Қазіргі таңда жер бетіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – қоршаған ортаның ластануы. Табиғат – адамзаттың өмір сүру көзі. Ауамыз таза, суымыз мөлдір, орманымыз саялы болмаса, денсаулығымыз да, болашағымыз да қауіп астында болары анық. Сондықтан табиғатты қорғау – тек экологтардың емес, әрбір адамның азаматтық борышы. БҰҰ мәліметтері бойынша, жыл сайын әлемде шамамен 13 миллион гектар орман жойылады. Бұл – әр минут сайын ондаған футбол алаңы көлеміндегі орман алқабының кесілетіні деген сөз. Қазақстанда да экологиялық жағдай алаңдатарлық. Мысалы, Арал теңізінің 1960 жылдардан бері көлемінің 90%-ға жуығы тартылып, айналасындағы экожүйеге орасан зор зиян келді. Сонымен қатар, елімізде жыл сайын 4 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналады, оның тек 18%-ы ғана қайта өңделеді.
Ауа сапасына келсек, 2023 жылғы зерттеулерге сәйкес, еліміздің бірнеше қаласында (оның ішінде Алматы, Теміртау, Өскемен) ауаның ластану индексі қауіпті деңгейде тіркелген. Мұның негізгі себебі – көліктерден бөлінетін газдар, өндіріс орындары мен жылу орталықтарының шығарындылары.
Бұның бәріне тек үкімет жауапты деп қарап отыру – үлкен қателік. Әр адам өзінен бастап табиғатқа жанашырлық танытуы керек. Қоқысты бөліп тастау, пластикті азайту, суды үнемдеу, ағаш отырғызу – қарапайым әрекеттердің өзі үлкен өзгеріске әкелуі мүмкін. Мысалы, бір адам жылына орта есеппен жүздеген пластик бөтелке қолданады. Егер бір отбасы оларды қайта өңдеуге өткізсе, мыңдаған литр судың және электр қуатының үнемделуіне үлес қоса алады.
Қорытындылай келе, қоршаған ортаны сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Әр адам табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, күнделікті өмірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруы тиіс. Табиғат – бізге аманат. Оны қорғау – бәрімізге ортақ міндет.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Тажигалиева Аяулым
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі