершілік қайда? Алланың қаһарына ұшыраймын деп қорықпайсыз ба? Туған балаңыздан бас тартып, қайтіп жер басып жүресіз?! Білесіз бе, сіз рухани кембағал жансыз! Әке деген аттан садаға кетіңіз! Сіздей қатыгез, сіздей рухани мүгедек кісілердің кесірінен қаншама бала тірі жетім жүр!
Бала — болашағымыз! Бала — ұрпағымыз! Бүгінгі бала — ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат! Өркениетке жетелер көшбасшы, ізгі қоғам қалыптастырушы, егеменді еліміздің болашағы дейміз оларды! Ал, аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін ер азаматтың — сіздің тұрысыңыз мынау!..
Радоллада үн жоқ. Тасбеттеніп тұрып алды.
Кеңесуге үзіліс жариялаған сот мүшелері, баланың әке-шешесі жазған қолхат нотариус арқылы расталмағандықтан істі кері қайтарды.
* * *
Жанаргүл мұғалімнен телефон арқылы бар жағдайды естіп білген Радолланың ағасы Жақсыбай екі күннен соң Астанаға келді. Күн жексенбі, інісі үйінде болатын. Аман-сәлемнен соң інісіне тарпа бас салды:
— Ез, шірік неме! Қаршадай баланы қаңғыртып, бір әйелге сөзің өтпесе, жер басып қалай жүрсің?! Әке-шешеңнің аруағын күңірентіп не қылғаның бұл?! Жағдайың келмесе маған айтпайсың ба? Ата-аналық құқықтан бас тарту деген не сұмдық! Сүйекке таңба бұл! Керек десең сен қылмыскерсің! Рухани мүгедексің! Бұдан былай Рауанды балам деуші болма, ұқтың ба?!. Өзім ер жеткізем, өзім өсірем!
Радолла жасы үлкен ағасының уәжіне жауап қайтармады. Несін айтады? Қалай ақталады? Ағаның айтқаны рас! Ынжық, босбелбеу екені де өтірік емес.
Ертеңінде Радолланың ағасы Жақсыбай Баянұлы мектеп директорына қолхат жазып беріп, Рауанды өзімен бірге алып кетті.
* * *
Астана-Алматы жолаушылар пойызында келе жатқан баланың көңілі көтеріңкі. Ағасы газет оқып жатыр. Вагон дөңгелектерің бірқалыпты тарсылынан өзге дыбыс естілмейді. Рауан терезе алдында отыр. Қою түнге көз алмай ұза-а-қ қарайды. Қараңғылық тұңғиық ойға
шақырғандай...
Сәуір, 2012 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі