Арнау өлең

Қыстың алды, қара суық күз еді,
Өміріме бір бейне кеп түзелді.
Күндерімді нұрға бөлеп сол бейне,
Менің жақын адамым боп үлгерді.

Бүгін тағы сол жайлы жазам өлең,
Сөздерімді маржандай қылып өрем.
Көз алдыма бейнесін елестетіп,
Өмірде бір көруді қалап жүрем.

Сипаттасам, ол жан сондай айбатты,
Атына сай қайтпас-қайсар, қайратты.
Жолықтырса өмір кейде дауылға,
Сынбай өтер сабырлы да салмақты.

Сәтсіздіктен сүрінбей ол өтеді,
Мәрегеде бірінші боп жетеді.
Адалдықтан аттаса егер жақыны,
Ойланбастан бәрін тастап кетеді.

Білім десе, ол әрқашан табанды,
Нәтижесін күте білер шыдамды.
Болмыстағы мінсіздік пен үйлесім
Мені өзіне тартады да тұрады.

Қаламын мен кейде оған тамсанып,
Бұдан артық тартар екен қаншалық.
Өмір бойы сол жанмен бірге болып,
Жүргім келед көк жайлауда ән салып.

Осындай жан еді менің де қалағаным,
Қиялымда жер-жерді араладым.
Тағдыр маған сый қып тарту еткен соң,
Шүкір етіп, өзгелерге қарамадым.

Бір жыл бойы оған ғана тамсандым,
Тек өзіне ауумен болды аңсарым.
Қол ұстасып, екеуміз мәңгі бірге
Жүрейікші астында көк аспанның.

Қуанышқа толы болсын күндері,
Оның маған ұнайды әр кез күлгені.
Жүректегі шексіз мынау сезіммен
Сүйетінімді керек оның білгені.

Қиын кезде дейді маған: «Налыма»,
Қуанамын сол кезде оның барына.
Ол жан айтқан әрбір жылы сөздері
Қиналғанда медеу болар жаныма.

Осы болды бойымдағы өнерім,
Ұнар ма екен жазған мынау өлеңім?
Арнауымның бәрін тек соған арнап,
Жүрегіне жырменен гүл егемін.

Ол жан қатты ұнайды мына маған,
Жүрсе деймін әрқашан болып аман.
Он екі шумаққа созылған өлеңімді
Осымен аяқтайын — болды тәмам.

Авторы: Жәнәбіл Қания


Ұқсас тақырыптар

Жәнәбіл Қания
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)