Өлең, жыр, ақындар

Қайыңдар

Орындаған:    3 «в» сынып оқушысы Алшынбай Назерке

Мұғалімі: Балпанова Гульмира Оразалиновна

Тақырыбы: Қайыңдар

Қайың — сымбатты ағаш, ұшар басы үкідей шоқтанып, биік бойлап өседі. Кәрі қайыңның ауыр бұтақтары мәжнүн талдай төгіліп тұрады. Ашық жерлерде қайың кейде жеке-дара өседі, бірақ көп ретте олар орман болып тұрады. Жазғы жап-жасыл шөп пен жайнаған гүлдің ортасында тұрған ақ балтыр қайың тоғайы - ол бір ғажайып сурет!

Қайың сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында, яғни жаңғақ ағашы мен талдан кейін гүлдейді. Оның гүлдері қарапайым сырға тәріздес болып келеді. Ал қайыңның жапырағы сарғая бастаған кезде қыркүйек айы да туады.

Қайыңның ұрықтары желмен тез ұшып кетеді. Ол орманның басқа ағаштары өсе алмайтын жерлерде де тез өсіп-өнеді. Сондықтан қайыңды орманның "пионері" деп атайды.

Скандинавия елдерінде қайыңның дінінің төменгі жағы үйілденіп, шорланып-жуандап кететін қайыңдар бар. Оған тіпті балта да батпайды. Мұны Карелия қайыңы деп атайды. Оның ағашынан әшекейлі әсем жиһаз, қобдиша және әр түрлі безендіру заттарын жасайды. Карелия қайыңы өте сирек ұшырасады. Сондықтан қазір оны қолдан жасанды жолмен өсіруге әрекет жасалуда.

Қайың – ақ түсті қабығымен ерекшеленетін әдемі ағаш. Өмір сүру ұзақтығы - 100-150 жыл. Ол көктемде ерте бүршік жарып, кеш жапырақ түсіретіндігімен ерекшеленеді. Табиғатта қайыңның 140 түрі бар. Елімізде оның көптеген түрлері кездеседі. Ең кең таралған түрі - кәдімгі қайың немесе аққайың. Баянауыл және Көкшетау қорықтарында қарағай, көктерекпен бірге қайыңның “үлпек қайың” деп аталатын түрі өседі. Қайың ағашының бұтағы мен діңі берік, әрі шымыр. Жапырағы жұмыртқа пішіндес, жиектері ара тісті. Қайың сәуір, мамыр айларында гүлдейді. Гүлдері сырға секілді. Күзде ерекше сары түске боялатын қайың жапырақтары саябақтарға көрік беріп тұрады. Қайыңның барлық түрі өте тез өседі және оңай жерсінеді. Гүлпаздар қайыңды «Саябақ ағашы» деп атайды. Әдемілігіне бола жолдың екі жағалауына, тіпті бақ ішіне қатар-қатар бірнеше түбін бірден егеді. Қайың өзгеше сұлулығына бола ақындардың өлең-жырларына жиі арқау болған ағаштың бірі. Ажарлы да көрікті бойжеткендерді аққайыңға теңеп жатады.

Қайыңның бүршігі мен жапырағында, гүлі мен діңінің қабығында және ағашы мен шырынында емдік қасиеттер бар. Оның бүршіктері мен жапырақтарының құрамында эфир майы, қара май, флавоноидтар, сапониндер мен С дәрумені бар. Шырынын сусын ретінде пайдаланады. Қайыңнан жоғары сапалы шаңғы мен шере жасалынады. Тез шіріп кететіндіктен құрылыста аз қолданылады. Жанғыштық қасиеті жоғары болғандықтан, отын ретінде пайдаланады.

Күтімі

Көп күтімді қажет етпейді. Жас көшетін алғашқы жылдары түзулеп өсірсе, діңі тік әрі әдемі болып өседі.

Сыланған сұлу ақ қайыңдар талай ақын - жазушылардың өлең - жырларына арқау болған. Қайыңды орман - басқа ормандарға қарағанда, кереметтей нәзік, әдемі көрінеді. Сондықтан да оның адамға әсері, эстетикалық ләззаты ұшан - теңіз. Сұлулықтың, нәзіктіктің белгісі саналатын ақ қайыңның құрылысының маңызын былай қойғанда, одан алынатын шипалы шырыны жайлы жеке әңгіме етуге болады

Ақ қайың. Бұл кәдімгі қайың тұқымдас, сыртқы қабығы ақ түсті, орман ағашы. Жапырақтары үшбұрышты немесе ромб тәрізді болып келеді. Биіктігі 20 м дейін жетеді. Сәуір - мамыр айларында гүлдейді. Еліміздің соның ішінде Қазақстанның далалы және орманды аймақтарында өседі.
Қайыңның сөлі - аса пайдалы сусын. Оның дәмділігін шөл қандырар қасиетін былай қойғанда әртүрлі ауруларға қарсы шипалық қасиеті және бар.
Ақ қайыңның бүрінде шайыр, эфир майы, бетулоретин қышқылы, сапониндер, илік заттар, жүзім қанты, С дәрумені және фитонцидтер, глюкоза, фруктоза, көптеген микроэлементтер кездеседі. Қайың қабығынан ағатын шырынды ішуге болады. Қайың шырынында 20% қант, кальций оксиді және хош иісті заттар бар. Ал, қандыағаш бүрінің құрамында илік заттар, галла қышқылы, ал жапырағында глюкозидтер, кверцетин мен түрлі органикалық қышқылдар бар. Қабығы илік заттармен қатар тритерпеноидтарға, тараксеронға және басқа да заттарға бай.

Емдік мақсатта ақ қайыңның бүрлері мен жапырақтары, кейде шырыны қолданылады. Ақ қайың бүрлерінен және жапырақтарынан жасалған қайнатынды мен тұнба халық медицинасында несеп және өт жүргізетін, қан тазартатын, тер шығаратын дәрі ретінде қолданылады.

Қайыңнан бөлінген шырынның шипалық қасиеті қазақ балгерлеріне ертеден белгілі болған. Кезінде оны басы айналып, көзі қарауытқан қаны аз адамдарға қан толтыру үшін берген. Тамақты сіңдіріп, ауруларға дәрі есебінде қайыңның сөлін ішкізген. Қазақ балгерлері ысталып, исі кеткен торсықтарды қайың ағашының діңіне жапсыра іліп, көктем кезінде торсық - торсық сөл жинап алатын болған.
Қайыңның сөлінің осыншалық көп қасиетке ие болуы - қазіргі кезде оған деген сұранысты барған сайын арттырып отыр. Қайың қабығынан қарамай (деготь) алу ежелден белгілі, онымен деңгелектерді, аяқ киімді майлаған. Ал, қайың тозынан әсем қорапшалар, сөмкелер тоқылады. Онымен Солтүстік Америка үндістері каноэның (тез жүзетін қайық) сыртын қаптайды. Қызыл қайың Қазақстандағы ең шөлге тезімді қайың түрі. Қуаңшылық аудандардағы елді мекендерді көгалдандыру үшін пайдалану ұсынылады. Наурызым қорығында, Баянауыл ұлттық паркінде қорғалады.

Көктемде жасыл желек жамылған қайыңды тоғайды аралап бір көріңізші... ақ шағаладай жұп - жұмыр қайың діңі күн көзінде жылтылдаған інжу - маржанға толып кетеді. Ақ қайың жылап тұр деп ойлайсыз. Жоқ, бұл күміс тамшылар - ару ағаштың береке байлығы. Сол байлықты ысырап етпей игілікке жарату адамдардың қолында тұр. Орман - жасыл желекті, жазиралы табиғаттың негізгі байлық көзі.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Алтын

керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар