Өлең, жыр, ақындар

Ас үйдің көркем әлемі

Кез келген жағдай мен ақпаратты жүрегіне жақын қабылдайтын мен ғана ма? Барлық дүниені әсірелеп, “қызғылт көзілдірік” тағып былайша айтқанда қиял әлемінде жүретінім рас. Бірақ бүгінгі жазба дейсіз бе мақала дейсіз бе менің сезімдеріме, болмысыма емес, жаздағы тәжірибеме байланысты.

Үйдің үлкені, кәмелеттік жасқа толмағандықтан жұмыс істеуіме ата-анам басында қарсы болғаны рас. Бірақ жазда құр уақытымды керек емес дүниеге арнағанша жұмыс істеп, бір мақсатыма қаражат табайын деген шешімге келдім. Бір жағынан өзімді сынап көргім келді, бір айға да жетпей, шыдамым таусылып шығып кетемін бе әлде басқалай ма?

Мен бірнеше ай белгілі бір жұмысты армандадым, бірнеше рет өтініш тастап көрдім де, бірақ техникалық себептерге байланысты (оны кейіннен білдім) бұйырмады. Ақша жағынан аяқ асты туындаған қиындық мені Wendy’s ге алып келді. Әлеу желіден дәл осы мейрамханаға қызметкер керектігін біліп “нар тәуекел” деп жаза салғаным сол еді, бірден тілдесуге шақырды. Солай бірнеше күннің ішінде үш ұйықтасам да түсіме кірмеген жұмысқа қабылдандым да қалдым.

Мен Wendy’s де, дәл осы мейрамханада алғаш тәжірибе алғаныма қуаныштымын. Себебі:

1. Ең бірінші кезекте әрине әріптестер. Сіздер білсеңіздер ғой, бұл жақтағы әр қызметкердің бір біріне деген сыйластығы, бауырмалдығы, қамқорлығының қандай екенін. Өмірімде осындай ұйымшыл әрі “позитивті атмосферасы бар” команданы көрмеппін. Әр жаңадан келген қызметкерге деген құрметі, мейірімділігін сипаттауға сөз жетпейді. Қателік жіберсең сөгіп, ұрыспай керісінше енді қайталамайтындай түсіндіріп, жақсы әсер қалдырады. Wendy’s қызметкерлері туралы жаза берсем кете берері рас.

2. Тазалық. Басқа жеңіл тамақтанатын мейрамханаларда тазалықтың жоғы туралы қауесет көп. Ал мен жұмыс жасаған жерде өте таза. Ішкі асханасымен жіті таныс болғандықтан біз қызметкер ретінде әрбір адамға ұялмай жарнамалайтындай деңгейде болдық.

3. Сапа. Басқа тез даярланатын тағам жасайтын жерлерге қарағанда нағыз сапалы фаст-фудтың бейнесін көрдім. Ең бірінші орынға сапа мен қонақтардың ризашылығы қойылады. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланыста екені айтпай ақ белгілі. Күнделікті көкөністер ауыстырылып, жаңадан жасалынады. Егер сіз бұны жарнама деп ойлап отырсаңыз қателестіңіз, себебі бұл дәл солжерде жұмыс істеп, жетік таныған қызметкердің атынан жазылған пікір, жеке ой.

Соңғы жұмыс күнім аяқталып, барлығымен қоштасар кезде бауыр басып қалғанымды түсіндім. Егер де оқуым алыс болмаса мен Wendy's-де қалып, ары қарай да қызмет ете беруші ме едім. Бірақ дәл қазірге менің мақсатым мен міндетім сапалы білім алу. Жазда тапқан табысым өзімнің біліміме, тәжірибеме инвестиция болды, оған Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Ал Wendys ге, оның қызметкерлеріне мен тек сәттілік.

 

Жазба авторы: Жанайым Өмекбай

"Ұлан" газетінің жас тілшісі

СДУ 2 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Жани

????????

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз