Есте жоқ ескі заманда Сыр бойында 32 рулы елді билеген Қызыл Арыстан деген хан болады. Бұл ханның төңірегінде бес жүз түтін төлеңгіті бар екен. Ол өзінің жасақтары мен төлеңгіттерін бастап соғыс жорықтарына аттанып ырғын олжа, көп тұтқын түсіріп қайтып отырады.
Бір жорықта асқан сұлу бір қыз тұтқын болып қолға түседі, хан бұл қызды алады. Бір мезгіл өткен соң ханның әлгі тұтқын әйелі жүкті болып, тұла бойы түгел ала бір ұл туады. Мұны сұмдық жаман ырымға жорыған хан да, қарашылары да қатты қысылып, қайтерін білмейді. Ханның бәйбішесі «ала» баланы аулақ апарып, Сырдарияның суына тастап жіберіп, құтылуды ұйғарады. Ханның жасауылдары мен бөкеуілдері ала баланы апарып Сырдарияның суына тастап жібереді де, қайтып кетеді. Сырдариядан балық аулап жүрген бір кедей кәрия дарияға ағып бара жатқан баланы көріп, секіріп суға түсіп құтқарып алады да, шөп күркесіне алып келеді. Бұл кәрия баласыз адам екен, ала баланы асырап ержеткізеді. Кедей шалдың шөп күркесінде өскен ала бала асқан ақылды және батыр азамат болып, «Алаш» деген аты жұртқа жайылады.
Мұны естіген хан оны ордасына әкелмек болады. Бірақ ханның қасындағы қарашылары Қотан бай мен Майқы би: «Ала баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт қосып беріп өз еркіне қоя беру керек» деген кеңес береді.
Хан бұл кеңеске мақұл болады. Сонымен Қотан байдың үлкен ұлы үйсін бастаған жүз жігіт Алашқа барып қосылады. Келесі жылы Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігіт барып қосылады. Үшінші жылы Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігіт барып қосылады. Бұлардың бәрі де ержүрек жігіттер екен. осы үш жүз жігіт ешкімге бағынбай Алашқа еріп еркін жүріп, ерлік жорықтар жасап, төңірегіндегі елдерді бағындырып «Қазақ» деп аталады. Мұның мәнісі: «ержүрек еріктілер», «еркін адамдар» деген сөз еді.
Кейін бұлар бас қосып ақылдасып, Алашты ақ киізге отырғызып хан көтеріп, «Алаш хан» [«Алаша хан»] атандырады. Өзара кеңесіп өріс-қоныстарын бөліседі. Қотанбайдың үлкен ұлы үйсін бастаған жүз жігітке (ұлы жүз) Сырдарияның басындағы жерлер; Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат баста ған жүз жігітке (орта жүз) Сырдарияның орта өңіріндегі жер лер; Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігітке (Кіші жүз) Сырдарияның төменгі саласындағы жерлер беріледі.
Қазақ қауымы өз еркімен Алашқа барып бас қосқан осы үш жүз жігіттен таралыпты. Қазақтардың «Атамыз — Алаш, атымыз — қазақ, үш жүздің ұрпағымыз», — дейтіні осы екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі