«1888 жылдың дауылды бір күні еді. Кәрі Каспий әлденеге ашуланғандай арындап, ақ бас толқындарын шыңға соғып жатты. Жар жиегіндегі көгалда күмістей ақ сақалы төсін жапқан бір қария отырды. Оның өткір қара көздері бір нүктеге қадалған. Қария салалы саусақтарымен перне қуып, ақ үкілі домбырасын шертіп қояды. Оның домбырасынан теңіз толқынындай арындаған асау күй төгіледі.
Арындаған асау күй екпіндеп соққан дауылмен дүниені шарлап бақты. Халық қарияның маңына шоғырлана түсті. Күйші қарт домбырасын бұрынғыдан да гөрі екпіндете шертті. Қос ішекті безілдетіп қаққан сайын қарияның құлағына орап тастаған ұзын мұрты дауылпаздың қанатындай желпілдеді де тұрды. Төсін жапқан сақалы саусағына келіп оралады. Қария сақалын екі айырып, иықтан асыра артына қарай серпіп тастады да, домбырасын қайтадан шерте бастады.
Қолына кішкене ғана домбыра ұстаған жасөспірім қыз бала қарияның жанына келіп отыра кетті. Қария күйін доғарды да, жас гүлге көз тікті. Тек осыны ғана күтіп отырғандай, жас қызғалдақ қарияның әлгі күйін ала жөнелді. Оның перне басқан сәби саусақтары көз ілеспес шапшаңдықпен ойнады да, отырды. Қарияның жаны әбден сүйсінгендей күліп жіберді. Ол қуанғаннан көз жасы моншақтап, жас баланы мейірімді құшағына қысып, оттай жайнаған қарашықтарынан кезек-кезек сүйді.
— Айналайын, қарағым, қыз да болсаң, мұрамды ұстарлық болып туыпсың. Көп жаса, қызым, көп жаса! Мен осы күнге дейін:
Жан шошыр бастан өтті талай майдан,
Шыққан жоқ атқан оғым терең сайдан.
Екпінді кек күйіне күш беретін
Ұл туар дәл өзімдей ана қайдан? —
деп налып едім. Өркенің өссін, қарағым, мұрамды менің алып қал. Бұл тартқаның қандай күй? — деді қария.
— Бұл күйді «Көбік шашқан» деп атаса да, болар еді, — деді қыз бала.
— Тауып айттың, қарағым. Күйдің аты — «Көбік шашқан», бұл — кек күйі, халық қаһары. Атың кім сенің, қарағым? — деді күйші.
— Менің атым — Дина, — деді қызғалдақ.
— Мерейлі бол, Динажан, мен — кек күйшісі Құрманғазымын. Тәрбиешім Махамбет ақын — Исатай ердің серігі, халық үшін жан берген. Сол ерлердің ұраны, сол күрестің дабылы — мынау егіз ішекте.
Мұрамды саған тапсырдым, халыққа жеткіз күйімді! — деп, қария қызғалдаққа үкілі домбырасын ұсынды.
— Егер де маған, атажан, шынымен сеніп берсеңіз, кек ұрандас күйіңізді халыққа ойнап беруге жас жүректен ант етем! — деп, қыз бала тізерлеп отырды да, домбыраны қолына ұстап, сүйіп-сүйіп алды».
Міне, Құрманғазы мен Динаның кездесуі жөнінде де ел осылай аңыз етеді. Ардақтымыз Дина ана осы антын адал орындады. Ол күй атасы Құрманғазыдан алған асыл мұрасын алтындай сақтап, қазақ халқының қымбатты қазынасына табыс етті.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі