Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан тарихы

Қазақ хандығынан тәуелсіз

                      Қазақстанға дейінгі тарихи жол

Қазақ хандығының құрылуы мен дамуы қазақ халқының этнос ретінде қалыптасуында және саяси дербестігін нығайтуында шешуші рөл атқарған кезең болды. Бүгінгі таңда Қазақ хандығының тарихын зерделеу арқылы біз өз тарихымыздың терең тамырларымен танысып, қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы маңызды оқиғаларды ұғынуға мүмкіндік аламыз. Қазақ хандығының құрылуынан бастап, оның күш-қуатының артуы, әрі кейінгі кезеңдегі құлдырау кезеңі – бұл тек тарихи оқиғалар ғана емес, сонымен бірге ұлттық сананың қалыптасуының, ұлттық бірліктің, тәуелсіздікке деген талпыныстың көрінісі болып табылады.

Қазақ хандығының құрылуының басты себебі –саяси тұрақсыздық пен көшпелі тайпалар арасындағы бөлінушілік. XV ғасырдағы жағдайды қарасақ, Дешті Қыпшақ даласында билік жүргізген Әбілқайыр хандығы Ойраттардан жеңіліске ұшырағаннан кейін,қарапайым халыққа салық мөлшерін екі есе арттырып жіберді. Бұл жағдай Керей мен Жәнібек сұлтандардың өздеріне бағынышты ру-тайпаларды алып, жаңа хандық құруға ұмтылуына негіз болды. Олар Моғолстан ханы Есен-Бұғаның қолдауымен Шу мен Талас өңірінде дербес Қазақ хандығын құрды.Бұл оқиға тек саяси оқиға емес, қазақ халқының өз алдына тәуелсіз мемлекет болуға деген алғашқы нақты қадамдарының бірі еді. Қазақ руларының басын қосып, жаңа мемлекет құру идеясы ұлттың біртұтас болып қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Жәнібек пен Керейдің бұл қадамы елді бірлікке шақырып, өздерінің мүдделерін қорғауға және сыртқы қауіптерден қорғануға мүмкіндік берді. Осы кезеңде қалыптасқан ұлттық сананың бастаулары бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады.

Қасым ханның билікке келуімен Қазақ хандығының дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Қасым хан қазақ мемлекеттілігінің күшеюіне және қазақ руларының бірлігіне баса назар аударды. Оның басты жетістіктерінің бірі –қазақтардың аумағын кеңейтіп, мемлекет шекарасын анықтау болды. Осы кезеңде Қазақ хандығы Орталық Азиядағы ең ықпалды мемлекеттердің біріне айналды.Менің ойымша, Қасым ханның басты жетістіктерінің бірі –заңдарды жүйелеп, “Қасым ханның қасқа жолы” деп аталған заңдар жиынтығын енгізуі. Бұл заңдар қазақ қоғамының ішкі тұрақтылығын нығайтып, халық арасында әділдікті орнатуға ықпал етті. Мұндай заңнамалық жүйенің болуы мемлекеттің құқықтық негіздерін қалыптастырып, қоғамның саяси және әлеуметтік құрылымын реттеуге мүмкіндік берді. Қазақ хандығының бұл кезеңі мемлекеттіліктің нығаюы мен бірліктің артуына себеп болды.Қазақ хандарының сыртқы саясаттағы шеберлігі хандықтың халықаралық сахнадағы беделін арттырды. Қасым хан, Хақназар хан және Есім ханның тұсында көршілес мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар орнату, саяси одақтар құру қазақ мемлекеттілігінің тұрақтылығын қамтамасыз етті. Мысалы, Қасым ханның Мәскеу княздігімен байланыс орнатуы Қазақ хандығының халықаралық дәрежедегі маңызын көрсетті.Ал,Хақназар ханның Иван Грозныймен байланыс орнатқаның айта аламыз.Есім ханға келетін болсақ,Сыр бойы қалалары үшін 200жылға созылған соғысты жеңіспен,абыройлы аяқтады. Менің пікірімше, сыртқы саясатта көршілес елдермен бейбіт келісімдер орната білу қазақ хандарының ақылдылығы мен даналығының айғағы. Олардың сыртқы саясаттағы басты мақсаты – хандықтың аумақтық тұтастығын қорғау, жаулардан қорғану және экономикалық байланыстарды нығайту болды. Қазақ хандығы көршілес мемлекеттермен одақтасып, өз мүдделерін қорғап, тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылды. Бұл стратегиялық қадамдар қазақ халқының өзіндік мемлекеттілігін сақтауына негіз болды.Қазақ хандығының құлдырау себептерінің бірі – жоңғар шапқыншылығы мен ішкі саяси тұрақсыздық. XVII ғасырдың соңына қарай Қазақ хандығы жоңғарлар тарапынан үлкен қауіпке тап болды. Жоңғар шапқыншылығы қазақ жерлерінің бір бөлігін басып алуға ұмтылды, нәтижесінде “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы орын алып, қазақ халқы үлкен қайғы-қасіретке душар болды.Ал,Абылай ханның тұсында хандық қайта күшейіп, жоңғарларға қарсы күрес жүргізілді. Дегенмен, Абылай ханның қайтыс болуынан кейін қазақ жерінде ішкі саяси алауыздықтар күшейіп, Ресей империясының ықпалы арта түсті. Бұл қазақ мемлекеттілігінің біртіндеп әлсіреуіне әкелді. Қазақ хандары өзара билікке таласып, орталықтандырылған басқару жүйесі әлсірей бастады. Бұл жағдай Қазақ хандығының Ресей империясына қосылуына алып келді.

Қазақ хандығының тарихына қатысты айтатын тағы бір маңызды мәселе – оның мәдени және рухани дамуы. Қазақ хандығы тек әскери және саяси құрылым ғана емес, сондай-ақ рухани және мәдени өрлеудің де орталығы болды. Бұл кезеңде халық ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы және дәстүрлі өнерлер дамып, қазақ халқының рухани әлемі байи түсті. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз секілді жыраулардың шығармалары сол кезеңдегі қазақ қоғамының ішкі рухани байлығын, халықтың бірлік пен еркіндікке деген арман-тілектерін бейнеледі.Жыраулар мен билер сол кездегі қоғамның саяси және рухани көшбасшылары болды. Билердің шешендік өнері арқылы елдің ішкі тәртібі сақталып, әділдік пен тәртіп орнады. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді билердің рөлі хандықтың басқару жүйесін әділдікке негіздеп, қоғамдағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге үлес қосты. Қазақ қоғамындағы билердің беделі елдің бірлігін сақтауға және сыртқы қауіптерге қарсы тұруда үлкен маңызға ие болды.Мәдениеттің тағы бір маңызды факторы– ислам дінінің кең таралуы. Қазақ хандығының құрамына кірген тайпалардың басым бөлігі ислам дінін қабылдап, оның құндылықтарын ұстанды. Бұл діни бірлік қоғамдағы рухани келісім мен ортақ дүниетанымды қалыптастырды. Ислам діні қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін байытып, олардың рухани дамуына үлес қосты.

Қазақ хандығының тарихы қазақ халқы үшін тек өткеннің оқиғасы емес, бүгінгі күннің сабақтары мен болашаққа арналған бағыт-бағдары деп айтуға болады.Қазіргі Қазақстанның тарихы Қазақ хандығынан бастап, Кеңес дәуірі мен тәуелсіздік кезеңіне дейінгі ұзақ тарихи процестердің жалғасы болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы – еліміздің жаңа саяси, экономикалық, және мәдени дамуының бастамасы. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, егемен мемлекет ретінде қалыптасты. Осы оқиға Қазақстанның тарихында жаңа дәуірдің есігін ашты.1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, өз алдына дербес мемлекет ретінде қалыптасты. Бұл оқиға еліміз үшін саяси және экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізудің тарихи сәті болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халықаралық аренада танылып, БҰҰ, ЕҚЫҰ, және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып кірді. Бұл Қазақстанның халықаралық қатынастардағы рөлін айқындап, елдің сыртқы саясатының жаңа бағыттарын белгілеген кезең болды.Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде еліміздің алғашқы даму стратегиясын анықтады. Оның басты мақсаты – елдің саяси тұрақтылығын сақтау, экономиканы дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген елдермен дипломатиялық байланыс орнатып, әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналды.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан экономикалық қиындықтарға тап болды. Кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту кезеңі оңай болмады. 1990-жылдардың басында елде инфляция деңгейі жоғарылап, өндіріс төмендеп, халықтың тұрмысы нашарлады. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, Қазақстан нарықтық экономикаға бейімделу үшін бірқатар реформаларды жүзеге асырды. Жекешелендіру процесі басталып, мемлекеттік кәсіпорындар жеке меншікке өтті, бұл өз кезегінде экономикаға жаңа серпін берді.Қазақстан шетелдік инвесторларды тарту арқылы экономикасын дамытты. Елдегі мұнай, газ, және басқа да табиғи ресурстарға шетелдік инвестиция тарту экономикалық өсімге ықпал етті. 2000-жылдардың басында Қазақстанның экономикасы тұрақтанып, халықтың өмір сүру деңгейі біртіндеп жақсара бастады. Елдің экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі – “Қазақстан-2030” стратегиясы болды. Бұл стратегия елдің ұзақ мерзімді дамуының негіздерін белгілеп, экономикалық және әлеуметтік салаларда айтарлықтай жетістіктерге жетуге ықпал етті.Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін президенттік басқару жүйесін қабылдады. Бұл жүйе елдің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, реформаларды бір орталықтан жүргізуге мүмкіндік берді. Елде көппартиялық жүйе қалыптасты, бірақ саяси партиялардың басты мақсаты – елдің тұрақтылығы мен экономикалық дамуына ықпал ету болды.2019 жылы Қазақстанда билік транзиті жүзеге асты. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігін тоқтатып, оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның президенті болып сайланды. Бұл оқиға Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды бетбұрыс болды, себебі билік транзиті

Еліміздің тарихы жайлы қағаз беттеріне тоқтаусыз баяндай беруге болады.Алайда,ойымды түйәндей келе, Қазақ хандығынан бастау алған Қазақстанның тарихы ұлттың дербестігі мен тәуелсіздікке деген үздіксіз күресінің айқын көрінісі. Қазіргі Қазақстан осы тарихи жолдың жалғасы ретінде өзінің егемендігін нығайтып, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Тәуелсіздік жылдарындағы саяси және экономикалық реформалар, мәдени және рухани қайта өрлеу елдің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.Тарихи сабақтардан түйетін басты ой – бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, тәуелсіз мемлекеттің болашағы жарқын болмақ. Қазақстанның бүгінгі жетістіктері мен келешекке қойған мақсаттары ұлттың бірлігін сақтап, жаңа даму кезеңіне көтерілуге бағытталған. Елдің рухани, экономикалық және саяси өрлеуі әрі қарайғы даму жолында маңызды рөл атқарады.


11

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз