Өлең, жыр, ақындар

Абай мұрасы – ұлттың рухани жаңғыруының алтын арқауы

Абай мұрасы – ұлттың рухани жаңғыруының алтын арқауы

Биыл қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл тарихи дата – тек өткенді құрметтеудің белгісі ғана емес, халқымыздың рухани коды мен ұлттық дүниетанымын жаңа ғасыр талабына сай қайта пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Абай мұрасы – ұлт болмысының айнасы, жас ұрпақтың ішкі мәдениетін қалыптастыратын биік мектеп.

Осы мерейлі жылы Абай ілімін терең тануға бағытталған игі шаралар жалғасын табуда. Абай ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері, ф.ғ.к., доцент Мұсалы Л.Ж. және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультеті, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының (батыс тілдері) 2-курс магистранттары Абдусаламова Г.А., Рысқұлбек Ж.Қ. «Екі шет тілі» мамандығының 1-курс студенттеріне «Абай ілімінің құрамдас бөліктері: ақыл, ерік, жүрек» атты мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор ашық сабақ ұйымдастырды.

Сабақ барысында студенттер Абайдың 14 және 17 қара сөздерін қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен сабақтастыра талдап, олардың орыс және ағылшын тілдеріне аударылуындағы ерекшеліктеріне тоқталды. К. Серикбаева, Ю. Кузнецов, Р. Маккейн, Е. Жұмағұл және С. Гейган сияқты аудармашылардың нұсқаларын салыстыра отырып, мәдени-тілдік трансформацияның күрделі тұстары ашылды. Тікелей және сатылы аударма барысында кездесетін лингвистикалық және мәдени кедергілер түсіндіріліп, кәсіби аудармашыға қажетті дағдылар айқындалды.

Презентация, пікірталас, сұрақ-жауап, талдау секілді интерактивті әдістер студенттердің сабаққа толыққанды араласуына мүмкіндік берді. Әр студент өз ойын жүйелі жеткізіп, Абай ілімін терең түсінуге ұмтылды. Бұл – жас буынның рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған сәтті қадам болды.

Шараның негізгі мақсаты – жастарға Абайдың мәңгілік ілімін үйретіп қана қоймай, ұлттық сана мен мәдени мұраға деген құрметті күшейту. Абайдың «ақыл, ерік, жүрек» концепциясы – бүгінгі ұрпаққа да бағыт беретін өмірлік бағдар. Оның әрбір сөзі – ұлттың рухани жолын айқындайтын шамшырақ.

180 жылдық мерейтой – Абай әлемін жаңаша түсінудің, ұрпақтар сабақтастығын бекемдеудің және ел руханиятын жаңғыртудың маңызды нышаны. Ұлы ойшылдың мұрасы – қазақ халқының мәңгілік рухани қазынасы, өркениетке ұмтылған елдің темірқазығы.

ф.ғ.к., доцент Мұсалы Л.Ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар