Тақырып: Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы
Қазақ халқының мәңгілік пір тұтатын адамы, ағартушы ұлы ақыны – Абай. Ол 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы, қазіргі Абай ауданында дүниеге келді. Абай қазақ халқының өшпес мұрасына өмірінің соңына дейін із қалдырды. Ол тек өлең жазбай, сол заманның шындығын, адам бойындағы рухани әлсіз қасиеттерді бүкпесіз айтып отырған. Қағаз бен қаламды өзіне серік етіп, қазақты білімге, еңбекке, әділдікке шақырған дана тұлға. Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлт ұстазы. Оның шығармалары – ұлт мәдениеті мен әдебиетінің алтын қазынасы.
2025 жылы Абайдың 180 жылдығы аталып өтпек. Бұл мерейтой – ақын мұрасын жаңаша зерделеп, жас ұрпаққа насихаттауға тамаша мүмкіндік. Айтулы мереке – Абайды еске түсіріп қана қоймай, оның әдеби тынысына жаңа дем береді. Алайда бұл мерейтойды атап өтудің қоғамға қандай пайдасы бар? Абайды ақын ретінде ғана қабылдау жеткілікті ме, әлде ол бұдан да тереңірек тұлға ма?
Абай Құнанбайұлы – Тобықты руының старшыны Құнанбайдың отбасында дүниеге келген. Өркен жайған балауса кезінде әжесі Зере мен анасы Ұлжанның қасында болды. Абайдың алғашқы өнеге мектебі мен бойындағы адамгершілік құндылықтардың бастамасы осы екі ананың тәрбиесінде жатыр. Алдынан кісі өтпейтін, қаһарлы Құнанбайдың өзі қамығатын ел анасы – мейірбан Зере, парасатты Ұлжан екеуі – қазақтың аңыз-ертегілерін бала Абайға қызықты етіп айтып берген, көкірегі шежіре сыр жандар еді.
Ерте кезден ауыл молдасынан сауатын ашқан Абайды он жасында әкесі Құнанбай Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға жібереді. Медреседе еш қиындықсыз оқыған Абай өзіне тиімді жаңа дағдыларды сіңірді. Шығыс еңбектерін құмарта оқыған ол білімге, өнерге ерекше құштар болды. Сондықтан медресе білімі оны шектей алмады. Өз күшімен қаладағы "Приходская школаға" түсіп, орыс тілін меңгерді.
13 жасында Абай балалықпен қош айтысуға мәжбүр болды. Әкесі оны ел ісіне араластыру үшін шақырып алады. Бұл кезең Абайды тез есейтті. Ел ішіндегі дау-дамай, халықтың ауыр жағдайы мен ауқатты байлардың пасық істері оны ойландырады. Абай әділдікті жақтаса да, оны қолдайтындар аз болды. Қарсылықтан қажыған Абай Семейге кісі жіберіп, немесе өзі барып, кітапханадағы кітаптарды құныға оқитын. Ол таңдаулы шығармаларды ауылға алып келіп оқуды сүйікті ісіне айналдырды. Орыс әдебиетіне қызығушылығы артып, орыс зиялыларымен пікір алмасып, дүниетанымы кеңейе түсті.
Абайдың алғашқы өлеңі – «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (1882). Бұл шығарма – ақынның іздену, білім алу, ағартушы, ақын болып қалыптасу жолындағы елеулі белесі. XX ғасырдың 80-жылдары – Абай үшін шығармашылық тұрғыдан ең жемісті кезең. Ол бұл жылдары саяси-әлеуметтік, сатиралық, ағартушылық тақырыптарда көптеген әйгілі туындыларды дүниеге әкелді. Сонымен қатар Пушкин, Лермонтов сияқты орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Абайдың 90-жылдары жазған көлемді еңбектерінің бірі – «Қара сөздер». Онда ол қоғам өміріндегі түрлі оқиғаларды, халықты бірлікке шақыру, еңбек, тәрбие туралы терең ой қозғады. Бұл шығармалар поэзиямен тығыз байланыста өрбіген.
Абай поэмаларына келсек, ол 1887 жылы жазылған үш шығыс тақырыбындағы поэманы жарыққа шығарды: «Масғұт», «Ескендір», «Әзімнің әңгімесі». «Ескендір» поэмасында ақын Ескендір патша жайлы аңыздарды терең зерттеп, патшаның жеңілмейтін емес, ақылға жүгінбейтін әлсіз тұстарын көрсетеді.
Абайдың лирикалық мұрасы да аса бай. Сатиралық лирикасына – «Мәз болады болысың», «Болыс болдым, мінеки» сынды өлеңдері жатады. Мұнда қоғамдағы екіжүзді, мақтаншақ болыстардың бейнесі өткір сынмен бейнеленеді. Табиғат лирикасында – «Жаз», «Қыс», «Күз», «Желсіз түнде жарық ай» секілді өлеңдер бар. Әсіресе «Қыс» өлеңі – кейіптеу тәсілімен жазылып, көркемдік шеберліктің биігін көрсетеді.
Абай – тек ақын емес, сонымен қатар философ, ағартушы, сазгер, аудармашы, ойшыл тұлға. Оның мұрасы – әдебиетпен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда Абай идеялары ғылым, философия, тәрбие, музыка салаларында кеңінен зерттелуде. Абай – сазгер. Оның «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» сынды әндері – жүректен шыққан шынайы туындылар. Аудармашы ретінде де Абайдың еңбегі жоғары бағаланады.
Абайдың «Толық адам» концепциясы – қазіргі заман үшін де өзекті. Бұл идея қоғамдағы ізгілік пен әділдікке негізделген. Ақын шығармалары қазақ шеңберінен асып, әлемге танылып келеді. Оның еңбектері ағылшын, орыс, қытай және өзге де тілдерге аударылып, зерттелуде. 2020 жылы Абайдың 175 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде халықаралық көлемде аталып өтті.
Абай – өткір тілді, сыншыл, турашыл адам. Ол заманның әділетсіздігін батыл айтып, надандық пен алауыздықты сынады. Оның рухани мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін таусылмас қазына.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту – жай мерейтой емес, ұлы ойшылдың рухани мұрасына жаңаша көзқарас қалыптастыратын тарихи кезең. Оның шығармашылығы – терең философиялық ойларымен, ағартушылық қызметімен, әдебиеттегі жаңашылдығымен бағалы. Бұл мереке – Абайды насихаттап қана қоймай, жаңа буынның көкірегіне данышпанның даналығын сіңіруге мүмкіндік беретін маңызды оқиға. Абай – тек қазақтың емес, бүкіл адамзаттың рухани ұстазы.
11 сынып Шынаш Асыл
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі