Маусымдық аллергия кезінде аллергологтарға жүгінетін науқастардың саны күрт артады. Әдетте көктем мен жаз мауысымында асқынатын аллергия қазір кейбір адамдарда күзге ауысқан.
Аллергия – кең тараған аурудың бірі. Індеттің өршитін үш кезеңі бар.
Бірінші кезең сәуірдің ортасынан мамырдың соңына дейін созылады. Бұл уақытта қайың, емен, терек сияқты ағаштар тозаңданады.
Екінші кезеңде, яғни маусым-шілде айларында шабындық шөптер гүлдейді.
Ал үшінші кезеңде аллергетиктерді жусан иісі мазалайды.
Барлық науқас түшкіріп, жөтеліп, денесі қызара бөртіп, мұрнынан су ағып, мазасызданады. Бұл бір қарағанда тұмау тиген адамның белгілеріне ұқсайды. Бірақ тұмаумен ауыратын адамдар өздерін әлсіз сезінеді. Ал аллергия кезінде ондай әлсіздік болмайды. Маусымдық аллергияны емдеудің жалғыз жолы – аллерген-арнайы иммунотерапия.
Белгілі болғандай, бұл әдіс бойынша әуелі сынама жасалып, дәл қай шөптерге аллергия бар екені анықталады. Кейін сол шөптермен ем-дом жасалады. Бастапқыда денеге аллергендердің төмен дозасы енгізіліп, кейін бірте-бірте мөлшері жоғарылайды. Осылайша ағза жаттығады. Аллерген-арнайы иммунотерапия арқасында адамның жаңа реакцияларға деген әсері жойылып, аллергендерге деген сезімталдығы азаяды немесе тіпті толықтай жойылады деуге болады.
Бұл иммунотерапияның алдында тексеруден өтіп, арнайы сынақтарға қан тапсырып және аллерголог-иммунологтың кеңесін алу қажет. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Жас ерекшелігі бойынша «аллергиялық вакцинация» алты жастан бастап алынады.
Қоздырғыштармен байланыс үзілсе, аллергия да басылады. Сондықтан аллергендерден қорғану – мамандар беретін ең алғашқы кеңес. Сондай-ақ, ыстық немесе желді күні сыртқа шықпауға тырысу керек. Далаға шығатын ең қолайлы ауа райы жаңбырдан кейінгі уақыт, жаңбыр ауаны тозаңдардан тазартады. Үйге кіргенде сыртта киген киімді бірден шешіп, суға шомылу керек. Осылайша дене мен шашқа қонған тозаңдарды жоюға болады. Сүлгі мен төсек жаймаларын сыртқа жаюға болмайды. Түнде есік-терезені жауып ұйықтаған дұрыс. Ауада өсімдік тозаңы ең көп болатын таңертеңгі уақытта далада жұмыс істемеу керек. Бөлмедегі ауаны таза ұстап, едендерді жиі жуып, тазартып отыру керек. Көлік пен үйде ауа кондиционерін ара-тұра қосып қоюға болады. Сұйықтықты көп ішу қажет. Су, шырын немесе өзге де сусындар мұрынның бітелуін жеңілдетеді. Шай, сорпа немесе жылы сұйықтықтар одан да жақсы көмектеседі.
Үй ішіндегі аллергендерді жою үшін химиялық тазартқыштардан гөрі сірке суы немесе ас содасын қолданған жөн. Химиялық заттар тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, симптомдарды күшейтуі мүмкін. Темекі түтінінен де аулақ болу керек. Аэрозольді спрей, ағаш отынның түтіні де жағдайды ушықтырады. Бақшадағы жұмыстарымен айналыспау керек. Айналысқыңыз келсе, арнайы маска таққан дұрыс. Сондай-ақ орманды жерлерде серуендемеген жөн. Бұл да маусымдық аллергияны жеңілдетуге көмектеседі.
Ауру қатты мазалаған кезде үй жағдайындағы ең оңай ем – бумен ингаляция жасау. Бұл әрекет мұрын мен тыныс жолдарын ашып, аллергияны жеңілдетеді.
Әлемнің бірде-бір елінде аллергиямен ауыратындар саны туралы нақты статистика жоқ. Себебі науқастар әртүрлі мамандарға, педиатрларға, терапевттерге, ЛОР дәрігерлеріне, пульмонологтарға жүгінеді. Кейбіреуі ғана аллергологтың алдына келеді. Ел мамандарының бақылауына сәйкес, отандастарымыздың үштен бір бөлігі аллергиядан зардап шегіп жүр.
Оқуға кеңес береміз:
Аллергиядан дәрі-дәрмексіз құтылуға бола ма?
Маусымдық аллергиядан қалай құтылуға болады?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Айна
Көз қышығанына көзге арналған тетрациклин мазь (глазная терациклиновая мазь) жақсы көмек көрсетеді.