Өлең, жыр, ақындар

Бір емтихан — алуан тағдыр

   ҰБТ — бар болғаны екі күнде өтетін тест. Алайда сол екі күннің ішінде мыңдаған оқушы үшін тағдырлы сәттер шешіледі. Біреулер үшін бұл күн — жеңіс пен қуаныш, ал енді біреулер үшін — күйзеліс пен үлкен сынақ. Барлығы бір аудиторияда, бір уақытта отырып, өз білімін көрсетуге тырысады. Бірақ әр оқушының дайындық деңгейі, мүмкіндігі мен ішкі күйі әртүрлі. Сондықтан бір ғана емтихан — мың түрлі нәтиже, мың түрлі тағдыр.

Алайда бұл тест шынымен оқушының білім деңгейін толық көрсете ала ма? Статистикалық деректерге сүйенсек, ойланарлық сұрақтар туындайды. 2020 жылы ҰБТ-ға тіркелген түлектердің 93,14%-ы тестке қатысқанымен, 38 мыңнан астамы шекті баллдан өте алмады. Орташа балл 66 болды. 2021 жылы табалдырықты аттағандар үлесі 60,72%-ға, орташа балл 67,26-ға жетті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 67,06%-ға өскенімен, түлектердің үштен бірі әлі де шекті деңгейді еңсере алмады. Өңірлер арасындағы айырмашылық та айқын байқалды. Қызылорда, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстары орташа балл бойынша жоғары нәтиже көрсетсе, Шымкент пен Түркістан облыстары төмен көрсеткіштер қатарында қалды. Ал Атырау облысында 2020 жылы оқушылардың 53%-дан астамы шекті баллды ала алмады, кейінгі жылдары да бұл жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ.

2024 жылы табалдырықты аттағандардың үлесі рекордтық деңгейге — 82,79%-ға жеткенімен, орташа балл 59,59-ға дейін төмендеді. Бұл — соңғы бес жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бұл деректер оқушылардың білімді терең меңгеруден гөрі, тесттен өтуді мақсат етіп дайындалатынын аңғартады.

Неге бұлай? Себебі көп жағдайда түлектер білім деңгейіне емес, грант саны көп комбинацияларға бағытталады. Әр пән комбинациясындағы грант саны әртүрлі: бірінде өте аз, бірінде тым көп. Соның салдарынан ҰБТ нақты білімді емес, мүмкіндікті таңдауға айналып бара жатқандай. Осындай жағдайда оны толыққанды білім көрсеткіші деп айту қаншалықты дұрыс?

ҰБТ — бір реттік тест болғанымен, оның психологиялық салмағы өте ауыр. Өтіп кеткендер еңбегінің жемісін көріп, қуанышқа бөленеді. Ал өте алмағандар үшін бір күн — үлкен соққы. Олар «қай жерде қателестім, не жетіспеді?» деп өз-өзін жегідей жейді, күйзеліске түседі. Артында ата-ананың үміті тұр. Сол үмітті ақтай алмау — кез келген бала үшін ауыр жүк. Бұл сезімді бастан кешпей тұрып, сырттай баға беру — қате.

ҰБТ — жай ғана сандық көрсеткіш емес. Ол — оқушының эмоциясы, төккен тері, ұйқысыз түндері мен үміті. Бір күнде мыңдаған тағдыр шешіледі. Бірақ бірде-бір балл баланың арманы мен ішкі әлемін толық өлшей алмайды.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Мұрат Айзере​


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз