Ол уақытта, әсіресе ауыл жылқыларын мықтап күзетпесе, айырылып қалады. Айнала түгел жау. Қонақбайдың қасына Бабай дейтін құрдасы бар, екеуі түнгі жылқы күзетінде жүреді. Ат үстінен түспей күздің суық аязы мен ұзақ сары таңына қалай шыдасын, жылқыларды иіріп, жусаған шақта екеуі бір ықтасынға келіп, көз шырымын алады. Бір кезде жылқылардың дүр етіп үріккен дыбысынан Қонақбай ояна кетсе, қараңғыда кім екені белгісіз, бас жағында әждаһай қасқа атты біреу аңдып қарап тұр. Қолында ұзын, жуан ақ сойыл. Қараса, қасындағы тұсап қойған аттары жоқ, оған қоса ойпаңдағы топ жылқылар- ды біреулер қаумалап қуып айдап бара жатыр. Әлгі адам егер ояна қалса, екеуін екі ұрып жығып, жаяу тастап кетпек, ал оян- баса, біраз күтіп, серіктерін қуып жетпекші болған сыңайлы.
Қимылдаса, қиын жағдай болатынын біліп, Қонақбай мынандай ақыл тауыпты. Қасындағы қатты ұйықтап жатқан Бабайдың сан етін қатты бұрап, шымшып қалғанда, ол ойбай салып атып түрегеледі. Аңдып тұрған жау аясын ба, Бабайды құлаштап кеп енді ұра бергенде, Қонақбай да ұмтылып барып сойылға жармасады. Екеуінің қолында сойылдың екі басы, бірі ат үстінде екіншісі жерде тұрып тартысса да, жібергісі жоқ. Осы кезде Бабай да көмекке келіп, әлгі адамды әрең дегенде аттан аударып алса, құшақ толмайтын алып бір қалмақ. Қимылы баяу болғанымен қолдары қарулы, күші мығым. Екеуі ұрып-жығып, астына басады. Мініп келген атының қайыс шылбырымен қол-аяғын мықтап байлаған соң Бабайға табыстап:
— Мынаған ие бол, мен жылқыға кеттім, — деп, Қонақбай қалмақтың атын мінеді де, сойылды қолына ұстап, жалғыз өзі жауға аттанады. Жылқыларды қуып жетсе, айдап бара жатқан — үш кісі. Алғаш олар қолындағы ақ сойыл мен қасқа атты танып онша мән бермесе керек, жақындай беріп біреуін ұрып аттан құлатқан. Қалған екеуі екі жағынан, олар да шоқпар сілтеп, Қонақбайды қысымға алыпты. Ол болса ортаға түспей, қаша ұрыс сала жүріп, тағы біреуін аттан домалатады. Үшіншісі жан сауғалап басы ауған жаққа қашады. Жылқы біткенді жаудан айырып, ана екеуін жаяу айдап, күн шыға ауылға келеді. Сөйтіп, бір түнде қалмақтардың үшеуі бірдей тұтқынға түскен. Алғашқы дәу атақты Жошы деген қалмақ нояны көрінеді, сол айтыпты дейді:
— Өмірімде қолға түскенім осы. Қонақбайға жолықтыр, ат-шапан айыбымды тартайын, тағы менен не тілейді екен, бізді босатсын — депті. Бұрын балуан атанып келсе, енді «Қонақбай батыр» деген атаққа ие болыпты.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі