Демалысқа аулына келген Шоқанға оңаша ақ үй тігіледі екен. Шоқанның әдеті елден ерек ертемен тұрып, өз жұмысымен айналысады екен. Сол дағдысымен ол бір күні ерте тұрып, кітап оқып отырып, қотан жақтан у-шу дауысты естиді. Сыртқа шыға келсе, көп адам әлденені тамашалап тұр екен. Шоқан олардың қасына келеді. Топтың ортасында қара өгізге теріс қаратып мінгестірген еркек пен әйел, беттері қара күйе.
— Бұл не масқара? — дейді Шоқан ызаланып.
— Мына екеуі шариғат жолын аттаған жүзіқаралар, бұл сол үшін оларға берген атаңыздың жазасы.
Шоқан жәбірленген екеуді дереу босаттырып жіберіп, әкесіне келеді де:
— Ата, әлсізге әңгір таяқ ойнатқаныңыз не? Егер шариғат жолы десеңіз, осындай қылығы үшін өз ұлыңыз Жақыпқа неге жаза қолданылмай жүр? — депті. Шыңғыс тіл қата алмай, тұнжырап отырып қалыпты.
***
Жолтабар баласы Мұқан деген жігіт Омбыда оқып жүргенде сағат тауып алып, не істерін білмей, Шоқанға келіпті. Шоқан оған: «Қазір базарға барайық, топ ортасында тұр да: «Алтын сағат таптым, алтын сағат таптым», деп жар сал», — дейді. Базарға келісімен-ақ Мұқан дегбірсізденіп, әрі қасындағы Шоқаннан қысылып: «таптым, таптым» — деп дауыстайды да, «алтын сағат» деген жеріне келгенде күмілжи беріпті. Сонда Шоқан:
— Әй, Мұқан-ай, арамдыққа көңілің ауып кетіп тұр-ау, айғайды «алтын сағаттан» бастасаңшы, — депті.
***
Әубәкір деген имам мешітке кешігіп келетін Шыңғысты тоспай төрт-бес рет жамиғат намазын оқып қойыпты. Шыңғыс бұған қатты ашуланып, имамды шақыртады. Шоқанның Сырымбетте демалып жатқан кезі екен.
— Ата, сіз Әбубәкірді неге шақырттыңыз? — депті. Шоқан.
— Төрт-бес рет намаз менсіз оқылып қойыпты. Сол үшін ол имамның әкесін көзіне көрсетейін деп шақыртып отырмын, — дейді Шыңғыс.
Сонда Шоқан:
— Е, ол бишара Құдайдың әмірін орындай ма, әлде сіздің әміріңізді орындай ма? — депті.
***
Шыңғыстың жақсы көретін Әділбек деген құрдасы бар екен. өзі шешен, өзі батыр адам болса керек. «Шоқан қайтыс болған соң, Шыңғыс жер бауырлап жатып алыпты», — деген хабарын естіп, сол Әділбек сауыт-сайманын асынып, атқа мініп, іздеп келеді. Аттан түсе құрдасының қасына жетіп барады да, қылышын қынабынан суырып алып:
— Таудан биік алтын ай,
Қайғысыз дүние бір Құдай.
Сен Құдай болайын деген екенсің,
Басыңды шауып тастармын, тұр былай! —
деп ақырады. Сонда Шыңғыс:
— Әй, Әділбек-ай, мен жатайын деп жатыр дейсің бе? Маған осындай сөзді айтатын кісі табылар ма екен деп жатырмын ғой, — деп, басын көтерген екен.
***
Шыңғыстың атқұмар Жақып дейтін баласы Ақан аулына қайта-қайта келіп, Құлагерді сұрай беріпті. Ол тіпті мазалап болмаған соң, Ақан:
— Ақындықпен Орынбайдың даңқы шықты. Жүйріктікпен Құлагердің даңқы шықты. осы сөзімді әкеңе барып айт. Содан соң Құлагерді ала ғой, — депті.
Жақып қуанып әкесіне келіп, Ақанның сөзін айтады.
— Ой, ақылсыз балам-ай, бұл Ақанның: «Құлагер мал да болса, аға сұлтан әкеңмен бара-бар», — дегені ғой. Біреу әкеңді сұраса, берер ме едің? — депті Шыңғыс.
Содан кеін Жақып Ақан аулының маңайына жоламайтын болыпты.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі