Екі шайтан жолай кездескен елде, талай ауылды араздастырып, талай досты айрылыстырып, талай қатынды байына сабатып, татуласу үшін істеген тамаққа тойып рақаттанады.
— Алдар-ау, бізден біраз үйрендің ғой. Сен де біз сияқты бірдеңе істесеңші, — депті шайтандар.
— Ойбай, құдаларым, қатып қалған миыма үлгілерің пышақ сырты сіңген жоқ. Мен өз басымнан өткенді тез үйренетін едім. Сендер мені алдап үйретсеңдерші.
— Қалай алдаймыз?
— Қыдыра-қыдыра қысты өткіздік. Ел жабыла егін егуге кірісті. Үшеуіміз ортақ болып егін егейік, өнімін көп алу үшін алдаңдар.
— Жарайды, — дейді шайтандар. — бұрын істемеген кәсібіміз еді, мұны да көрейік.
— Ендеше, екпей тұрып үлесімізді белгілеп алайық: егіннің басын аласыңдар ма, түбін аласыңдар ма?
— Соны айтып қойыңдар, балдай тәтті құдаларым, кейін көңілімізге қаяу түсіп жүрер, қалауын сендерге бердім.
— Жарайды, оны біз ақылдасып айтайық, — деп, екеуі бір диқанға келіп:
— Біреумен ортақтасып егін екпек едік, қай жағын алсаң да, қалауы сендерде деп отыр. Соның түбін аламыз ба, басын аламыз ба?
— Ой, кещелер-ай, егіннің дәні басында болады, түбін қайтесіңдер, басын ал, — дейді.
Екеуі Алдарға келіп:
— Басын аламыз, — дейді.
— Жарайды, қалауы сендердікі дегенім деген... Мен түбін алдым. Егетін егініміз — сәбіз, пияз, сарымсақ болсын. Егетін жерін, ішетін суын, соғатын желін мен табайын. Арығын қазып, жерін жыртатын — Қылтың, тұқымын тауып, егін күтетін Сылтың болсын.
— Жарайды, — деседі шайтандар.
Үшеуі боз жерге келіп, қостарын тігіпті. Қылтың арығын қазып, атызын соғады. Сылтың тұқымын тауып, күтімін күтеді.
Алдар анда-санда бір көрініп, егін басына келген сайын үһілеп, қиналып келеді.
— Біз кетпен шауып, егін суарып шаршадық. Сен не істеп шаршап жүрсің? — дейді шайтандар.
— Осыны шындарыңмен айтып отырсыңдар ма?
— Иә.
— Ой, үмітсіздер-ай! Айтпайын деп едім, еріксіз айтқыздыңдар-ау. Барлық азап менің мойнымда емес пе? Егінге су оңайлықпен келіп отыр ма, күні-түні иіріп айдап, асау суын байлап, саз суын жинап әкелем. Жел болмаса сабағы желкілдей ме? Қарашы, жел желпіген соң гүлдерінің күлім қағып тұрғанын.
Алыстағы асқар тауға күнде барып, жел шығатын тесікті шұқылай көзін ашамын деп, тырнағымның көбесі сөгілді. Жұмысым сонымен бітіп жатыр ма, менің?.. Екі шайтан егінді ересен өсіріп, жерді біраз ауырлаттыңдар.
Жерді мүйізімен көтеріп түрған көк өгіз тулап кете ме деп, күнде барып әукесін қасып отырам. Менің көрген азабымды құдай кісіге бермесін! — деп, еңкілдеп жылапты. Шайтандар сасып: «Қиналып жүргені рас екен», — деп жандары ашиды.
— Ренжіме, Алдар, біздің үлесімізге тиетін басынан саған да аздап берейік, — дейді.
— Оны қайтейін, уәдемнен қалай таям? Өздерің-ақ ала беріңдер. Аузымнан шығып қалған тамыр-тарамысын-ақ алам, — дейді.
Күзде сабағын қосып басын шайтандар алып, түбі Алдарға қалады. Түбін қазып, базарға сатып, ақшасын қалтасына салады. Қу сабағын арқалап барған шайтандарды базар адамдары мазақ қылып: Көшені былғама!» — деп қуып жіберіпті.
— Ендігі жылғы егіннің түбін біз аламыз, — депті шайтандар.
— Қалағандарың болсын. Бірақ биыл бидай мен арпа салайық, — дейді Алдар. Шайтандар келісіп, бидай мен арпа егеді. Піскен соң дәнін Алдар жинап, сабағын шайтандарға беріпті.
Ыза болған шайтандар Алдармен төбелеспекші болады.
— Мейілдерің, үйде төбелесеміз бе, түзде төбелесеміз бе? — дейді Алдар.
— Егінге ортақ болған кісілерміз, далада төбелесіп жатқанымыз елден ұят. Үйде төбелесейік, — дейді шайтандар.
— Жарайды, қысқа таяқты мен алайын, ұзын таяқты сендер алыңдар, — дейді Алдар.
Шайтандар оған қуанып ұзын таяқты алады.
Төбелесе бастайды. Шайтандар ұрайын десе, ұзын таяқ төбеге тіреліп, Алдар қысқа таяқпен екеуін де өлімші қылып сабапты.
— Бұл болмайды. Далаға шығып төбелесеміз және қысқа таяқты енді бізге бересің, — дейді шайтандар.
— Ол да болсын, — дейді Алдар. Шайтандар келісіп, таяқ ауыстырады. Далада жанына жуытпай Алдар Көсе ұзын таяқпен екеуін де ұрып жығыпты.

- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі