Өлең, жыр, ақындар

Биыл Қызылорда облысында 4574 түлек ҰБТ тапсырады

Биыл Қызылорда облысында 6570 оқушы  мектеп бітіргелі отыр. Оның 4574-і, яғни 70 пайызы Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.

Бұл туралы бүгін аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Сынақ тапсыруға ниет білдіргендердің басым бөлігі жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша мамандықтарды таңдауда. Айта кетейік, 37 мектеп бітіруші Ресей, Грузия, Қазақстан, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде халықаралық ғылыми жобаны қорғау арқылы   мемлекеттік оқу гранттарын алдын ала жеңіп алды. Бұл мектеп бітірушілер министрліктің бұйрығы негізінде ҰБТ-ден босатылатын болады.

Облыста 9 ҰБТ өткізу пункті жұмыс жасайды. Жетеуі аудан орталықтарында, екеуі Қызылорда қаласында орналасқан. Олардың барлығы да Ереже талаптарына сәйкес жабдықталуда. Мектеп бітірушілер ай сайын 2-3 реттен ҰБТ өткізу пунктінде және мектептің базасында айына 4 реттен сынама тест тапсыруда. Сынама тест қорытындылары ата-аналармен бірге талданып, төмен болған жағдайда дайындықты күшейту, жақсарту шаралары қарастырылып келеді. Бүгінгі күнгі сынама тест бойынша облыстың орташа балы 88,3-ті құрап отыр. «Алтын белгіге» - 352, «Үздік аттестатқа» 135 оқушы үміткер.

Арал ауданындағы «Қамбаш», Жаңақорған ауданындағы  «Талдысу» қосымша білім беру орталықтары мен Сырдария ауданындағы «Жалын», Жаңақорған ауданының «Тау самалы» оқушылар тынығу лагерінің базасында 3108 түлек дайындық курсынан өтті. Оған 76 млн 756 мың теңге қаржы қарастырылған. Мектеп бітірушілердің аз қамтылған отбасы балалары үшін сынама тест кітапшаларын сатып алуларына жергілікті бюджет есебінен  22 млн теңге бөлінді.

- Мен соңғы бір апта ішінде барлық аудандарда болып, ұстаздар мен мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, пікірлестім. Оқушылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Ендігі мақсат - жауапты мекемелер балаларды тасымалдау, тамақтандыру мен қауіпсіздік және тест тапсыратын орындардың 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, психологтар түлектермен жұмысты күшейтуі тиіс, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар