Өлең, жыр, ақындар

Прәндік үйшік

Ертеде ну орманның шетіндегі алаңқайда бір кедей отыншы әйелі екеуі өмір сүріпті. Олардың екі баласы бар екен. Ұлының аты — Гензель, қызының аты — Гретель екен. Отыншының әйелі екі баланың туған анасы емес өгей шешесі екен. Олар көбінесе ашқұрсақ өмір сүріпті. Жейтін бір үзім нан таба алмай аш жататын күндері жиі болады екен. Осындай қиыншылық басқа түскен күндердің бірінде отыншы өзінің сықырлаған қу төсегінде ауыр ойға беріліп дөңбекшумен болыпты. Ауыр күрсінген ол қасында жатқан әйеліне:

— Бұл қиыншылықтан қалай құтылудың амалын ойлап-ойлап таба алар емеспін. Өзіміз осылай ашығып жатырмыз, мына балалардың күні не болмақ? — дейді.

— Отағасы, мен бір амалын таптым, — дейді сонда әйелі, — балаларды таңертең ерте орманның ең алыс түкпіріне жеткізейік. Сонда алау жағып, балалардың қолына бір-бір үзім нан ұстатайық та, өзіміз жұмыс істеуге кетейік. Балалар үйге келетін жолды таба алмай, адасып орманда қалатын болады. 

— Жоқ, мұндай сөзді айта көрме, — дейді күйеуі, — мен балаларымды иен орманда қалдырып, жабайы аңдардың жемі ете алмаймын.

— Ай, ашықауызым-ай! — деп айқайға  басады әйелі. — Әлде мен біздің бәріміздің көз алдыңда аштан өлгенімізді көрмекпісің? Бізді табытқа өзің салмақпысың?

Сөйтіп әйелі отыншы өз айтқанына көнгенше, оның құлағына осы әңгімені күнде ызыңдап айта беріпті. Ақыры отыншы:

— Әттең, сормаңдай балаларым ай, сендердің өлгендеріңді көргенше, бұл айтқаның да дұрыс шығар! — деп осы іске бекініпті.

Аштықтан ішегі шұрқыраған балалары да бұл кезде ояу екен. Олар әкесі мен өгей шешесінің әңгімесін түгел естіп жатыпты. Гретель өксіп жылап, ағасына:

— Құрыған жеріміз осы! Енді не істейміз! — дейді.

— Қой, олай деме! — дейді Гензель оған, — несіне қайғырамыз? Көресің, біз бұл қатерден құтыламыз әлі.

Әкесі мен өгей шешесі ұйқыға кеткен кезде Гензель орнынан тұрып киімін киді де, есікті ақырын ашып, сыртқа шықты. Жап-жарық ай үйдің жанындағы жол үстіндегі аппақ тастарға, бейне су жаңа күміс ақша тәрізді жылтырата сәуле шашып тұр екен. Гензель еңкейіп ақ тастарды теріп алып қалтасын толтырады. Сөйтіп үйге қайта кіреді де қарындасына:

— Жетеді, Гретель, алаңсыз ұйықтай бер. Жаратқан өзі бізге көмектеседі, — дейді. 

Сөйтіп өзі де ұйқыға бас қояды.

Таң елең-алаңда өгей шешесі балаларды оята бастады:

— Өй, жатыпішер жалқаулар, тұрыңдар жылдам, орманға барып отын жинауға шығамыз. Сөйтіп ол балаларға бір-бір тілім нан береді де:

— Бері қараңдар! Мынау сендердің түскі астарың! Уақытынан бұрын жеуші болмаңдар. Себебі бұдан өзге сендерге беретін ештеңе де жоқ.

Гретель екі тілімді де белдемшесінің қалтасына салады. Ал Гензельдің қалтасы қиыршық тастарға толы болатын. Сөйтіп олар орманға қарай аяңдайды. Гензель бір аттап тоқтайды, тағы аттап, тағы тоқтайды. Үйге қарап қояды. Сонда әкесі оған:

— Гензель, сен неменеге артыңа қайта-қайта бұрылумен келе жатырсың? Алдыңа қарап дұрыс жүріп отыр, қалып қойма! — деп зекиді.

Гензель оған:

— Жан әкетайым, мен өзімнің ақ мысығыма қарап келе жатырмын. Ол шатырға шығып алыпты. Менімен қоштасып отырғандай сезіледі! — дейді.

— Өй ақымақ! — деп зіркілдейді өгей шешесі. — Сен де айтасың-ау, ол сенің мысығың емес, күнге ағарып көрініп тұрған үйдің мұржасы емес пе!

Шындығында Гензель ешқандай мысықты көріп тұрған жоқ болатын. Ол тек қана білдіртпей қиыршық тастарды бір-бірден жол бойына лақтырып келе жатқан. Отыншы отбасымен бірге орманның ең түкпіріне жеткен соң балаларына:

— Ал, қанеки, балалар, мұнда шырпы теріп жіберіңдер. Мен сендердің тоңып қалмауларың үшін алау жағып берейін. 

Гензель мен Гретель үлкен-үлкен шырпы ағаштарды жинап әкелді. Отыншы от жақты. От биікке лаулап жанған кезде, өгей шеше оларға:

— Ал, балалар, біз отын дайындағанша сендер алаудың жанында демала тұрыңдар. Отынды молынан дайындап алған соң сендерге келіп, үйге ертіп кететін боламыз.

Гензель мен Гретель алаудың қасында қалды. Тілім нандарын жеп ауқаттанды. Жақыннан ағаш шапқан балтаның дыбысы естіліп тұрғандай. Сондықтан балалар әкесінің жақында жүргеніне сенімді еді. Шын мәнісінде бұл тықылдаған құрғақ бұтақтың дыбысы еді. Отыншы қу бұтақты ағашқа байлап, жел соққанда ағашты тықылдатып ұратындай етіп орналастырып кеткен болатын. Балалар ұзақ отыра-отыра шаршаған соң ұйқылары келді. Олар жата сала қатты ұйықтап кетіп оянған кезде айнала қап-қараңғы екен. Орман қою қараңғылыққа малынып тұр. Түннен қорыққан Гретель:

— Бұл жерден қалай шығамыз? — деп жылай бастады:

— Сабыр, — дейді Гензель оны жұбатып, — ай аспанға көтерілген кезде бәрі дұрыс болады, біз жолды тауып аламыз.

Топ-толық ай аспанға көтерілген кезде Гензель Гретельді қолынан жетектеп алып, үйге барар жолды іздей бастады. Гензельдің тастары жап-жаңа күміс ақшалар тәрізді жылтырап жатыр екен. Соларды бағыт еткен балалар жолмен жүріп келе жатты. Олар осылайша ұзақ жүрді. Ақыры түні бойы жүріп отырып, таң ата туған үйіне жетті. Балалар есік қаққан кезде өгей шешесі есікті өзі ашып, дүрсе қоя берді:

— Өй, оңбағандар! Біз сендерді енді үйге ешқашан оралмайды деп ойладық қой! Орманда неге осыншама ұзақ уақыт ұйықтап жатып алдыңдар?

Әкесі болса бұл кезде орманға тастап кеткен балаларын ойлап қатты қайғырып жатқан еді. Балаларын көріп қатты қуанды.

Сөйтіп бірде аш, бірде тоқ, бірге өмір сүріп жатыпты. Отыншының отбасы тағы да ашыға бастайды. Өгей шеше тағы да күйеуін мазалауға көшеді:

— Бізде жарты күлше ғана қалды. Анау балаларды тағы да орманға апарып тастайық. Осы жолы енді қайтып келмейтіндей болсын. Олармен бірге аштан өліп жатуымызды қаламайтын шығарсың?

Бұл сөзді есту байғұс отыншыға тым ауыр еді. «Әттең, одан да соңғы үзім нанды осы балаларыммен бөлісіп өлген жақсы еді ғой!» — деп ойлайды іштей.

Әйелі болса оған ойлануға мүмкіндік бермеді, сөзбен құлақ етін жеп мазасын ала берді. Сөйтіп ол ұрысқақ әйелінің сөзіне тағы да көніп қалды.

Балалар да ұйықтамай, олардың сөзін естіп жатқан. Әкесі мен өгей шешесі ұйқыға кете бере, Гензель ұсақ тас теруге шықпақ болды. Алайда өгей шешесі есікті аша алмастай етіп күнібұрын бекітіп тастаған екен. Гензель ақыры құрқол қайтып, орнына келіп жатты. Сонда да ол жылап жатқан қарындасын жұбатумен болды:

— Ұйықта, Гретель. Жетеді енді, жылама. Жаратқан бізге жар болсын!

Таң атар-атпаста өгей шеше балаларды оятып алды. Оларға өткен жолғыдан көлемі аз бір-бір тілім наннан берді де, оларды орманға ертіп кетті. Жолда Гензель жиі-жиі тоқтап, нанның үзіндісін біртіндеп жерге тастаумен болды. Сөйтіп нанын түгелдей шашып тауысады. 

— Бұл не жүріс Гензель, қайта-қайта артыңа қарап тоқта беретінің не? — дейді әкесі. — Аяғыңды бас жылдам.

— Мен өзімнің ақ көгершініме қарап келе жатырмын, — деп жауап береді Гензель, — ол шатырға шығып алып менімен қоштасып отырғандай көрінеді.

— Ой, ақымақ! — деп сөйлей жөнеледі өгей шешесі. — Қайдағы көгершінді айтып келе жатырсың? Күнге шағылысып аппақ болып көрініп тұрған мұржа емес пе!

Гензель болса нанның үзіндісін жолай әр жерге тастап үлгерген болатын.

Қара ниетті өгей шеше балаларды бұған дейін ешқашан болмаған, бұрынғыдан да алыс жерге алып келді. Жеткен соң олар үлкен алау жақты да, балаларға:

— Біз отын дайындап болғанша осында отыра тұрыңдар. Шаршасаңдар ұйықтап алыңдар. Кешке таман сендерді үйге ертіп кететін боламыз.

Гензель өзіне тиесілі нанды әлдеқашан үгітіп шашып жібергендіктен, Гретель өзінің қолындағы кішкентай нанды ағасымен бөлісті.

Түскі ас мезгілінен кейін балалар қатты ұйқыға кетті. Оянған кезде қара түн екен. Әкесі мен өгей шешесі әлі келген жоқ. Сонда Гензель қарындасын жұбата бастайды:

— Қобалжыма, Гретель, ай орманның үстіне көтерілген кезде біздің шашқан үзінділеріміз жол үстінде жарқырайтын болады. Сөйтіп біз осы белгі арқылы үйге жететін боламыз.

Орманның үстіне ай көтерілді, балалар үйге қайтуға беттеді. Бірақ өкінішке қарай жерде бірде бір нан үзіндісі жоқ еді. Олардың бәрін ормандағы құстар шоқып жеп қойған екен. Сонда Гензель қарындасына:

— Не де болса, тәуекел, бір амалын жасап, жолды табамыз! — дейді.

Сөйтіп олар үйге барар жолды іздеп түн жүреді, күн жүреді, шексіз-шетсіз орман болса таусылар емес. Ақыры балалардың қарны әбден ашып, шаршады. Орманның жидектері де бұл кезде ағып кеткен еді. Аяқтарын зорға алып жүріп ілбіген балалар бір үлкен ағаштың түбіне келіп жата бере, ұйықтап кетті.

Ертеңінде балалар тағы да жолға түсіп, ұзақ жүрді, орманның шетіне шықпақ түгілі одан әрі ну жыныс түкпіріне бойлай берді. Шаңқай түс мезгілінде балалардың көзіне бір аппақ құс көрінді. Құс бұтақта отырып алып бір тамаша үнмен сайрайды. Балалар таңдана тыңдаумен болады. Бір уақытта құс сайрауын тоқтатып, қанатын қомдап ұша жөнелді. Балалар құстың соңынан еріп отырып, көп өтпей бір үйшікке келді. Аппақ құс әлгі үйшіктің төбесіне барып қонды. Бұл үйшік әдепкі үйшіктер сияқты емес екен: қабырғасы тұтастай дәмді наннан, өзге де тәтті тағамдардан тұрғызылыпты, ал терезесі мөп-мөлдір мұз кәмпиттен екен. Гензель қарындасына:

— Қанеки, Гретель, үйшікке кірейік — жақсылап тойып тамақтанып алайық! Мен шатырын жеймін, ал сен терезесінің дәмін татып көр. Дәмді екендігі сөзсіз! — дейді.

Гензель аяғының ұшымен тұрып, қолын соза шатырдың бір бөлігін сындырып алып, екі жағынан кезектеп шайнай берді, ал қарындасы терезенің кішкентай бөлігін бөліп жей бастады. Осы кезде үйшіктің ішінен әлдебір нәзік дауыс естілді:

Тық-тық дыбыс — терезенің түбінде,
Тықылдатып келіп тұрған кім үйге?

Сондай балалар былай деп үн қатады:

Көк аспанның елшісі,
Үйіңе сенің жел тиді.

Сөйтіп олар үйшікті сындырып жеумен болады. Гензельге шатыр, Гретаға терезе қатты ұнап қалған еді. Сөйтіп олар тағы да бір-бір үлкен кесек үзіп алып жей бергенде, үйшіктің есігі сарт етіп ашылып кетті. Балалар табалдырықтан бері аттап келе жатқан балдақты кәрі кемпірді көрді. Балалардың қатты қорыққандары соншама, қолдарындағы тамақтары жерге түсіп кетті. Кемпір болса басын шайқап балпылдай сөйледі:

— Иә, балақайлар, мұндай қайдан тап болдыңдар? Өтінемін, менің үйімде тұра беріңдер, сендерге аш жамандық жасамаймын.

Сөйтіп кемпір балаларды үйге бастап кіреді. Үстелдің үсті түскі асқа толы екен: сүт, тәтті-дәмділер, жаңғақ пен алма — бәрі бар. Түскі астан кейін кемпір екеуіне екі төсек салып берді. Гензель төсекке жатқан кезде өзін жұмаққа кіргендей сезінді.

Шындығында бұл алғаш көргенде балаларды алдап мейірімді көрініп тұрған нағыз сиқыршы жауыз мыстан кемпірдің өзі болатын. Ол балаларды аңдып жүріп, бұл тәтті үйшікті оларды алдап ұстау үшін тұрғызып қояды екен. Балаларды тұзағына түсірген соң оларды өлтіріп, пісіріп жейді екен. Кемпірдің қып-қызыл екі көзі нашар көргенімен, адам баласының иісін жыртқыш аң тәрізді алыстан сезіп қояды екен. Гензель мен Гретель үйшікке кірген кезде қуанып кеткен мыстан кемпір:

— Әп бәлем, қолыма түстіңдер ме, көгершіндерім. Енді менен құтылмайсыңдар! — деп сақылдай күлді.

Сөйтіп түн болды. Таңертең кемпір балалар тәтті ұйқыда жатқанда, ерте тұрып алып, олардың алаңсыз жүздеріне қарап отырып:\

— Маған тамаша тағам болатындарың сөзсіз! — деп күбірлеумен болды.

Сөйтті де сиқыршы Гензельді өзінің сүйегі арбиған қолымен тас қылып ұстап алып, шошалаға апарып, ауызын темірмен торлаған бұрышқа қамап қойды. Көмек сұрап қанша шыңғырып тепкіленсе де Гензельді еститін, келіп құтқаратын ешкім жоқ еді. Кемпір кішкентай Гретельді оятып алып, оған:

— Өй, жатып ішер жалқау, тұр жылдам! Су әкеліп, ағаңа дәмді түскі ас дайындап бер! Оны жақсылап тамақтандыру керек. Оны торға қамадым: семірген кезде мен оны сойып ас етемін, — депті.

— Өксіп-өксіп жылаған байғұс Грета, қорыққанынан жауыз кемпірдің берген бұйрықтарының бәрін еш қарсылықсыз орындай беріпті.

Гензельге дәмді тамақтармен тойдыра бастаған кезден бастап, қарындасына тамақтың құнарсыз қалдығы ғана тиіпті. Кемпір күн сайын шошалаға келіп:

— Қане-қане, Гензель, маған саусағыңды соз, қанша май жинағаныңды, енді жеуге қанша уақыт қалғанын сипап білейін, — деп сұрайды.

Гензель тордың сыртына саусақтың орнына қураған бұтақты ұсынады, көзі нашар көретін соқыр мыстан оның қолын ұстап көріп, бұл бала әлі де болса салмақ қоспай жатыр деп ойлайды. Осылайша бір ай өтеді, қалай тамақтандырса да Гензель «семіре қоймайды». Ақыры бір күні оның семіргенін күте-күте мыстан кемпірдің де төзімі таусылды, сөйтіп ол Гретельге былай деп бұйырды:

—  Әй Гретель! Тезірек мол ғып су тасып әкел. Мейлі семірсін-семірмесін, таңертең Гензельді сойып, пісіріп жейтін боламын.

Жылап-еңіреген байғұс Гретельдің кемпірге су тасығаннан басқа амалы жоқ еді. Жылай жүріп Жаратқанға жалынумен болады:

— Жаратқан, бізге жар бола гөр! Бұдан да орманның жыртқыш аңдары шабуылдап, екеуімізді қатар жеп кеткені жақсы еді!

Мұны естіген кемпір айқайға басты:

— Аузыңды неге жаппайсың сен, ақымақ қыз? Бәрібір саған ешкім де көмектеспейді!

Таңертең ерте Гретель пештің үстіне қазанды қойды да, астына от қойып қыздыра бастады. Сиқыршы кемпір оған:

—  Мен ұн илеп, қамыр әзірлеп қойдым. Пеш қызса, алдымен нан пісіріп алайық.

Осыны айтып ол байғұс қызды дәу пешке қарай итереді. Жылтылдаған қызыл оттың жалыны пештің аузынан сыртына шығып тұрған еді.

— Пешке кіріп көр жылдам, нан салатындай қызды ма екен, тексеріп қара! — деп айқайлайды.

Гретель пештің аузын ашып қарады. Кемпірдің ойы — қыз үңіліп тұрғанда ішке итеріп жіберіп, жаба қойып оны қуырып жеу болатын. Бірақ кемпірдің бұл қулығын сезген Гретель оған:

— Мен пешке қалай кіретінін білмеймін ғой, әже! — дейді.

— Неткен ақымақ едің өзі! — деп ұрсады сиқыршы. — Мұндағы орын тар болып тұр ма саған? Сен тұрмақ менің өзім сыйып кететін орын тұрған жоқ па?

Сөйтіп ол пештің ішіне басын сұғып, үңіліп қарамақ болды. Осы кезде айласын асырған Гретель кемпірді бар күшімен пештің ішіне итеріп қалғанда, ол бар денесімен еніп кетті. Гретель қақпағын жылдам жаба қойып, бастырғысын салып үлгерді. Мыстан кемпір пештің ішінде жанұшыра айқайлап жатты. Гретель қашып шығып ұзай берді. Жауыз сиқыршы мыстан пештің ішінде шыжғырылып жатты.

Пештің маңынан қашып шыққан бойы жүгіріп шошалаға барады. Тордың аузын ашып жібереді де Гензельге қарап былай дейді:

— Менің қандай қуанышты хабар айтатынымды білесің бе, Гензель! Біз жауыз кемпірден құтылдық! Ол ендігі өліп те қалды! — деп шаттана айқай салады.

Сонда Гензель тордан құтылған торғайдай, орнынан атып шығып, қуанғанынан қарындасын құшақтай алып секіре беріпті. Сөйтіп олар кемпірдің үйшігіне келеді. Енді бұларға ешкімнен қорқудың қажеті жоқ еді. Үйшіктің ішінде інжу, асыл тастар салынған көп сандықтар бар екен. 

— Иә, Гретель — дейді Гензель, - бұлар әлгі малта тастарға қарағанда пайдалы шығар ә?

Сөйтіп ол қалталарын асыл тастарға толтыра бастайды. Ал Гретель оларды алжапқышының алдына сықап салып алды.

— Ал, енді жолға шығайық, — дейді Гензель.

Сөйтіп олар жолға шығады. Аз жүрмеді, көп жүрді, ақыры бір үлкен көлдің жағасына келіп жетті. 

— Бұл көлдің арғы жағалауына қайтіп жетеміз? — дейді Гензель. — Көпір түгілі, тақтайша да жоқ.

— Қайық та жоқ, — деп іліп әкетеді Гретель, — ананы қара, сонау ұзақта бір ақ үйрек ұшып жүр. Қанеки, одан бізді өткізіп салуын өтінейік, — дейді. Сөйтіп Гретель үйрекке қарата:

Үйрегім менің, ақ үйрек,
Көрсетші бізге, жол керек.
Сырық та жоқ, тақтай да,
Мінгізші бізді арқаңа! —

деп айқай салады.

Үйрек мұны естіп жағалауға жүзіп жетеді де, Гензельге арқасына отыруды бұйырады. Гензель Гретельді тартқылап, өзімен бірге отырғызбақ болады. Сонда Гретель:

— Тоқта, үйрекке екеуімізді қатар отырғызып жүзу ауыр болады, бір-бірден отырғызып жүзгені дұрыс, — дейді.

Үйрек оларды кезекпен тасымалдап арғы жағаға шығарады. Арғы жағаға шыққан балалар жан жағына назар салып қараса, орман ішіндегі жол өздеріне таныс екенін аңғарады. Сөйтіп олар өздерінің үйшігіне қарай беттеп келе жатады. Оны алыстан көрген кезде, қуанғаннан жүгіре жөнеледі. Үйге жүгіре жетіп, әкелерін құшақтай алады. Отыншы болса өзінің иенде қалдырған балаларын ойлап уайымдаумен болған екен. Өгей шешесі болса өліп қалыпты. 

Гензель мен Гретель өздерінің қалталары мен алжапқыштарындағы асыл тастарын еденге төгеді. Алуан-алуан жарқыраған асыл тастар мен інжулер үйшіктің ішін жайнатып жібереді. Осыдан кейін отыншы өзінің балаларымен бірге қалауынша өмір сүре бастапты. Енді оларға аштықтан қорқудың ешқандай қажеті жоқ еді.

Орыс тілінен аударған Асылбек Байтанұлы

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз