«Дәуірлер үні»: Қазақтың бас киімдері арқылы ұлттық мұра жаңғырды. Қазақ халқының дәстүрлі бас киімдері – ұлттың тарихын, дүниетанымын, әлеуметтік болмысын және эстетикалық талғамын бойына жинақтаған баға жетпес мәдени мұра. Осы құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында 2026 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде «Дәуірлер үні: Қазақтың бас киімдері» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Ауқымды мәдени шара ұлттық мұрамызды зерттеп, дәріптеп жүрген белгілі этнографтарды, ғалымдарды, қолөнер шеберлерін, этнодизайнерлерді және өнерсүйер қауымды бір алаңға тоғыстырды. Көрменің негізгі мақсаты қазақтың дәстүрлі бас киімдерінің тарихи, мәдени және этнографиялық ерекшеліктерін таныстыру, олардың ұлттық дүниетанымдағы орнын айқындау және жас ұрпақтың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру.
Көрменің ашылуында ҚР Ұлттық орталық музейінің Антропология және этнология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Рүстембек Нұсқабекұлы Шойбеков қазақтың ұлттық бас киімдерінің шығу тарихы, семантикалық мәні, әлеуметтік қызметі мен этнографиялық ерекшеліктеріне тоқталып, олардың әрқайсысы халқымыздың дүниетанымы мен өмір салтының айнасы екенін атап өтті.
Шара барысында ұлттық киім өнерінің бүгінгі даму бағыттары да кеңінен сөз болды. Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО-ның сапа белгісінің иегері, белгілі қолөнер шебері әрі дизайнер Тілек Сұлтан ұлттық киім мен бас киім жасаудағы дәстүр сабақтастығы, қолөнердің қазіргі қоғамдағы орны және мәдени мұраны сақтаудағы маңызы туралы ой бөлісті. Ал Қазақстандық этнодизайнерлер одағының президенті Салтанат Жапарова қазақтың дәстүрлі бас киімдерін заманауи сән индустриясында жаңғырту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Көрменің басты ерекшелігі – музей қорындағы сирек әрі бірегей жәдігерлердің көпшілік назарына ұсынылуы болды. Экспозицияда XIX ғасырдың басына жататын, сұлтан Баймұхамед Айшуақовқа тиесілі мұрақ ерекше орын алды. Қызғылт күлгін және жасыл барқытпен тысталып, зертаспамен көмкеріліп, зер жіппен кестеленген бұл биік шошақ төбелі бас киім қазақ қоғамындағы жоғары әлеуметтік мәртебенің белгісі саналған.
Сондай-ақ XIX–XX ғасырлар тоғысындағы Батыс Қазақстан өңірінен жиналған сәукеле көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Ақық, маржан, оқа, үкі және құндыз терісімен әшекейленген бұл құнды жәдігер қазақ қызының ұзатылу салтындағы ең қасиетті әрі салтанатты бас киімнің көркем үлгісін паш етеді.
Экспозицияда Түркіменстандағы қазақтар арасынан жиналған шошақ төбелі далбай тымақ та қойылды. XX ғасырдың ортасына тән бұл бұйым қазақтардың өңірлік ерекшеліктерін сақтап қалған қысқы балалар бас киімдерінің бірегей үлгісі ретінде бағалы.
Көрме барысында қыз-келіншектердің сәндік әрі тұрмыстық бұйымы саналатын шашқаптар да көпшілікке таныстырылды. Бұрымды шаң-тозаңнан, күн сәулесінен және тіл-көзден қорғауға арналған бұл бұйымдардың этнографиялық мәні жан-жақты түсіндірілді. Музей қорындағы бұл бұйым қазақ-американдық «Диана» бірлескен кәсіпорнынан сатып алынған. Шашқапты 1980–1990 жылдары белгілі қолөнер шеберлері Тұрсынкүл Жайлаубаева мен Жазым Жайлаубаева дайындаған.
Бұдан бөлек, көрмеде қасаба, бөрік, тақия, тымақ, қалпақ, күләпара, кимешек, дулыға сияқты қазақтың дәстүрлі бас киімдерінің 30-ға жуық түрі ұсынылды. Әрбір жәдігердің жасалу технологиясы, көркемдік ерекшелігі, қолданылу аясы және әлеуметтік мәні туралы ғылыми-танымдық ақпараттар келушілерге кеңінен таныстырылды.
Көрмені тамашалаған жұртшылық қазақтың бас киімдері тек күнделікті тұрмысқа қажетті бұйым ғана емес, ұлттың рухани әлемін, салт-дәстүрін, жас ерекшелігін, әлеуметтік дәрежесін және эстетикалық талғамын бейнелейтін маңызды мәдени мұра екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.
«Дәуірлер үні: Қазақтың бас киімдері» көрмесі ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени шараға айналды. Мұндай тағылымды шаралар халқымыздың тарихи-этнографиялық құндылықтарын кеңінен дәріптеп қана қоймай, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және жас ұрпақтың мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыруға зор үлес қосады деп сенеміз.
ҚР Ұлттық орталық музейі
Антропология және этнология
бөлімінің қызметкері
Серік Дінмұхаммед Аманкелдіұлы

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі