Үлкен көл жағасындағы биік беткейдің бір тұсын Ата борсық мекендейтін. Ол бүгін ұясына құлап бара жатқан Күн шапағына қарап отырып, іннің алдында балаларымен кешкі тамағын ішіп отырған. Кенет көктен жан даусы шыға қақылдап бір үйрек бұлардың тура алдына топ етіп түсті де, бүк түсіп жата қалды. Сол-ақ екен төбеден суылдаған дыбыс шықты. Ата борсық төбеге жалт қарап еді, томашадай бір қырғи тас-түйін боп сорғалап келеді екен. Ата борсық тісін сақ-сақ ұрып, айбат қып тұра қалды. Мұны көрген қырғи бата алмай, «шаңқ» етті де жалт бұрылып кете барды.

– Бауырым, не болды? – деді борсық әлі де дір-дір етіп, зәресі ұшып отырған үйрекке.
– Өзің де көрдің ғой, – деді Үйрек қалш-қалш етіп, – сұм қырғи сәл болмағанда мені опат қылмақшы еді. Рахмет саған!
– Иә, іліп әкетуге шақ қалды ғой. Бірақ қорықпа. Ол енді мұнда келмейді. Кел, бізбен бірге отырып тамақ іш, – деді Ата борсық, алдарында
жеп отырған дәм-тұзына шақырып.
– Рахмет! – деді Үйрек. – Мен жүрегім суылдап қорқып тұрмын. Қазір ештеңе де жей алмаймын. Рұхсат етсеңдер, мен енді ұяма қайтайын. Балаларым іздеп қалар.
– Иә, мұндайда рұқсат демегенде не дейміз. Уақыт тауып келіп тұр. Әңгіме қыламыз, – деді Ата борсық.
«Рахметін» айтқан Ана Үйрек өз балаларына ұшып кетті.
Екі күннен кейін Ана үйрек борсық ініне тағы келді. Борсықты балаларымен бірге қонаққа шақыратынын айтты.
– Жарайды, – деген Ата борсық, сол күні балаларын ертіп көлге келді. Үйректің айтқан жеріндегі ұясын да тез тапты. Қалың қамыс тоғайының іші екен. Үйрек байғұс барын салып күтініпті. Су бетіне дастархан етіп қалқыма түйе жапырақтарды жайып, оның үстін неше түрлі дәм-тұзбен толтырыпты. Су асты шаяндары мен балдырлары дейсіз бе? Неше түрлі шөп тамырлары мен жемістері дейсіз бе, бәрі бар.
– Қош келдіңіздер! – деп Үйрек күтіп алды. Дастарханға шақырып, өз балаларын борсық балаларымен таныстырып, лезде бәрі шұғырласып мәресәре болысты.
– Қане, қонақтар, дастарқандағы дәмге қараңыздар. Сіздердің не сүйіп жейтіңдеріңізді білмедік. Кемшілік болса, кешіріңіздер, – деп Үйрек ұялған болып жатыр.
– Қысылатын ештеңе жоқ! – деді Ата борсық. – Бәрі жақсы. Ал біз нені сүйіп жейтінімізді мен қазір көрсетейін, – деді де су астына сүңгіп кетіп, лезде бір бума тәтті қамыс борықтарын алып шықты.
– Біздің балалар осыны жақсы көреді.
Бұған борсық балалары мәз болып тәтті борыққа таласа жармасты. Тамақтан соң борсық балалары мен үйрек балапандары қосылып қызықты ойынға кірісті. Үйрек балапандары бірде қатар түзіп, бірде су сабалап бірін-бірі қуысып, су бетінде неше түрлі өрнек сызып билейді екен. Борсық балалары да олардан қалыспай суда жақсы жүзетін болып шықты. Суға сүңгіп ана тұстан бір, мына тұстан бір шығып олар да мәз. Енді бірде үйрек балапандары қанаттарымен су сабалап борсық балапандарына су шашып қаша жөнеледі, ал борсық балалары су астына шым-шым сүңгіп кетіп, үйрек балапандарының қарсы алдынан бірақ шығады. Шу-шу еткен үйрек балапандары борсық балапандарын тағыда суға көміп, жалтара кері қашады.
Бұларды сырттай қызықтаған Ата борсық пен Ана үйрек бір кезде:
– Ал, балалар жетер енді. Енді бізге ән салыңдар. Біздің ән тыңдағымыз келіп отыр, – деді.
– Ән дейсіз бе? – деді үйрек балапандары. – Біз ән айтқанды сондай жақсы көреміз.
Сөйтіп қатар тұрып ап, «пип-пип!, пип-пип!» деп сырнайлатып неше түрлі ғажап бір әуендерге басты деңіз. Оған борсық балалары да қарап тұрмай әр жерінде «ге-ге!» «гук-гук!» деп өз әлдерінше қосылған болады.
Кенет: – Жаса, балапандар!. Жасасын әнші балдырғандар! – деген қарлығыңқы дауыс шықты.
Ата борсық жалт қарап еді, мұны айтып тұрған кәрі Ата қаз екен. Ал айнала болса әнші балапандарды тамашалап, қол соғып тұрған үйрекқаздарға толып кетіпті...
– Жасасын, өнерлі жастарымыз!. Су үстінің бейбіт өмірі жасасын!, – деді тағы біреу.
Мұны естіп Ата борсық шыдап тұра алмады.
– Жасасын, аң -құстардын бірлігі! Балаларымыздың шатты күлкісі бұзылмасын!. Осындай шуақты күндеріміз көп болсын ағайын! – деп айқай салды.
Сол ақ екен, – Жасасын, ұлы достық! Бейбіт өмір! – деп шуласа жамырасқан тұрғындардың зор дауысы көл үстін тербетіп жіберді. Бұған марқая түскен Ата борсық бір сәт ойланып тұрды да, – Ал, енді біз қайтамыз, қонақ етіп шақырғаныңа рахмет! – деді Ана үйрекке. – Күн кешкіріп қалыпты. Тұрағымызға жетіп алайық.
– Иә, амандықпен жүздесейік. Көрдіңіздер ғой, келіп тұрыңыздар! – деді Ана үйрек.
– Жоқ, ендігі кезек сіздердікі, сіздер барыңыздар.
– Жарайды, бұйрық болса барармыз! – деді Ана үйрек. – Сау болыңыз. – Иә, сау болыңдар. Қане, кеттік, балалар! – деген Ата борсық Ана үйректің қолын алып, артына қарай-қарай мекеніне қарап жол тартты.

-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі