Тарих сахнасында бәйшешектей ғұмыр кешкен Әміре Қашаубаев тұңғыш рет Еуропада қазақ әнін шырқап, домбыраның үнін күмбірлеткен қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы.Әнші 1925 жылы Париждегі ЭКСПО аясында өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда киелі аспабымыз домбырамен қазақ мәдениетін паш етті. Қадыр Мырза Әлі "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп жырлаған ішекті аспаптың құлағында еркін ойнай білу әр қазақтың арманы. Сол арманның жолында Дина Нұрпейісова,Нұрғиса Тілендиев,Әміре Қашаубаевтардың ізін жалғап,шетелдерде күй әуезінің күмбірлеуін тоқтатпаған «Сазген сазы» ансамблінің бас домбырашысы,концертмейстері Абзал Аққұлымен сұқбаттасудың сәті түсті.Өзінің өнер жолында жеткен жетістіктері мен гастрольдік мақсатта шет мемлекеттерге жасаған сапарларымен бөлісті.
— Абзал мырза, музыкалық кәсіби біліміңізді қай жерден алдыңыз?
— Мен Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінің және Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның халық аспаптар бөлімінің түлегімін.
— Қанша жасыңыздан шетел сахналарында өнер көрсеттіңіз?
— 12 жасымнан бастап халықаралық байқауларға қатыса бастадым.Ең алғашқы сапарым Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласы болды, онда өткен халықаралық балалар байқауының гранпри жүлдегері, 2010 жылы Туркияның астанасында өткен байқаудың гранпри жүлдегері,Өзбекстанда өткен байқаудың I орын жүлдегері атандым.Менің дәл осы жеткен жетістіктерім музыкалық тәжірибемді арттырды және болашақта да киелі домбырамды насихаттау үдерісін ешқашан тоқтатқым келмейтіндігін ұқтырды.
— «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблімен бірге өнер көрсету үшін қандай мемлекеттерге сапар шектіңіздер?
— Біз бас қаламыз – Астанада орналасқан Ақордадағы түрлі іс-шаралардан бастап, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Францияның Париж, Германияның Франкфурт, Түркияның Анкара, Бельгияның Брюссель, Жапонияның Токио, Қытайдың Бейжің, Оңтүстік Кореяның Пусан мен Сеул, Австрияның Вена, Әзірбайжанның Баку, Катардың Доха, Малайзияның Куала-Лумпур, Үндістанның Дели, Люксембург қалаларының сахналарында, әлем елдерінің Президенттерінің басқосуларында қазақ әндері мен күйлерін, әлемдік классикалық туындыларды ұлттық аспаптарда орындап жүрміз.
— Бүгінге дейін гастрольдік сапармен көптеген елдерде болған екенсіз, өзіңізге қай мемлекет ұнады және қандай оқиға есіңізде ерекше қалды?
— Мен барған мемлекеттердің ішінде Жапония мемлекеті қатты ұнады. Токио тұрғындарының бір-біріне деген сыйластығы, қоғамдық орындардағы тазалық, мәдениеттің жоғары деңгейі керемет әсер қалдырды. Шетелдегі қандастарымыз бен жергілікті азаматтардың ұлттық киімдеріміз бен музыкамызға таңдай қағуы, өнерімізге тәнті болып, көрсеткен ыстық ықыласы есімнен мәңгі кетпес естеліктер.
— Сіз секілді кәсіби домбырашы болуды армандайтын жас музыканттарға қандай кеңес бересіз ?
— Қазірден бастап қосымша аспаптарда, әсіресе гармонияның бастауы күй сандық-фортепианода ойнаудағы шеберлікті арттыруға және тәжірибе жинау мақсатында халықаралық байқауларда бақ сынап көруге кеңес беремін.
— Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар ?
— Менің ең басты мақсатым – барлық жастағы өнерсүйерлерге арналған домбыра аспабын тереңдете оқытатын өнер мектебін ашу. Әсіресе, ересек адамдардың өнеріме тәнті болып, домбыраны үйренуге деген құлшыныстарының барын жиі байқаймын. Мектеп ашу арқылы өнерді шын сүйетін жандарға сапалы білім берсем деген ниетім бар.
Кәсіби музыкант болу, ноталарды әріптей жатқа білу-үлкен еңбекті, ізденісті қажет ететіні бәрімізге анық. Қажырлы еңбектеріңіз үшін, елдер арасындағы достықтың нығаюына қосып жатқан елеулі үлестеріңіз үшін және өз өнерлеріңізбен қазақ мәдениетін әлемге танытып, ұлттық өнерімізге жаңа дем беріп жүргендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Сізге және сіздің ұжымыңызға шығармашылық табыстар тілеймін!
Ғажайып Әділханқызы,
Ахмет Байтұрсынов атындағы 139 мектеп-гимназиясының
11 сынып оқушысы
Алматы қаласы,Әуезов ауданы
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі