Өлең, жыр, ақындар

Қайырымдылық жасау — “мода” ма?

Қазіргі кезде мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген ақ пейілді азаматтардың көптігіне көзің тояды. Бірі үй сыйласа, бірі ойға сыймайтын бағалы заттар мен бір жылдық азық-түлік алып береді. Желі қолданушыларын тәнті еткен осындай ғажап көріністер көп. Алайда шын мәнінде не болып жатқанын бір Алла ғана біледі.

Әрине, мұқтаж жанға көмектесу – қайырымды іс. Бұл – үлкен жауапкершілікті, халықтың артқан аманатына адал болуды қажет етеді. Алайда бүгінде қайырымдылықтың атын жамылып, жеке басының қамын күйттегендер де көбейіп келеді.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша бірнеше ірі және жекеменшік қайырымдылық қорлары жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең ауқымдыларының бірі – “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры (ҚХҚ). 2024 жылғы есеп бойынша бұл қор 252 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жарналарын жинаған. Бұдан бөлек, халық арасында беделі жоғары “Dauletten”, “Харекет”, “Боташым” қорларын да атап өтуге болады.

Бірақ осы ауқымды, сенімді қорлармен қатар жалған қорлардың да көбейіп жатқаны алаңдатады. Әлеуметтік желілерде – TikTok, Instagram секілді платформаларда мұқтаж жандарға көмектесу мақсатында жиналған ақшаның сол адамға нақты жеткеніне кім кепіл? Бұл жерде құзырлы органдардың үнсіздігі, халықтың жанайқайына немқұрайлы қарауы — жанға батады.

Мәселен, “Қазақтың Робин Гуды” атты қордың жетекшісі қарапайым халықтан үй алу үшін миллиондап ақша жинап, артынша жоқ болып кеткен жағдай тіркелді. Әрине, бір санасыздың ісі үшін барлық қорды кінәлауға болмайды. Ел үшін шын жүрегімен еңбек етіп, көмекке зәру жандарға шынайы жәрдем көрсетіп жүрген кеңпейіл жандарды халық өзі-ақ биікке көтереді.

Бүгінде “Человек в маске” есімімен танымал ерікті де көп отбасын қуантып, емделуге қаражат беріп жүр. Ал “Харекет” қоры 1409 отбасыға баспана сыйлаған. Бұл – ел ішінде мейірімділік пен үміттің бар екенін білдіреді.

Алайда шынайы көмекті жалған қайырымдылықтан ажырата білуіміз керек.

Иә, бұл өмірде жақсылық бар. Жақсы адамдар бар. Тек алданбай, ақ жүрекпен әрекет ете білейік!

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Жидебай Айзада


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз