Құтыршақ

Айшық мүйізді ала Сиырдың бұл бұзауы ерекше ерке, сүзеген болып өсті. Әліне қарамай үлкенге де, кішіге де тиісе берген соң жұрттың бәрі оны Құтыршақ деп атады. Сол Құтыршақ тез өсті. Бір жасқа жетер жетпес кәдімгідей жауырыны күжірейген апайтөс бұқашыққа айналды. Екі көзін алартып, пысқырынып, алдына жетіп барса қай-қай мықтыларыңның өзі тайсақтап қашатұғын болды.

Құтыршақ

– Қой Құтыршақ, бұл тентектігіңді қой, ұят болады, – дейтін оған ала Сиыр еміреніп.

– Мен күштімін, апа. Менен бәрі қорқады, –дейді бұған Құтыршақ масаттанып.

– Сенен де күштілер көп бұл әлемде...

Оған: – Менен күшті ешкім жоқ! – дейді Құтыршақ одан сайын екілене түсіп. 

Бүгін кешқұрым малдар өрістен күндегіден ертелеу қайтып келе жатқан еді. Ауыл іргесіне таянғанда, бір топ бала доп қуып жатыр екен. Мұны көрген Құтыршақ ойнақ салып оларға жетіп барып еді, балалар у-шу боп, тым-тырақай жан-жаққа қашты.

– Әй, мынау қайтеді? Пышаққа ілінгісі кеп жүрме-ей, мынаның! – деп, таяғын шошайтты бір кәрі шал.

– Қайт! – деп, енесі мөңіреді.

Кімге тиісерін білмеген Құтыршақ қасында тұрған сары бұзауды шаңқ еткізіп бір мүйіздеді де кері қайтты.

Сол-ақ екен, жәй келе жатқан паданың алдынан едіреңдеген екі өгізше шыға келді де, бір-бірімен табан тіресіп тұра қалды. Ұрынарға қара таппай тұрған құтыршаққа да осы керек. Оларға бір тұстан барып килікті де, екеуіне екі соққы беріп, екеуін екі жаққа тырқырата қуды.

– Қой, ақымақ болма, – деді ала Сиыр оған қатқылдау мөңіреп. – Өзге жұртта ісің не? Қане қасыма кел!\

Содан Құтыршақ біраз уақыт тып-тыныш енесінің қасында келе жатқан. Кенет бір бүйірде у-шу боп топтанып тұрған бес-алты ересек баланы көрді. Бәрі бір-бірімен сартта-сұрт сүзгілесіп жатқан екі жас қошқарды тамашалап тұр екен. Мұндайды көрген Құтыршақ қалай шыдап тұра алсын. Бірер ойқастап қастарына жетіп барды да, келе жас қошқардың бірін мүйізімен бір қағып жалпасынан түсірді. Одан соң кейін қарай шегіне түскен екінші қошқарды межеге ап, пысқырынып, басын тұқырта беріп еді, жас қошқар оқша атылып кеп басымен қақ маңдайдан оңдырмай соққы берді. Мұндай соққыны күтпеген Құтыршақ ес-түссіз омақаса құлап түсті.

– Өлді...өлді! – деп, балалар шуласты.

Үдере жүгірген көппен бірге ала Сиыр да сүзеген тентегіне қарай бармақ еді, бірақ адамдар жолатпады. Адамдар ала Сиырды қуып;

– Әй, мына сүзеген пәле шынымен-ақ өлген бе? – деп, Құтыршақты арыбері қозғата бастады. Құтыршақ біраздан соң барып басын көтерді. Айналаға үрейлене бір қарап, тұрмақ болып ұмтылып еді, тұра алмады. Ақыры жиналған жұрт қаумалап тұрғызды да; – Бар сотқар неме, енеңе бар. Бұл енді өзіңе де жақсы сабақ болған шығар – деп, жон арқадан жас шыбықпен тартып-тартып жіберді. Қайқаң ете түскен Құтыршақ тәлтіректеп енесінің қасына келді.

– Әне, тентегім көрдің бе? Бұл әлемде сенен де асқан мықтылар көп, абай бол, – дегендей енесі мойнын созып бір мөңіреп алды да, Құтыршағының үсті басын емірене жалай бастады.

Қатысты тақырыптар

Жануарлар туралы ертегілер

Батырлар туралы ертегілер

Ертегі айтудың маңызы


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)