Әбу Насыр әл-Фараби – шығыстың ұлы ойшылы, философ, қоғам қайраткері және энциклопедист ғалым. Ол орта ғасырларда исламдық ренессанстың негізін қалаушылардың бірі ретінде танылып, ғылымның түрлі салаларында, соның ішінде этика мен қоғам туралы ойларында терең із қалдырды. Оның әлеуметтік-этикалық трактаттары адамгершілік, әділеттілік, кемел қоғам құру, билік пен халықтың өзара қарым-қатынасы сияқты өзекті мәселелерді қамтиды. Бүгінде жаһандану, әлеуметтік теңсіздік, мәдени құндылықтардың өзгеруі секілді сын-қатерлер заманында әл-Фарабидің идеялары бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Оның көзқарастары қазіргі қоғамның даму бағытын анықтауға, әділетті әрі үйлесімді әлеуметтік құрылымдарды қалыптастыруға септігін тигізуі мүмкін.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегі оның әлеуметтік-этикалық ойларының ең маңыздысы болып саналады. Бұл трактатында ол идеалды қоғам моделі туралы баяндап, әділетті билеуші, халықтың міндеттері және моральдық құндылықтардың рөлі жөнінде ой қозғайды. Ойшылдың пікірінше, қайырымды қала – өзара түсіністік, білім, ізгілік және әділеттілік негізінде құрылған қоғам. Ол мұндай қаланы басқару үшін ең алдымен кемелдікке жеткен адам қажет екенін айтады. Мұндай билеуші ақылды, әділ, білімді және халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын болуы тиіс. Бұл идея бүгінгі демократиялық қоғамдардағы парасатты басқару ұстанымдарымен үндес келеді. Сонымен қатар, әл-Фараби қоғам мүшелерін өздерінің моральдық және интеллектуалдық дамуына көңіл бөлуге шақырады. Ол адамдардың бір-біріне деген құрметі мен мейірімділігі қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі екенін атап көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл қағидалар әлеуметтік әділеттілік, азаматтық жауапкершілік және гуманизм идеяларымен астасып жатыр.
Әл-Фарабидің «Ақыл және ұғым» трактаты адамның ойлау қабілеті, білімді меңгеру үдерісі мен ақылдың даму сатылары туралы маңызды еңбек. Ол ақылдың бірден толық қалыптаспайтынын, адамның танымы тәжірибе мен білім арқылы жетілетінін түсіндіреді. Ғалым ақылды бірнеше деңгейге бөліп қарастырады. Алдымен адамда әлеуетті (немесе туа біткен) ақыл болады, бірақ ол әзірге іске қосылмаған күйде қалады. Тек білім алу, тәжірибе жинақтау барысында ол дамып, іс жүзіндегі ақылға айналады. Уақыт өте келе адамның өмірден түйген ойлары мен сараптауы арқылы ақылы кемелдене түседі. Ең жоғары деңгей – белсенді ақыл, бұл кезде адам бар нәрсенің мәнін терең түсініп, даналыққа жетеді.
Бұл ойлар бүгінгі күнде де өзекті. Білім алу, ойлау қабілетін жетілдіру – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Ақылды дамыту тек ақпарат жинаумен шектелмейді, оны дұрыс қорыту, логикалық тұрғыдан талдау, тәжірибеде қолдану қажет. Заманауи білім беру жүйесі осы қағидаларға негізделуі керек. Сонымен қатар, әл-Фараби идеялары ғылым мен технология саласында да маңызын жойған жоқ. Бүгінгі жасанды интеллект зерттеулері адам ақылын модельдеуге тырысып жатқанымен, адамның саналы ойлауы мен түйсікті шешім қабылдау қабілеті ерекше құбылыс болып қала береді. Жалпы, «Ақыл және ұғым» трактаты ақыл-ойдың қалыптасу жолын түсіндірумен қатар, адамның өзін-өзі дамытуы мен кемелдікке жетуіне бағыт береді. Ол тек философиялық еңбек қана емес, кез келген адамға пайдалы өмірлік бағдар десек те болады.
Әл-Фарабидің этикасының ең жоғары категориясы – бақыт. Себебі, бақыт ұғымы қай замандағы адамды болсын ойландырған. Адамның өзіне қажет игілік те тап осы ұғымға шоғырланған. “Ал бақыт дегеніміз – абсолюттік игілік. Бақытқа жету үшін және бақытқа ие болу үшін қажет нәрсенің бәрі де сонымен бірге игілік болып саналады. Дегенмен, қандай да бір шамада болсын бақытқа кедергі жасайтын нәрселер абсолюттік зұлымдық болып табылады. Қайырымдылық бақытқа жету үшін керек. Ол табиғи түрде де, ниет түрінде де бола алады. Зұлымдық бақытқа жетуге кедергі болады” деп Әл-Фараби өз трактатында жіктеп талдаған екен. Бақытқа жету жолында адамның этикалық ұстанымы, қоғамға көрсететін мінез-құлқы жақсылыққа негізделуі керек. Бұл ереже - қазіргі заманда да өміршең. Ниеті түзу адам ғана қалағанына қол жеткізіп, ісі оңға басады.
Әл-Фараби адамның шынайы бақытқа жетіп толысуы, парасаттануы үшін барша ғылымды игеруге шақырады. Оның “бақыттың мәні - парасаттылықта”деген қағидасы осыны білдіреді. Жастарды тәрбиелеу жүйесінде әл-Фараби бірінші орынға адамгершілік, моральдық тәрбиені қояды. Кең мағынада алып қарағанда, олар бұл тәрбиенің ауқымына имандылық, еңбек, эстетика, дене, т.б. тәрбие түрлерін енгізіп, тұтас қараған сияқты. Әл-Фарабидің ілімі бойынша, мінез-құлықтың жақсысы да, жаманы да туа бітпейді, жүре бітеді. Оларға әсер етуші шешуші факторлар, себепші әрекеттер ортаның әсеріне, сіңген әдетке, дағдыға тіреледі. Ол былай дейді: “Біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре келе пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан мінез-құлық болмаса, қарама-қарсы мінез- құлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін. Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез-құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе – әдет, ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қамтылуын айтамын. Мінез- құлықтың қалыптасу жолдары сияқты...” Әл-Фараби этиканы ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Оның этика жөніндегі көзқарастарында жақсылық, мейірбандық категориясы негізгі орын алады. Жақсылық материяның өзінде бітіп қайнап жатса, жамандық болмыс жоқ жерден пайда болады дейді. Ол адам баласын жан иесінің биік шоқтығы ретінде құрметтеу, қастерлеу керектігін атай отырып, терең ойларындағы гуманизмін көрсетеді. Ғалым, жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам өзінің ізгі мұрат-мақсатына жетеді дейді . Әл-Фарабидің бұл салада жасаған қортындыларының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Этикалық категориялардың ішінде жақсылық, еркіндік, әділеттілік, ар, абырой, ұят, өмірдің мәні, бақыт, махаббат сияқты адамгершілік феномендері ерекше орын алады. Олардың адамгершілік жүйесіндегі орнының ерекшелігі соншалықты, олар жоғары адамгершілік құндылықтарына жатқызылады. Өйткені оларды дұрыс түсінуімізден біздің адамгершілігіміз, яғни біздің көзқарастарымыз, бағамыз, қылықтарымыз байланыста болады. Олай болса, этиканы негізгі міндеті адам баласының қатынасын ең жоғарғы жетілген формада зерттеу болып табылады.
Қорытындылай келе, Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттары бізге моральдық құндылықтарды, әділеттілікті, адам құқықтары мен жауапкершілікті жоғары бағалауды үйретеді. Ол қоғамды алға жетелейтін құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал етіп, жеке тұлғаның дамуына бағыт беретін негіздерді қалаған. Бүгінгі күнде Әл-Фарабидің этикалық ойлары - қоғамның рухани және әлеуметтік жетілуіне бағыт-бағдар беруші шырағдан.
Орындаған: Журналистика факультетінің 3-курс студенттері Алтаева Жания, Айнур Анламасова, Бахыт Әсел
Жетекшісі: ф.ғ.к..,доцент Жақсылықбаева Римма
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі