Өлең, жыр, ақындар

Шетелдік брендтермен серіктестік орнатқан қазақ қызы

Каллиграфия – жай ғана жазу емес, өнердің ерекше түрі. Әріптер мен сызықтардың көркем үйлесімі арқылы адам ойы мен сезімін бейнелеуге мүмкіндік береді. Бұл өнердің тамыры тереңде жатыр: каллиграфия ежелгі замандардан бастап мәдениет пен дәстүрдің айнасы болып келген. Қытайдың иероглифтерінен араб жазуына дейін, әр өрнек тарих пен философияның бір бөлшегін жеткізеді. Қазіргі уақытта каллиграфия тек хат жазу өнері емес, сәндік элемент, шығармашылық өрнек ретінде кеңінен қолданылады. Оны үйрену – сабырлық пен ұқыптылықты талап ететін жол, ал шеберлікке жету – ерекше талант пен көп жылдық еңбектің нәтижесі. Каллиграфияның әрбір сызығы мен әріпінде суретшінің жан дүниесі көрініс тауып, әр жұмыс бірегей туындыға айналады. Бұл өнердің құпияларын ашу үшін каллиграфия шебері Аружан Төлеповамен сұхбат құрдық. Ол - Қазақстанға белгілі каллиграф. Тіпті жаһанға танымал брендтермен серіктестік орнатқан. Сөзінше, отбасында талантты жан жоқ, барлығы өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ендеше, бұл өнерге келуіне не түрткі болды? Талант иесінің өзінен білейік.

Алғашында хобби ретінде айналыстым

Каллиграфияға қашаннан қызығасыз? Осы өнерге қызығуыңызға не түрткі болды?
- 2020 жылдары өнерге интернет желісінен көріп,қызығушылығым оянды.Түрлі ұстаздардан онлайн білім алдым. Алғашында жай жақсы көріп,сұлулыығына қызығып,хобби ретінде айналыстым. Жазып отырып уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың. Басқаша сезім:тыныштық,тіршіліктен дем алу. Кейін картина, ашықхат,логотипке тапсырыстар түсе бастады. 

Араб және латын каллиграфиясымен  айналысады екенсіз. Қандай да бір тілдің каллиграфиясымен айналысу үшін ол тілді меңгересіз бе?

- Негізі ниеті бар кез келген жан тіл білмесе де үйреніп кете алады. Ең бастысы шынайы қызығушылықтың,табандылықтың болуы.  Ал оқи алатын болса,тіпті керемет. Мен басында оқи алмасам да жай қайталап жазып көре беретінмін. Кейінірек қабілетті дамыту жолында жазған мәтінді оқи алу да маңызды болды. Оқу бөлек,жазу бөлек қабілет. Бірақ сол салада мықты маман болу үшін жазумен қатар оқи білу де керек, бір-бірімен тығыз байланысты.

Хобби мен мамандықты қатар алып жүру қиын ба? 

Берген сұхбаттарыңызда IT менеджмент маманы екеніңізді атапсыз, осы өнерді және мамандығыңызды қатар алу қиынға соқпай ма? 

- Негізі қазіргі фокусым өз мамандығымда. Ал бұл өнерге бос уақытымды арнаймын. Жан рахаты үшін айналысамын. Бірақ алғашында белгілі бір деңгейге жету үшін бар уақытымды, зейінімді қойдым. “Каллиграфияда бір күн жазбағаныңды үш күн есіңе түсіресің деген” қағида бар. Мүлде ұмытып, уақыт бөлмей кетуге де болмайды. Ниеті бар адам барлығына уақытты дұрыс жұмсай алады деп ойлаймын. Сонымен қатар мен бұл салада әлі өзімді шәкірт ретінде көремін. Бұл өнерде шек жоқ. Көп Уақыт бөліп,практика тәжірибе көбейген сайын, жазу да шыңдала береді. 

Каллиграфия жас талғамайды 

Каллиграфия сіз үшін не? 

- Каллиграфия мен үшін - сұлулық, жан тыныштығы. Қазіргі ақпарат көп, қарбалас заманда миды тыныштандыратын бөлек әлем секілді. Осының бәрінен соң қосымша табыс көзіне де айналды. Өнеріме қызыққан жандардан түрлі ұсыныстар түсіп жатады.. Жалпы бұл өнерді бастаған соң өміріңнің бір бөлшегі деп қарау керек. Себебі мұнда “болдым,толдым” деген нәрсе жоқ. Әлемге танымал ең қымбат суретші Пабло Пикассо каллиграфия өнеріне таңданысын былай сипаттайды: “Мен сурет салудың ең биік нүктесіне жеткім келген уақытта араб каллиграфиясының менен озып кеткенін түсіндім”. 

Тап осы өнерге қызығып жүрген жандарға айтарыңыз бар ма? Нені ескеру қажет? 

- Каллиграфия үйрену жас талғамайды. Дегенмен, неғұрлым ерте үйренсеңіз соғұрлым жақсы. Каллиграфия ми жұмысының жақсаруына, табандылық,сабырлық қасиеттерінің дамуына, зейінді арттыруға көмектеседі. Каллиграфия  тек жазудың әдемі болуымен шектелмейді. Сіз болашақта  қай саланың маманы болсаңыз да сізге қажет түрлі қасиеттерді бере алады. Тіпті дамыған Қытай,Жапония елдерінде каллиграфия арнайы пән ретінде оқытылып, кейбір үлкен компаниялар қызметкерлеріне жұмыс арасында арнайы каллиграфия сағатын қойған. Себебі каллиграфия адам бойында жетістікке жетелейтін қасиеттерді, еңбекқорлық,сабырлық,табандылық, ми жұмысы, жан тыныштығы, шыдамдылық, сонымен қатар сұлулыққа ,тазалыққа  үйретеді. Каллиграфия кімге не жетіспейді соны бере алады. Тіпті мынадай нақыл сөз бар: “Каллиграфия кедейге байлық,байға билік,биге әдемілік береді.” 

- Каллиграфияны өнер деп қарастырсақ, талант бұл салада қаншалықты рөл ойнайды? 

- Мұны ниеті бар кез келген жан үйрене алады. Маңыздысы шынайы қызығушылық пен еңбек,практика. Жазуыңыз нашар болса да, суретке қабілетіңіз болмаса да, мүлде жазу-сызу өнерінен алшақ адам болсаңыз да үйрену мүмкін. Каллиграфия үйрену жас талғамайды.Маңыздысы дұрыс ұстаз табу және өзіңнің бар ықласыңды салып,беріліп жасау.

- Әлемдік брендтермен серіктестік орнатыпсыз, сол туралы толығырақ айтып берсеңіз…. Алғашқы серіктестіктегі әсеріңіз?

- Ең алғаш бренд ашықхаттарын жазуға ұсынысты инстаграм желісі арқылы алған болатынмын. Ең алғашқы серіктестігіміз танымал брендтер желісі Алматы қаласындағы Французский Домда болған еді. Сезім өте ерекше болды. Ол кезде мен ондай ұсыныс алуды күтпеген едім. Маған қатты ұнады және еңбегіме,өнеріме сай жоғары бағаланды. Инстаграмнан жұмыстарымды байқап, мені маман ретінде таңдаған Французский Дом басшылығына алғысымды білдіремін және серіктестігіміз 2 жылдан бері жалғасуда. Жалпы шет елде бұл өнер өте жақсы дамыған және каллиграфтар құрметке ие, жұмыстары жоғары бағаланады.

Каллиграфтың бала арманы

- Әр адамның бала арманы болады. Сіздің бала күнгі арманыңыз не еді?

- Бала кезде өзімді танымал адам ретінде көретінмін. Мүмкін әнші,мүмкін дизайнер деген секілдіі. Өсе келе әнге қабілетім жоқ екенін түсіндім. Бос уақытымда суреттер салатынмын. Жай әуесқой суреттер салдым. Суретші ретінде білімім болмады. Бірақ іштей жеке өзімнің шығармашылық туындыларым болғанын қаладым. Математика,физика пәндерін жақсы оқыдым. Логикаға жақын едім.Қазіргі мамандығымды соған сай етіп таңдадым. Ал каллиграфия хобби ретінде дамыды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: 

Әбдірахман ҚАЙРАТ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз