Өлең, жыр, ақындар

Бала жүрекке жақын сөз…

2024 жылдың 23 қаңтарында Алматы қаласы, Наурызбай ауданындағы №174 мектеп-гимназияда ерекше әдеби-мәдени кеш өтті.

Бұл шара балалар әдебиеті мен шығармашылығын насихаттауға, жас ұрпақты газет-журнал оқуға баулуға және олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Кеш «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханасы мен парламентінің бірігуімен ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, биыл «Ақ желкен» журналына 100 жыл, ал «Ұлан» газетіне 95 жыл! 

Фото: авторданФото: автордан

Іс-шараға еліміздегі беделді балалар басылымдарының бас редакторлары мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, Республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы әрі ақын Ерғали Бақаш, сондай-ақ Республикалық «Ақ желкен» журналының жауапты хатшысы Досхан Жылқыбай болды. Шарада олар балаларға арналған басылымдардың құндылығы туралы айтып, оқушылармен маңызды ойларымен бөлісті.

«Қазір сіздер TikTok, Instagram және т.б желілерде отырасыздар ғой. Біздің сол желілеріміз кезінде осы газет-журнал еді. »,-деп Досхан Жылқыбай балаларды қызықтырып, сөз бастады. 
 

Фото: мектеп-гимназияның жас ақындары

Мектепте медиа-студия қарқынды жұмыс істейді. Бұл туралы да сөз қозғалды:

«174 мектеп-гимназиямен жақсы таныспыз. Әбдірахман деген жас тілшіміз бар. Мектептеріңіз әдемі екен. Балалар, сіздердің жарқын жүздеріңізді көріп, қуанып отырмыз.» -, деді Жадыра Нармаханова.

Жас тілші куәлігінің қайта табыстау рәсімі өтті:

 «Әбдірахманның атасы Қайрат Әлімбек кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор еді. Міне жолын жалғап, немересі Әбдірахман да келе жатыр. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы…»,-деп Ерғали Бақаш куәлікті табыстады. 

Бұл кеш балалар әдебиеті мен журналистика саласын насихаттауды ғана емес, жас буынның таным көкжиегін кеңейтіп, олардың шығармашылыққа деген ынтасын арттыруды көздеді. Оқушылар балалар баспасөзінің тарихы, мақала жазу ерекшеліктері мен жас тілші болу жолдары туралы құнды мәліметтер алды.

«Бала жүрекке жақын сөз» атты әдеби-мәдени кеш – балалар әдебиеті мен шығармашылығын дәріптеудің жарқын үлгісі болды. Осындай кездесулер арқылы балалардың әдебиет пен журналистикаға деген қызығушылығы артып, олардың өз қабілеттерін дамытуға деген талпынысы күшейетіні анық.

«Шара жоғары деңгейде өтті. Мұндай шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Оқушылар үшін бұл пайдалы болды. Үздік басылымдардың өкілдері келіп, қолдап жатқанына ризашылығымымызды білдіреміз. » -, деді №174 мектеп-гимназияның директоры Арнагүл Мұсразқызы. 

Республикалық «Ұлан», «Балдырған» және «Ақ желкен» сияқты басылымдардың өкілдерінің қатысуы кештің маңыздылығын арттырып, балалар баспасөзінің қоғамдағы рөлін айқындады. Бұл шара балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың рухани дүниесін байытуға және еліміздің болашақ қаламгерлерінің қалыптасуына үлкен ықпал етті. Әдебиет пен баспасөзді сүйіспеншілікпен қабылдайтын ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі екені сөзсіз. 

Әбдірахман Қайрат,

Мейірлі Қайсарқызы

№174 мектеп-гимназияның медиа-студиясы

Алматы қаласы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз