Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде осы оқу орнының 100 жылдығына орай «Қазақстан Республикасында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында мейірбикелің білім беруді жаңарту» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Қазақстан мен Ресейдің медициналық оқу орындарының өкілдері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысқан жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің бір ғасыр ішінде көптеген табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті медициналық білім және ғылым басқармасының басшысы Үлмира Нұралиева жылы лебізін арнаумен бірге күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты баяндама жасаса, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мейіргерлер ісі бойынша штаттан тыс бас маманы, «Қазақстан Республикасы медициналық колледждері одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, медицина ғылымының докторы Сұлтан Сейдуманов та колледж ұжымын ғасырлық тойымен құттықтады. Сондай-ақ Ресей Федерациясы «Самара мемлекеттік медициналық университеті» мейіргерлік білім беру институтының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Лариса Карасева, Н.Ляпина атындағы Самара медициналық колледжінің директоры Надежда Ярочкина, Ақтөбе облысының мейірбике ісін дамыту орталығы директорының орынбасары Замзия Алипова және басқалар сөз алып, тәжірибе, ой-пікірлерімен бөлісті.
2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасына сәйкес жаңа талаптар қойылып, Батыс Қазақстан медициналық колледжінің Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжіне айналғаны аталып өтілді.
Конференциядан кейін облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында Батыс Қазақстан жоғары медицина колледжінің ұжымын мерейтойымен өңір басшысының атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құттықтап, бір топ қызметкерге облыс әкімінің алғысхатын табыс етті. Жиын барысында сондай-ақ озат қызметкерлерге ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен құрмет грамоталары, басқа да марапаттар тапсырылды.
Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің директоры Нұржан Шомбаловтың айтуынша, колледж еліміздегі ең алғашқы медициналық оқу орны болып табылады. Орал қаласында фельдшерлер мен фельдшер-акушерлерді даярлайтын фельдшерлік-акушерлік мектеп 1916 жылы 1 қарашада ашылды. Бұдан кейін 12-15 жылдан соң ғана Қазақстанда басқа медициналық оқу орындары ашыла бастады. 1923 жылы аталған мектеп Қазақ өлкелік медициналық техникумы ретінде сол кездегі ел астанасы Орынборға ауыстырылды. 1929 жылы астана Қызылордаға ауыстырылғаннан кейін техникум Оралға қайта оралды.
Қазіргі таңда колледж - еліміздің жетекші медициналық колледждерінің бірі. Алты мамандық және 8 біліктілік бойынша медициналық қызметкерлердің жоғары білікті және құзыретті кадрларын дайындайтын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің базалық оқу орны болып табылады. Бүгінде колледжде 1050 студент білім алуда.
2014 жылы Батыс Қазақстан медициналық колледжі Қазақстан Республикасының үздік алты медициналық колледжі қатарында мейірбике ісі мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасын енгізудің ДСМ сынамалы жобасын іске асыруға қосылды. Бұл жоба «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласы секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу» Дүниежүзілік банк жобасы аясында дайындалып, енгізілуде.
Колледж педагогтарының көпшілігі жоғары және бірінші санатқа ие. Алматы, Астана, Түркия, Ресей, Финляндия, Испания, АҚШ, Германияда оқудан, тәжірибеден өткен. Жыл сайын оқытушылардың 96 пайызына жуығы өз біліктіліктерін арттырады. Колледж түлектері еліміз өңірлерінде табысты еңбек етуде, олардың 92-93 пайызы жыл сайын мамандығы бойынша қызметке орналасады, қалғандары ЖОО-ларға түседі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі