Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне – 30 жыл

    1995 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Биыл бұл маңызды мемлекеттік құрылымның құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Бүгінде елімізде 20-дан астам төтенше жағдайлар бөлімшесі жұмыс істейді және олардың әрқайсысы өз аймағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жоюға жауапты.

Еліміздің түкпір-түкпірінде осы салада адал қызмет етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың қатарында Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылындағы №9 өрт сөндіру бөлімі бар. Бұл бөлім – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, кез келген шақырту кезінде бірінші болып көмекке ұмтылатын жауапты мекеме.
Мәселен, бөлім қызметкерлері жыл сайын Қытай Халық Республикасымен шекарадағы «Қорғас» бағытына апаратын республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» тасжолында құтқару жұмыстарын атқарады.

Өз ісінің шеберлері

Бөлімде 21 маман қызмет атқарады. Олардың ішінде 6 қызметкер – басшылық және жауапты лауазымдарда, ал қалғандары – тікелей өрт сөндіру мен құтқару жұмыстарында еңбек етеді.

Қанат Ерғатұлы – 1995 жылы, ТЖМ құрылған жылы дүниеге келген. Қызмет жолын 2017 жылы бастап, бүгінде «аға өрт сөндіруші» лауазымында.
2025 жылдың 30 мамырында ауылда болған үш үйдің өртін сөндіру кезінде, Қанат Ерғатұлы жұмыс уақыты болмаса да, дереу оқиға орнына жетіп, әріптестері келгенше белсенді көмек көрсеткен.

«Төтенше жағдай қызметкері болу мен үшін қымбат. Себебі құтқарушы қолында – ел тыныштығы. Бұл лауазым маған айбынды рух пен талмас жігер сыйлайды», – дейді ол.

Санжар Жақсылықбаев – Кербұлақ аудандық ТЖБ-ның инженері, аға лейтенант. 2022 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол қызмет пен спортты қатар ұштастырған офицер.
Санжар – джу-джитсу, панкратион, ММА және жекпе-жектен спорт шебері, Азия чемпионаттарының қола жүлдегері. 2024 жылы Көкшетауда, 2025 жылы Алматыда өткен Министр кубогында 88 кг салмақта жүлделі орындарға ие болған.

«Құтқарушы лауазымымен қатар, спорттық дайындық та мен үшін бірінші орында», – дейді Санжар.

19 қазан – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Осы айтулы күнмен барша құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді шын жүректен құттықтаймыз!
Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі бағалана берсін.
ТЖМ беделі асқақтай берсін, ал олардың ісін жалғастыратын ізбасарлар көбейе берсін!

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Кеген Айнара


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз