ОРЫНБОРДАН ТАРАҒАН ҮН «Қазақ» газеті және Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдық мұрасы

Басты бет / Тарих / ОРЫНБОРДАН ТАРАҒАН ҮН «Қазақ» газеті және Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдық мұрасы

ОРЫНБОРДАН ТАРАҒАН ҮН

«Қазақ» газеті және Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдық мұрасы

 

Бүгін біз өз пікірімізді әлеуметтік желіге бір минутта жаза саламыз. Әлемдік ақпарат кеңістігінде ойымызды еркін білдіру әдеттегі құбылысқа айналды. Ал жүз жылдан астам бұрын қазақ үшін еркін сөз айту оңай емес еді. Сол заманда, 1913 жылы Орынбор қаласында қазақ қысталаң шақта «Қазақ» газеті дүниеге келді. 

Басылым редакторы реформатор-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы, орынбасары Міржақып Дулатұлы болды. Газетті қаржылай қолдау мен ұйымдастыру үшін «Азамат» серіктестігі құрылып, оған ұлтжанды азаматтар мен ел ішіндегі байлар демеушілік жасады. Ахмет Байтұрсынұлы бұл газетті өз ойлап тапқан «Төте жазу» әліпбиімен басып шығарып, халықтың сауатын ашуға үлкен серпін берді. Газет жай жаңалық жеткізетін басылым емес, ұлттың ойын оятатын, саяси сауатын арттыратын алаңға айналды.

Әлихан Бөкейханов заманының білімді азаматы, Санкт-Петербург орман институтын бітірген ғалым, публицист әрі көрнекті қоғам қайраткері болды. Бөкейханов «Қазақ» газетінің айналасына топтасқан зиялылардың көшбасшысы ретінде газетке «Қыр баласы» деген бүркеншік есіммен 50-ден астам танымдық, саяси, экономикалық мақала жазды. Оның мақалалары қазақ қоғамының ең күрделі мәселелерін дәл басып көтерді. Солардың бірі «Оқушыға жәрдем қауымы» атты мақаласы. Бұл мақалада Әлихан Бөкейханов былай деп жазады: «Қазақ балалары жәрдемге мұқтаж екендігі, «Қазақты» оқушыларға мәлім болды. Бұған жұрт таласпай сөз байлар. Оқуда жүрген жастарға жәрдем қылу жұрт борышы деп білсек, бұған мойын ұсынсақ, енді мұны іске айналдыру шарасын қылу керек. Бізден рухани мәдениеті озған жұрттың бұл тұралы салған қасқа жолы бар.Бізде сол жолға түсу жөн»,-деп жазады. 

Мақаланың мәні: оқуда жүрген жастарға барынша қолдау көрсету және жәрдем беру бастамасын қозғайды. Автор оқуда жүрген қазақ жастарына көмектесетін «Жәрдем қауымын» құруды және оның бас басқармасын білімді де белсенді азаматтары көп Семей қаласында ашуды ұсынады. Осылайша, ол білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетеді. Қазақ жастарының оқу оқып, білім алуына шынымен де қолдау мен көмек қажет екені — бәрімізге түсінікті шындық. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Егер оқып жатқан жастарымызға қол ұшын созу – бүкіл халықтың азаматтық борышы екенін мойындасақ, енді тек құр сөзбен айтып қоймай, нақты іске көшуіміз керек. Біз де осы игі жолға түсіп, жұмыла әрекет етуіміз керек деп халыққа осылай үндеу жасайды.

Газет төрт негізгі бағытқа ерекше назар аударды: 

Жер мәселесі: Қазақтың атамекені қазақтың өзінде қалуы керек, жер сатылмауы тиіс деген айқын ұстаным. Дәл осы бағытты ұстанған М.Есболұлы былай деп жазады: «1914 жыл қысты күні 33 үйге естіртеді, сендердің бұл отырған ( бұрыңғы жер ) жерлеріңде енді отыруға болмайды, сроктарың толды, сендер 7-ден шықтыңдар, қалаған 1 ауылдарыңа барыңдар деген. Сонан бері бұл 33 үй 1 ауылнай санағында болып, алымды соған төлеп отыр. Бұл қазақтар осы күні бір қызық, егер қызық деуге болса, әлде отыр», - деп жазады. М.Есболұлы бұл мақаласында патша үкіметінің отарлау саясаты салдарынан қазақтардың өз атақонысынан айырылып, жерсіз қалғанын, әкімшілік тарапынан көрсетілген зорлық-зомбылық пен əділетсіздікті ашып жазады.

Білім мен ағарту: Халықтың кедейлігі мен артта қалуының бірден-бір 

себебі – білімсіздік. Қыздар мен ұлдардың бірдей білім алуы насихатталды. 

Ана тілі: Тіл – ұлттың негізгі тірегі, оны сақтау және дамыту – ұлтты 

сақтаудың басты шарты. 

Ұлттық болашақ мен автономия: Қазақ өз тағдырын өзі шешетін, өз билігі бар қоғам құруы тиіс деген саяси идея.

Ол кезде халық арасында сауатты адамдар саны аз еді. Бірақ газеттің әсері оқырман тиражынан әлдеқайда кең болды. Бір дана газет ауылға жетсе, сауаты бар азамат оны ауыл ортасында дауыстап оқып беретін, жұрт жиналып, түн ауғанша тыңдайтын. Сөйтіп, газеттің бір нөмірі ондаған, жүздеген адамның санасына жетіп, қызу талқыланатын. «Қазақ» газеті осылайша бүкіл қазақ даласында ұлттық сананың тұсауын кесіп, халықты оятты.

 Кеңес өкіметі толық орнағаннан кейін «Қазақ» газеті жабылып, оның төңірегіндегі Алаш қайраткерлері «халық жауы» ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Әлихан Бөкейханов 1937 жылы Мәскеуде жазықсыз атылды. Оның есімі мен еңбектері ондаған жылдар бойы тарихтан өшірілуге тырысты. Тек Қазақстан өзінің егемендігін алғаннан кейін ғана Алаш зиялыларының еңбегі толық ақталып, халыққа қайта оралды.

  Бүгін біз «Қазақ» газетінің сарғайған беттерін қайта оқи отырып, онда көтерілген мәселенің көбі: тіл тағдыры, сапалы білім, жер тұтастығы мен ұлттық бірлік т.б. әлі де өзекті екенін байқаймыз.

2026 жылы Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толады. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, «Қазақ» газеті мен оның төңірегіндегі қайраткерлердің қалдырған мұрасы өз мәнін жоғалтқан жоқ. Себебі, олар жай ғана қалам тербеп қойған жоқ, ұлттың болашағы мен тағдыры үшін үлкен жауапкершілік арқалады.

Бүгінгі журналист үшін де, қарапайым оқырман мен жастар үшін де бұл– үлкен тарихи сабақ: сөздің салмағы бар. Ал сөзі салмақты, ниеті таза адамның үні мен идеясы ғасырлар бойы жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.

 

 

Нартаева Алина,

Камалова Венера,

ҚазҰУ-дың 1 курс студенттері

 

Ғылыми жетекші: 

фил.ғ.к., профессор Р.С. Жақсылықбаева



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)