Аңшылық өлеңдер — еңбек пен кәсіпке байланысты туған тұрмыс салт жырының бір түрі. Қазақ халқы ерте кезде төрт түлік мал өсірумен қатар аң аулауды кәсіп еткен. Ол үшін қажетті құрал-сайман ұстап, жүйрік ат, құмай тазы, қыран құс баптаған. Сөйтіп, аңшылық күн көріс кәсібіне айналған. Бертін келе саятшылық құру, құс салу ойын-сауықтың, бой жазудың, қызық көрудің бір түріне айналған. Халық аңшы мергендерді құрметтеп, оларды өлең-жырға қосқан, ертегі, аңыз-әңгімелер шығарған. Аңшылық өлеңнің ең көне нұсқасы Орхон-Енисей (5-8 ғ.) жазба ескерткіштерінде, Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» сөздігінде (11 ғ.) кездеседі. Аңшылық өлеңінде аңшылармен қатар аңшылық құрал дар, тазы, ат, құс сипатталып, олардың тигізетін пайдасы, атқаратын қызметі жырланады. Аңшылық қазақ ауыз әдебиетіне күрделі тақырып болып енді. Батырлардың бейнесін жасағанда «арыстандай айбатты», «жолбарыстай қайратты», «қырандай алғыр», сұлу қыздарды суреттегенде «аққу мойын», «құралай көз», «сұңқардай сыланған» деп, әдемі эпитет, метафоралар қолданады. Бұл — қазақ халқының ғасырлар бойы аңшылық, саятшылық өмір тәжірибесінен туған ой-түйіндеулері. Мұндай көркемдеу құралдары кез келген Аңшылық өлеңнен табылады. Мысалы: «Ей, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген, Артында мен ақ тұйғын жетем деген» .
Ақындар айтысында бейнелі салыстыру үшін ақиық бүркіт, қыран құс, тұлпар ат т.б теңеулер жиі қолданылады. Аққудың сұңқылын, әупілдектің әупілін, көкала үйректің гегеуін, қара торғайдың шырылын, ақбоз аттың аяқ алысын, бұлбұлдың сайрауын, жаралы құланның аянышты күйін арқау еткен Аңшылық өлеңдер көп. Бұрынғы аңшылықпен саятшылық аң, құсты қырып-жоюды мақсат етпеген. Айдын көлде балапан ерткен үйрек-қазды, жапан далада құралайы бар киікті, елік пен ақбөкенді атпаған, қонжығын ерткен кірекейге тимеген. Адамгершіліктің серті етіп ұстаған мергендер аңды тығылып тұрып қапияда атуды, сол сияқты тұқым көбейту маусымында зиян жасауды қатігездік, тағылық санаған. Аңнан құр қайтса да мойымай, аңшылық қызығын жырға қосқан. Аңшылық өлеңдер кеңпейілділікке, салқынқандылыққа, сабырлық пен төзімділікке баулып, тәрбиелеуде адамның рухани серігі болған.
Оқуға кеңес береміз:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі