Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кереметтері

Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы кезеңінде күтушісі болған Намазұлы Әйтімнің айтуы бойынша.

...1928 жыл болса керек. Сол кездегі аумалы-төкпелі жағдайларға орай Ескелдідегі қыстауынан ұзап көшпей, қозы көш жерге ғана қотан аударып, киіз үй тіктіреді. Жақын-жұрағаттары бар бес-алты үй бас құрап, Ордабай құдығы деген жерде отырады.

— Жаз қуаңшылық еді, — дейді бұл жайлы кейін сырт шерткен Намазұлы Әйтім ақсақал (1890-1968). — Мәшекеңнің атын жегіп, үй шаруасына қолғабыс жасайтынмын. Бұдан бұрынғы жылдар жаңбырлы болды, биыл да құрғақшылық жылға қарамастан шөп қалың болды. Көделі жердің өзінен тоқты көрінбей, өлкеге өгіз жасырынарлықтай жайда еді. Жаз ортасына қарай найзағай жиі жарқылдап, қалың қара бұлт жерге бір тамбай өтіп жатты. Міне, сондай бір күндері қалың өрт басталды да кетті. Ауыл үстін қара түтін басып, мал-жан түтінге булығып қаларлықтай халге келдік. Қып-қызыл өрт жалыны жиі көрініс беріп, үдей соққан дауылды желден өрши түсті. Ауыл адамдары үрейге беріліп, үйлерін тастап, сулы құдық, терең апандарға барып бой тасалап жатты. Өзінің алты қанат ақ үйінен табан аудармай отырып қалған жалғыз Мәшекең ғана болды. Ол кезде бәйбішесі дүние салған болатын. Бұрынғы әдетінше шай-суын, қымыз ұсынып жанында отырған тек үлкен келіні Ақзейнеп қана. Ләм-мим деп Мәшекеңе айтуға батылымыз бармайды.

Үлкен баласы Шарапиденге жалтақтап қараумен болдық. Ол кісі де сабыр сақтап, ара-тұра әкесіне көз тастап қана қояды. Бізді таңқалдырған жай осындай қарбалас сәтте Мәшекеңнің үлкен көк құран кітабын алдына жайып қойып, аса бір салмақтылықпен дұға оқып отыруы болды. Бір сәт тілдей қағазға арабша қысқаша дұға жазып маған:

— Менің тор атыма жайдақ мін де, мына дұғаны анау қаулап өрт беттеп келе жатқан Қаратөбенің деңгейіне апарып жеткіз. Бірақ, тастаған жеріңді ұмытпайтын бол, — деп қысқа қайырды да ұзақ намаз оқуға кірісіп кетті. Алыстау болса да, өрт қызуы бетке соғып тұр. Торы ат жиі пысқырынып, екі құлағын жиі қайшылап жүріп келеді. Екі түп тобылғының арасын белгілеп, дұғаны ат үстінен жерге тастап, кейін қайттым. Бір кез аспаннан оймақтай қара бұлт ойнап шыға келді де нөсер жаңбыр құйып өтті. Өрт су сепкендей басылды. Іле дұға жазылған қағазды алып кел деп жібергенде, мен одан да бетер таң қалдым. Өрт қағазды айналып өткен, бірақ сол жерден көп ұзамай сөнген еді. Бәрі де «Мәшекеңнің ауылы үстін қалың өрт жайлап өтті» деп үрейленіпті, — деп сөзін аяқтаған еді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер