Өлең, жыр, ақындар

Рабат дегеніміз не?

«Рабат» араб тілінен енген сөз. Сөздіктерде «қала», «бекет» деген мағынаға келіңкірейді. Көптеген тарихшы ғалымдардың айтары осыған саяды. Тарихшы Өмір Шыныбекұлының айтуынша «Рабат» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Көптеген мағыналарының ішінде «күшейтілген бекініс», «бекет» деген ұғымдардың жаны бар секілді. Егер Қызылорда облысының аумағында орналасқан ежелгі «Шірік-Рабат» қалашығының өзіміздің өңірдегі «Рабат» (Қазығұрт ауданы), «Сұлтанрабат» (Төлеби ауданы) ауылдарының, Қырғызстандағы Таш-Рабат (Нарын облысы), Өзбекстандағы Кошрабат, Рабат-Мәлік (Науайы облысы), Мырза-Рабат (Жызақ облысы) ежелгі сәулет ескерткіштерінің орналасу жағдайына тереңірек үңілсек, аталған елді мекендерге «бекет» атауы дәл келеді. Біздің өлкемізде архитектуралық құрылыс ретінде рабаттар араб шапқыншылығынан кейін пайда болған. Алдымен күшейтілген бекініс ретінде іргесі қаланған рабаттар бірте-бірте сауадагерлер тоқтайтын бекеттерге айналған.

Шежіреші Момбек Әбдәкімұлы «Рабат» атауының түп-төркінін Қоқан хандығының тұсымен байланыстырады. Қоқан хандығы қазақ жеріне үстемдік еткен кезде шабармандарының тоқтап, түнеп кетуі үшін бекеттерді тұрғызыпты. Осындай тұрақтар «Рабат» аталса, ал билеуші хандарының отыратын орны «Рабатхана» делінген. Момбек аға орыстар жерімізге иелік еткеннен кейін, «Рабат» атауы қолданыстан шықты дегенді меңзейді. Ал аудармашы Нұржан Сәдірбекұлы орта ғасырлардағы қаланың ең көп халқы, өмірі қайнаған ауданы рабат аталған деген пікірде. «Археологтардың пайымдауынша, Орта ғасырлық азия мұсылман елдеріндегі қалаларының құрылымы: шахристан, рабат болып бөлінеді. Қаланың орталығы шахристан, қаланың орталығына жақын орналасқан, бірақ, қамал сыртындағы саудагерлер, қолөнерші ұсталар тұратын ауданды Рабат деп атаған.

Рабатта керуенсарайлар, базарлар көп болған. Рабат міндетті түрде қаланың ішінде емес, өз алдына жеке елді мекен, жол бойына салынған бекінісі мықты керуен сарай. Мәселен, Марокконың астанасы және Мальтадағы бір қаланың аты Рабат. Иранда тарихи керуенсарайлардың көбі Рабат деген атауға ие», — дегенді алға тартады.

Тағабай Қасым


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз