Есік алдында үлкен өрік ағашы бар еді. Оның асты қашанда қою көлеңке болып, бұл үйдің балалары осы өрік көлеңкесінде ойнайтын. Ол жерде ылғи үлкен алаша жайылып, оның үстінде көрпеше және ас ішетін аласа стол тұратын.
Бүгін де күн түстікке таянып қалған кез еді. Мектептен келетін балаларына түскі ас әзірлеп жүрген апасы екі жасар Айнашты осы көлеңкеге әкелді де, алдына екі-үш ойыншық койып; – Міне осы жерде отыр, еш жаққа шығып кетпе! – деп, өзі ас үйге кіріп кетті.

Айнаш қуыршағының шашын тарап, оған былдырлап бірдеңелерді айтып отырған. Кенет үлкен бір ақ көбелек қанатын жалп-жалп қағып келіп, мұның тап алдыңдағы аласа столға қона кетті. Қанаттарының ұшында тарыдайтарыдай теңбіл меңі бар, көздері тостағандай үп-үлкен көбелек екен. – Әй, сен кімсің? – дегендей, әдемі қанаттарын бір қағып, бір түсіріп Айнашқа қарсы қарап, тапжылмай тұра қалыпты. Қызығып кеткен Айнаш оны ұстап алмақ боп қол созды. Сол-ақ екен, көбелек лып етіп ұшты да анадай жерде тұрған раушан гүл шоғына қарай кетті. Раушан гүл шоғы үсті де әрдайым неше түрлі көбелектерге толы болатын. Ақ көбелек енді соларға қосылып, қанатын жалп-жалп қағып, айқұш-ұйқыш ауаны кескілей бастады. Бұлардан бір сәт көз алмай тұрған Айнаш, кенет, орнынан тұрды да аяғын апыл-тапыл басып кеп осы көбелектерді қызықтай бастады. Көп өтпей-ақ көбелек гүлге қонды. Қуанып кеткен Айнаш оны ұстамақ боп тағы ұмтылды. Бірақ әккі көбелек бұған оңай ұстатсын ба? Лып етіп көтерілген бойы ары-бері ұшып жүріп таяқ тастам жердегі екінші гүл шоғына өтті. Оны қалайда ұстап алсам деген Айнаш аяғын тап-тұп басып, бұл гүл шоғына да жетті. Мұнда да ақ, сары, қызыл көбелектер көп екен. Бәрінен де ерек әлгі әдемі ақ көбелек биіктеу бір гүл бұтағында отыр. «Бәрібір мені ұстай алмайсың» дегендей қанаттарын еріне қағып-қағып қояды. Асыға жеткен Айнаш екі қолын бірдей соза ұмтылды. Бірден жалт көтерілген көбелек тағы да ұстатпады. Қорғанның етек жағы жүзім, алма аралас өскен шағын бау болатын. Әккі көбелек жоғары-төмен ұшып жүріп енді сол жаққа қарай бір-ақ тартты. Қалайда оны ұстап алсам деген Айнаш көбелек соңына тағы түсті. Бірақ бұл жақта жүру оңай емес екен. Мұндағы шөптер тым биік өсіпті. Оның үстіне шұбатылған жүзім сабақтары аяққа оратылып болар емес. Айнаш аяғын абайлап басып ақыры бау ішіне де жетті. Келе, бұта-бұтаны сығалап ақ көбелекті іздеді. Қас қылғанда ақ көбелек бұл жерде болмай шықты.
–Міне, қызық! Ақ көбелек қайда кеткен?
Айнаш аяғын бір-екі қадам алға баса бергені сол, кенет, бір ала торғай мұны шоқып алардай «шаж!» етіп дәл төбесіне келді де, жалт бұрылып кері ұшты.
Қатты қорқып кеткен Айнаш шегінемін деп, шөпке шалынып, шалқалай кеп құлап түсті. Одан сайын зәресі ұшқан Айнаш бақырып жылап жіберді. Сол-ақ екен, жүзім бұтақтарын қақ жарып, тілі салақтап дәу төбет шыға келді. Өздерінің Құтжолы екен.
– Неге жыладың Айнаш? – дегендей, Құтжол оған басын төңкере бірер қарап алды да, иіскелеп, бет-аузын жалай бастады. Мұны көрген Айнаш тез жұбанып, иттің басын құшақтады. Қыздың көңілденгенін көрген ақылды ит қалың шөпке созылып жата кетті.
Енді Айнаш алаңсыз иттің көзін, құлағын шұқылап ойнай бастады. Күн аса ыстық болатын. Дем қайтарған ыссыдан ит кеудесі бір көтеріліп, бір түседі. Оны қызық көрген Айнаш иттің кеудесіне басын қойып, тың тындады. Ит кеудесінің сыр-сыр еткен дыбысы Айнашқа қызық көрінді. Көп ұзамай, ит денесінің ыстығы бойын балқытты ма, Айнаш сол жатқан бойы пысылдап ұйықтап қалды.
Бұл кезде анасы балаларына түскі ас дайындап бола берген. – Әй, Зибаш, үйдемісің? – деп көрші әйел келді. – Қызыма көйлек тігіп жатыр едім, мына бір тұсын көрсетіп жіберші, тіпті ақылым жетпей басым қатты.
– Мен қазір, – деген Айнаштың апасы қазан астындағы газды пәсейтті. Одан, – қане ішке барайық, – деп, көрші әйелді ішкі бөлмеге алып кетті. Содан екеуі қажық-құжық әңгімемен біраз отырып қалған екен. Мектептен балалары келді.
– Ойбұй! Менің тамағым не болды? – деген апасы орнынан тұрды. Рахмет! – деген көрші әйел де асығып үйіне кетті.
– Апа, Айнаш қайда? – деді мектептен келген үлкен қызы Салтанат.
– Әй, далада ойнап отыр еді ғой.
– Онда жоқ, – деді Салтанат.
– Қой әрі, – деді шошынған апасы. – Өрік астындағы көлеңкеде отырған, бір жерде жүрген шығар.
Содан үшеуі далаға шығып ал кеп іздесін. Айнаш еш жерде жоқ.
– Мүмкін, қақпадан шығып көршілерге өтіп кетті ме екен? – деген апасы балаларын көрші үйлерге жүгіртті. Айнаш ол жақта да жоқ болып шықты.
– Мәссаған! – деп, зәресі ұшқан апасы енді, – Айнаш, Айнаш! – деп дауыстап шарбақты шыр айнала іздей бастады.
– Құтжол да көрінбейді ғой, – деді үлкен ұлы Самат. Сөйтті де ол:
– Құтжол, Құтжол! – деп итін шақыра бастады.
Жүзімдік арасынан «әуп-әуп» үрген иттің даусы шықты. Бірақ ит келмеді.
Әншейінде, атын атаса болды жетіп келетін итін, неге келмей жатыр, – деп ойлаған Самат, ит жатқан жерге өзі келді. Келсе қызық... Қалың шөп үстінде көсіліп Құтжолжатыр да, ал оның үстіне басын қойып Айнаш қаннен қаперсіз ұйқыны соғып жатыр. Ал Құтжол болса қыз ұйқысын бұзбайын дегендей сол жатқан орнынан тіпті де қозғалар емес.
– Апа, мына қызықты қараңыз! – деді Самат апасына дауыстап.
– Айнашыңыз мұнда жатыр.
– Е құдай, бар екенсің ғой! – деп көңілі орнына түскен апасы асыға басып келіп, ит үстіне басын қойып тәтті ұйқыда жатқан қызын көріп күліп жіберді. – Әй ақымақ! Біздің зәремізді ұшырып бұл жатысың не жатыс-ей, сенің!
Апасы айналып–толғанып Айнашты көтеріп үйге қарай алып кетті.
– Ал енді, маған не бермекші едіңдер? – дегендей Құтжол да бұлардың соңдарынан ере берді.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі