Өлең, жыр, ақындар

«Университет таңдауы – арман ба, әлде қысым ба?»

Соңғы қоңырауға санаулы күндер қалғанда, мектеп бітіруші түлектер үшін уақыт бұрынғыдан да жылдам өтетіндей көрінеді. Біреулер ЕНТ-ға бар зейінін салып, өз болашағын тек балмен байланыстырып отыр, ал енді біреулер қандай мамандық таңдарын әлі шеше алмай, екіойлы күйде. Бірақ бәрінен қиыны – университет таңдау. Бұл, кейде, жеке арман емес, айналаның үмітіне, ата-ананың амбициясына немесе жай ғана “модаға” айналып кетеді.

 

Көпшілік университет таңдауын – өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі деп санайды. Бұл рас. Бірақ ең басты сұрақ – сол шешімді шынымен өзің қабылдайсың ба? Қазіргі жастардың көбі “қай жерге грант көп бөлінді”, “қайда оқуға түссең, ертең жұмыс табу оңай” деген есеппен таңдауға мәжбүр. Себебі көп жағдайда өз арманымыз емес, “дұрыс өмір сүру” деген қалыптасқан стереотиптер басқарады. Журналист болғысы келетін оқушы математикаға кетеді, суретші болғысы келген жас заңгер болуға тырысады. Неге? Өйткені “тұрақты мамандық”, “табыс көзі”, “ата-ананың таңдауы” деген үндер өз дауысымыздан да қатты шығады.

 

Тағы бір үлкен фактор – әлеуметтік желі. Бүгінде TikTok, Instagram платформаларында “өмір сүрудің ең керемет жолы – ІТ саласы”, “программист болсаң – өмірің жұмақ” деген ой қалыптасты. Бұл тренд те жастарды таңдау еркіндігінен айырып жатыр. Өз бағытын, талантын әлі анықтамаған жас өзгенің жетістігіне қарап, соны қайталауға тырысады. Бірақ бұл әркімге бірдей жол емес.

 

Кейде университет – тек диплом алу орны ғана емес, тұлға ретінде қалыптасатын, өмірлік достар табатын, шынайы арманың мен кім екеніңді түсінетін кеңістікке айналады. Сондықтан оны қалай болса солай, асығыс шешіммен таңдауға болмайды. Бұл жер – сенің болашағың басталатын мекен. Ол жерде өзіңді еркін сезінуің керек. Пәндер қызықтыруы, атмосфера шабыт беруі, ұстаздар сенің өсуіңе әсер етуі маңызды. Тек аты мықты болғаны үшін ғана таңдалған университет саған ештеңе бермеуі мүмкін. Ал аз танымал, бірақ шынайы “өз орның” болатын орта – өміріңе үлкен серпін әкеледі.

 

Кейде ата-аналар балаларын өздері жетпеген армандарға жеткізгісі келеді. Бұл – табиғи. Олар бізді жақсы өмір сүрсін, қиналмасын деп ойлайды. Бірақ сол жақсы өмірдің анықтамасы әркімде әртүрлі. Біреу үшін бұл – тұрақты жұмыс пен пәтер, ал біреу үшін – шығармашылық еркіндік пен күн сайын қызық болатын өмір. Сондықтан баланың өз ішкі үнін тыңдауға үйренгені маңызды. Әр жас адам университетті емес, болашақтағы өзін таңдауы керек.

 

Таңдау жасау – қорқынышты. Бірақ сеніммен жасалған таңдау ешқашан өкіндірмейді. Иә, бұл жолда қателесу де мүмкін. Бірақ ол – өмірдің бір бөлігі. Ең бастысы – сол шешімді өзіңнің ішкі ниетіңмен қабылдауың. Университет – сенің өміріңнің басы ғана. Ол сенің шынайы кім екеніңді анықтайтын жолдың бастауы. Ол жолда бәрі болады: шаттық, шаршау, табыс, тіпті – жылау да. Бірақ ол сенің таңдауың болса – бәрі орынды.

 

Сондықтан, университетті жүрекпен таңда. Қайда түссең де, өзіңді жоғалтпа. Білім – тек диплом емес. Білім – өмір сүру салты. Ал оны сенің жаның қалап, жүрегің қалаған бағытта алсаң ғана, ол шын мәнінде саған пайда әкеледі. Болашақ – дайын формула емес. Ол – сенің өз қолыңмен жазатын жеке тарихың.

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз