Өлең, жыр, ақындар

Қазақ күресі арқылы жасөспірім балуандардың дене сапаларын жетілдіру амалдары

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы № 66  жалпы білім беретін орта мектебі.

Мәтінің авторы дене тәрбие пәнінің мұғалімі: Мукашев Ж.С.

Спорт тек денені дамыту және спорттық жетілу үшін үлкен мүмкіндік туғызып қоймайды, сонымен бірге спорттың өзіне тарту күші дене және психикалық күштердің көрінуіне жоғары талап, адамның саналылығы мен рухани бейнесін жекелей бағытты тәрбиелеу үшін кең көлемдегі мүмкіндіктер туғызады. Тәрбиелік мақсатқа жетудің соңғы нәтижесі тек спорттың өзіне ғана емес, барлық тәрбие және даму жүйесінің әлеуметтік бағыттылығына да байланысты. Осындай бейнеде, спорттың тәрбиелік мүмкіндіктері өзінен - өзі шешілмейді, спорт аясында жинақталған, тәрбиелік бағытталған қатынастар жүйесі арқылы іске асырылады. Спорт әлеуметтік – педагогикалық жүйеге кіргендіктен дене тәрбиесінің ықпалды құралы болып табылады, ал спорттың күрес түрлерімен шұғылдану нәтижесінде еңбек және әскери қызметтің маңызды компонентіне айналады. Сол сияқты, қазақ күресінің ел спортын дамытудағы маңыздылығы орасан зор. Күресті бабаларымыз қастерлеген, ақсүйектер спортына балаған. Кешегі  ХIII ғасырда Шыңғысханның жарысына енген ережеде күрестен елдің жеңімпаз балуанына сол кездегі ең  жоғары, талантты әскери қолбасыға берілетін “Тархан” атағымен бара-бар құқықтар берілген. Оған орасан зор сыйлықтардан бөлек бас балуанның тоғыз ауыр күнәлары кешірілетін  “пайза”, яғни рұқсатнама берілген. Мұндай зор атаққа б.д.д. 539 жылы даңқты Кир патшаның Вавилонды алу жеңісіне арналған әлемдік спорт  ойындарында сақ патшайымы Тұмар (Томирис) ханымның жұбайы, қасиетті сыр бойын жайлаған елдің ұланы, Рүстем күрестен грек, парсы балуандарының жауырындарын жер иіскетіп, әлемдік бас балуандықты жеңіп алған [1]. Нақтылы дерек көздерінен алынған бұл мәлімет  біздің халқымыздың әлемдік Халықаралық жарыстағы жеңісі болуы мүмкін. Қазіргі заманғы танымал спортшыларымыз олимпиада ойындарының әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Қабден Байдосов, Амангелді Ғабсаттаров, Мәлік Нәдірбековтер өздерінің даңқты жолдарын қазақ күресінен бастаған. Қазақ күресінің үздік әдіс-тәсілдері орыстың “самбо” күресінің негізгі үлгісіне енген. Күреспен шұғылданған жас жеткіншектер, дзю-до, еркін күрес, грек-рим күресі сияқты олимпиада ойындарына енген күрес түрлерін тез меңгеруге алғы шарт жасайды. Күресті әлемнің 60 елі мойындап отыр. Күресу қазақтың қанымен келген, жүрегіне жақын спорттың асылы. Мұнда ұлттық рух, туған топырағына, еліне деген сүйіспеншілік, ел намысы үшін өз ар намысын құрбан ету сияқты патриотизм бар.

Қазіргі таңда елімізде қазақ күресін әлемдік бәсекеге лайықты спорт түрі деңгейінде дамыту басты мақсатқа айналып отыр. Күш пен әдіс-тәсілдерді бір сөзбен айтқан да, күш болмаса әдіс-тәсілдің, әдіс-тәсіл болмаса күшті қолданудың бәрі бекер болғаны және жеңіске жетудің жүзеге асырылуы да мүмкін емес. Сондықтанда қазақ күресімен шұғылданбас бұрын маман жаттықтырушы шұғылдануға талап білдірушілердің денсаулық жағдайын медициналық тексеруден өткізуі тиіс. Жақсы балуан дайындап шығару үшін жанкештілікпен тер төгіп, тиянақты жаттығумен үздіксіз жаттығу жасау қажет. Білікті бапкер оқыту-жатығу жүйесін күнделікті жүйелі түрде жетілдіре отырып, әр шұғылданушыны үлкен жүктемелерді меңгеруге дайындауы тиіс. Яғни, бұл кілем үстіндегі белдесулер жоғары қарқындылықта өтетін болғандықтан ұзақ уақыттар жүйелі түрде жаттығу қажет [2]. Осы заманғы белдесулерде жаттықтырушылар мен мамандар назарының шапшаңдық, күш және қарқынды төзімділікті дамытуға аударылуы өмір тәжірибелерінен туындаған қажеттілік. Жылдамдық-күш қызметі жұмыстарын орындаумен байланысты балуандардың бұлшық еттері жақсы дамыған болуы тиіс. Жаттықтырушылар оқу жаттығу сабақтарында жалпы және арнайы дамыту жаттығуларын іріктеп, таңдап алуы қажет. Әсіресе мойын білігі, иық иіні, шынтақ, тізе мен аяқ басы буындарының бұлшық еттерін дамытып, бекітуге ерекше назар аударуы тиіс. Сондықтан да қазақ күресімен шұғылданушы жасөспірім балуанға әдіс-тәсілдерді жетілдіруге бағытталған жұмыс жасауы үшін, алдымен қозғалыстың үйлесімді әрекеттерін үйреніп, оны одан әрі жетілдіру, қозғалыс шапшаңдығын дамыту және оны дағдыға айналғанша жетілдіруді қамтамасыз ету, және оның негізінде жекелеген әдіс-тәсілді және қозғалыс әрекеттерін көп рет қайталау кезеңі жатыр. Әрбір жаттығуды қайталау сыртқы үйлесімді орындалу бейнесімен өтілген алдыңғыларына ұқсас болғанымен, барлық уақытта өзінде жаңа үйренген, жаңа бөліктің мазмұнын береді. Атап айтқанда, мұнда жаңа қозғалыс әрекетінің біртіндеп қалыптасуының кепілі, кілті жатыр. Тұтас қайталау кезеңін мақсатқа сәйкес шартты түрде екіге бөлеміз:

1) Қозғалыс (икемділігін) біліктілігін қамтамасыз ету.

2) Қозғалыс (икемділігін) біліктілігін жетілдіру.

Қозғалыс біліктілігінің пайда болу сатысы қозғалыс икемділігінің негізгі түрінің бірінші бастапқы қалыптасуын қамтамасыз етеді, ал әрекетті орындау қозғалыс икемділігінің қалыптасуының өзіне тән белгісі. Жоғары сатыдағы қозғалыс біліктілігіне кезегімен өтетін қозғалыс дағдысын қалыптастыруды қамтамасыз ету жатады. Міндетке сәйкес педагогикалық жүйенің бұл кезеңі келесі екі сатыға бөлінеді:

1) Қозғалыс дағдысының пайда болуы;

2) Қозғалыс біліктілігінің жоғары тәртібінің қамтамасыз етілуі [3].

Жетілдіру кезеңінде барлық әдістер кешені қолданылады, алайда бүтіндей үйрету, жарыстық және ойындық әдістері әр түрлі үйлестікте және түрлері басты орын алады. Бір уақытта көру және есту бағдарларын пайдалану көлемі тарылады, бірақ қозғалысты сезіну рөлі артады. Балуандардың күресу тәсілдерін жетілдіруде оқытып үйретудің  екінші және үшінші кезеңінің негізінде қозғалыс әрекетін көп рет қайталау жүйесі жатыр. Соңғы кезең үшін қайталау мәселесінің ерекше маңызы бар: көп рет қайталаған дұрыс, бірақ көп қайталау шексіз емес, ол ақылға сыятындай дәрежеде шектелуі тиіс.

Қазақ күресі тәсілдерінің жалпы негізі балуанның әдіс-тәсілдік, сол сияқты жан-жақты дайындығы және ерік күші мүмкіндіктерін шебер пайдалану болып табылады. Мұның өзінде жарыстардағы нақты жағдайларда қарсыласының ерекшеліктері де есепке алынады. Күрестің әдіс-тәсілідері әдіспен қоса алғанда балуанның спорттық шеберлігінің негізі болып табылады. Балуандар мен жаттықтырушылардың бірлескен шығармашылығы арқасында күрес тәсілдері ұдайы жетіліп, арта түседі. Әдіс-тәсілерді ұдайы жетілдіріп, байыта түсу әдіс-тәсілдік шеберлікті арттырудың міндетті шарты. Егер балуан белдесу барысында ең болмағанда бір жаңа әдіс қолдана алатын болса, онда соған сай оның әдіс-тәсілдік әрекетінің аясы да кеңи түседі. Балуандардың әдістік-тәсілдік дайындығының жан-жақты болу қажеттілігі жөнінде айтқанда, біз олардың әр түрлі топтағы бағдарламаларды мінсіз меңгере алулары, шабуылға шыққанда жиі қолданылатын әдістерге қарсы тәсілдер қолданулары, сондай-ақ қарсыластың барлық шабуылдарынан қорғана алулары қажеттігін есте ұстау қажет Егер балуан қандай болмасын бір қарсыласының негізгі әдісінен қорғана алмайтын болса, оның әлсіз жерін біліп қалған қарсыласынан сөзсіз жеңіліп қалатындығын күні бұрын ақ айтуға болады. Жоғарыда айтып кеткендей балуанның әдіс-тәсілдік мүмкіндіктері көбінесе оның дене күші қабілетіне байланысты. Жаттығу кезінде балуандардың ет қызметін ғана бақылауға алып қоймай, олардың қан айналым және жүйке жүйесіне де мән берген дұрыс. Тыныштық күйде жүрек соғу жиілігі балуандарда минутына 60-65 рет. Жүрек көлемі жоғары дәрежелі балуандарда Ю.А.Борисова және Г.С.Туманян зерттеулерінің нәтижелері бойынша орта есеппен 953 см3-ты құрайды. В.Л.Карпманның мәліметтері бойынша балуандарда бұл көрсеткіш 953см3-қа тең (жеке спортшыларда 719-1248 см3). Балуандарда жүрек көлемі дене салмағына және бой ұзындығына  байланысты. Жүрек соғу жиілігі балуандарда белдесу кезінде жұмыстың қуатына байланысты минутына 170-200 ретке жетеді. Балуандарда жаттығу сабақтарында жүрек соғу жиілігін телеметриялық тіркеу қарсыласын лақтыру кезінде жүрек ырғағы минутына 180-190 ретке дейін өсетінін көрсетеді. Балуанның тәсілдік жағынан даярлануы әдістік әрекеттерді, айқастарды жүргізудегі, сондай-ақ жарыстарға қатысқандағы біліктілігіне, шеберлігіне және дағдыларына байланысты [4]. Спортшы күресудің әдіс-тәсілдерін спорттық жаттығу ұстанымына сай ұдайы зерттеп, жүйелі және дәйекті түрде жетілдіріп отыруы тиіс. Әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жетілдіру жолында жұмыс жүргізгенде жаттығушылардың сол материалдың мәніне қаншалықты терең бойлағандығының маңызы үлкен. Сондықтан-да күрес әдіс-тәсілдеріне үйреткенде жаттығушылардың шығармашылық белсенділігі мен инициативасын ұдайы арттыру, өзінің әрекеттерін сын көзбен және бүге-шігесіне дейін талдау, әдіс-тәсілдік тәжірибесін тұжырымдау қабілетін дамыту қажет. Егер балуан тапсырманы немқұрайды орындай салатын болса, белсенділік және инициатива көрсетпесе, бұрын жинақтаған тәжірибесін пайдаланбаса, ондай спортшы бәсекелерде жоғары нәтиже көрсете алмайды, яғни күрделі әдіс-тәсілдік міндеттерді өз бетінше шешуге оның қабілеті жетпейді. Өзі жоспарлаған әрекеттерінен қандай болса да ауытқыса (ал мұның өзі жарыста жиі кездеседі), спортшы саса бастайды, қиын жағдайдан амал тауып шыға алмайды, сөйтіп жеңіліп қалу қаупіне ұшырайды. Инициативасы мол, шығармашылық оймен қимылдайтын балуан тез арада әдіс-тәсілдік тәжірибе жинақтап, оны ұдайы байыта береді. Егер жаттықтырушы балуанды оның өресі жетеді деген барлық жағдайда да өз бетінше шешім қабылдай алатындай етіп үйретсе, егер оны жарыстардағы белдесулерде және жарыстарда кездесетін қиын жағдайлардан өз бетінше жол тауып шығуға баулыса, онда оның шығармашылық белсенділігі артып, спорттың шеберлігі шыңдала түседі. Осы мақсатпен балуанның өздегенін шығармашылық жұмыс істеу формасын (әдебиеттерді оқу, үйде әртүрлі тапсырмаларды орындау) кеңінен қолданған жөн [5].

Сонымен қатар, күреспен шұғылданушыларды күнделікті және жарыстарға қатысқандығы жайлы күнделігіне жазып жүруге үйретіп, дағдыландыру керек. Егер жаттығу сабақтары кезінде видео қойылымдар (фильмдер), сондай-ақ жеке жарыстар хроникасы, кинограмма, т.б пайдаланылатын болса, әдіс-тәсілдерді меңгеру және жетілдіре түсу едәуір оңай болады. Сондай-ақ жарыстарға көрермен ретінде қатысу, аса күшті шеберлердің, қарсыластарының жаттығуын көру де едәуір пайда береді. Осының барлығы палуанға әртүрлі әдістік және тәсілдік әрекеттерді тереңірек талдауға, сөйтіп оны бүге-шігесіне дейін білуге, ол жөніндегі өзінің түсінік аясын кеңейте түсуге мүмкіндік береді. Тәсілдік даярлықтың әртүрлі әдістері мен құралдарын жаттығып жүргендердің жеке басының ерекшеліктерін ескере отырып пайдаланғанда ғана балуандардың қажетті сапаларын дамытуда жеңістікке жетуге болады. Қазіргі заманғы өскелең өмір талабы жағдайында спорт түрлерінен, оның ішінде  қазақ күресінен болашақ жаттықтырушы мамандар даярлауда болашақ мамандар дене шынықтыру мен спорттың теориясы және әдістемесі, анатомия, физиология, биохимия, дене жаттығуларының биомеханикасы, спортменеджменті, педагогика және психология сияқты  қатарлас пәндерін  оқып, білуі және олармен спорттық  жаттығуды үйлестіруі тиіс. Әрбір отанын сүйетін, елінің патриоты, кәсіпкер азаматтар қазақ халқының ізгі дәстүрлерінің  бірі, ұлттық қазақ күресін дамытуға ат салысуы тиіс. Сондықтан қазіргі таңда ұлттық қазақ күресінің көсегесін көгерту, сонымен бірге әлем мойындайтын спорт түріне дәрежесіне жеткізу үшін жан-жақты кәсіби дайындықтан шеберлік дағдыларын меңгерген білікті мамандар дайындау – дене мәдениеті ЖОО педагогикалық ұжымдарының басты міндеті. 

Қазақ күресін дамытуда  мына төмендегі міндеттерді қарастырдық:

1. Қазақ күресімен шұғылданатын балуандардың күш қабілеттерін дамытудың ғылыми-педагогикалық негіздерін саралау;

2 Қазақ күресімен шұғылданатын балуандардың күш қабілеттерін дамыту дайындығының әдістемелік бағдарларын көрсету;

3. Жоғары оқу орны студенттерінің болашақ қазақ күресінен жаттықтырушылық мамандығына кәсіби бейімделуін ұйымдастырудың педагогикалық іс-шараларының негіздерін қалыптастыру;

4. Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, болашақ қазақ күресінің жаттықтырушысы мамандарын даярлаудың үйлесімді жүйесін жасаудың ғылыми-практикалық әдістемесін дайындау [6].

Жоғары оқу орындарында, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бөлімдеріндегің және жалпы білім беретін орта мектептеріндегі спорт секцияларындағы оқу-жаттығу сабақтары оқу-тәрбие процесінің бөлінбейтін бөлігі болып есептеледі, сондықтан, қазақ күресі арқылы олардың дене мәдениетін қалыптастыру, жаттықтырушылық қызметінде жоғарғы оқу орнын оқыған жылдарында меңгерген шеберлік дағдыларын біліктілік пен дағдыларын іс жүзінде қолдану, дәрежелі спортшылар даярлауда педагогикалық шеберліктерін жетілдіру өскелең өмір талабы.

Президентіміздің болашақ ұрпаққа салауатты өмір салтынна сихататтауы  бізге Үлкендем беріп, өз күшімізді аямай  балаларға спорт өнерінің талай қырын танытып, келекшекте өз Отанына деген сүйіспеншілігін арттыратын, халқының намысын қорғайтын азамат  тәрбиелеу осы қағидаға бар күшімізді салуға бел  байлаймыз.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жандарбеков Б. «Томирис». «Жалын» баспасы 1989ж.

2. М.Болғанбаев.Қазақтың ұлттық СПОРТ түрлері. - Алматы1985ж

3. Қазақша күрес (Ұжымдық жинақ) Алматы: Қ.А.Зақпарат 2002-32 бет.

4. Г. Ильясова Спорт түрлерінің физиологиясы (оқу құралы) - Түркістан 2004ж.

5. С.М.Вайцеховский. Жаттықтырушы (книга). «физкультура и спорт»

5. С.М. Вайцеховский. Жаттықтырушы (книга). “Физкультура и спорт” баспасы, – А., 1971.

6. Ә.К.Әбділлаев. Дене мәдениетінің ілімі және әдістемесі. Кентау 2007ж.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз