Бір жылы қыс қатты болып малдың алды жұтай бастайды. Қолдағы азын-аулақ шаруа мал түгел арық, жеуге жарамсыз. Көктем шыға ел қатты қысыла бастаған. Қонақбай енді халықтың қамын ойлап, жұт болмаған алыс аймақтардан мал ұрлап әкелуге аттанбақ болады. Неге екенін кім білсін, Қонақбай батыр сыртқа шығарда «аман жолыңды бере көр!» деудің орнына, «иә, Құдай, қызыл қырғын, сары сүргіннің үстінен түсір!» деп тілек тілейді екен. Ол уақытта біреуді біреу жөні келсе, өлтіріп кете беретін, бір жағы барымта, ұрлық-қарлық үдеп тұрған жаугершілік заман.
Қытай жерінде Жұлдызға асатын тік биік асу — Ақбайтал деп аталады. Жұлдыздың жері қуатты. Қысы-жазы малы семіз көрінеді. Онда торғауыт қалмақтары тұрады. Жұлдызда қалмақтардың «Сары ноқталы» дейтін топ-топ жылқысы мыңғырып жатады екен. Кілең жорға мен жүйріктерден құралған сәйгүліктер болғандықтан солай деп атаса керек-ті. Осыған бару үшін Қонақбай батыр қасына он бір адам ертіп қаруланып, жолға шығады. Мақсаты — сол жақтан жылқы ұрлап әкелу. Күн суық, жол алыс. Әлденеше күн түнімен суыт жүріп отырып, Ақбайталдың асуына жеткенде, қалың қар ба- сып қалады. Қашан жол ашылғанша еріксіз елсіз тауда жатуға тура келіпті. Азық-түлік таусылған. Қашанғы қарап аш жатады, жақын маңдағы біреулердің бір биесін әкеледі де, соны жеп аужал етеді.
Бір күндері асудың ар жағынан кезең асып салт атты бір адам шығады. «Ананы алып келіңдер, кім де болса жөн сұрайық», — дейді Қонақбай. Ертіп келуге белді екі жігіт кетеді. Барған екі жігіт жақындап барады да, кейін қарай шегінгенін бұлар алыстан көріп бақылап тұрады. Тағы үш жігіт жібереді. Неге екені олар да жалғыз кісіге бата алмай, бесеуі бір төбеде ұйлығып тұр. Бұлар не болды екен деп Қонақбай бастаған адамдар түгел келеді. Келсе, бет-аузы бұжыр-бұжыр, сұмдық қорқынышты, басы бақырдай, өзі қап-қара дәу бір қалмақ бұларға қаһарланып тұр. Астында есік пен төрдей ұзын өзіне лайық үлкен сары аты бар. Қазақша біршама біледі екен, жөн сұраса, қырсығып жөнді жауап бермейді. «Кетіңдер, кетіңдер!» деп боқтайды. Айтқанға көнетін не қорқатын емес. Біраз кергілесіп тұрады. Одан соң Қонақбай екеуі ат үстінде әжептәуір жұлқысып күш байқасады. Қонақбайдың аты омбы қардан сүрініп, жығыла беріпті. Әбден қалжырағанда, екеуі екі жерге шаршап отыра кетіпті. Жігіттер өлтіріп кетейік десе, Қонақбай керегі жоқ дейтін көрінеді. Қалмақ үндемесе, онда ештеңе жоқ, екеуі екі айырылып кете бергендей екен. Қонақбай атына мінген кезде, қалмақ айтады: «Әй, тоқта, маған пар келетін Матайда біреу бар, сен сол боларсың (Матай — Найман елінің бір руы). Мені өлтірсең де, өлтірмесең де бәрібір сенің тұқымыңды құртамын» деп сонша адамнан имену қорқу жоқ, Қонақбайға ызғар шашып, аузы-басы көбіктеніп отыр. Тәкаппар кекшіл қалмақтың қалай атып салғанын өзі де байқамай қалыпты. Отырған орнында өкірген бойы етпеттен жерге жығылады. Атын жетелеп қосқа келеді. Ертесі тағы қар жауып басып қалған, енді Ақбай- талдан асу қайда, тіпті қиын. Оған қоса мына жағдай, қат-қабат келіп отыр. «Қой, ат-лауымыз аманында елге жетейік» деп, жүргіншілер келген ізімен кері қайтады.
Кейін Қонақбай өзі отырған жерінде есіне түсіріп, осы әңгімені көпшілікке айтып отырады екен. Сөзінің соңында:
— Сөйтіп, күнәсіз бір адамды бір сөзіне бола босқа атып тастадым. Әлгі қалмақ «Менің ажалым жетсе, Матайдың батырынан болады» деп қасындағыларға айтатын көрінеді. Сол үшін қалмақтар Матай елін екі рет келіп шауып қырған. Қаншама қазақтың қаны төгілді, соның бәрі — менің мойнымда. Әй, оңдыра қоймас, артым қалай болар екен осы?! Менен бір үлкен күнә өтті ғой, Құдай өзі кешірсін!
Сөйткен Қонақбай батырдың балалары өле-өле, артында ұр-пақ қалмаған, өмірден тұлдыр өтіпті.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі