Өз жолына түсіп алып сүрлеу соқпағымен кіп-кішкентай Құмырсқа келе жатыр еді, кенет алдынан пенде шыға келді. Пенде Құмырсқаны бір-ақ мыжып өлтіре салсам ба екен деп ойлады. Сол оймен пенденің дәп-дәу бәтеңке киген аяғы көтеріліп келе жатыр еді, осы кезде Құмырсқа:
- Ей, пенде, тұра тұр! Айтатыным бар, - деді.
- Не айтайын деп едің? - деді пенде Құмырсқаға сайқымазақ дауыспен. Сөйтті де, өзі жүресінен отыра қалды: - Ал айт, айтатыныңды! Әйтпесе, мыжи салам!
- Жақсылық жаса, - деді Құмырсқа.
Пенде Құмырсқаның сөзіне күйіп-пісті:
- Сол ма айтайын дегенің?! Сол да жаңалығы бар сөз бе?!
- Жақсылық жасасаң, өзіңе пайдасы тиеді, - деді Құмырсқа.
- Сауабы тиеді десейші, - деді пенде мырс етіп. - Соны мен білмейді деп ойлайсың ба?!
- Оны айтып тұрған жоқпын, - деді Құмырсқа. - Жақсылық жасасаң, әмияныңнаң бір түйір алтын теңге тауып аласың.
Пенде Құмырсқаның сөзіне ішек-сілесі қатып күлді:
- Кіп-кішкентай болып алып сен де мені алдағың келеді, иә? Сенімен сөйлесіп отырған мен де ақымақ. Мен сен түгілі, өзім сияқты пендеден алданбаймын ғой.
- Сенбесең, сынап көр, - деді Құмырсқа. - Бірақ сол бір түйір алтын теңгені қанағат ет.
Сөйтті де, Құмырсқа пендені айналып өтіп, өзінің жолына түсіп жүре берді.
Пенде сол күні жақсылық жасады. Бірақ үйіне келе жатып: "Қайдағы бір Құмырсқаның сөзіне сеніп, алтын уақытымды босқа кетіргенімді айтсайшы. Одан да сол уақытымды өзіме пайдасын тигізер бір іске жұмсасам нетті?" - деп өкініп келе жатты.
Пенде кешкісін әмиянын ашып қалып еді, ішінде жарқырап жатқан бір түйір алтын теңгені көріп қуанып кетті. "Алтын теңге тауып алдым! - деп айғай салды пенде. - Бұл енді менікі! Менің ақшам!
Сонан соң пенденің көңіл-күйі түсіп кетті. Бағанағы Құмырсқаның "соны да қанағат тұт" деген сөзін тарс есінен шығарып: "Неге алтын теңге біреу-ақ? Мен бүгін екі адамға жақсылық жасап едім ғой", - деп томсырайып өкпелеп отырды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі