Сонау ерте заманда, жал-құйрығы келте заманда, ерлі-зайыпты екі адам өтіпті. Тұрмыстары тар екен, бала дегенге зар екен. Күндердің күнінде әйел жүкті болып, басы бақырдай, көзі тостағандай, батыр мүсінді ұл туыпты. Атын Делдаш қойыпты. Делдаш сегіз жасқа келгенде, елін жау шауып, Делдаштың анасы да жау қолында тұтқын болып кетіпті. Шабындыға түскен малдан аяғы сынған сары ала құлын қалыпты. Делдаштың әкесі оны шөп жұлып беріп, тегештен суарып бағыпты. Арада талай жылдар өтіпті. Делдаш алысқанды алып ұратын қарулы батыр, көздегенін кетірмейтін мерген болыпты, сары ала құлын қашса жеткізбейтін, қуса құтқармайтын жүйрік ат болыпты. Тегешпен суарып өсіргендіктен, оны Сарыалатегеш деп атапты. Азамат болған, жайды ұққан Делдаш елінің намысы үшін жаудан кек алуға аттанбақ болыпты, аттанар алдында өзі қайтып оралғанша «тұрмыста қиналып қалмасын» деп әкесіне таудай отын, үйдей ет жинап, жерден қазып жеңді білектей су шығарып беріпті. Жүрерде әкесіне:
— Мен осы жинап берген отыннан бір жағым, еттен бір асым, судан қанжығадай қалғанда келермін. Менің келу мөлшерімді осыдан байқарсың, — депті. Әкесі ақ батасын беріп, ақылын айтып, баласын ұзақ сапарға аттандырыпты. Делдаш Сарыалатегешіне мініп, жол азықтарын алып, қару-жарақтарын асынып жүріп кетіпті. Күн жүріпті, ай жүріпті, неше түрлі асқар таулардан асыпты. Шөл — жазиралы қалалардан да, өркештеп аққан өзен дариялардан да өтіпті. Күндердің бірінде өзеннің жағасында сиыр бағып жүрген бір тазшаға жолығыпты. Делдаш өзінің бұл жаққа келудегі жайын таныстырып, жауға кеткен елінің малы мен шешесінің дерегін білетін-білмейтіндігін сұрапты. Сонда тазша:
— Cенің іздеп келген жауыңды мен анық білмеймін, бұл — хандар ортасында болған оқиға ғой. Сондықтан, біздің ханымыздың хабары бар ма екен? Осы жағынан астыртын сұрастырып көрсең болады, — деген жауап беріпті.
— Мына бағып жүргенің кімнің сиыры? — деп сұрапты Делдаш.
— Осы біздің елдің ханы — Сиырлыбай патшаның сиыры, — депті тазша.
— Сен бұл сиырларды мынау үлкен өзеннен қайтып өткізіп бағып жүрсің?
— Бір үлкен қызыл қасқа сиыр бар, соған мініп алып: «Бастағыштың сиыры, баста» десем, барлық сиырды бастап өткізеді.
— Осынша көп сиырды қайтіп сауасыңдар?
— Сауылғырдың сиыры сауыл! — десем, барлығы сауылып қалады. Байланғырдың бұзауы, байлан! — десем, еміп болған бұзаулар байланып қалады.
— Мұнан басқа тағы қандай жұмыс істейсің?
— Осы сиырлардың иесі — ханымыздың үш қызы бар. Ханның әмірі бойынша, мен солардың табанын таң атқанша бір қарын маймен сылап шығамын, кіші қызы өте ақылды, табанын сылатпайды, тек жіліншігін ұстап қана ұйықтатамын, — депті тазша.
Делдаш барлық жайды сұрап болғаннан кейін, «осы тазша палуан көрінеді, осымен бір күш сынасып көрейін»,— деп ойлапты да:
— Алыспақ керек пе, шертіспек керек пе? — депті. Тазша Делдаштың палуан екенін біле қойып:
— Шертіспек керек! — депті. Алғашқы кезекті тазшаға беріпті.
Тазша Делдашты шертіп қалған екен, Делдаш сойыл сілтем жерге барып түсіпті. Екінші кезекте Делдаш шерткен екен, тазша бір шақырым жерге барып түсіпті. Делдаш Тазшаға жаңа киімдер және алтын ділда беріп:
— Сиырды мен бағайын, сен өз жұмысыңды істе! — деп ханның азабынан құтқарып, оны еліне қайтарыпты.
Делдаш тазшаның киімін киіп, өз киімін, қару-жарағын Сарыалатегешке бөктеріп, бір тал қу құйрығын жұлып алып қоя беріпті. Сарыалатегештің бір ерекшелігі бар екен, ол — Делдаштан басқа жанды жанына жолатпайды екен. Делдаш қоя берерде алып қалған бір тал қылын тұтатса, қайдан болса да жетіп келеді екен. Делдаш тазшаның орнында ханның сиырын бағып жүріпті. Кешке таман сиырларын өзеннен өткізерде тазшаның айтқан сөздерін ұмытып қалыпты. Тазша кешіккен соң, «бұған не болды?» десіп, ханның қыздары өзен жағасына келсе, тазшаның сиырларды өткізе алмай тұрғанын көріпті. Сонда қыздар:
— Жаңылғырдың тазшасы жаңылып қалғанбысың. «Бастағыштың сиыры, баста!» деп, неге айтпайсың?» — депті. Тазшаның ескертіп кеткен сөздері Делдаштың есіне сонда түсіп, қызыл қасқа сиырды мініп алып: «Бастағыштың сиыры, баста!» — дегенде сиырлар өзеннен өте шығыпты. Сиырды ханның қорасына айдап апарып: «Сауылғырдың сиыры, сауыл!» — десе, сиырлар түгел сауылыпты. «Байланғырдың бұзауы, байлан!» — десе, еміп болған бұзаулар жай-жайына байлана қалыпты. Түн болып, ел жататын мезгіл келіпті. Хан қыздары төсектеріне жатқаннан кейін, бұрынғылары бойынша табандарын маймен сылатып, ұйықтауға әзірлене бастапты. Делдаш та тазшаның істегенін істеп жүріпті.
Делдаштың жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен бұрынғы тазша емес, бұл бір білгіш, ақылды жігіт екенін кіші қыз сезіпті. Оны әпкелеріне де білдірмепті және аяғын уқалауды басқаларға білдірмей тоқтатып қойыпты. Делдаш та бұған мақұл болыпты.
Күндердің бірінде үш қыз серуендеп өзен жағасына барыпты. Серуендеп жүріп өзеннің тұнық суына ар жағынан түсіп тұрған Делдаштың бейнесін кіші қыз көріп қалыпты. Көрген кезде-ақ ғашық болыпты. Делдаш күндіз далада сиыр бағып, кеш батқанда келетіндіктен, оның түр-сипатын ханның қызы көре алмай жүр екен. Делдаштың судағы сәулесін көріп, қайтқаннан кейін оның дидарын көріп сөйлесу, сырласу үшін кіші қызға ой түсіпті. Кешінде сиырдан қайтқан Делдашты оңаша шақырып алып, өзінің махаббат жөніндегі арман-тілегін білдіріпті.
— Біздің ауылда жүргеніңе көп болды. Сенің елге жағымды іс-әрекеттерің, мінез-құлқың менің ой-санамды өзіңе қарай тартып баурап барады, сені сүйемін, өмірлік жар болып өтемін, осы тілегіме қалай қарайсың? — деп сұрапты. Делдаш қыздың сөздерін естіген соң: «Менің үйден шыққан мақсатым: жауға кеткен елімнің кегін алып, ардақты анамды құтқару еді. «Ханның қызын аламын» деп, бір пәлеге қалып жүрсем қалай болғаны», — деген терең ойға шомып отырып:
— Сен болсаң, тамам елді билеген ханның қызысың, мен де сені жақсы көріп-ақ жүрмін. Бірақ сені мен алған күнде әкең: «Түгі жоқ кедейдің баласы тазшаға тиді» деп намыстанып, екеумізге жәбір көрсетсе қайтеміз? — депті. Сонда қыз:
— Сен қорықпа, хан бізге ешқандай жәбір көрсете алмайды. Мен өзімнің сүйген теңімді осы күнге дейін таба алмай келген едім. Енді тауып отырмын. Әкем мені өзі сықылды ханның, немесе байдың баласына бермек. Бірақ мен ханның, байдың баласы деп, өз теңім болмаған ақылсыз әңгүдіктерге қайтіп бармақпын, мен өз сүйгенімнен, теңімнен бұл жалғанда айрылмаспын, өлсем көрім бірге болсын, сенімен! — деп шынайы ойын айтыпты.
Делдаш қызға әбден сеніп, екеуі өзара сөз байласыпты. Сөйтіп, екеуі ойнап-күліп жүріпті. Бір күні қыз Делдаштың мұнда қалай келгендігін сұрапты. Делдаш басынан өткен оқиғаларын түгел айтып беріпті. Күндіз қыз Делдаш сиыр бағатын тоғайға барып, Делдашпен бірге серуендеп қайтып жүретін болыпты. Делдаш Сарыалатегешін көрсетіп, мінгізіп, сейіл құрғызыпты. Бұлар бірін-бірі бірер күн көрмесе тұра алмайтын шын сүйіскен ғашықтар болыпты.
Күндердің бірінде ханның бойжеткен қыздары байға тию жайын сөз етіпті. Бәрі де осылай істеуді лайық көріпті. Бұл мақсаттарын әкесіне сездіру үшін, бұлар үш піскен алма әзірлеп, шешелері арқылы әкесіне жіберіпті. Шешелері алмаларды хан ордасына әкеліп беріпті. Алмаға қызыққан қомағай хан дереу пышақпен кесіп, жеуге ыңғайланғанда әйелі тоқтатып алып:
— Бұл алмаларды жеуден бұрын оның неліктен келгенін ойлан. Алманы үш қызың берген, не үшін саған жібергенін тауып, онан соң жесең болады, — депті. Хан ойланып:
— Қыздарым мені жақсы көріп, әкем жесін деген шығар, — депті.
— Жоқ, бойжеткен қыз піскен алмамен тең, уақыты өтіп кетсе, алма шіриді, бойжеткен қыздың да уақыты өтсе болмайды. Біздің ерге шығатын уақытымыз жетті дегені! — депті шешесі.
Хан еліндегі барлық жігітті жинап, қыздарының алдынан өткізбек болыпты. Қыздарына:
— Қалаған жігіттеріңді алмамен ұрып белгілеңдер! — деп тапсырыпты. Хан айтқанындай, жігіттерді жинап, қыздарының алдынан өткізіпті. Екі үлкен қызы екі байдың баласын алмамен ұрып, сүйгендіктерін білдіріпті. Бірақ бай-кедейі жиналған соншама көп жұрттың ішінен кіші қызына лайық жігіт шықпапты. Хан қарауындағы елінен жан қалдырмай жинатыпты. Сонда да кіші қызының, сүйгені табылмапты. Ең соңында, сиыршы тазшаны шақырып әкелгенде қыз алмасын соған ұсынып, өзінің сүйгендігін білдіріпті. Кіші қызының тазшаны сүйгеніне хан қатты ашуланып, намыстанып:
— Тамам елден адам табылмағандай, жаман тазшаны қалауы қалай? — деп қызын шақырып алып, ел көзінше сұраққа алыпты. Қызды қатты ұялтып, бағытынан тайдырмақ болыпты:
— Менің осынша елімнен саған лайық бір де жігіт табылмай, осы тазшаны сүйдің бе? Өзіңнің теңіңді ұмыттың ба? Ханның, байдың балаларын не үшін қаламайсың? — депті.
— Әке, еліңізде жігіт көп-ақ, бірақ мен бай балалары деп өнерсіз, ақылсыз жігіттерді қаламадым. Өзімнің көңілім тартқан осы бір тазша баланы «өз теңім» деп етегінен ұстап отырмын. Бұл жігітті сіз «кедей тазша» деп жақтыртпағаныңызбен, мен сіздің анау күйеу балаларыңыздан әлдеқайда артық көремін. Ақылы, зеректігі жағынан болсын, олардан жоғары, бұның өнерін кейін көрерсіз! — деп жауап қайырыпты. Қаптап тұрған қалың жұрт қыздың сөзін қолдап ду көтеріпті. Хан ашуланып:
— Егер тазшаға шынымен тиетін болса, мұның отауы ана сиыр қора, соған апарып үй ұстасын да, сонда
жататын болсын екеуі, — деп уәзірлеріне әмір етіпті. Уәзірлері бұл бұйрықты табанда орындапты.
Хан жақсы көрген үлкен екі қызына екі жерден асыл таспен, алтын күмістермен әшекейлеп сарай орнатып, дүние-мүліктерін сарайларына толтырып беріпті.
Бір күні хан ауырып қалыпты, ханның сырқатын көрген бақсы: «Тақсыр, сіздің сырқатыңызға киіктің еті ем болады. Соны алғызып, пісіріп жесеңіз, жазыласыз!» — депті. Хан дереу уәзірлерін шақырып, киік ата алатын мергендерді тауып келуді бұйырыпты. Бұл хабарды естіген екі үлкен күйеуі: «Біз барамыз, киікті біз атып әкелеміз!» — деп сұраныпты. Жақсы көретін сый күйеулерінің бұл талаптарын қабыл көріп, жүйрік аттары мен жақсы садақтарын беріпті. Кіші күйеу баласы Делдаш та баруды сұранса, оны көзге ілмей, қойға жетпес қой торыны, атқанда арқан бойы жерге әзер жететін тозығы жеткен жаман садақты беріпті. Сөйтіп, ханның үш күйеуі бірге тауға қарай аттаныпты. Үлкен күйеулері Делдашты менсінбей, бөлек кетіпті. Делдаш тауға таман жақындап бара бергенде, аттан түсіп, қой торыны қоя беріпті. Қу құйрықты отқа тұтатқан екен, өзінің жан серігі Сарыалатегеш кісінеп жетіп келіпті. Делдаш Сарыалатегешін мініп, өзінің қару-жарағын асынып, тауды аралап келіп, үш киік атып қайтыпты. Жолда киік тұрмақ тірі жәндік ұстай алмай, сымпиып келе жатқан екі мырза бажасына кезігіпті. Бұлар Делдаштың атып алған киіктерін көре салып: «Маған біреуін бер»,— деп жабыса бастапты. Сонда Делдаш:
— Бұл киікті беруден бұрын бір шартым бар: соған көнсеңдер берейін. Шартым мынау: қолымдағы жүзігімді жамбастарыңа бір-бір басайын да екеуіңе екеуін берейін. Осыған көнсеңдер, алыңдар! — депті. Хан алдына құр барудан ұялып, күйеулер бұған мақұл болыпты. Басылған жерде өшпестей із қалатын жүзік таңбасы күйеулерге басылыпты. Делдаш екеуіне екі киік беріп, жөнелтіп жіберіпті. Бұлар жүйрік аттарымен өлі-тірілеріне қарамай, шауып отырып, киікті ханға берген екен. Хан жазылмапты.
Делдаш Сарыалатегешін қоя беріпті. Хан берген қойға жетпес қой торысын мініп алып, аяңдап, өзінің сиыр қорасына келіпті. Алған киіктін, етінен әйелі әйбаттап қуырдақ қуырып, табаққа салып, ортасына сиырдың тезегін қойып, ханға әкеліп беріпті. Хан жеп отырып тәттілігінен тілін тістеп алыпты. Тезекті көріп қалып:
— Дәрілікке киік етін бер десем, сиырдың тезегін беріп масқаралауларың не? Мені ақымақ етпек болдыңдар ма? — деп ашуланып ұрсыпты. Сонда кіші қызы асықпай да, аптықпай:
— Жаққанымыз да тезек, жатқанымыз да тезек, содан түсіп кеткен ғой, — деп жауап беріпті. Бұған хан жауап таба алмапты. Сөйтіп, хан сырқатынан жазылып кетіпті.
Ханның жылқысында бір биесі жылында басы алтын, құйрығы күмістей жылтыраған құлын туады екен. Жылында туған құлынын бір алып қара құс келіп, туған күні-ақ алып кетеді екен. Хан және ханның барлық уәзірлері, батырлары мен құлдары ол құлынды алып қара құстан аман сақтай алмай, жылында қапы қалып жүріпті. Биенің тағы да құлындайтын мезгілі жетіпті. Хан қарауындағы барлық мергендері мен батырларын жинап алып, келген алып қара құсты атып өлтіріп, құлынды аман сақтап қалуды бұйырыпты. Мерген, батырлары жиналып қаракер биенің қасында аңдып тұрыпты. Бұлардың ішінде ханның мырза күйеулері мен Делдаш та бар екен. Бір мезгіл болғанда, алып қара құстың келе жатқан белгісі білініпті. Қатты дауыл соғыпты. Бір уақытта екі қанаты екі туырлықтай, басы қазандай бір нәрсе жерге түйіліпті. Ханның күйеулері мен мергендері үрейі ұшып, талып қалыпты. Делдаш қана қарап отырыпты. Қара құс құлынды іліп, қайта көтеріле бергенде, көздеп отырып атып қалса, құлынның құйрығын жұлып түсіпті. Бұлар бұл жолы құлыннан тағы айрылып қалыпты. Делдаш әлгі құлынның жұлынып түскен құйрығын үйіне апарып, әйеліне сақтатып қойыпты.
Ханның алып қара құсты ұстап, құлынды аман сақтау жөніндегі шарасы таусылған соң, жоғалған құлындарды тауып келу туралы халқына бұйрық беріпті. «Құлындарды түгел тауып келгендерге көп сыйлық беремін!» — деп жариялапты. Сонда ханның мырза күйеулері: «Біз барамыз, тауып келеміз!» — деп рұқсат сұрапты. Кіші күйеу баласы Делдаш та: «Мен барып тауып келемін», — деп рұқсат сұрапты. Хан күйеу балаларының тілегін қабыл көріп, жақсы көрген мырза күйеулерге өздерінің таңдаған аттары мен қару-жарақтарын беріпті. Ал Делдашқа баяғы қойға жетпес қой торыны беріпті. Бұларды ұзақ сапарларына аттандырыпты. Былай шыға бере үшеуі үш жаққа жол тартыпты. Делдаш ел сыртына шыққаннан соң, қой торыны қоя беріп, қойнындағы құйрықты отқа тұтатып, Сарыалатегешін ұстап мініпті де, қару-жарағын асынып, жүре беріпті. Күн жүріпті, ай жүріпті, жылдар жүріпті, күндердің бірінде жапанда өскен бір үлкен бәйтерекке кез болыпты.
Күннің ыстығында шаршаған Делдаш көлеңкелеп, біраз тынығу үшін бәйтеректің түбіне барса, бәйтеректің ұшар басында шырылдаған балапандардың даусы естіліпті. «Бұл қандай жағдай» — деп Делдаш таң қалыпты. Арадан көп уақыт өтпей, бәйтерекке өрмелеп шығып бара жатқан айдаһарды көріпті. Жауыздыққа жаны қас Делдаш қорықпастан атынан түсіп, алмас семсерін қолына алып, жуандығы атан өгіздей, ұзындығы екі арқан бойындай келетін айдаһардың жанына барыпты. Айдаһар бәйтеректен түсіп, Делдашты жұтпақ болыпты. «Қане, мықты болсаң, жұтшы»,— деп ұзын алмас семсерін көлденең ұстап, Делдаш қорықпай, айдаһардың аузына кіріпті. Алмас қанжар айдаһардың езуінен тіліп, құйрығынан бір-ақ шығыпты.
Бұл ғажап батырлықты көрген балапандар Делдаштан: «Сен неткен батыр жансың, бізге сырыңды түсіндірші?» — деп жалына бастапты.
— Мен жолаушы адам едім. Мына теректі көріп, салқындап тынығу үшін әдейі бұрылғанымда мына жауыз айдаһарға тап болдым, — депті Делдаш.
— Сен теректің басына шық. Біздің қанатымыздың астында жат, әйпесе, қазір біздің шешеміз келеді. Ол келгенде алдымен жел соғады. Онан кейін жаңбыр жауады. Артынан күн ашылып, өзі келеді. Шешеміз сені көрсе, қызығып жұтып қояды. Сен көрінбей жат! — депті балапандар. Делдаш балапандардың сөзіне мақұл болып, ұяға шығып жатыпты. Сол кезде алып қара құстың келетін белгісі біліне бастапты, қатты дауыл шығып, нөсерлетіп жауын жауыпты. Балапандар Делдашқа: «Сен енді көрінбей, жасырынған күйінде жата бер. Мынау соққан дауыл — біздің шешеміздің ұшқандағы қанатының екпіні. Мынау жауған нөсер — шешеміздің «балаларым бар ма, жоқ па? Тағы да айдаһар жұтып қойды ма? — деп жылаған көз жасы!» — депті. Соның артынша алып қара құс ұшып келіп, бәйтерекке қоныпты. Алып қара құстың ауыр салмағымен бәйтерек майысып барып қалпына келіпті. Ол ұядағы балаларына жем үшін бір әкелгенде елу киіктің етін бір-ақ көтеріп келеді екен. Алып қара құс қонып отырып жерде өліп жатқан айдаһарды көріпті де, балаларынан:
— Мына айдаһарды кім өлтірген? — деп сұрады. Балапандары: «Біз өлтірдік!» — депті. Алып қара құс балапандарының бұл жауабына сенбепті. Қиялданып отырып адамзат иісінің барлығын сезіп қалыпты да:
— Бұл ұяда адамзаттың исі шығады ғой, — депті.
— Сіз жұтып қоймайтын болсаңыз, біз көрсетеміз, әйтпесе көрсетпейміз, — депті балапандар.
— Болады, көрсетіңдер! — депті алып қара құс.
Балапандар Делдашты көрсеткенде, алып қара құс қызығып кетіп, Делдашты жұтуға ыңғайланыпты. Сонда балапандар шешесіне:
— Бұл адамды неге жұтасың, анау жердегі жатқан айдаһарды өлтірген осы адам болатын. Бұл адам болмаған болса, бізді айдаһар жұтып қоюшы еді. Сондықтан, «жақсылыққа жақсылық» деп шақырып алып, қанатымыздың астында сақтаған, біз! — депті. Сонда мән-жайды түсініп:
— Сен адамзат, бұл жерге қайдан келдің? Не жұмыспен жүрсің? Орындай алмай жүрген не мақсатың бар? Сен бізге көп жақсылық істедің, мен де жақсылық етіп, мұрат-мақсатыңа жеткізіп қояйын, айт! — депті алып қара құс. Делдаш өз өміріндегі басынан өткізген оқиғалары мен қазіргі іздеп шыққан жұмысын түгел айтып беріпті. Сонда алып қара құс: «Сен естіп отыр, мен де бастан кешкенімді айтып берейін саған, менің басымнан өткендер сенің іздегеніңнің бір бөлігіне жауап болуы мүмкін. Мен, осы бәйтеректің басына заманнан бері әр жылы ұя салып, жұмыртқалаймын. Балапандарым есейіп, қара қанат бола бергенде, айдаһар жұтып кетеді. Осы ыза-қайғымен барып, қара кер биенің құлындарын алып келіп жүрген едім. Менің балапандарымды жеп жүрген жауымды жойғандығың үшін, сенің іздеп келген жылқыңды түгелімен қолыңа тапсырайын. Мен әкелген құлындар қазір өсіп, айғыр үйір жылқы болды»,— депті. Оған қоса, алып қара құс тағы да мынаны айтыпты: «Сенің еліңнің малын жаулап әкеткендер- бұл жақта жоқ. Бірақ, мен бұл жайды естігемін. Қазіргі сен тұрған ханның солтүстік жағында бір үлкен тау бар. Сол таудың қойнауын мекен еткен бір ел бар. Біздің жақтың адамдары оларды «қарақшы» деп атайды. Сол қарақшылар «елі бейбіт жатқан бір момын елді тонап, малдарын жаулап әкеліпті» — деп есіткем. Сірә, еліңді тонап, малын жаулаған солар болар. Олардың ішінде бір мықты дәуі бар. Оған баратын болсаң, сенің күшің жетеді. Егер жетпейтіндей болса, мен көмектесемін. Сен қорықпай барып алыс, сен оны жеңбейінше, ол малыңды бермейді». Бұны естіген Делдаш есесі қайтқандай, қатты қуаныпты.
Сөйтіп, алып қара құс барлық жылқыны Делдаштың алдына салып, қанатынан бір тал қауырсын алып беріпті.
— Мына қауырсынды мықты сақтағайсың, қай жер, қай мезгіл болсын, басыңа қиыншылық күн туғанда, немесе мен саған қажетті болсам, осы қауырсынды тұтатсаң, қасыңда әзір боламын, сені сол кездегі қиыншылығыңнан құтқарып, мақсатыңды орындап беремін! — депті.
Делдаш қоштасып, ханның еліне қайтып жүріп кетіпті. Күн өтіпті, айлар өтіпті. Күндердің бірінде, ханның еліне жақындапты. Делдаштың жылқыларды тауып келе жатқан хабарын естіген екі бажасы ақылдасыпты да: «Бұл жаман тазша әр істе бізден асып жүр, бұның бұл ісіне жол бермеу керек», — деген келісімге келіп, жылқыларды тартып алып, ханға өздері апармақ болыпты. Егер бұған Делдаш бой бермесе, екеуі бірігіп, амалын тауып өлтірмек болыпты. Сөйтіп, екеуі жылқыларды айдап келе жатқан Делдаштың алдынан шығыпты. Екеуі сыр берместен Делдашқа жылы шырай білдіріп, жақсы сөздер айтып амандасыпты.
— Делдаш, сен ұзақ сапардан келесің, шаршаған шығарсың, бірнеше күн демалып, осы жерде тынық. Жылқыларды ханға біз айдап бара берейік, — депті. Бұлардың бұзық ниетін білген Делдаш бұған көнбепті.
— Мен неше айлар, жылдар бойы соншалық азаптарды көріп, бұл жылқыларды тауып әкелдім. Енді ханға өзім-ақ айдап барайын, — депті. Екі мырза күйеу: «Бұл жылқылардан өлмей айрылмас, соғысып тартып алуға күшіміз қалай болар, амалын тауып өлтірейік!» — деп ақылдасыпты.
— Сен ұзақ жол жүріп келдің, бұл сапарыңда көп қайрат шығарып, мына жылқыны тауып келдің, біздің мына жердегі саған арнап тіктірген үйімізге барып, қонақ бол, сонан соң, жылқыларыңды айдап ханға барарсың, біз саған жолшыбай көмектесіп барармыз, — депті.
Делдаш өз қару-күшіне сеніп, бұлардан күдіктенбей, әзірленген үйіне қарай беттепті. Есіктен кіріп, төрге қарай жүре бергенде үйдің ортасы ойылып түсіп, Делдаш соның ішінде қалыпты. Сөйтсе, екі мырза Делдаш келерден бұрын, адамдарына екі арқан бойы тереңдікте ор қаздырып, оның үстіне сегіз қанат ақ отау тіктіріп, іші-сыртын үлде мен бүлдеге орап, безендіріп қойған екен. Ордың үстіне білдірмей кілем жауып қойыпты. Делдаш орға түсіп кеткен соң, екі мырза жылқыларды айдап кетіпті. Делдаштың Сарыалатегешін ұстап алмақ болғанда, мырзаларды алдына келсе тістеп, артына келсе теуіп, маңына жолатпай қойыпты және олардың үстіндегі тігулі әсем үйді де оларға алғызбай қойыпты. Екі мырза ұзап кеткен соң, Сарыалатегеш орға құйрығын салса, Делдашқа жетпепті. Оған шылбырды жалғаса да жетпепті. Сарыалатегеш шығарудың амал-шарасын іздестіріп таба алмапты. Делдаш қару іздеп, қалталарын ақтарғанда, баяғыдағы алып қара құстың берген қауырсыны қолына ілініпті. Жалма-жан оны отқа тұтатып, алып қара құсты шақырып алыпты. Алып қара құс Делдаштың халін көрген соң, қанатынан ұстатып, ордан шығарып жіберіпті. Делдаш ордан шыққан соң, Сарыалатегешіне міне салып, екі мырзаның артынан шапқан күйі хан ордасына келсе, екі мырза жылқыларды ханның алдына әкеліп, хан алдында екеуі дауласып тұрғанның үстінен түсіпті. Мырза күйеудің біреуі: «Мен тауып келдім», — десе, енді біреуі: «Бұл тапқан жоқ, мен таптым», — деп таласып тұр екен. Сиырлыбай хан бұлардың қалай тапқанын білмек болып:
— Бұл жылқыны қалай таптыңдар, табудағы әдіс-айлаларыңды айтыңдаршы? — деп сұраса, күйеулері: «Неше айшылық алыстағы тауда жайылып жүрген жерінен айдап әкелдік», — дегеннен басқа ештеңе айта алмапты.
— Жолда не көрдіңдер? — деп сұраса, оған да ештеңе айта алмапты.
Бұлардың дауының үстіне Делдаш кіріп келіп:
— Хан, сіздің жоғалған мына жылқыларыңызды бұлар тапқан жоқ, мен тауып келгемін, бұлардың дауы — құрғақ дау! — депті. Делдашты өлді деп ойлаған екі мырза Делдаштың бетіне қарай алмай ұялып, үн-түнсіз жерге қарап, бас көтере алмапты.
— Ал, қане тазшам, сен жылқыны қалай таптың, табудағы шара-айла, белгілерің болса айт та, көрсет! — депті хан.
— Мен осы жолғы сапарым мен жылқыларды табудың мән-жайын да, бұдан бұрынғы істеген істерімнің жағдайын да айтып берейін, — депті Делдаш.
— Қане, айт, тыңдайын! — депті хан.
— Бірінші, сіз ауырып жатқаныңызда бақсылар сіздің ауруыңызға «киік еті ем болады» деп бұйырып, сіздің әміріңіз бойынша, анау екі мырза күйеу балаңыз және мен үшеуміз аңға шықтық, сол жолы мен үш киік атып алдым. Мынау мырзаларыңыз — тірі жәндік ата алмаған болатын. Бұлар маған келіп, киік ата алмағандарын айтып, менің атқан киігімнің екеуін сұрап жалынған соң, бұлардың разылығы бойынша жамбастарына мөржүзігімді қыздырып басып, екеуіне екі киікті берген болатынмын. Жалған десе, сондағы менің басқан мөржүзігімнің таңбасы әлі бар шығар, сенбесеңіз, қарап көріңіз. Екінші, қара кер бие құлындап, қарауылыңыздағы барлық мергендер мен батырларды жинап, құлынға қорғаушы қойғаныңызда, солардың ішінде екі мырзамен мен де бар болатынмын. Алып қара құс құлынды іле жөнелгенде, жиналған тамам мергендер талып қалған. Сонда мен ғана оқ шығарғам, алып қара құстың тұяғындағы құлынның құйрығын түсіріп қалғам, сол уақыттағы құйрық қазір үйімде сақтаулы тұр. Сен барып, әкеле қойшы, — деп әйелін жұмсапты. Мына келген жылқылардың ішіндегі шолақ қара айғыр сол кездегі құйрығы үзіліп қалған құлын болатын. Жұлынған құйрық пен қара айғырды салыстырып көріңіз. Үшінші, алып қара құстың бар жерін тауып, неше жылдан бері жоғалып жүрген құлындарды әкелуді үшеуімізге тапсырған едіңіз. Алып қара құстың туған балапанын жеп кететін айдаһарды мен өлтіргенім үшін, алып қара құс барлық жылқыны алдыма салды. Жылқыны айдап келе жатсам, мына екеуі алдымнан шығып, тартып алыспақ болды. Бірақ күші жетпесін білген соң, мені алдап қонаққа шақырып, қапыда орға түсіріп кетті. Міне, мынау — менің өлтірген айдаһарымның жотасынан тіліп алған шылбырым еді, — деп көрсетіпті.
Хан Делдаштың айтқандарын түгел тексеріп көрсе, жағдай дәл соның айтқанындай шығыпты. Барлық жайды көріп ұққан соң, өнерсіз өтірікші екі үлкен күйеуін өз жөндеріне жіберіпті.
Делдаштың үйін мал қорадан шығарып алып, арнаулы отау тігіп беріпті және Делдашты өзінің бас уәзірі етпек болыпты, Делдаш бұған көнбепті. «Бұл сияқты ақиқатсыз ханның уәзірі болғанша, болмағанның өзі артық», — деп кетуге әзірленіпті.
Делдаш жауға алдырған шешесі мен елінің малын іздеп табу туралы әйелімен ақылдасып, қару-жарақтарын асынып жорыққа аттанып кетіпті. Алып қара құстың айтқаны бойынша неше күн жол жүріп, таулардан да, сулардан да, шөлдерден де өтіпті. Күндердің бірінде өрісте сиыр жайып жүрген сиыршыға кезігіп: «Мынау — кімнің сиыры?» — деп сұрапты. «Дәудің сиыры», — деп жауап беріпті сиыршы. Мұнан өтіп, бірнеше бел асқан соң, қалың жылқы мен қой көрініпті. Делдаш бұларға барып, жылқышы мен қойшылардан: «Бұл — кімнің малы?» — деп сұраса: «Пәлен дәудің малы», — деп сиыршының айтқан жауабын қайталапты. Мұншалық көп малдың дәуге қалайша біткенін сұраған Делдашқа жылқышы: «Бұл мал, әсілі, дәудің малы емес, олжаланып келген мал болатын. Өзің шыққан ханның елінің ар жағында бір жуас, момын ел бар. Керек десе, ол елдің бетке ұстар азаматы да, батыры да жоқ еді. Бұдан он шақты жыл бұрын, осы малдың қазіргі иесі болып отырған дәу қол астындағы барлық әскерін жинап барып, сол елдің момындығын пайдаланып, елін шауып, жас қатын-қыздарын жаулап, малдарын түк қоймай, айдап әкелген болатын. Сонымен бұл байып кетті. Біз де жауланып келгенбіз, сол жаугершілік кезде қатты қырғын болып, ел қатты күйзеліп кеткен болатын», — депті.
Бір қойшы сол соғыста қолға түскен бір қатынды дәу өз үйінде күң орнында ұстайтынын айтыпты. Делдашқа: «осы менің шешем болу керек» деген ой келіпті. Қойшы тағы да: «Ол кемпірдің дәудің үйінде істейтін жұмысы: күндіз кешке дейін тезек теру, от жағу, мал сауу, күндіз тыным, ұйқы жоқ бейшарада, ең қатты қинайтын жері: отты жалаңаш қолмен көсеттіреді, қысқашпен көсеуіне рұқсат етпейді. Қолы отқа күйіп, көн болып қатып кетіпті. Бәрінен осынысы қорлық болып отыр. Кей кездері оңашада бізге мұңын айтып, жылайды, бейшара. «Менің артымда қалған Делдаш деген бір балам бар еді. Ендігі ержеткен болу керек, ол тірі болса, мені іздеп бір келер» — деп. Сол баласын көп айта береді, — депті. Бұл әңгімеден кейін Делдаш ол кемпірдің өзінің туған шешесі екенін біліп, оны көргенше тағаты қалмай, бақташылардан сол дәудің үйінің қай жерде екенін сұрапты. Малшылар дәудің үйін көрсетіпті. Дәуге ашу-ызасы өзендей тасып, қатты қаһарланған Делдаш бар күшін бойына жинап, дәудің үйін іздеп, суыт жүріп кетіпті.
Бұл күндері Делдаштың шешесінің қабағы тартып, суалған омырауының сүті ағып болмапты.
— Суалған көзі тартады, Күлетін күн жақын ба? Тандыр омырау иеді, Делдашым келе жатыр ма? — деп тезегін тере беріпті.
Делдаш іздеп жүріп, дәудің үйін тауыпты, үйіне кіріп барса, дәу төсегінде шалқасынан түсіп жатыр екен де, бір үлкен бәйбіше жұмсақ құс төсекте керіліп отыр екен. Олар үйге кірген Делдашты көзге ілмепті, тіл қатпапты, онымен жұмысы да болмапты. Делдаш «шешем қай жерден көрінер екен?», — деп жан-жағына қараумен болыпты. Бір кезде бір қап тезек көтеріп, бір күң үйге кіріпті. Ол от жағуға ыңғайланып, бәйбішеден от көсеуге қысқаш сұрапты. «Саған берген қысқаш қор болмай ма, от жаққың келсе, қолыңмен неге көсемейсің?» — деп, қысқашты бермей қойыпты. Делдаш өзінің шешесі екенін білсе де таныстық бермей, алдымен шешесін құтқаруға кірісіпті. Шешесі Делдашты танымапты. Делдаш дәудің бәйбішесіне қарап:
— Ей, қатын, мына кісіге қысқашты неге бермейсің, жаныңның тірісінде бер, әйтпесе, мен саған қазір көретініңді көрсетем! — деп ақыра сөйлепті, ашуға булығып.
Делдаштың ақырғанына оянған дәу:
— Ей, сен кімсің, соншалық, ақыра сөйлейтін? — депті.
— Мен жоқ іздеуші адаммын, сен өзің кімсің? — депті. Ақыры екеуі егесіп, соғысуға айналыпты, Делдаш дәуге:
— Шертіспек керек пе, алыспақ керек пе? — депті. Сонда дәу өзінің күшіне сеніп: «Алыспақ керек!» — деп жауап беріпті. Екеуі далаға шығып, алыса түсіпті. Таңертең алысқаннан түс ауып, қас қарайғанға шейін алысыпты. Ең соңында дәу бала Делдашты аударып жығып алып, Делдашқа өлім қаупі төніпті. Сонда Сарыалатегеш кісінеген күйі дәудің артынан келіп, желкесінен тістеп жұлып алыпты. Дәудің үстіне шыққан Делдаш алмас семсерімен дәудің басын бір-ақ кесіп алыпты. Дәу өлгеннен кейін, Делдаш шешесіне барыпты. Таныстық беріпті. Шешесі: «Жалғанда көрген жалғызым-ай, сені де көрер күн болады екен ғой!» — деп, жылап көрісіпті. Делдаш шешесін жұбатып, мауқын басыпты. Билік Делдаштың қолына өткеннен кейін, өз елінен дәу тұтқындап алып келген бағанағы қойшыны дәу елінің бастығы етіп, сиыршы мен жылқышыны оның ақылшысы етіп сайлапты.
Делдаш шешесін, әйелін ертіп, барлық малын айдап, еліне қайтыпты. Еліне аман-есен келіп, қалың елмен құшақтасып көрісіпті. Өз үйіне келсе, әкесіне жинап беріп кеткен таудай отыннан бір жағым, үйдей еттен бір асым, жеңді білектей судан қанжығадай қалған екен. Баласы мен әйеліне қайғырып, жылай-жылай екі көзден айрылып, үйінде жатып қалған әкесі әйелінің, баласының келгеніне және елінің мал-дүниелерінің аман келуіне қатты қуаныпты. Көзі қайта ашылып, өзі қайтадан жасаңғырап кетіпті. Қалың ел Делдаштың қуанышына үлкен той жасап, ат шаптырып, ойын-тамаша көрсетіпті. Делдаш айдап келген сан-санақсыз көп малды той үстінде кедейлерге түгел таратып беріпті. Күйзелген елдің тұрмысы, күйі қайтадан көтеріліпті.
Делдаштай батыры, ері тұрған бұл елге бұдан былай ешқандай жау тиісе алмайтын болыпты. Бұлар бейбіт, рақатты тұрмыс кешіріпті. Халық Делдашты «Ел үшін туған — ер» деп атапты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі