Корейская косметика премиум класса

Сұлтан Бейбарыс

XIII ғасыр ислам әлемінде қасіртеттерге толы жылдар болды. Таяу Шығыс, Азия және Анадолу өлкелерінде қырғындарға себеп болған крестік жорықтар мен моңғол шапқыншылықтары мұсылмандарды жойылудың қарсаңына қойған болатын. Қалалар, мешіт, медреселер, кітапханалар өртке оранып, әйел, бала, кәрі деместен жаппай қан төгілуі тоқтау білмей халық үмітсіздік ішінде жанталасып жатты. Осындай қиын қыстау заманда Таяу Шығыстың тарихымен тұрмысын жақсартқан адам қыпшақ даласының тумасы, бабамыз Сұлтан Бейбарыс болды. Сұлтан Бейбарыс 14 жасында тұтқынға алынып, ақыл-парасаты, ерекше ерлігімен құлдықтан патшалыққа дейін көтеріліп, Ислам мәдениетіне орасан зор қызметі сіңген алып тұлға. 1249 жылы Франция королі ІХ Луис бастаған жетінші крестік жорыққа тойтарыс беруі Бейбарыстың атын бұрынғыдан да асқақ етті. 3 қазан 1260 жылғы Айн Жалут деген жердегі соғыстағы қаһармандығы, айла-тәсілдерімен моңғол әскерін жеңіліске ұшыратуы мәртебесін тағы көтеріп, Мәмлүк сұлтандығына жақындата түсті. 24 қазан 1260 жылы таққа отырды. Бұл жеңіс арқылы Сирия, Мысыр жерлері моңғол шапқыншылығынан құтқарылған болды. Осы күнге дейін моңғолдардан жеңіліске ұшырау, корғану, шегіну ахуалдарын бастан кешіп жүрген ислам әлемі бұл жеңістен кейін жігерлене түсті. Ең маңыздысы қаншама уақыттан кейін моңғолдардың мұсылмандар тарапынан жеңіліске ұшырауы мұсылмандар үшін серпіліс болды. Ал моңғолдар үшін тоқыраудың бастамасына айналды. Кейініректе жергілікті халыққа үйлесіп, ислам дініне деген көзқарастары өзгерген моңғолдар мен кейбір патшалары Ислам дініне бет бұра бастады.

Жеңілген күреске тоймасты ұстанған моңғолдар 1264 жылы Сирияның солтүстігіндегі Халеп, Бирежик қалаларына бас салып, талан-тараж етеді. Мұны естіген Сұлтан Бейбарыс әскерімен келгенінде моңғолдар қашып кетеді. Қашқан 6000 моңғол әскерлерін 1400 мәмлүк әскері қуып жетіп сыбағасын береді. Бұл жағдай да моңғолдардың сағын сындырып, мұсылмандардың мәртебесін тағы жоғарылата түсті. Сұлтан Бейбарыс солтүстіктегі қорғаны саналатын осы Бирежик қорғанын түбегейлі жөндеуден өткізді. Бұдан кейін моңғолдар Киликя армяндарымен одақтасып бірге Сирияға қарай тағы сан мәрте жорық ұйымдастырады. Алайда бұл жорықтары да сәтсіз аяқталады. Өйткені ең қауіпті аймақ екенін пайымдаған Сұлтан Бейбарыс Бирежик қорғанын күрделі жөндеуден өткізе отырып, 20 жылға жететін қару-жарақ және азықпен қамтамасыз еткізген болатын.

Бейбарыс мешіті, Каир

Сұлтан Бейбарыс Таяу Шығыстағы аласапыран жағдайда сыртқы жауларға тойтарыс беру үшін, ішкі алауыздықтарға жол бермеу үшін, мұсылмандардың, жалпы мұсылман елдердің басын біріктірудің маңыздылығын ұғынатын. Осы жолда шара іздеп жүрген кезінде бұл мүмкіндік алдына келеді. Мұны түсіндіру үшін 7 жылға кері шегінейік. Мұсылман түркі қалаларын қырып, жайпап келе жатқан Хулагудың басшылығындағы моңғолдар 1258 жылы Бағдадты басып алып мұнда да әдетінше қанды қырғын орнатты. Соңғы Аббаси халифасы Муттасым Биллаһты бала-шағасы, бүкіл әулетімен қырып салған болатын. Аллаһу та’аланың хикметімен бір шахзада бұл қырғыннан аман қалған еді. Толық есімі Әбул Қасым Ибнул Бәракат Ахмед бин Захир ӘлМустансир Биллаһ. Отыз бесінші Бағдат Аббаси халифасы Захирдің ұлы және отыз алтыншы Бағдат Аббаси халифасы Мустәнсирдің бауыры болатын. Өзінің кім екенін жасырып Каирде жылдап өмір сүреді. Бір жұма күні намазға бара жатып кездейсоқ шахзаданы көрген Сұлтан Бейбарыс оның жарқын жүзіндегі тектілікті байқап кім екенін сұрайды. “Қарапайым саудагермін” деген жауабы оны қанағаттандырмады. Кім екенін айтуын қайта талап еткенінде шахзада Ахмет шынын айтуға мәжбүр болады. Сұлтан Бейбарыс оны дереу қамқорлығына алып, ұзақ уақыт сарайда қонақ етті. Шахзаданың рұқсатын алып, 1261 жылы халифалық мақамын жаңадан тағайындады. Бейбарыстың бұл әрекеті арқылы ислам әлемінде ғасырлардан бергі рухани маңыздылыққа ие халифалық мәртебесінің қайта орнауымен бірге Аббаси әулетінің жойылуының алды алынған болды. Сондай-ақ өз еліне және ислам әлеміне үлкен рухани серпініс берді. Халық мұны ерекше қуанышпен қабылдады. Өйткені тегі пайғамбарымызға сүйенетіндіктен Аббасилерге қашанда құрмет етілетін. Тіпті соңғы жылдардағы молшылықты оның қалада болуына балап Ибнул Берекет есімін атап оған биат етілді, есімі хұтбада аталатын болды. Атына ақша басылды. Бірақ халифалық символикалық түрде еді. Үкімет істері толығымен Бейбарыстың қолында болды. Сұлтан Бейбарыстың Аббаси халифалығын тағайындауынан кейін бұл хабар Таяу Шығыс және мұсылман елдер арасында тез тарады. Сұлтандар, хандар және мемлекет адамдары қуаныштарын ӘлМунтәсир Биллаһ пен Сұлтан Бейбарысқа жіберген құттықтау хаттары мен сыйлықтары арқылы жеткізді және қысқа уақытта бүкіл мұсылман елдермен одақтастық қамтамасыз етілді. Мұсылмандықты қабылдаған Алтын орда ханы Берке де сыйлықтар жіберіп, биат еткендігін білдірді. Сұлтан Бейбарыс Ислам дінін таңдап мәртебеленуімен құттықтап, оны Хулагуға қарсы соғысуға шақырды. Осыдан кейін Алтынорда ханы Берке хан Хулагуға соғыс ашып, Илханлылардың (моңғолдардың) майдан шебі екіге бөлінді. Шыңғыс ханның немересі және Илханлылар елінің құрушысы Хулагудың өлімінен кейін орнына христиан әйелінен туған баласы Абака таққа отырды. Әлсіреген елін қайта жандандыруға тырысты. Анасының христиан болуынан пайдаланып батыстағы христиан күштерімен одақтастық келісімдер жасады. Сондай-ақ күш жинап алу үшін уақыт созу мақсатында 1265 жылы Сұлтан Бейбарысқа елші жіберіп бітімге келуді ұсынады. Бірақ Абаканың шынайы ниетін білгендіктен Бейбарыс одан бастартады. Онсыз да Ислам өлкелерін қырып салған мұсылмандардың басты дұшпаны болған моңғолдармен бітімге келуді ойлап та тұрған жоқ болатын. Бұл арада 1265 және 1266 жылдары екі жорық жасап Кайсерия, Арсуф және Сис қалаларын қайтарып алды. Бұл жорықтарға төтеп бере алмаған Абака тағы да бітімге келуді ұсынады. Алайда Бейбарыс өмірінің соңына дейін моңғолдармен соғысып өтетінін білдіріп, бұл ұсынысты қатаң түрде кері қайтарды. Оны бұлай тоқтата алмайтынын түсінген Абака крестік жорықшылармен бірігіп тағы шабуылдады, бірақ соңы тағы да сәтсіз аяқталып кері шегінуге мәжбүр болды. Бұл жеңістен кейін Сұлтан Бейбарыс Табәрийә, Яфа, Сакуф, Арнун, Антакя, Акка, Әкрад секілді біршама қалаларды өзіне қаратты. Түркімен бектіктерінің көмекке шақыруларын да назарсыз қалдырмады. Караман, Ментеше және Әшрафоглу түркімендері мен сәлжук көсемдерінің ұсынысын қабылдап 1277 жылы Анадолу жерлеріне жорыққа шықты. 15 сәуір 1277 жылы Әлбистан жазығында моңғолдарды тағы бір рет тізе бүктірді. Бұдан кейін ислам әлемі үшін қауіп төндіріп тұрған моңғолдардың сағы сынып, крестік жорықшылар да беттей алмайтындай халге келіп Мәмлүктердің мерейі асқақтай түсті. Бұдан былай Таяу Шығыста аз мерзімге болса да тыныштық орнаған болды. Бірақ осы тыныштықты орнату үшін ат үстінен түспей, майдан шептерінде жүріп, моңғолдарды сан мәрте жеңіліске ұшыратқан Сұлтан Бейбарыс осы соңғы жеңісінен қайтып келе жатып ауырып 1277 жылы шілде айында қайтыс болды. Сұлтан Бейбарыс зеректігі, батырлығы, діндарлығы және Ислам әлеміне сіңген еңбегі тұрғысынан орта ғасырдағы түркі-ислам тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі. Ғалымдарға, ғылымға ерекше мән беретін. Халықтың ісі әділ болуы үшін қазылардың басына “қадықудаттар”, яғни қазылардың үстінен қарайтын қазылар тағайындауын ең бірінші ол бастады және Сұлтан Бейбарыстан бастап Мысыр мен Шам қаласында төрт мазһабтан да қазылар тағайындалатын болды. Бұл дәстүр 1804 жылға дейін жалғасын тапты. Фиқхи мәселелерге де қатты мән берген Бейбарыс арақ қолданылуы, сатылуына және зинақорлыққа қатаң түрде тыйым салды. Халықтың мұң-мұқтажын білу үшін қарапайым киіммен қаланы аралап, адамдарды тыңдап соған қарай шарасын қамдайтын. Бір жорыққа бара жатқан жолда атты әскерлерінің бірнешеуі бір шаруаның егістігінің үстімен жүргенін көріп: «Мен мұсылмандарды кәпірлердің зұлымдығынан қорғау үшін жорыққа шығудамын, ал сендер қалайша бір мұсылманға зиян тигізіп жатырсыңдар» деп жазғырып, жазалағаны айтылады. Ең маңыздысы Таяу Шығыста ескі қараңғы күндер артта қалып, ислам байрағының жаңадан, қуатты түрде желбірей бастады. Бұдан былай Бейбарыс Таяу Шығыс тарихы мен тұрмысының жақсаруына себепші болған сұлтан ретінде аты аңыздарда, дастандарда атала бастады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×