Ұлт мақтанышы – Олжас Сүлейменов 90 жаста

Басты бет / Ақын-жазушылар / Ұлт мақтанышы – Олжас Сүлейменов 90 жаста

 

Уақыт шіркін сынаптай сырғып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің алып бәйтерегі Олжас Омарұлы Сүлейменов 90 жасқа толып отыр. Олжас Сүлейменов – тек қана ғажайып өлеңдер жазған ақын емес, ол – ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, әлемдік деңгейде танылған ірі қоғам қайраткері, лингвист-ғалым және дипломат.

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматыда туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) геологиялық барлау факультетін бітіріп, кейін Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтында білім алған. Оның алғашқы мамандығы геолог болғанымен, тағдыры оны сөз өнеріне алып келді. Ақынның зерттеушілік қырын айрықша көрсеткен еңбегі – 1975 жылы шыққан «Аз и Я» кітабы. Бұл кітапта славян мен түркі халықтарының тарихи байланысы мүлдем жаңаша талданып, кеңестік идеологияға соққы болды. Билік қудаласа да, бұл шығарма қазақ зиялыларының ұлттық намысын оятты.

Олжас Сүлейменовтың ең үлкен тарихи ерлігі – «Невада-Семей» қозғалысын басқаруы. Қырық жылдан астам уақыт бойы Семей жерінде ядролық жарылыстар жасалып, мыңдаған отандасымыз зардап шекті. 1989 жылы ақпанда ақынның бастамасымен құрылған бұл қозғалысқа миллиондаған адам қосылды. Ол КСРО-дағы билік санасуға мәжбүр болған ең алғашқы қуатты қоғамдық ұйым еді. Осы күрестің нәтижесінде 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны біржолата жабылды. Бұл – ақынның өз халқының болашағы үшін сіңірген өлшеусіз еңбегі.

Бүгінде 90 жасқа келген Олжас Сүлейменов әлі де жастарға бағыт-бағдар беріп келеді. Оның шығармашылығы мен азаматтық позициясы бізді әділдік пен өз елімізді сүюге үйретеді. Мерейтойыңыз құтты болсын, ұлт абызы!



WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.